+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сенбi, 31 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Ұрпақ тәрбиесі-ұлт тәрбиесі

Камзина Ардак Нурахметовна, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ МДТжТӘ кафедрасының аға оқытушы

Сейітжапарова Жанар Амангельдыевна, «Аягөз қалалық №5 бөбекжай балабақша» меңгерушісі, Аягөз ауданы

Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алған ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Бүгінгі таңда бала тәрбиесі қоғамның негізгі мәселесі болып отыр. Дегенмен де, мәдениетті тұлға тәрбиелеп шығару – қоғамның басты міндеті. Сонау ықылым заманнан қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді тербелген тал бесікке салған. Аяулы анасы бөбегін әдемі әлдиімен сусындатып, ардақты әженің ертегісін тыңдатып, әкенің қамқорлығына бөленген бала болашақта нағыз халқына қалаулы, еліне елеулі болады деп сенген. Іңгәлап, дүние есігін ашқан соң бала аппақ парақтай пәк болары анық. Ал сол ақ параққа ақпарат берер – ата-ана, қоршаған орта. Сол себепті ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де маңызды мәселе. Бесікті тербете отырып ән айтып, тілге тартқан. Бұл – тәрбие басы. Бұл – халқымыздың сан ғасырдан бері баланы бағып-қағап, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақтаған тәжірибесі. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, сәбилі отбасы қашанда береке мен қуанышқа толы. «Не ексең, соны орасың» дегендей, отбасы, ошақ қасында сәби қандай тәрбие көрсе, оның алдағы өмірі сондай болады.

 

Абай атамыз былай дейді; «Адамның жақсы болуы-тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбы- құрдасынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көбірек жұғады». Тағы да Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстап,татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады…Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деп, ой тастайды. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Мінеки, осындай халықтық педогика тәрбиесін отбасымен сабақтастыра тәрбие үрдерісіне айналдырып, ұрпақ тәрбиесін қалыптастыруда зор рөл атқарып келе жатқан орта, бүгінгі –балабақша. Жас буын өкілдерінің бойына отбасына, досына, еліне, жеріне, тіліне, дініне,салт-дәстүріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыра отырып, «Менің Отаным» деген мақтаныш сезімді асқақататып шығару балабақша тәрбиешілерінің басты мақсаты. Ұлы Абайдың «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбы- құрдасынан» деген қағидалы сөзі міне, осы жерде жүзеге аспақ. Бүгінгі балабақша жұмысы жопарлы түрде ұлттық құндылықтармен өзектесе құрылуы шарт. Ұлттық тәрбиелік білім жас ұрпақты әсемдікті игеруге, сұлулықты сезініп, қастерлей білуге, оны өз бойына дарыта білуге, яғни, эстетикалық тәрбие бере білуге, ең бастысы рухани даму сипатына жетелейді. Ұлттық тәрбиелік білім беру арқылы, жас өскелең ұрпақты халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен таныстырып, адамның ішкі сезімін, жан дүниесін түсіне білуге бағыттауға ұмтыламыз. Халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық мұрасын бала тәрбие ісімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттап, олардың бойына ұлттық психологияны қалыптастыру – әрбір балабақша тәрбиесінің міндеті деп білемін.

Балабақшамызда «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» атты әкелер мен ұлдары, анасы мен қарындасы қатысқан отбасылық шара болып өтті.Бұл сайыста халықтық тәлім-тәрбие насихатталып, баланың әкесіне,анасына, қарындасына, қыз баланың отбасына деген мақтанышы тереңдеп, әке мен ананың ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігі бұрынғыдан да артқаны айға таңба басқандай көрініп тұрды. Сайыста «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, оларды мерген, аңшы,балуан, әнші, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт болуға баулыды. Әке мен бала пікіралысу бөлімінде «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді өз еріктерінше әңгімелесу арқылы жеткізді. Ұл бала әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Ұл үшін әкесінен асып түсер мықты адам жоқ: ол көлік айдайды, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештеңеден қорықпайды. Келесі бөлімде қазақта үстелдің төрінде әкенің тұрақты орны, оған басқа ешкім отырмауы, баланың әкесі наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кірісуі, сосын әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұруы насихатталды. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Ана мен қызы сырласу бөлімінде қазақ халқының тәрбиесі қыздарды адамгершілігін биік ұстауға, өнерлі іскер болып, ата- ана мен ағаға қамқор болуға,ер адамды қадірлеуге, құрметтеуге, отбасының ұйтқысы, үйдегі аға –бауырларының тәрбиешісі, ұстазы болып, өнегелі, үлгі-тағылымды адам болып есеюге баулитын көріністер қойылды. Сонымен қатар қазақ халқы қыздарын «үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйытқысы» деп ерекше құрметтеп, аялап, ардақтаудың арқасында, қазақ халқында ақыл-парасатымен ел билеп, ру-тайпа басқарған көсем, шешен, би, ел-жұрты аттарын қадір тұтқан қасиетті, аналарымыз Айша Бибі, Баба әже, Домалақ Ана, Қызай ана, Абақ, Мұрын аналар, Зере әжелеріміздің бейнелерін сайысқа қатысушы қыздарымыз сомдады. Мұндай іс-шараға қатысқан әке мен ананың өзі үлкен ойға қалып, бала тәрбиесіне ерекше мән беруге қадам жасайтынының куәсі болдық.

Ұлы Абай атамыз қазақ отбасындағы кездесетін баланы жасынан алдап түбінде өтірікшілікке, сұм адамшылыққа баулып үйрету сынды тәрбиеге қайшы келетін тұстарды сынға алады. Ондай кемшіліктерді ол өз қара сөздерінде былай жеткізеді: «Әуелі балаңды өзің алдайсың, «ананы берем, мынаны берем» деп бастап, балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдаушы болса, кімнен көресің? «Боқта» деп біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші» деп, масаттандырып тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, «хат таныса болды» деп, «қу, сұм бол» деп тірі жанға сендірмей, жат мінез қыласың. Осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?», – дейді. «Баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген тағы да қазақтың ұлттық таным-түсінігі бар. Ендеше, ең бірінші бала тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, әр жас ерекшелігіне қарай білім берумен сабақтастырған орынды деп ойлаймын. Балаға жасына сай жұмбақ шешкізіп, батырлық жырларды жаттатқызып, жан-дүниесіне жақын дүниелерге қарай икемдеуге септігін тигізер болсақ, болашағынан үлкен үміт күттірер, өз елінің болашағын ойлар азамат тәрбиелеген болар едік. Халықтық, ұлттық құндылықтарды Абай ілімімен, Абай өлеңдерімен сабақтастыра жалғастырсақ, Ұлы Абай жырларының мән-мағынасын жас ұрпақ түсініп өсіп, айналасына деген сүйіспеншілік қасиеттерді, оның ішінде Абай жырлап кеткен ақ пен қара, жақсы-жаманның не екенін түсініп өскен болар еді. Біздің ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейтініміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтініміз баршамызға аян.

Əдебиеттер тізімі

  1. Тілеужанов МРухани өнегелі тəрбие // Бала тəрбиесі. — Алматы, 2006. — № 2. — 24-б.
  2. Ахметова М.Т. Адамгершілік-рухани тəрбиенің маңыздылығы // Өзіндік таным. — Алматы, — № 2. — 18-б.
  3. Бабаев С. М. Бастауыш мектеп педагогикасы // Бастауыш мектепте оқыту. — 2007. — №
  4. Аймауытов Ж. Тəрбиеге жетекші // Бала тəрбиесі. — 2008. — № 47. — 38–43-б.
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype