+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Пн - Пт: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Сетевое издание выходит 1 раз в месяц на казахском и русском языках

Информационно - педагогическая газета ВКО
Сегодня: Понедельник, 2 ноября 2026 года
Читайте в этом номере: № 11 - 2026

Издается с сентября 2000 года. Свидетельство №16323-СИ

Рухани-адамгершілік білім оқу-танымдық-тәрбиелік жүйенің өзегі

Абдраимова А. Б., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушы

Білім берудің басым бағыттарының бірі тәрбие жұмыстарының әлеуетін күшейту болып табылады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт Көшбасшысы: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», - деп көрсеткен болатын.

Бүгінгі таңда ертеңін ойлаған халық болашақ жастарға үмітпен қарап отыр десем артық айтылған жоқ деп ойлаймын. Қазақтың ақыны, зерттеуші ғалым, педагог Ахмет Байтұрсынов атамыз «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек»,- деп айтып кеткен болатын. Сондықтан оны жүзеге асыру үшін мектептерде мақсатты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар барлық оқу пәндерінің тәрбиелік мәнін күшейту қажет. Оқытылатын пәндер рухани-адамгершілік қасиеттері мен білім алушылардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, қазақстандық отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік, ұлттық сана-сезім мен толеранттылық, Қазақстанның этникааралық жағдайда қарым-қатынас жасай білуіне бағытталуы тиіс.

 

Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында «Өзін-өзі тану» пәніфункционалды тұрғыдан маңызды пәндердің бірі болып табылады. Бұл пәнді оқыту бүгінде «Адамның үйлесімді дамуы» институты (Алматы, «Бөбек» ҰҒПББСО) дайындаған, ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген орта білім беретін мектептерге арналған оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. «Өзін-өзі тану» пәнін осы жылдан бастап біліктілікті арттыру бойынша арнайы курстардан өткен пән мұғалімдері жүргізеді.

«Өзін-өзі тану» пәнін оқыту білім берудің мектепке дейінгі деңгейінен басталады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім беру жүйесінің алғашқы деңгейі ретінде баланың жеке әлеуметтік қалыптасуының маңызды кезеңі болып табылады. 5-6 жастағы балалардың мектепалды даярлығы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің аяқтаушы буыны болып табылады, бұл бастауыш білім беруді алу үшін баланың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіреді.

2014-2015 оқу жылынан бастап республиканың 24 білім беру ұйымындағы оқу және тәрбие үдерісіне рухани-адамгершілік білім беретін «Өзін-өзі тану» бағдарламасының тереңдетілген кіріктірілген моделін енгізу жүзеге асырылып, 2017 жылдан бастап еліміздің әр облысында орта мектеп, негізгі мектеп, педагогикалық колледждер мен мәселесі бар мектептерде рухани-адамгершілік білімді мектептің тұтас педагогикалық үдерісімен интеграциялау бойынша пилоттық жоба жұмысы жүргізіліп жатыр.

Рухани-адамгершілік білім беретін «Өзін-өзі тану» бағдарламасын басқа білім салаларымен, тұтас тәрбие үдерісімен, қосымша білім берумен тереңдете кіріктіру идеясы білім беру үдерісін ерекше формада құруды талап етеді, ол білім беру ұйымдарының жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген баланың жеке тұлғасын тәрбиелеуде біртұтас ізгі-рухани кеңістік құруды керек етеді.

«Өзін-өзі тану» пәнін оқыту шарттары:

– Сүйіспеншілік, сенім, шығармашылық шабыт атмосферасын құру, өзін-өзі зерделеуге, өзін-өзі интуитивті түрде ұғынуға жағдай жасау;

– Рухани-адамгершілік білімін мектептің тұтастай педагогикалық үдерісіне интеграциялау;

– Рухани-адамгершілік білім беру үдерісінде тек жағымды және ізгі әдістерді қолдану қажеттілігі.

Ш.А. Амонашвили: «Әр бала – керемет рухани күш иесі. Ол шетсіз шексіздікті танып білуге ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады. Сондықтан да кез- келген мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі»- дейді [1].

Осы тұрғыдан алғанда, «Өзін өзі тану» рухани-адамгершілік білім- адамның жеке әлеуетін ашуға мүмкіндік беруге негізделген оқу- танымдық-тәрбиелік жүйенің өзегі. Бұл әр адамның өз сәйкестігі мен өз орнын таба алатын, құндылықтың жалпыадамзаттық мұраттарға, жалпыұлттық қазақстандық идеяларға және өзіндік бірегейлігіне сәйкес келетін жеке- дара құндылықтар жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өмірлік мәнді мәселелерді қарастыра отырып, өзін- өзі тану өзін мойындауға және өзін түсінуге байланысты болатын адамның жеке дара өсуіне, жаңа тәжірибелерді қолдануға, әлеуметтік жауапкершілікке, басқа адамдарды түсінуі мен қабылдауына, шығармашылық белсенділік пен өмірге құштар болуына себепші болатын жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар арқылы ықпал етеді. Өзін- өзі тану сабақтары оқушылардың күнделікті өмірде алған білімдерін іс жүзінде қолдана отырып, ұлтқа, қоғамға белсенді қызмет етуін қарастырады.

Рухани адамгершілік білім мектептің оқу тәрбие ісінің құндылықтық- мазмұндық өзегі болып табылады. Рухани адамгершілік білім барлық оқу пәндерінің өзегі, мәнді діңгегі ретінде қарастырылып, әрбір пәннің өзіндік мақсат- міндеттерімен тығыз байланыстырылып, жан- жақты білімпаз, дамыған, тәрбиелі оқушыны дамытуға, жетілдіруге қызмет етеді. Осындай тамыры терең руханилық, адамгершілік өрбіту болғанда ғана оқу- тәрбие ісі жемісті болмақ.

Рухани- адамгершілік білім идеясының авторы Сара Алпысқызы көздеген мақсатының өзі де былайша түйіндейді: «Мен бала жас кезінен-ақ әрқашанда сау да бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын игере отырып өсуін қалаймын. Өзінің кім екенін, не үшін өмір сүріп, не үшін талпынатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып көрсете білуі тиіс» [2].

Адам өзін- өзі тану кезеңдерінен өткен сайын, өзін- өзі өзгертеді, өз өміріне деген қатынасын өзгертеді. Өзінің жаңа қырларын, жаңа мүмкіндіктерін ашады. Өзін- өзі аңдау, сырттай қарап, бақылаумен ғана қалмай, өз ниетіне, өз ойына, өз сөзіне, өз ісіне, өз әрекетіне жауапкершілікті сезініп, өзін- өзі жетілдіру үстінде болады. Әрбір адам- жеке дара ғалам, сырлы дүние. Сыртқы әлемді тану қандай күрделі болса, ішкі әлеміне бойлау одан да қиын. Ал өзіңді тану қызықты, әрі пайдалы. Сондықтан да өзін- өзі тану бағдарламасында даналар сөзі қашанда өзекті болмақ.

Өз бойында адамгершілік құндылықтарды дамытудың өзі білім болып саналады. Ақиқат, Дұрыс әрекет, Тыныштық, Сүйіспеншілік, Қиянат жасамау сияқты адамгершілік құндылықтарды жете түсінгісі келетін кез келген адам, осы құндылықтарды іс жүзінде қолданып, оларды адал ниетпен және ақ пейілмен таратса, сол адамды нағыз білімді адам деп атауға болады [3].

«Өзін-өзі тану» пәнінің тұжырымдамалық негізі — жалпыадамзаттық құндылықтар. Адам баласы үшін ең қымбат, ең асыл құндылық — Сүйіспеншілік. Осынау кең дүниедегі, барша әлемдегі бар жақсылық сүйіспеншіліктен таралады, сүйіспеншілікпен беріледі. Сүйіспеншіліктің басты құндылықтармен байланыстығы көрінісін былайша түйіндеуге болады:

  • Дұрыс әрекет – іс-әрекеттегі Сүйіспеншілік.
  • Тыныштық – сезімдегі Сүйіспеншілік.
  • Ақиқат – ойдағы, сөздегі Сүйіспеншілік.
  • Қиянат жасамау – түсінісудегі Сүйіспеншілік.

