Шын ұстаз — ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтінім: әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім — тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызық шақтар. Балаларға ұрысып, жекіп, кейімей ақ, олармен сырласа отырып жан дүниесін ұғынуға болады.
«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек.
Білген сайын келеді біле бергім,
Біле беру емес пе тілегі елдің?!
Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
Қызыққаннан келмей ме, жүре бергің?!
Сондықтан да келеді біле бергім…
Ұстаз, бала алдында өзінің жүріс -тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен яғни барлық жағынан үлгі болуы қажет.
Ұстаз – әлемдегі ең қызықты әрі ең қиын мамандық.Бұл саланы таңдаған әр адамға қырық атанға татырлық жүк қоса беріледі.Сол жауапкершілік жүгін қайыспай көтере білу – міндет. Төрткүл дүниенің бүгінгі көрінісі ,қазіргі ахуалы- ұстаздар еңбегінің нәтижесі. Себебі, Президент пен министр, депутат пен әкім, өнер адамы мен спорт майталманы, кәсіпкер мен құрылысшы, дәрігер мен мұғалім – барлығы да ұстаздың тәлім тәрбиесін алған жандар. Балабақшада, мектеп пен университет қабырғасында ұстаздар сусындатқан білімнің арқасында әрқайсысы жетістікке жетіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосуда.Тарыдай болып келген бүлдіршіндердің қолына қалам ұстатып, әріп жазу мен есеп –қисаптың қыр сырын үйретіп, он бір жыл бойы оқытып, таудай азаматтарды алтын ұядан ұшыратын ұстаздардың еңбегі өлшеусіз. Бұл ретте шәкірттерге білім беруші адам қоғамға бірінші кезекте азаматты, содан кейін ғана белгілі бір кәсіп иесін сыйлайды. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев та жастарға сенім білдіріп, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жастарға көп мүмкіндіктер беріп қолдады. Еліміздің болашағы, ертеңгі күні жастарға және біз тәрбиелейтін жас ұрпаққа тікелей байланысты. Сондықтан қазіргі дамыған заманда, жан-жақтама білімді, ізденімпаз, шығармашыл, бір сөзбен айтқанда, жаңашыл мұғалім жаңа мектепке ғана емес, көз-келген мектепке ауадай қажет. Себебі жаңашыл ұстаз – заман талабы. «Ұстаздық — ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу — үлкен абырой деп есептеймін. Мұғалім — мамандық болса, ұстаздық қасиет, табиғат дарытқан құдірет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Бүкіл ұстаздар қауымын әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Киелі әрі өте көне ұлы мамандық. Бірақ «Ұстаздық жолы қиын бұралаң, Істей алмас бұл жұмысты құр адам» деген сөзді естен шығармаған жөн. Әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шар-тарапқа жетелеуші. Бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі. XXI ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ? Әрине, өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат қуатын салу керектігін айтпаса да түсінікті. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, жоғары идеялы адамға тән қасиет. Сондай-ақ, ұстаз күнбе күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың оң шешімін табуға дайын болуы тиіс.Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда жас ұландарымыздың биіктен көрнуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Осы мәселенің бәрін жинақтай келе жаңа заман мұғаліміне сай – рефлексияға қабілетті, өзін-өзі дамытуға талпынған әдіс-тәсілге бай, зерттеушілік қабілеті жоғары, дидактикалық, әдістемелік, ақпараттық және басқа құзіреттіліктің жоғары деңгейімен сипатталған рухани адамгершілікті шығармашыл тұлға болуымыз керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» дейді. Менің ойымша, мұндай қасиеттерді адам бойына тек қана ұлағатты ұстаздар ғана дарыта алары сөзсіз. Ұстаз бен оның елеулі еңбегі жайлы айта берсек сөз жетпейді.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Ұстаздар күні – бұл дәстүрлі әрі бүкілхалықтық мереке десек артық айтқандық болмас. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған. Абыройлы міндетті ақаусыз атқарған мұғалімді халқымыз қашанда ерекше құрмет тұтқан. Ұстаздың әр адам жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем. Ұстаздарымызға арнап басымызды исек те артық емес. Арада қанша күн ,ай , жылдар өтседе, ұстаздың бейнесін ұмытпай, ілтипат пен ізеттілік танытатын шәкірттердің болуы – зор мәртебе,еңбегінің бағалануы. Ендеше, балғындардың зейінін ашатын, балалардың санасына барлық игі ұғымды сіңдіретін, оқу додаларында озат болуы үшін барын салатын, шәкірттерінің өз елін, жерін сүйетін елеулі азамат атануы үшін аянбайтын ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтаймын.
Бүгінгі ұрпақ- бақытты ұрпақ. Себебі, технологияның дамыған кезеңінде өмір сүріп жатқан жастарға алаңсыз білім алуға жан- жақты жағдай жасалған. Елбасының айырықша көңіл бөлуі нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтауы арқылы білім сапасын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Осының барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз. «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген Серке Қожамқұловтың сөзінен ұстаз қауымына деген үлкен құрметтеушілікті байқаймыз. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған ұстаз ғана өз еңбегінің жемісін көре алары сөзсіз дей келе , қазақ халқының көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова апамыздың мына өлең жолдарымен өз ойымды аяқтағым келіп отыр:
«Ұстазсыз жанда сөнбек күн
Шәкіртсіз өмір – сусыз жер
Көрінбес ғажап еңбектің
Бейнетін көріп жүрсіздер.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
Жанымнан жалын , жігер күт
Ұстазым, сенің әр күнің
Әр сәтің тұрған, бір ерлік»