Мұғалім оқу кітабындағы материалды толық оқып шығып, оның қандай бөлігіне басшылық керек, ал қандай бөлігін балалардың өздіктерімен орындауларына беруге болатынын анықтайды. Өздіктерінен орындайтын тапсырмалардың түрлерін, оның сабақтағы орнын белгілейді, мақсатын түсіндіреді, орындау барысын тексереді.
Тапсырманы ауызша да беруге болады, бірақ егер жұмыс бірнеше этаптан тұратын болса, онда ол жұмыстың орындалу тәртібін көрсетіп, тақтаға жазады.
Мысалы, 2-сыныптарына арналған қорытынды сынақ тапсырмаларын қарастырайық. Бұл қорытынды сынақ тапсырманы жасау кезінде балаларды ойлау, қабылдау, есте сақтау, зейінділік тәрізді қабілеттерінің даму ерекшеліктері мұқият тексеріледі. Тіл дамыту осылардың бәрінің басын біріктіретін негізгі мәселе ретінде қарастырылады.
Балалармен жүргізілетін жұмыс түрлері:
- Кітаптың мазмұнымен (кітаптың ең соңында берілген материалдың тізімі) таныстыру: Үй жануарлары туралы не оқығандарыңды кітаптың мазмұнынан белгілеңдер.
- Шығарманы балалардың іштерінен оқуы. Әдетте мұндай сұрақтар ойлап табады, белгілі бір оқиғаны суреттейтін үзіндіні табады, мәнерлеп оқуға дайындалады.
- Жоспар жасау жұмысы: мәтіндерді бөлікке бөлу, қандай суреттер салуға болатынын ойластыру, мәтінді мұғалімнің қойған аттары бойынша бөлу т.б.
- Тапсырманы өңдеу. Жаңа сөздерді айту, жазу мәтінді аяқтау жазу және т.б.
- Оқушылардың үйден орындайтын жұмыстарына көңіл аудару. Үйге мәтіннің мазмұнын қайта оқып шығуды бермей, шығармашылық тапсырма беру керек. Мысалы, «жыл мезгілдері, табиғат құбылыстары, жан-жануарлар, жер-су т.б. туралы айтылған жерлерді табыңдар, мәтінге қандай сұрақтар қоюға болатынын ойластырыңдар» және т.б.
Оқушылардың өздіктерімен орындайтын жұмыстарына көңіл бөлу – олардың белсенділігін көтереді.
Оқытудың белсенді әдістері – оқу материалын игеру үдерісінде оқушыларды белсенді ойлау және практикалық әрекетке итермелейтін әдістер. Белсенді оқыту мұғалімнің дайын білімдерді баяндауына, оларды есте сақтауы мен қайта жаңғыртуына емес, оқушылардың белсенді ойлау және практикалық әрекет үдерісінде өз бетінше білімдер мен біліктерді меңгеруіне бағытталған әдістер жүйесін пайдалануды білдіреді. Белсенді оқыту әдістерінің ерекшеліктері олардың негізінде практикалық және ойлау әрекетіне талпындыру жатыр. Онсыз білімдерді игеруде алға жылжу болмайды. Оқытудың белсенді әдістерінің пайда болуы және дамуы оқытудың алдына оқушыларға білім ғана беріп қоймай, танымдық қызығушылықтар мен қабілеттердің, шығармашылық ойлаудың, өз бетінше ақыл-ой еңбегінің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ету т.б. жаңа міндеттер қойылуымен байланысты.
Оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарын қазақ тілі сабағында түрлендіре іске асыруға болады. Қазақ тілі сабағында оқушылардың жүйелі оқуға, ойды талдауға, ережені саналы түсінуге дағдыландыру. Бұл жұмыстар жаттығу, түсіндіру, бекіту, білім тексеру барысында жүзеге асады. Оқушы кездескен қиындықтарды жеңе алатыны, өз ісіне тыңғылықты, алға қойған мақсатына жетпей қоймайтыны сабақтардан байқалады.
Оқушыларды түсініп оқуға, еркін сөйлеуге және сауатты жазуға үйретуді көздейді. Жас ерекшеліктеріне лайықты мағлұматтар береді. Оқушылардың тілін байытып олардың сөйлей білуге ынтасы мен оқуға деген сүйіспеншілігін арттырады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Елбасы Н.Ә Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы, ж. http://adilet.zan.kz/rus/docs/K1700002017 31 қаңтар 2017
2. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 20162019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. http://adilet.zan.kz/rus
3. Мұғалімге арналған нұсқаулық Үшінші (негізгі) деңгей. 2012 ж.