Жоғарыда айтылған деректерді зерттей келе, таразылай келе, елімізде қазақ тілін дамытудың бірден бір даңғыл жолы – латын қарпіне көшу. Елдің тілін, мәртебесін әлемдік деңгейде ақпараттық кеңістікке шығару. «Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты»-деп, Н.Ә.Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында нақтылап айтылған.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда білім беру ұйымдарының бірлескен салмақты, сабырлы ынтымағы, шынайы патриоттық сезімі,көшбасшылық ұйымдастырушылық бастамасы қажет деп ойлаймын. Латын қарпін қазіргі жастар тез қабылдап жатқаны да баршамызға мәлім. Ұялы телефондар арқылы латын әріптерімен хабар жазылымдарын қолданып жатыр. Біздің арғы аталарымыз бұл латын әріптерімен көпшілігі таныс және бұл графиканы танитын үлкен азаматтарымыз да жеткілікті. Сондықтан қазақ тілін әлемдік деңгейде дамытудың тиімділігі:
1.Қазақ елінің тілі әлемдік деңгейде дамуға мүмкіндігі болады;
2.Әлемдік әдебиеттерді қазақ елінің оқып үйренуге жолы ашылады;
3.Ғылыми жаңалықтарды, ғылыми әдіс-тәсілдерді үйренуге болады;
4.Жастардың зерттеу жұмыстарын әлемге әйгілі етуге болады;
5.Шығармашылық еңбектерін, инновациялық иделарды жарыққа шығаруға мүмкіндік беріледі;
6.Ұлттың санасы, отаншылдыққа, елдікке, бірлікке, туған жерге деген сүйіспеншілікке, шынайылылыққа өзгереді;
7.Қазақстанда тұратын барлық ұлттар үшін бір әріп, бір жүйе болады;
8.Латын әрпіне көшу қазақ тілін дамытудың шыңы болады;
9.Қазақстан халқының бірлігі нығаяды;
Қорыта келгенде, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің пікіріне сүйенсек, «Латын әліпбиіне көшу — ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады» деген болатын. [2] Шынында, ұлттық санамызға рухани жаңғыру қажеттілігі туындап тұрғаны мәлім. Рухани жаңғыру біздің қоғамның қажеттілігі. Келешек ұрпақтың өмірі, тіршілігі, елдігі, тілі, ділі,қазақ елінің болашағы. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі баршамызға мәлім. Сондықтан бүгінгі күні сіз бен біздің бірлесіп жасап жатқан жұмысымыз, екінші тіл байлығымыз латын графикасының негізінде қазақ тілі әліпбиін дамыту, жүзеге асыру. Латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін атап өткен болатын. Ол реформа үш мәселені қамтиды: дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды.
Жоғарыда айтылған мәселелерді негізге ала отырып, латын әліпбиін оқыту әдістемесі бойынша педагогтың шығармашылығы, шеберлігі маңызды. Мысалы алатын болсақ, біздің еліміздегі Көкшетау қаласының Н.А.Назарбаев атындағы зияткерлік мектептерінде бірінші сыныптың сабағына қатыстым. Бұл мектепте орыс тілді сынып немесе қазақ тілді сынып деп қазір бөлінбейді. Бірақ балалар осы сыныпта математика пәнін қазақ тілінде өтіп жатыр. Сыныпта 15 бала бар, оның 11 өзге ұлт өкілдері, төртеуі қазақ ұлтының балалары. Сабақта барлық балалар қазақ тілінде сөйлейді. Бірінші сыныптың балалары желтоқсан айында қазақша сөйлеп есеп шығарып жатыр. Бұл мектептегі педагогтың шеберлігі деп айтуға болады. Осы педагогқа сұрақ қойған болатынбыз. Қандай әдісіңіз оқушылардың қазақша сөйлеуіне көмектесті? Жетістігіңізді көріп отырмыз- деген сауалға бұл сыныптың мұғалімі былай жауап берген болатын: «Математика сабағында ешқандай орыс тіліне аудару, сөздерді аударып жаттату деген болмайды, ыммен, мимикамен, суреттер арқылы, заттар арқылы, заттарды көрсету, қимыл әрекеттер арқылы баланы үйретеміз. Егер бала өз көзімен көріп, дәмін татып, қолмен ұстаған жағдайда ұзақ мерзімде заттың атауын, қимылды білдіретін сөздерді таниды, ең маңыздысы түсінеді, сондықтан оның атауын атай алады. Ал аудару арқылы жұмыс жасасақ, бала сөзді жаттайды, есте сақтамайды, аударсаң, бірінші орысша ойлайды, екінші оны аударады, орысша ойлағаннан кейін қазақша сөзді есте сақтаудың мүмкіндігі болмайды. Баланың қате айтуына күлмейміз, түсінікпен қараймыз, сонда баланың бойында сенім қалыптасады, қателесуден қорықпайды, қатарындағы балаларға, мұғалімге сеніммен қарайды. Осы әдістердің арқасында бала тілді меңгеріп, емін-еркін ойлайды, балада шығармашылық болады»,- деп дәлелдеп берді.
