Бала тәрбиесі әр уақытта үлкен мәселе болып саналады. Қазіргі жаңару кезеңінде біздің қоғамымыздың ілгерілеу үрдісінде адам факторы және оны жандандыру, ел өмірінің барлық жақтарын жаңарту бала тәрбиесінің мәні мен оның проблемаларын күрделендіріп отыр. Осыған байланысты тәрбие берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты – барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп, танып біліп, жан-жақты қалыптастыру болып табылатындығы баршамызға белгілі. Шығармашылық мүмкіндіктерінің көріне бастауының себебі — балалық кездегі елестету деңгейінің жоғарылығымен, балалардың ойлауының танымдық бағытының дамуымен түсіндіріледі. 1946 жылы Г.С.Альтшуллер шығармашылық әдіснама бойынша жұмысын бастап, ТРИЗ технологиясын ойлап тапқан. Мектепке дейінгі балалық шаққа бейімделген ТРИЗ элементі балаға шығармшылық тапсырмаларды орындауды үйретеді. Және оның бойында шығармашылық қажеттілікті дамыта отырып, оның қызығушылығына сүйене отырып, шығармашылыққа жүйелі түрде жетелеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Г.С.Альтшуллердің ТРИЗ технологиясы мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеуін, тапқырлығын, шығармашылық елестетуін, диалектикалық ойлауын дамыту үшін балабақшаларда табысты қолданылады. Бүгінгі күні мен осы ТРИЗ технологиясына негізделген ойын элементтері арқылы мектепке дейінгі 5-6 жастағы балалардың тілдік құзіреттіліктерін дамыту, арттыру жолын қарастыруды жөн көріп отырмын. Сол себептен де қазіргі таңда өз іс- тәжірибемде ТРИЗ технологиясына негізделген ойын элементтерін қолданудамын. Осы әдістер бойынша жүзеге асыру жеке тұлғаның тілдік қабілеттерін, қиял шығармашылықтарын дамытары сөзсіз. Дегенмен де аталған жұмыс барысын кезең-кезеңімен жүргізуді жөн көрдім. Яғни 1-кезеңнің міндеті: құбылыстар мен заттар арасындағы қайшылықтарды табуға және шешуге, жүйелі ойлауды дамыту, яғни айналасындағы барлық компоненттердің өзара байланысын көре білуге үйрету. Оған мысал ретінде «Пойыз» ойынын ойнатуға болады.
Мақсаты: Балалардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыта отырып, заттар арасындағы байланысты табуға үйрету.
Ойын барысы: Бірдей көлемдегі 10 сурет алынады. Әрбір сурет пойыздың вагоны болады.
Тәрбиеші:-Бүгін біз «Пойыз» ойынын ойнаймыз. Мен бірінші суретті көрсетемін. Келесі суреттерді сендер көрсетіп, кезектесіп орналастырасыңдар. Сонда пойыздың вагондарын жинаймыз. Біздің суретті вагондарымыз бір- бірімен байланысып, сәйкестеніп тұруы қажет. Бір бала өз вагоныныдағы суретті атап, орналастырады. Осы суретке байланысты сурет кімде болса, келесі вагонды сол бала орналастырады. Және неге орналастырғанын түсіндіреді.
Мысалы: 1 бала: Машина.
2 бала: Бағдаршам, жол. Себебі: машина жолмен жүреді, бағдаршамға бағынады.
Ойын әрі қарай жалғаса береді.
2-кезеңнің міндеті: балаларға заттардың жаңа қасиеттері мен сапасын зерттеуге үйрету. Мәселен, «Затты сипатта» ойыны
Мақсаты: Әр заттың өзіне тән қасиетін айта білу қабілеттерін жетілдіру.
Ойын барысы: Ойын бастаушы бір затты атайды. Ал, балалар сол заттың қасиеттерін айтып береді.
Мысалы: Ойын бастаушы: Түймедақ.
Балалар: Өседі, хош иісті, суаруға болады, солып қалады, емдік қасиеті бар.
Ойын осылайша жалғаса береді.
3- кезеңнің міндеті: ертегі тапсырмаларды шешіп және жаңа ертегілер ойлап шығару. Мысалы, «Үйшік» ойыны.
Мақсаты: баланың аналитикалық ойлауын жаттықтыру, салыстыру әрекеті арқылы ортақ белгіні табу. Бұл ертегіні өзгертіп ойнайтындарын ескерту, түсіндіру.
Ойын барысы: жүргізуші бір баланы үйшіктің қожайыны етіп тағайындайды. Ал қалған балалар кезекпен үйшікке келіп отырады да, қожайынмен қатынасқа түседі. Есік қағылады.
— Үйшікте кім тұрады?
— Мен — гитарамын. Ал сен кімсің?
— Ал мен — алмамын. Үйшікке мені кіргізесің бе?
— Егер сен маған қай жеріңмен маған ұқсайтыныңды, ұнайтыныңды айтсаң кіргіземін.
Келген қонақ екі затты салыстырып, олардың ортақ белгілерін айтуы тиіс. Мысалы: гитараның да, алманың да таяғы бар. Осыдан кейін қонақ үйшікке кіреді. Үйшікке келесі ойыншы келеді. Жауап бере алмаған балаға басқа балалар көмектеседі. Ойын осылайша жалғаса береді.
4-кезеңнің міндеті: балаларды әр түрлі қиын жағдайдан шығуға үйрету. Берілген тапсырмаларды балалар ойын барысында өз беттерінше шешеді.
Мысалы: «Қар ұшқыны» ойынын алатын болсақ, өз ойларын еркін білдіруге жетелеу мақсатындағы бұл ойын мектеп жасына дейінгі балалардың қиял-шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған. Ойын барысы былай жүзеге асады: Ертеде Қар ұшқыны болыпты. Ол кішкентай адамдармен кездескісі келіпті. Ол өзінің құрбыларымен қоштасып,төмен қарай ұшып кетіпті. Ұшып келе жатып ауладағы балалардың ойнап жүргенін көріп, қарды дөңгелетіп,атысып ойнап жүргендерін байқайды. Сол кезде Қар ұшқыны : «Мен мынау қызыл қалпақ,көк қолғап киген ұлмен достасып көрейін», — деп ойлапты. Қар ұшқыны әлгі баланың құлағына ұшып келіп қолғабын шешуін өтініпті. Бала таңданып қалыпты да, қолғабын шешіпті. «Енді маған не болар екен?»- деп Қар ұшқыны ойланыпты. Сол сәтте ол баланың алақанына құлапты. Осы кезде не болуы мүмкін? (балалардың ойларын тыңдау). Ары қарай балалар өз ойларын білдіреді. Ол тамшыға айналып, аспанға ұшады. Соңында балалар Қар ұшқынына айналып, ойнайды. Нәтижесінде балалардың қиял- шығарамшылықтары артып, байланыстырып сөйлей білу қабілеттері арта түседі. Сонымен қатар, балалар ойын барысында өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік алады.
«ТРИЗ» технологиясында қайшылықтардың көптеген тәсілдері жинақталған. Бірақ негізгі міндет: балаларды өз шешімдерін іздеуге және табуға үйрету- бұл шығармашылық ойлауда, қиялдауда, жаңаны ойлап табуда байқалатын өнертапқыштық кезең.
Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі балалармен серуендеуде де балалардың ой-өрісін белсендендіретін әр түрлі тәсілдерді қолдануға болады. Бұл тәсілдерді қолдану арқылы да баланың тілдік қатынасқа түсу қабілеттерін, қиял- шығармашылықтарын шыңдауға болары сөзсіз. Мәселен, тәрбиеші балаларға: «Ал, балалар, желді тұрғызайық: оның анасы кім? Оның достары кім? Не үшін күн желмен дауласады?». Балалар өздерін бақылаушы орнына қояды: «Егер сен бұтаға айналсаң, не істер едің? Нені армандайсың? Кімнен қорқасың? Сенің жапырақтарың не туралы сыбырлайды?» немесе «Өзіңді қызыл қоңыздың орнына қойып көр. Не үшін өмір сүресің? Сенің достарың кім? Нені жегенді жақсы көресің?». Ең маңыздысы — осындай түрлендірілген іс- әрекет түрлерін үнемі қолданып отыру арқылы мектепке дейінгі кезеңдегі балалардың қиялдау, бейімделу, қозғалу, жүйелеу, диалектикалық ойлау қабілеттері дамып, екінші жағынан іздену белсенділіктері, жаңалыққа талпынуы, сөйлеуі, қиялдау қабілеттері жетіледі. Бала тілін дамытуда ТРИЗ технологиясын қолдану аса маңызды, жүйелі пайдалана білген тәрбиеші баланың санасын арттыра отыра, түсінігін кеңейтіп, сөздік қорын молайтып, ұғымын байытады. Сонымен қатар баланың ойлау белсенділігі артады, тілдері ширап, өз бетімен жұмыс жасай алу қабілеттері дамиды, өз ойын еркін жеткізеді. Баланың шығармашылық қабілетінің дамуының маңызы зор. Себебі, бала еркін тақырыпқа берілген шығармашылық тапсырмаларды өз бетімен орындауға, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады. Осындай жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесін балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықтан байқауға болады. Әр жыл сайын түлектеріміздің бірінші сыныптағы оқу үлгерімдерін бақылаймыз. Мәселен, былтырғы оқу жылында мектепке даярлық тобын аяқтаған бала саны- 25 бала. Барлық балалар қала мектептерінің бірінші сыныбына қабылданып, білім алуда. Оқу деңгейінің игеру көрсеткішіне сүйенетін болсақ, 20 бала, яғни 80% жоғарғы деңгейді көрсетсе, 5 бала- 20% орта деңгейді көрсетіп отыр. Ал төмен деңгей көрсеткен балалар жоқ.
Қорыта айтқанда, заманымыздың болашағы — жас ұрпақтың ой-өрісін жоғарылатып, тілдік, шығармашылық, әлеуметтік, коммуникативтік құзіреттіліктерін, тапқырлық тапсырмаларды шешу теориясының негізгі түсініктерімен таныстыру, проблемалық жағдайдан шығу жолын іздеуде алған білімдерін қолдануға үйрету әрбір педагогтің міндеті деп ойлаймын.