Шағын жинақталған мектептің білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау маңызды рөл атқарады. Психологиялық-педагогикалық қолдау мамандардың жүйелі ұйымдасқан, бір тұтас әрекеттерінің барысында әрбір баланың білім беру-тәрбие үдерісінде өз мүмкіндігі мен қажеттіліктеріне сәйкес табысты оқуы мен дамуы үшін қажетті әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық қолдау балаға көмек (немесе қолдау) көрсетудің ерекше түрі ретінде қарастырылады.
Оқушылардың бұл санатын психологиялық-педагогикалық қолдаудың нысаны оқу жетістіктерін критериалды бағалау үдерісі болып табылады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалауды психологиялық-педагогикалық қолдау төмендегілергебағытталуы тиіс:
— оқушының денсаулығын және дене күшін қолдау: оқушы өмірінің денсаулық-сақтау тізімін ұйымдастыру, оларды жеке таңдалған қимылдық белсенділіктерге, денсаулықты нығайтатын сабақтарға қатыстыру;
— оқушылардың зерде дамуын қолдау: әрбір оқушының танымдық ерекшелігін анықтау және дамыту, оқу әрекетінің табысты болуы үшін жағдай тудыру;
— оқушыны қарым-қатынас саласында қолдау: оқушыларға гуманистік өзара әрекеттенуіне жағдай тудыру, оқушылардың қолы бос кезіндегі әрекеттерде жеке қабілеттерін байқатуларын қолдау, тәртіп түрін саналы түрде таңдауына көмектесу;
— оқушының жанұясын қолдау: жанұялық қатынасты зерттеу, олардың үйлесімді болуына көмек көрсету.
Критериалды бағалау кезінде аталған шарттарды іске асыру білім алушының өзін еркін сезінуіне, танымдық белсенділігі, оқу мотивациясы деңгейінің артуына, эмоционалдық біркелкілігіне ықпал етеді және өз мүмкіндіктеріне сенімі артады. Міндетті түрде критериалдық бағалау жүйесі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндіктеріне бейімделуі тиіс, олардың ерекшеліктері мен білім беру қажеттіліктерін ескере отыра дайындалуы қажет .
Ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылар үшін оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесін қалыптастыру барысында келесі ерекшеліктер:
− оқу процесінің тұтастығын қамтамасыз ету (пәндік бағалау, пәнаралық және білім деңгейлеріне өту аралығыдағы тұлғалық қалыптасуы) ;
− бағалау критерийлерін әзірлеуге біртұтас көзқарас, яғни жалпы білім беру жүйесі мен түзете дамыту жұмыстарының үйлесімділігін сақтау;
− бақылау және бағалау әрекетіне білім алушыларды белсенді қатыстыру;
− оқу мазмұнын игеру процесінде тәжірибелік және танымдық тапсырмаларды орындауда танытқан қабілеттерін жүйелі бағалау;
− білім алуда арнайы қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерінің динамикасын бағалау;
− білім сапасының артуын қамтамасыз ету мақсатында ішкі және сыртқы бағалау тетіктерін үйлестіру;
− білім алушылардың оқу жетістіктерін қорытынды бағалау мен аттестаттауда дербестікті сақтау және білім жүйесінің даму тендециялары мен білім деңгейін сараптауда, басқа да аттестаттау мақсаттарында тәуелсіз бағалауды ұстану;
− жоспарланған жұмыстардың нәтижесін қалыптастыруға және деректерді ұсыну барысына қажетті деңгейде көңіл бөлу;
− оқушылардың жеке оқу жетістіктерінің динамикасын сипаттайтын жинақтаушы бағалау жүйесін (портфолио) қолдану;
− стандартты жазбаша немесе ауызша бағалау әдістерімен қатар, практикалық жұмыс, жобалау, шығармашылық жұмыс, өзін-өзі бағалау, бақылау және тағы басқа тәсілдерді қолдану ескерілуі тиіс.
Зерде бұзылыстары бар (ақыл-ой кемістігі бар) оқушылар, танымдық қызметіндегі айтарлықтай шектеулері болуы салдарынан, МЖМБС талаптарын орындауға бағдарланбаған арнайы оқу жоспарларына және бағдарламаларына сәйкес білім алады.
Негізінен танымдық қызметінің және тұтас жеке тұлғасының анық жетілмеуі себебімен зерде бұзылыстары бар оқушылар оқу процесінде айтарлықтай қиыншылық көреді. Ұсынылып отырған тапсырмаларды белгілі бір оқу қажеттіліктері бар оқушылар үшін түрлендіріп, жетілдіріп не жеңілдетіп беруге болады. Осылайша, әлеуметтік тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған оқу мен тәрбие әсерінен балалардың білім сапасы дамиды, белгілі білім, білік, дағдыларды алады. Бірақ оқудағы осындай ілгері басқан қадамдар түрлі оқушыларда бірдей бола бермейді. Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту мүмкіндіктерінің түрлілігі даму бұзылысындағы тереңдігіне және таралуына байланысты болады.
Қолданылған әдебиеттер:
- «Шағын жинақталған мектептің педагогі: білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы кәсіби дамуының мәселелері» Материалдар жинағы. Алматы, 2016 ж.
- «Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты» ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 Қаулысымен бекітілген.
- Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі. Әдістемелік құрал. – Астана: Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 2016 ж.
- Ерекше оқыту қажеттіліктеріне қарай қысқа мерзімдік, орташа мерзімдік және ұзақ мерзімдік негізде оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету. Әдістемелік ұсынымдар. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015 ж. – 80 б.