Мұғалімнің басты міндеті-балаларды оқуға үйрету. Балаға үйлесімді дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға болуға көмектесу. Бүгінгі күні мұғалім тек білім көзі ғана емес, сонымен қатар оқу үрдісінің белсенді қатысушысы болуы тиіс. Әр баланы оқыту үдерісіне тарту, оны тыңдай білу, оны өз ассистенті етіп алу, оқушының көзімен оның толғандыратын мәселеге қарау — бұл мұғалімнің міндеті. Жаңа уақыт мұғалімнен заманауи белсенді технологияларды меңгеруді және оларды сабақта белсенді қолдануды талап етеді. Бүгінгі оқушы компьютерді жақсы меңгерген, техниканы біледі. Ал біздің міндетіміз — оларды дұрыс арнаға бағыттау, білім алуға қызығушылықты көрсету, олардың көздері танымға деген қызығушылықпен жануы қажет.
Алған біліміне емес, оларды қолдану үдерісіне баса назар аударылады. Қазіргі мектепте «ел болашағын» , «ұлт болашағын» тәрбиелеу және оқыту —әрдайым басты міндет болып қала бермек. Себебі адам өмірінің балалық шағы, жасөспірім шағы мектепте өтеді, үлкен өмірге мектептен қадам басады. Ендешеі мектепті «өмір мектебі» деп айтсақ та артық болмайды. Жаңартылған білім беру мазмұнының негізінде Қазақстан мектептерінің жақын арада көптілді, көпфункционалды, бәсекеге қабілетті мектептерге айналатынына күмән жоқ. Жақсы мектеп — бұл педагогикалық шеберлік мектебі, ол «өз ісінің» педагог-шеберлерімен және тамаша түлектерімен танымал мектеп.
Бүгінде қоғам мұғалімге жоғары талаптар қояды. Мұғалімге жаңа бағытқа өзгеруге ықпал етеді. Заманға сай болу қажеттілігі бар. Ал ол үшін мұғалім үйрену керек. Нағыз мұғалім әрқашан ізденіс үстінде болады, оның жауап іздер сұрақтары көп болады. Нағыз мұғалім өз жұмысымен өмір сүреді!
Егер өзің жақсы көрмесең, өзгеге сезіміңді түсіндіре алмайсың, егер өзің үйренуге талпынбасаң, өзгеге үйрете алмайсың, егер өзің шеберлігіңді жетілдірмесең, өзгенің таланты мен дарындылығын байқамайсың, егер өз бойыңда аталған қасиеттерді жинақтамасаң, өзгенің бойына дарыта алмайсың, сол үшін үнемі өз біліміңді жетілдіріп отыруың қажет.
Әр педагогты қазіргі таңда толғандырып жүрген мынадай сұрақтар бар:
v Жаңартылған білім мазмұны дәстүрлі білім мазмұнынан немен ерекшеленеді?
v Мектепте білім беру үдерісін ұйымдастыру тәсілдері өзгереді ме?
v «Нәтижеге бағытталған білім» ұғымы нені білдіреді?
v Мұғалім білім берудің жаңартылған мазмұнына қалай дайындалуы керек?
Бұл сауалдардың барлығына жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшеліктері арқылы жауап беріп көрейін.
- Пәннің мазмұнын жобалау кезіндегі спиральдік принципі (тақырыптар мен сыныптар арасындағы күрделендіру үрдісі, іскерлікті, білімді арттыру);
- Таным заңдылықтарына негізделген Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарына жету;
- Барлық оқыту курсы бойынша педагогикалық мақсат қою, бұл пәнаралық байланыстарды барынша ескеруге мүмкіндік береді;
- Бір білім беру саласының ішінде пәндер арасында, сондай-ақ пәнаралық байланыстарды іске асыруда «өтпелі тақырыптардың» болуы;
- Әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған бөлімдер мазмұнына берілген уақыттың сәйкестігі;
- Ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар түріндегі оқу үрдісін технологияландыру.
Оқытудың күтілетін нәтижелері әрбір бөлім бойынша оқыту мақсатында нақтыланады. Ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар арасында өте тығыз байланыс болады. Мұғалім білімнің жалғыз көзі емес, оқушылардың белсенді оқу-танымдық қызметін ұйымдастырушы ретінде әрекет етеді.
Мектептегі білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқу пәнін оқытуды ұйымдастырудың формалары мен әдістері өзгереді. Пәнді оқыту үдерісі келесі ерекшеліктерге ие: оқушыға дайын түрде білім берілмейді, ал білім мұғалімнің ұйымдастырған коллаборативті орта, Іздеу қызметі арқылы оқушыларға өз бетінше жетеді.
Оқу үдерісі спиральді жүйе бойынша ұйымдастырылады, онда оқушы әр жолы өзінің танымын кеңейтіп, тереңдетуге мүмкіндігі бар. PISA талаптарына сәйкес мәтінді түсіну мен оқу сауаттылығына көп көңіл бөлінеді:
— Шындықты ашу, шындықты іздеу және оны түсіну;
— Мінез-құлық, әдептілік, этикет сияқты дағдыларды қалыптастыру;
— Еркін сабақ, адамды ең жоғары құндылық ретінде тану, жеке даму үшін еркіндік беру;
— Табысқа жету жағдайын жасау, жеке жетістіктерге жету жолын қарастыру;
— Гендерлік тәрбие;
— Топтық қызметті ұйымдастыру;
— Сабақтың қолайлы психологиялық жағдайын қалыптастыру.
Бүгінгі күні оқытудың пассивті, белсенді және интерактивті әдістері мен тәсілдерін жиі қолданады. Әр ұстазға сабақтың нәтижелі болғаны- басты мақсат. Нағыз ұстаз сабақта оқушының функционалды сауаттылығын дамытады. Ол үшін арнайы жоспарлар құрып, дайындық жүргізеді. Уақытпен санаспай,күндіз – түні жұмыс жүргізеді. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау»- деп, Мұхтар Әуезов айтқандай, ұстаздық мамандығын игерген жанда уақыт шексіздігі деген ұғым қалыптасуы ғажап емес.
Биылғы жылы Елбасының қолдауымен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қарастырылып, ұстаздар қауымының беделі мен абыройын арттыру үшін жұмыс жүргізілуде. Әрине, бұл- болашақтың іргетасын қалаушы біздер үшін бір мәртебе. Жаңартылған білім беру мазмұны және осы Заң бір кезеңде бағдарлануы Қазақстанның білім беру саласына жаңа серпін әкелері даусыз. Қорыта келе, қазақстандық жалпы орта білім беру деңгейінің мемлекеттің даму міндеттеріне сәйкес келуі және оның қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуі тиіс дегім келеді.