+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Пн - Пт: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Сетевое издание выходит 1 раз в месяц на казахском и русском языках

Информационно - педагогическая газета ВКО
Сегодня: Четверг, 29 октября 2026 года
Читайте в этом номере: № 10 - 2026

Издается с сентября 2000 года. Свидетельство №16323-СИ

Ойын элементтерін қолдану арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырудағы инновациялық ұстанымдар

Каирбаева Еркеш Ергалиевна, «№46 орта мектебі» КММ-нің  бастауыш сыныптар бойынша  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі, Өскемен қаласы  

      Бастауыш сынып оқушыларының мектепке келгенге дейінгі негізгі әрекеті - ойын болса, оқу-тәрбие үрдісінде олар біртіндеп ойын әрекетінен оқу әрекетін орындауға бейімделуі тиіс. Ол сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асады.
     Ойынның мақсаты - бағдарламада алған білімдерін қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау. Міндеті - баланың қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру. Сабақта ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар.

      Ойын сабақтың басында өткен сабақты еске түсіреді. Сабақтың ортасында көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Сабақтың соңында тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді. Ойын – оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Сондықтан бастауыш сыныптарында оқушылар сабақ үстінде ойынды көп қажет етеді. Оларға пайдаланылатын ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырады.  

     Ойындар оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар, сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға да баулиды. Оқушылар ойын ойнау барысында үйренген сөздерін айтып қана қоймай, оның қандай мағынада қолданылатынын да біледі. Ойын оқу пәндерінің мазмұнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана дұрыс нәтижелер береді.
     Ойынды ұйымдастырғанда оқушылар бір-біріне көмектесетіндей, бір-бірімен бірігетіндей жағдай жасау керек. Сонда сабақ тек білім беру қызметін ғана емес, тәрбиелеу қызметін де атқарады. Мұңдай сабақтардың өтілуі нәтижесінде оқушыларда бір-бірімен сөйлесе білу мәдениеті, тәртіптілік, топқа және бір-біріне жауапкершілік сезімінің болуы, менмендік және жалқаулықтан арылу қасиеттері қалыптасады. 
    Мұғалімнің ең басты мақсаты — сабақ мақсаты мен қолданылатын ойынның мақсатын ескере отырып, сабақтар мен сыныптан тыс сабақтарда оны орынды қолдана білу. Ойынның идеясын, көбіне, мұғалім ойлап табады. Оқушылардың ойынды ойлап-құрауы өте пайдалы, өйткені қандайда да бір тақырыпқа ойын ойлап табу үшін, сол тақырыпты оқушы терең білуі керек. Сондықтан мұғалім, әсіресе, осы жұмысты орындаған оқушының еңбегін бағалау тиіс. Мен әр сабақта тақырыпқа, сабақтың әр кезеңіне байланысты ойындарды кейде өзім, кейде оқушыларға ойлап тапқызып өткізуді әдетке айналдырдым. Бір сабақтың өзінде қолданатын әдістерді кезектестіріп, оқушыларды  шаршатпай, материалды қызықты жеткізе білуді де ескеріп отырамын.
     1-4-сыныптарда оқушыларды қазақша сөйлеуге үйретуде ойын элементтерінің үлкен әсері бар.Сабақ үстінде оқушы ойынды ойнай отырып, тілдік материалды меңгеру мақсатында сөздерді (аудармаларымен) жаттайды. Сюжетті суреттер арқылы сөйлемдер құрастыру, сергіту ойындары, жаңылтпаш, жұмбақтар, сөзжұмбақ ойындары ұйымдастырылады. 
    Мен өз сабақтарымда көптеген ойын түрлерін қолданамын. Кейбір ойындарға тоқтала өтсек, «Кім тез?», «Ай аттарын дұрыс жаз» ойындары. Бұл ойындарды жекеде, топпен де өткізуге болады. Бұл ойындар оқушылардың буынға дұрыс бөліп оқу дағдысын дамытады.
Оқушылардың қызығып ойнайтын тағы бір ойыны «Адасқан айлар». Бұл ойынды уақытпен ойнатуға болады. Ойын оқушының тез оқу, қимылдау дағдысын қалыптастырады. Мұғалім оқушының ай аттарын, жыл мезгілін есінде қалай сақтағанын бағалайды.
      «Сымсыз телефон» ойыны. Лексикалық бақылауды ауызша жүргізгенде қолданамыз. Мысалы, тақырыбы: «Қалада. Қаладағы мәдени орындар». Оқушы телефон тұтқасын алады да тақырыпқа қатысты сөзді айтады. Оны екінші оқушы жалғастырады. Осылай ары қарай кезектесіп айта береді. Сөздік диктант үнемі жүрсе, баланы жалықтырады, сондықтан бұл ойынды оқушылар қызыға ойнайды. Осы ойын арқылы шағын диалогты ойнатуға болады. Бұл ойын оқушыны дұрыс мәдениетті сөйлеуге үйретеді, сөздік қорын бағалауға мүмкіндік береді.
     Қазақтың ұлттық ойындарының көбі асық ойынынан тұрады. Асықты «Сен айт», «Мәтінді жалғастыр» ойындарында қолдануға болады. Бұл ойындар асық лақтыру арқылы жүреді де, баланы шапшаңдыққа, тез ойлауға дағдыландырады. Сабақта ұлттық ойын элементтерін қолдану барысында мұғалім сөздермен таныстырады, дұрыс айтуға үйретеді, салт-дәстүрді сүюге тәрбиелейді. Оқушылар көбінесе сабақта ойын түрлерінің жиі болуына жақсы дағдыланады. 
    “Кім жылдам ойнайды?” ойыны. Сабақта орынды қолданылған ойын элементтері оқушылардың ынтасын арттырып, білім дағдыларын игеріп, іскерліктерін шыңдауға өз септігін тигізеді. Ойын барысында қолданылатын дидактикалық материалдар оқушыларға ыңғайлы, түсінікті болса, ойын жақсы нәтиже береді.
     Оқыту мақсатына қарай тілдік ойындар: лексикалық, фонетикалық, грамматикалық болып бөлінеді. Тілдік ойындардың бұлай бөлінуі шартты түрде ғана, себебі фонетиканы лексикасыз, лексиканы грамматикасыз қарастыру, меңгерту мүмкін емес. Лексикалы-фонетикалық жаттығулардың негізгі мақсаты – оқушының сөзді дұрыс айтуын, дұрыс сөйлеуін қадағалау, интонацияны дұрыс қалыптастыру. Бұл ойын сабақтың алдыңғы сатысында көп қолданылады. Сабақтың кейінгі сатысында оқушыларды меңгерген лексикалық материалын практикалық тұрғыда қолдану, сөздерді бір-бірімен байланыстырып сөйлем құрау, оқушыға өз ойын жүйелі түрде жеткізуге дағдыландыру үшін грамматикалық ойындар қолданылады.
     Қазақ тілінің ерекше дыбыстарының анық айтылуын оқушыларға меңгерту үшін, мұғалім ойын үстінде тілдің орфоэпиялық, орфографиялық ережелерін де есепке алуы керек. Мысалы, орфографиялық лотоны қолдану арқылы ілгерінді, кейінді ықпал заңын, ерекше дыбыстардың айтылуын оқушылардың берік меңгеруіне ықпал жасайды, оларды шығармашылық ізденіспен жұмыс істеуге үйретеді. Орфографиялық лото үлгісі: бүг..н, жұм..с, кіта..ы, тара..ы.
      «Бұл қалай өзгерген» ойыны қазақ тілінің ерекше дыбыстарының айтылуын және әріп түрінде жазылуын оқушыларға меңгерту үшін жүргізіледі. Ойын барысында сөз ішіндегі әріптердің дұрыс жазылуына, бір әріптің өзгеруінен сөздің басқа мағынаға ауысып кететіндігіне оқушылардың назарын аударуға болады. 
    Қазақ тіліне тән дыбыстарды айтуға тілі келмейтін оқушылармен жұмыс жасағанда, халық ойындары жаңылтпаш, санамақтарды ұтымды пайдалануға болады. Алдымен олардың жеңіл түрін, кейін біртіндеп күрделендіріп берген өте тиімді.
     Қазақтың ұлттық ойындары: көкпар, бәйге, сайыс, күрес, теңге алу, қыз қуу, алтын қабақ ату, жамбы ату, арқан тарту, аударыспақ т.б спорттық сипатпен бірге үлкен тәрбиелік маңызға да ие болады. Мысалы, «Бәйге» ойыны. Ойынға бірнеше адам қатысады. Баспалдақтан бастап бәйтеректің ұшар басына дейін 10 сұраққа жауап беруі керек. Сұрақтарға дұрыс жауап берген қатысушы жеңімпаз болады.  

     Ойын түрлерін қолдану – сабақты түрлендіру деген сөз. Оқушыларды өз беттерімен жұмыс істей білуге дағдыландырады. Сабақты «Сөйлеу минуты» ойынымен бастауға болады. Ойын мақсаты – балаларға үйде не істегенін ауызша диалог түрінде айтқызып, әңгімелеп беруге үйрету.   Ойын сұрақ-жауап түрінде өтеді.
     — Кеше қайда болдың?
     — Теледидардан қандай кино көрдің? 
    — Кино не туралы?
     Сабақтарда қолданатын ойын элементтері оқушылардың белсенділігін арттырып, оларды ынталандырады, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға үйретеді.
Ойын элементтерін дұрыс қолдану барлық сыныптарда өте тиімді деп ойлаймын, себебі тез жазу, оқу, мазмұндау дағдылары қалыптаспаған оқушыларды бірыңғай жаттығу жұмысы жалықтырады, ал ойын технологиясы керісінше пәнді сүюге, қызығуға ықпал жасайды. 

ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. 2007ж.
2. Оралбаева Н., Жақсылықова Қ. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі «Қазақ тілі сабағында қолданылатын ойындар және оларды ұйымдастыру жолдары».Алматы 1996ж.
3. Баялиева С. Сабақта ойын түрлерін қолдану. Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. 2004.  №3.4. Әбішева А. «Ойын элементтерін пайдаланудың педагогикалық ерекшеліктері»Бастауыш мектеп  № 3., 2009ж.
5. Тізбек ойыны. «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде. – 2006ж. №2
6. Атабаев А.С. Ұлттық ойындар- халық мұрасы. —  «Кітап» баспасы, 2006 ж.
7. Қазақ тілі. Дидактикалық материалдар. — Алматы, Атамұра, 2005ж.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype