Жалпы оқытудағы проблема оқушылардың өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу, үйрету, шығармашылық қабілетін дамыту. Тақырып бойынша деңгейлік тапсырма жүйесін іске асырады. Өйткені, ол оқушылардың ойлауын, елестету мен есте сақтауын белсенділігін, дағдысын білім сапасының дамуын қамтамасыз етеді. Сабақтың ерекшелігі және оның тиімділігін арттырудың негізгі тәсілдерінің бірі – оқушыларға деңгейлік тапсырма беру.
Деңгейлеп саралай оқыту технологиясы оқушы мен мұғалімнің белсенді шығармашылық қабілетін дамытумен қатар оқушыларға өз бетімен жаңа әдіспен бағалауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты сабақтың ерекшелігін және оның тиімділігін арттырудың негізгі тәсілдерінің бірі – оқушыларға деңгейлік тапсырма беру.
Деңгейлік тапсырмаларды төрт деңгей үшін жасауға болады. Оқытушылық, алгоритімділік, эврестикалық, шығармашылық және төмендегідей жұмыс түрлерін қолдануға болады :
1. Тірек конспектілеріне талдау жасау кезінде проблемалық жағдай туғызу, танымдық ойындар ұйымдастыру әр түрлі деңгейдегі сұрақтар қою.
2. Сандық және сапалақ, графиктік есептерге арналған деңгейлік тапсырмалар.
3. Физикалық диктанттар ( әр түрлі деңгейдегі )
4. Зертханалық және практикалық жұмыстар.
5. Тесттік тапсырмалар.
Педагогика ғылымдарының доктор профессоры Ж.Қараев оқушылардың оқу деңгейін төрт түрге бөлген :
Оқытушылық деңгей – жалпыға бірдей стандартты білім негізінде тапсырмалар беріледі. Мұнда тапсырмалар оқушылардың алдыңғы сабақтарда алған білімдеріне және оқулықта бар мәселелерге байланысты құралады. Сондықтан оқушы бұл деңгейдегі тапсырмаларды орындауда аса ойлануды қажет етпей, тез жауап бере алуы тиіс.
Алгоритімдік деңгей – мұнда оқушы мұғалімнің түсіндіруімен қабылдаған жаңа ақпаратты пайдалана отырып, яғни меңгерген білімі негізіндегі есептерді шешу, сұрақтарға жауап беру сияқты тапсырмаларды орындайды.
Эврестикалық деңгей – танымдық ізденіс түріндегі есептер беріледі. Оны орындау барысында оқушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген алғашқы қарапайым білімдерін тереңдетумен қатар қосымша әдебиеттер қолдана отырып жауап береді. Бұл тапсырмаларды орындауда оқушының ой белсенділігі негізгі қызмет атқарады.
Шығармашылық деңгей – оқушы өз бетімен оқу материалдарын меңгеру яғни оқушы таза өзіндік шығармашылығын байқатады. Жаңа тақырыпты оқушылар шығармашылық ізденіс үстінде өздігінен меңгеру қажет. Бұндай тапсырмалар оқушылардың өзіндік іс әрекетін қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, терең білім алуына бағыттайтыны сөзсіз.
Сонымен, әр деңгейлік оқыту жүйесінің физика пәнінің сапасын арттырумен қатар, бірқатар тиімді жақтары бар. Біріншіден, сыныптағы барлық оқушыларды жұмыспен қамтамасыз етеді, әрбір оқушының белсенді түрде қатысуын қадағалайды, белсенділігін оятуға түрткі болады. Екіншіден, әр оқушы өзіне тән қарқынмен, өз білімінің деңгейінде жұмыс жүргізеді, қойған мақсатқа жету үшін қажетті төзімділікті қалыптастырады. Үшіншіден, оқушылар өз еңбектерінің нәтижесін көріп, өз-өзін бағалайды. Өз бетімен жұмыс істеу оқушылардың біліміне ғана әсер етпейді, сонымен қатар тәртібі мен мінез-құлқына да тигізер әсері зор. Оқушыларды тиянақтылыққа, бастаған ісін жемісті аяқтауға, төзімділікке ұстамдылыққа тәрбиелейді. Жауапкершілікті сезіне отырып оқушының ізденімпаздылығы , шығармашылығы дамиды. Қорыта айтқанда, сабақтағы жүйелі түрде ұйымдастырылған жұмыстың түрлері оқушылардың өзіндік іс-әрекетін дағдыларын қалыптастырады, нақты білім алуына ықпал етеді. Сондықтан да оқушыларды жаңа бағытта физика пәнін оқытудың маңызы зор.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескере отырып келесі қорытындылар жасауға болады:
Дәстүрлік оқыту жүйесінен, деңгейлеп саралап оқыту технологиясы:
— Оқытудың мотивациясын құруға мүмкіндік береді;
— Оқылып отырған курс бойынша тапсырмаларды, міндеттерді нақтылайды;
— Оқушылардың танымдық дербестігін дамытады;
— Материалдың меңгерілуіне бақылау жасауды жеңілдетеді;
— Білімдерді есепке алудың объективтілігін қамтамасыз етеді.
Деңгейлеп оқыту әдісі әр баланың жеке жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Дәстүрлі түрде өтетін сабақта тек қана көшіруші міндетін атқаратын оқушылар деңгейлеп оқыту әдісін пайдаланса есепті, барлық жаттығуларды өздері орындай бастайды. Бұл білім сапасының артуына да көп септігін тигізеді.