Осыған сәйкес «Өзін- өзі тану» пәнінің басты бес әдісі ұсынылады.

  1. Әр сабақты 2-4 минуттық тыныштық сәтінен бастау. Тыныштық сәті төмендегідей жағымды жағдайлар туғызады:

— Ойға шомылдыру;

— Көңіл- күйге келу;

— Толғандыру;

— Ойыңды бақылау;

— Өз-өзіңді бақылау;

— Денсаулағыңды жақсарту;

— Ақыл-ойды тынышталдыру;

— Эмоцияны тазарту;

— Еске сақтауды жақсарту;

— Жағымды жағдайға шоғырландыру;

— Өзін жүзеге асыруға көмектесу;

— Өз ақиқатын табуға көмектесу;

— Интуицияны ояту;

— Сүйіспеншілігін арттыру;

— Ішкі тыныштыққа әкелу.

  1. 2.                     Дәйексөз әдісі.

Дәйексөзге мыналар жатады:    

— Ой- пікірлер;

— Нақыл сөздер;

— Ұлағат сөздер;

— Ақыл сөздер;

— Өлеңдер:

— Ұран сөздер ж/е т.б.

Дәйексөздер адамды жақсы ойларға шабыттандырады; жаңа нәр береді; өзіне сенім арттырады; өз айқындамасын бекітуге, ұстанымын нықтауға көмектеседі; даналыққа сусындатады; рухани білім береді. Дәйексөздер арқылы жасалатын жұмыс түрлері мен ойындар: дәйексөзді жалғастырып айту; дәйексөзді жаттау; дәйексөздің мағынасын ашу; қиынды суреттердің сыртына жазылған дәйексөзді құрау; берілген сөз, сөз тіркесі арқылы дәйексөзді құрау, ән түріндегі дәйексөздер; даналық карточкалары; қазыналы сандықша ж/е т.б.

  1. 3.                     Оқиғаны әңгімелеу.

Оқиғаны әңгімелеу немесе «Мұғалімнің сыйы» — сабақта ұжымдық тыңдауға жайлы жағдай тудыратын маңызды ойлау және тілдік әрекеті ретінде қолданылатын әдіс. Бұндай әдіс ежелден-ақ ұрпақтан ұрпаққа ақпарат тарату құралы болып саналады. Балалық шақта үлкендерден, атаның, әженің айтқан әңгіме, оқиға, аңыздары мәңгілікке жатталып, ұзақ есте қалатыны өмір тәжірибесінен белгілі. Оқиғаны әңгімелеу балаға тәлім-тәрбие беру, үлгі көрсетудің бірден — бір құралы болады. Әңгіме тыңдау әңгімелеуші, тыңдаушы, үлкендер мен балалар арасында сүйіспеншілік пен бірлік атмосферасын құруға ықпал етеді. Оқиғадағы бір немесе бірнеше адамгершілік құндылықтардың суреттелуі, өмірлік құндылықтар мен адамгершілік қасиеттердің дәріптелуі олардың тәжірибелік қырларын ашады. Оқиғаны әңгімелеп айту кезінде балалар тыңдау мен естуге, сезіну мен түсініп-түйсінуге, ойлану мен пайымдауға үйрене отырып, руханилыққа терең бойлап, адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіреді.

  1. 4.                     Шығармашылық және топтық жұмыс.

Жазба жұмыстары,

Жобалау жұмыстары;

Рөлдік ойындар;

Ойындар;

Оқиғаны суреттеу;

Саханалау;

Көрме ұйымдастыру;

Қызықты адамдар өмірімен танысу;

Кәсіби мамандармен кездесу;

Теле- радио хабарламалар ж/е т.б.

