Курста қолданылған барлық әдіс-тәсілдерді өзіміздің өн бойымыздан өткізу арқылы, жаңаша оқытудың білім сапасын арттыруда тиімділігін мойындадық. Сонымен қатар,жаңартылған білім беру мазмұны спиральді қағидатқа негізделгенін,яғни,оқушының білім алу үрдісі 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін үздіксіз байланыста болып, толысып отыратынын білдік. Курс негізінде тапсырмаларды орындау барысында көптеген қиындықтар мен кедергілерге кездестік. Атап айтсам, оқу мақсаттарынан сабақ мақсаттарын шығару, мақсат бойынша саралау тапсырмаларын құру, бағалау критерийлерін дұрыс жасау, мақсатқа сәйкес тапсырмалар, оларға дескриптор құру және оқушының жас ерекшеліктеріне сай қалыптастырушы бағалау таңдап алу. Бірақ бұл қиындықтарды да әріптестер мен тренердің көмегімен жеңе білдік десек болады. Төрт дағдыны оқушының бойында қалыптастыруда әр дағдының өзінің әдіс- тәсілдері бар екеніне көз жеткіздік (тыңдалымды модельдеу, оқылым алды тапсырмалары, оқушыны жазылымға әкелу жолдары). Осы дағдыларды қалыптастыруда әр түрлі белсенді оқу әдістерін (“Балық қаңқасы”, ”Себеп — салдар диаграммасы”, “Аяқталмаған сөйлем” “Джигсо”, “БББ кестесі”, “Блум түймедағы”, “Броундық қозғалыс” т.б ) орынды қолдануды үйрендік. Қалыптастырушы бағалау оқушының ағымдағы оқу үлгерімінің көрсеткіші болғандықтан, ҚБ- ды әр тапсырмадан соң және оқушының жас ерекшелігіне сай қолдану керектігін ескеріп,бағалаудың “Қос қалам ” әдісі, “3-2-1 ” әдісі, “ Жетістік баспалдағы”, “Авигатор ” тағы басқа түрлерін қолдануға болатынын меңгердік.
Әрине, «білгеніміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз» демекші, қысқа уақыт ішінде бәрін білдім, толдым деу артық. Дегенмен, болашақта әріптестердің және тренердің кері байланысын ескере отырып, сабақты жоспарлау тәжірибесін одан әрі дамыта отырып, кездескен қиындықтарды шешудің тиімді жолдарын қарастырып, өз сабақтарымызда оқу мақсаттарына сай әдіс-тәсілдерді қолданамыз дегім келеді.
Курсты ұйымдастырушыларға және тренеріміз Сейтказина Рысгуль Сейтбекқызына алғысымыз шексіз!