Сондықтан Латын әліпбиін үйретудің маңыздылығы осы тәжірибелерге сүйене отырып қызығушылық танытатын, ата-ананың осы әліпбиге сүйіспеншілікпен қарайтын шебер әдістерді дайындауды қажет етеді. «Баланың жаны жараланбайтын, еркіндік пен сенімділікке негізделген әдістерді қарастыруымыз қажет»,- деп ойлайды менің әріптестерім.
Латын әрпін оқытудың тиімді әдістерін қазіргі мектептерде ұйымдастырылып жатқан ҚР жаңартылған білім беру бағдарламасы негізіндегі табиғи, белсенді, тиімді әдістерді қолданған орынды болады. Ол үшін осы жаңартылған бағдарламаның әдісімен қаруланған педагогтар осы латын әрпін үйренуге, үйретуге мүмкіндіктері бар.
Ия, Латын әрпіне көшу қазақ тілін дамытудың тиімді жолы, латын әрпін мектеп алды даярлықта ұйымдастыру жолдары, бала тілінің артикуляциялық аппаратын қалыптастырудағы ролі, педагогтардың білімін жетілдіру мәселелері кімді болсын алаңдатып отыр. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтар осы конференцияда қарастырылып отырғаны барша педагогтарды алаңдатады. Қарастырылған мәселелердің барлығы орынды. Ендігі біздің мақсатымыз осы сұрақтардың жауабын халыққа педагог қауымға жеткізу, жауап беру, ақпараттандыру. Осы конференция арқылы көп сұрақтардың мәселесі шешіледі деп ойлаймыз. Осы мақаланы жазуда көп ойланып, мәселенің шешімін табуға, зерттеуге, шынайы өмірден мысалдар алып дәлелдеуге тырыстық. Латын әрпін жүзеге асырудың маңыздылығын ойланып қалай ұйымдастыру қажеттілігін жоспарлай бастадық. Бірлесіп,ақылдасып,жұмыстардың нәтижесін көруге болады.
Осы орайда, тағы да Елбасының сөзін негізге алсақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес». Расында да қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ өте дарынды, ұғымтал. Сондықтан, латын әліпбиін тез меңгеріп кететіндеріне күмәніміз жоқ. Дегенмен, бұл іске бірден көшіп кете қою оңай емес. Біраз уақытты талап етеді. Сонымен қатар, дәйектілікті, нақтылықты, байыптылықты, жан-жақтылықты қажет етеді.
Әлемдегі өркениетті елдердің қатарына енеміз десек, қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Сондықтан, латын графикасына көшуді заманның өзі талап етіп отыр.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Н.Ә.Назарбаевтің Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы 2017ж Қазақстан халқына жолдауынан.4-5 бет
2. Латын әліпбиіне көшу: мәселесі, пікір, ұсыныс.Тіл әлемі. 2017ж
3.Латын әліпбиіне байланысты интернет жазбаларынан.Тіл әлемі. 2018ж