Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау, интеллектін байыту» деп атап көрсетілген. Демек, мектеп қабырғасында, яғни оқу үрдісінде әрбір пән оқушының pухaни бaй және aдaмгepшiлiгi мoл жеке тұлға ретінде қалыптасып жетілуіне, оның шығармашылық қабілетін дамытуға алғышарт жасауы керек деген қағида берік орнықты.
«Елу жылда ел жаңа» дегендей, заман бір орнында тұрмайды, үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Еліміздегі білім беру жүйесінде де өзгерістер орын алып, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы –келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Оның ең негізгі мақсаты — білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру. Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында оқушы үйлесімді білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен немесе топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асырады. Сонымен қатар, жаңа заман мұғалімінен күнделікті оқушылармен қарым-қатынас барысында әрбір жағдаят үстінде ерекше білім деңгейін көрсетуді және шығармашыл шешім қабылдай алуын талап етіп отыр. Оны қанағаттандыру үшін қазіргі заманның мұғалімі жаңашыл, икемді, өзгерісті тез қабылдай алатын, жан-жақты, жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды меңгерген болуы керек.
Білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы ұстаздарға арналған курстар өткізіліп келеді. Өзімде сол курсқа қатысып, көп тәжірибе жинақтадым десем де болады. Бұл тұрғыдан жаңартылған білім беру мазмұнының қыр-сырымен таныстырып, тәжірибесімен бөлісіп, сапалы білім берген әдіскерім Айгүл Сагынгановнаға алғысым шексіз. Курс маған сенімділік пен қатар болашаққа дұрыс қадам басуды үйретті. Оқушының психологиясын тереңірек түсіну, оқушының орнына өзімді қою, оқушының айтар ойы мен іс-әрекетін дұрыс жоспарлауды үйрендім. Себебі, жаңартылған білім беру мазмұны тек білім беру бағдарламасын өзгертіп қана қоймайды, сонымен қатар ұстаз келбетін де, ұстаз этикетін де өзгертеді. Курстан кейін сен басқаша ойлайтын, өмірге басқа көзқараспен қарайтын тұлға ретінде қалыптаса бастайсың. Өзгерістер күн сайын емес, сағат сайын орын алып отырады. Яғни, білім саласы да бір орнында тұрмайды деген сөз. Жақсы жаққа бет бұрғанымыз еліміздің дамып келе жатқандығын білдіреді. Курсты оқу барысында ой түйгенім — өткізетін сабағымды 40 минуттың ішінде есте қалатындай, өмірде сол алған білімдерін қолдана алатындай, жоспарымды алға қойған мақсатымның нәтижесін көре алатындай құруым керек екендігін түсіндім. Тиімді және сапалы оқытуды басты назарда ұстау керектігін ұғындым. Мұғалім оқушылар үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай-ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйымдастыра алатын, оларға үлгі болатын, өмірге дайындайтын ерекше тұлға болуы керек.
Қорыта келе, «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» деп Міржақып Дулатұлы айтқандай, өркениетті дамудың өзегі білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан, саналы, білімді, жаңа заманға сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелесек, үлкен жетістіктерге жетеріміз хақ!