Атамыздың бізге қалдырған көптеген өлеңдері, әндері, қара сөздері әңгімелері бар. Біз, жастар, солар арқылы сусындап өссек тура жолдан таймарымыз хақ. Ұлы ақын, дара тұлға Абай атамызды біз Алаш елі, мақтанып, марқайып тұрып жырлаймыз. Соның дәлелі Абай атамыздың175 жылдығы әлем деңгейінде тойланып жатыр. Мен атамыздың өлеңдерін тыңдаумен, өмірбаянын айтумен өмірім өріліп келеді. Төрт жыл мезгіліне арнап жазылған «Күз», «Қыс», «Жаз» өлеңдерін айтудан жалыққан емеспін. Әр жыл мезгілінің өзінің ерекшелігін, табиғаттың әсемдігін сөзбен керемет суреттеген. Қандай керемет теңеулер, табиғаттың сырларын қара сөзбен жеткізген. Менің жұдырықтай жүрегім өлеңге, өмірге, табиғатқа, адамға деген махаббатым, құштарлығым осы өлең жолдарын оқып, Абай атамның өмірімен танысқаннан бастап оянды.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқи отырып, жамандық пен жақсылықтың ара жігін ажыратқандай болдым.
Семей өңірінің кілті болған, есімі мәңгі ел есінде сақталған Абай Құнанбайұлын дүниеге әкелген анасы Ұлжан апа да өте жанашыр жан болған. Апамыз Абайдың өмірге деген құштарлығын, сүйіспеншілігін, қызығушылығын көріп, оқытып, білім алдырған. Абайдың әжесі-Зере. Ақынның тәрбиесіне әжесі көп еңбек сіңірген. Әжесі Ибрахимді еркелетіп «Абай» деп атап кеткен екен. Бұл жайлы М.Әуезовтың «Бала Абай» әңгімесінен оқыдым. Онда былай делінген: «Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге балалардан гөрі, басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты, онысы — әжесі. Одан қала берсе, шешесі»,- деп жазылған болатын. Әкесі Құнанбай ата да оны әңгімеге тартып отырады екен. Абай ата тек қазақ тілін ғана біліп қоймай, көптеген тілдерді меңгерген. Орыс жазушысы Пушкиннің кітабында қызыға оқып, аударған. Үйіне келген әр адамды құр жібермей қонақ қылып, әр нәрсені сылтауратып алып қалатын болған. Бала Абай біздей кездің өзінде -ақ өзіне керекті мағлұматтарды біліп жүруді жөн санаған. Халқының қамы үшін өмір сүрген. Бар білімін еліне арнаған. Жастарды оқу білімге шақырған,болашақ тек білімді жастардың қолында екенін айтып кеткен. Менің ойымша, біздің бірінші сыныпта оқитын сауат ашу оқулығында Абай атамыздың өлеңдері болса, жақсы болар еді.
Семейдей елім,
Құт мекен жерім
Ұлылар шыққан,
Киелі жерім.
Топырағыңнан айналайын туған жерім менің!!! Мен өзіңмен өмір бойы мақтанып өтемін. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан,-деп Абай атамыз айтпақшы, мен де өз елімнің дамуына, өркендеуіне үлес қосатын адам болсам деп армандаймын. Қай жерде болсын Абай атаммен, Семейіммен мақтанамын. Абай атамыз қазақтың біртуар ғұламасы. Бізді өзінің жазбалары арқылы білім мен шындықтың есігіне жол ашты.
Өлеңінен нәр аламыз бәріміз,
Ұлы ақын біздің сырлы әніміз.
Қара сөзін оқып біліп әрқашан,
Нұрланды біздің нәзік жанымыз.