Күнделікті сабақ барысында оқушылардың алға ілгерілеуін, оқу мақсатына жету деңгейін өлшеу үшін қалыптастырушы бағалаудың әр түрлі әдістерін пайдалануға болады: «Температураны өлшеу», «Екі жұлдыз, бір тілек», «Бас бармақ», «Бағдаршам», «Плюс, минус», «Бір минуттық эссе», «Элективті тест», «Пікіралмасу» т.б.
Бағалау – оқыту мен үйретуді жасаушы үрдіс екенін мұғалімдер қауымы білгенмен, сабақта қолданылатын бағалау түрлері бойынша мұғалімдердің жиі қиындықтарға кездесуі өзекті мәселелердің бірі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіледі, оқушы қатесін түзетуге мүмкіншілік беріледі. Қалыптастырушы бағалаудың әдіс-тәсілдерін сол сыныптың, оқушылардың жас ерекшеліктерін, қажеттіліктерін ескере отырып таңдау жасалады. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижелерін талдау, сындарлы кері байланыс ұсынуда керек. Мұғалімдер өз сабақтарында қалыптастырушы бағалаудың «Бас бармақ», «Бағдаршам» әдістерін және әр түрлі смайликтерді қолданады. Бұл әдістер оқушылардың ішкі уәжін және сабаққа деген ынтасын, әрине, арттырады. Дегенмен оқушының орындаған жұмысының қатесін түзетіп, ілгерілеу үшін жеткіліксіз. Оқушы оқу мақсатына жету үшін бағалаудың эмоциялық аспектісі керек, дегенмен, әлеуметтік/психомоторлық аспекті де маңыздырақ. Мысалы, «Бутерброд», «Ашық микрофон», т.б стратегияларын қолдану кезінде оқушылар қалай оқу керек екендігін үйренеді, өзара және өзін-өзі бағалау, жетілдіру жолдарын түсіне білуді дамыту жақсы жүреді.
Критериалды бағалаудың танымдық аспектісі бойынша, мысалы қалыптастырушы бағалауға тапсырма жасаған кезде оқу мақсаты немесе сабақтың мақсатындағы етістікті блум таксономиясының қай сатысы екенін анықтап алу қажет. Яғни, ойлау дағдыларының деңгейін сәйкестендіреміз. Оқу мақсаттарын ойлау дағдыларының деңгейімен және бағалау критерийлерімен сәйкестендіру маңызды рөл атқарады. Оқу мақсаты — дегеніміз оқу бағдарламасына сәйкес пән бойынша оқушының оқу барысында меңгерген білім, түсінік, дағды жетістіктерінің күтілетін нәтижесі арқылы қалыптасқан тұжырым.
Сабақтың соңында сабақтың ортасында оқыған тақырыпты меңгеруін тексеру үшін берілетін қалыптастырушы бағалау тапсырмасы блум таксономиясы бойынша сол ойлау деңгейінен асып кетпеуі шарт. Мысалы, оқу мақсаты қолдану деңгейі болса одан жоғарғы талдау, жинақтау, бағалау бойынша тапсырмалар берілмейді. Себебі, танымдық аспектіде көбіне оқу мақсатына жеткендігі тексеріледі. Оқушы оқу мақсатын меңгермесе оқу мақсатына жету үшін жұмыстар жасалуы керек.
Жеке, жұптық және топтық жұмыс түрлерінде қалыптастырушы бағалау әдістерін қолдануға болады.
Жеке жұмыс кезіндегі қалыптастырушы бағалау
Жеке жұмыс кезінде қалыптастырушы бағалауды іске асырушы үшін оқушылардың әрекеттерін жүйелі, үздіксіз қадағалау керек. Үрдіс кезіндегі оқушылардың аралық нәтижелерін мұғалім тіркеп отыруы қажет. Нәтижелерді тіркеу кезінде оқушылардың жұмысының жоғары нәтижелеріне және әлсіз тұстарына да назар аударып отырған дұрыс. Оқушының әрекеттерінің күшті және әлсіз жақтарын оқушының өзімен бірге талқылау өте жақсы нәтиже береді. Оқушының жеке қажеттіліктері ескеріле отырып, тапсырманы саралау тәсілдерін қолданып ұсыну керек. Нәтижесін талдап, бағалауда өз ойын айтуға толық мүмкіндік беру керек. Мұғалім үрдіске түзету енгізіп, ары қарай жоспар құруда оқушының жеке қабілеті, мүмкіндігі мен қажеттілігін анықтап, ескерген жөн.
Жұптық жұмыс кезіндегі қалыптастырушы бағалау.
Бұл жұмыс түрі де қалыптастырушы бағалаудың ең тиімді формасы болып табылады. Жұптық жұмыс түрінде жұп ішінді бірін-бірі, жұптар бірін-бірі және мұғалім бағалауына болады. Мұндай бағалау түрі оқушылардың өзара қолдау көрсетулері мен өзін-өзі реттеуі іске асырылады.
Жұптық жұмыста қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру үшін, оларды пікір алмасуға сындарлы кері байланыс беруге және сынды дұрыс қабылдауға үйрету өте маңызды.
Топтық жұмыс кезіндегі қалыптастырушы бағалау
Топтық жұмыс кезіндегі қалыптастырушы бағалауды жүзеге асыруда оқушылармен бағалау критерийін талқылап алу керек. Мұғалім барлық топтың және әр топ құрамындағы оқушының жұмысын міндетті түрде бақылауда ұстауы керек. Оқушылармен бірге тапсырманы бірге орындап, бағыт бағдар беретін сұрақтар қою арқылы мақсатқа жетуге ықпал етуге болады. Топтық талқылауда әр топ мүшесінің ойы идеясы маңызды екенін ескеру керек.
Қалыптастырушы бағалауда мұғалім әрбір оқушының әрекетін жүйелі түрде бақылайды және аралық нәтижелерді есепке алып, тіркейді. Мұғалім әр оқушының жұмысының жақсы жақтары мен кемшіліктеріне назар аударып, әр оқушының жеке жұмысының нәтижелерін талқылайды. Қалыптастырушы бағалау кезінде жұптық жұмыс түрін қолданып, оқушылардың өзін-өзі реттеу, рефлексия жасау және өзара көмек көрсетуін қадағалай алады.
әдебиеттер:
- Ганзалис Р. «Руководство по формативному и суммативному оцениванию» — Б., 2007.
- Гин А. «Приемы педагогической техники». — Москва, 2004 г.
- Кусаинов Г.М., Сагинов К.М. «Формативное и суммативное оценивание результатов обучения»: Методическое пособие — Астана: Центр педагогического мастерства, 2014.
- Выготский Л. С. «Педагогическая психология» М.: Педагогика,1991 г.
- Шакуров Р. Х. , Буркитова А. А., Дудкина О. И. «Оценивание учебных достижений учащихся» Методическое руководство, Б. «Билим», 2012г
- Оценивание учебных достижений учащихся. Әдістемелік нұсқаулық. / Құраст. Р.Х.Шакиров, А.А.Буркитова, О.И.Дудкина. — Б.: «Билим», 2012.
- Фишман И.С., Голуб Г.Б. Формирующая оценка образовательных результатов учащихся: Методическое пособие. — Самара: «Учебная литература» баспасы, 2007. — 244 б.