  1. 5.                     Топпен ән айту әдісі.

Мұнда құндылықтар негізінде әндер айтылады. Бұл әдісті қолдану құндылықтар ықпалын тереңдетеді. Балалардың жүрегін қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Көңіл-күй көтереді. Денсаулығын жақсартады. Ақылын, ойын, сезімін шабыттандырады.

Қазіргі таңда еліміздің білім беру және тәрбиелеу жүйесінде руханилық пен ізгілік, сүйіспеншілік пен мейірімділік, бейбітшілік пен игілік ұғымдарын қабылдау арқылы педагогикалық сананы жаңарту қажеттілігі өткір қойылып отыр.

Ізгілік педагогикасында:

«Мұғалім- Нұр таратушы және сыйлаушы жан.

Оқушы- Нұр іздеуші жан»,- деп айтылған. Ал, білім беру әлемін сауықтыру және жаңарту үшін педагогтік қауым ынтымақтасуы қажет [4].

Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» пәнінің тұжырымдамалық- құрылымдық –мазмұндық әдістемелік жүйесі жаңаша, ерекше. «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту жүйесі Қазақстандық ғылымға қосылған жаңалық, зор ғылыми үлес болып саналады. Өйткені әдістемелік тұрғыдан жаңа болып келетін «Өзін- өзі тану» пәнінің әр әдісінің өз көздеген мақсаты, өзінің орындайтын міндеті, әрбір әдістің бірнеше тәсілі бар. Сондықтан да пәннің әдіс- тәсілдерінің қызметін жете түсініп, практикалық түрде қолдануды ұтымды игерген ұстаз «Өзін- өзі тану» рухани- адамгершілік білім идеясының мәнін ашып жеткізе алатынына сеніміміз мол.

Құрметті, ұстаздар, еліміздің, Жеріміздің, барша Әлемнің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да сөзімнің соңын Ұлы педагог әрі дана адам Ш.А. Амонашвилидің бір өсиетнамасымен аяқтасам деймін:

«Жол бойында қарт адам жолға қарап отыр екен. Қараса: бір адам соңынан бала ертіп келе жатады. Әлгі адам қарияның жанына келіп, балаға қоржынынан нан кесегі мен ішетін су әкеліп беруін сұрайды.

-Атасы, сіз мұнда не істеп отырсыз?- деп сұрайды.

— Сені тосып отырмын- дейді әлгі қария. Саған мына баланы тәрбиелеуге берген екен.

— Иә!- деп таң қалады адам.

— Ендеше даналықты өзіңмен бірге алып жүр: Егер ағаш отырғызғың келсе, жеміс беретін ағаш отырғыз. Егер жылқы сыйлағың келсе, тұлпар сыйла. Ал егер баланы тәрбиелеуге бел бусаң, оған қанат бітір- деген екен.

Жылдар өтеді.

Қария сол жерде, аспанға қарап отырады. Қараса: қанатты бала ұшып барады, ал оның артынан оның ұстазы да ұшып келеді. Олар қарияға жақындап келіп, қонып, бастарын иген екен.

—  Мен  мына баланы қанаттандырдым! – деп ұстазы өз оқушысын зор мақтанышпен көрсетіп жатады.

—  Ал қария болса, ұстаздың қанатына қарап, былай депті:

—  Бәрінен де мені сенің қанаттарың қуантып тұр- деген екен.»

Құрметті ұстаздар, Сіздерге сүйіспеншілік пен шыдамдылық және шығармашылық шабыт қанаттарын тілеймін!

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Амонашвили Ш.А. Как живете дети?-М.: Просвещение, 1986.
  2. Алпысқызы Сара. Өмір әдебі: Әдеби эссе, толғаныстар.- Алматы,2003.
  3. Мукажанова Р.А., Омарова Г.А. Методика преподавания дисциплины «Самопознание» в школе. – Алматы, 2013.
  4. Халықаралық педагогикалық оқулар материалдары. «Өзін- өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы».- Алматы, 2012.
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype