+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Жұма, 30 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Аққағаз Досжанова: XX ғасыр басындағы қазақ медицинасының тұңғыш қарлығашы

Амангелдыева Аделя Алдашқызы

Қабылқан Мәди Ержанұлы

ШҚО «Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының» 10-«А» сынып оқушылары

Жетекшісі: тарих пәні мұғалімі

Ожанова Арайлым Ержановна

«Тарих – ұлттың рухани айнасы.» Осы айнаға үңілсек, ғасырлар бойы халқымыздың игілігі үшін қызмет еткен талай асыл тұлғалардың есімі жарқырайды. ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының ұлт ретінде өзін-өзі сақтап қалуға және жаңа қоғамдық өзгерістерге бейімделуге ұмтылған күрделі кезеңі. Бұл уақыт Алаш қозғалысы, ағартушылық идеялар мен ұлттық жаңғыру сияқты ірі тарихи үдерістермен сипатталады. Сол тарихи кезеңде ұлттың игілігі үшін білім мен ғылым жолында аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі – алғашқы қазақ дәрігер әйелдерінің бірі, ағартушы Аққағаз Досжанова.

Аққағаздың өмір жолы – қазақ әйелдерінің білім алуға, кәсіби салада жетістікке жетуге және қоғамда өз орнын табуға деген ұмтылысының нақты мысалы. Ол қандай тарихи жағдайда жоғары білім алып, дәрігер болып қалыптасты? Оның медицина саласындағы еңбегі мен қоғамға қосқан үлесі қандай еді? Аққағаздың өмір жолын тану – тек бір тұлғаның ғана емес, тұтас бір дәуірдің айнасын көрумен тең.

Осы ғылыми жобамызды жазу барысында, жобамыздың мақсаттары мен міндеттерін нақты орындап, оның қоғамдағы рөлін айқындадық. Біздің мақсатымыз — Аққағаз Досжанованың қазақ медицинасына қосқан үлесін, оның әйелдер мен жастар үшін ашқан мүмкіндіктерін көрсетіп, оны болашақ ұрпаққа насихаттау. 

Бұл мақалада зерттеу нәтижесінде қол жеткізген Аққағаз Досжанованың өмірі мен еңбегіне үңіліп, оның ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы тарихи рөлін талдаймыз. Сонымен қатар, ол өмір сүрген кезеңдегі қазақ әйелдерінің құқықтары, білім алуға мүмкіндіктері және медицина саласының даму ерекшеліктері туралы да сөз қозғаймыз. Аққағаздың есімі ұмытылмауы керек, себебі ол қазақ әйелдері үшін ғана емес, бүкіл ұлт үшін ағартушылық пен жаңашылдықтың жарқын үлгісі болып табылады.

Балалық шағы және білімге ұмтылысы

Аққағаз Досжанова – XX ғасыр басындағы қазақ медицинасының тұңғыш қарлығашы. Ғылыми жоба аясында зерттеген жұмыстарымыз бойынша  Досжанова 1893ж. 25 мамырда Орынбор губерниясы, Торғай обл., Ақтөбе уездіне қарасты 1-ші Бөрте болысының 5-ші ауылында туған. Ата-анасынан ерте айырылған ол туған ағасы Сағындықтың қолында тәрбиеленеді. Сағындық Досжанов (1877-1940жж.) оқу-ағарту ісімен айналысқан ағартушы қайраткер еді. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсариннің дарынды шәкірті. Сағындық қарындасы Аққағазды өз мектебінде оқытып, білім берген.

Медицина жолындағы алғашқы қадамдары

1907 жылы Аққағаз Орынборда алғашқы білім алған қазақ қыздарының бірі болды. Аққағаздың білімге деген ұмтылысы оның Орынбордағы қыздар гимназиясын бітіріп, Мәскеу жоғары әйелдер курсының медицина факультетінде оқуға түсуімен жалғасты. Бұл оның сол заманғы қазақ қыздары үшін аса сирек кездесетін жетістігі болды. Аққағаздың оқу орнына түсуі үшін ағасы 1912 жылдың 15 маусымында Торғай облысының губернаторына өтініш жазады. Ол болыстың стипендиясы арқылы қарындасын оқытуға рұқсат беруін өтініш сұрайды.

Сағындықтың Торғай облысының губернаторына жазған өтініш хаты.

1913 жылы Орынборда білім алып жүрген кезінде Аққағаз Досжановаға «Қайырымды медбике» куәлігі беріледі. Бұл куәлік оған алғашқы медициналық тәжірибе жинауға мүмкіндік жасап, дерігерлік мамандыққа деген қызығушылығын одан әрі арттырады.Орта білімін тәмамдағаннан кейін, ол жоғары білім алу мақсатымен Санкт-Петербургке жол тартты. 1914 жылы Санкт-Петербургтегі Әйелдер медициналық институтына түсіп, медицина саласында білім алып, дәрігер мамандығын игерді. Аққағаздың бұл таңдауы оның кәсіби дамуына ғана емес, сонымен қатар қазақ әйелдерінің қоғамдық өмірге араласуында да маңызды қадамдардың бірі болды.

1920 жылы Томск медициналық институтына оқуға түседі.Аққағаз Досжанова бұл институтта оқу кезінде заманауи медицина, хирургия, терапия және гинекология сияқты пәндерді оқыды. Оның оқу кезеңі кезінде білім беру жүйесінде жаңа әдістер мен білім көздерінің еңгізілуі Аққағазға заманауи медициналық білім алуға мүмкіндік берді.

Қоғамдық қызметі және халыққа қамқорлығы

Көп ұзамай Орта Азия мемлекеттік университеті ашылғанда, Аққағаз Досжанова Ташкенттегі институттың дерігерлік факультетінің 5-ші курсына қабылданды. Ол аталған институттың соңғы курсында білім алып қана қоймай, қалалық акушерлік-гинекология емханасында жұмыс істеп, іс-тәжірибесін жетілдірді.

Дәрігер болу – жай ғана мамандық емес, жан дүниеңмен халыққа қызмет ету. Аққағаз Досжанованың өмірі осы ұстанымның жарқын үлгісі болды. Ол тек емдеу ісімен шектелмей, тағдыр тәлкегіне түскен балалар мен мұқтаж жандарға үнемі қамқорлық көрсетті. Ашып айтсақ сол кезеңде Ташкентте балаларға арналған 10-ға жуық интернат жұмыс істеді. Аққағаз Досжанова қызметін тоқтатпай, ата-анасыз, аш-жалаңаш қалған қазақ балаларына қамқор болып, интернаттарға орналастыруға ат салысты.

Аққағаз өз құрбылары Мағрипа Қойайдарова мен Сара Қапиналармен бірге интернаттағы ұлдар мен қыздарға үнемі қолдау көрсетіп, көмек көрсетуден таймады. Олар интернат тазалығын қадағалап, ауру балаларды емдеуге және сау балалардан бөлек орналастыруға өз үлестерін қосты.

Түркістан республикасының арнайы қолдауы және құрметі

1922 жылдың 14 желтоқсанында Түркістан республикасының Халық Комиссарлары Советі арнайы қаулы қабылдап, Шығыс қыздарына арналған «Аққағаз Досжанова» атындағы арнайы стипендияны Халық Комиссариатының қаржысы есебінен тағайындау туралы хабарлады. 1922 жылы 20 желтоқсанда «Правда» газетінде мынандай қысқаша хабар жарияланды:

«Түркістан республикасының Халық Комиссарлары Советі осы жылғы күзде Түркістан мемлекеттік университетінің медицина факультетін Совет үкіметінің тұсында бітірген тұңғыш дәрігер әйел Аққағаз Досжановаға 100 мың сом сыйлық беріп және үкімет қаржысы есебінен оған кабинет жабдықтау жөнінде қаулы қабылдады. Аққағаз Досжанова – Түркістан республикасында жоғары білім алған тұңғыш әйел».

Аққағаз Досжановаға 100мың сом сыйлық беріп, » Аққағаз Досжанова» атындағы арнайы стипендияның тағайындалуы туралы қаулы.

Түркістан атқару комитеті осыған орай Аққағаздың еңбегін жоғары бағалап той жасайды. Оның тойына сол заманның Түркістан Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы (Премьер-министрі) — Тұрар Рысқұлов, Түркістан Орталық атқару комитеті (ТүрОАК) төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанов, денсаулық сақтау комиссары — Санжар Аспандияров, оқу-ағарту комиссары — Біләл Сүлеев, қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, жазушылари Х.Қаратаев, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Ә.Диваев, дәрігерлер: Халел Досмұхамедов, Әлжан Байгурин, Мағрипа Қойайдарова, Сара Капина, Мәдина Қасымова, адковат Серікбай Ақаев сияқты халықтың аяулы азаматтары түгел қатысқан еді.

Аққағаз тойы Сұлтанбек Қожановтың үйінде өтті (Түркістан парламенті төрағасының орынбасары, бүкіл Түркістандағы екінші адам). Тойда Мұхтар Әуезов құттықтау сөз сөйледі. Соңында Аққағаз да сөз сөйледі:

   «Менің талай қиыншылықтармен алған білімімді қалың қазақ әйелдері мүмкіндігінше пайдалансын. Мені бұқара әйелдердің азаттығы жолында жұмыс жүргізетін өз қатарларыңа қосылған тағы бір жолдас деп қабылдаңыздар..»

Өмірінің соңғы жылдары

Аққағаз Досжанова еңбек еткен кезеңде дерігер мамандары тапшы болды. Осыған байланисты оған терапевт, акушер-гинеколог, дерматолог сияқты бірнеше мамандық бойынша жұмыс істеуге тура келді. Аққағаз жұмыс істеген кезінде басқа этностармен салыстырғанда, әсіресе қазақтар арасында өкпе ауруына (түберкүлезге) көптеп шалдығу байқалған.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Исаак Иванович Бучацкий өз әріптесін: «Аққағаздың сөзі ісіне қайшы келмейтін. Мен қалайда туберкулезді емдеудің ұтымды жолдарын табуға тиіспін дейтін. Сол үшін де ол уақытпен санаспай еңбектенетін. Ол осы мәселе туралы Тұрар Рысқұловтың өзіне барып өкпе сырқатымен күресу, оларды туғызатын себептерді жою жөнінде нақты ұсыныстарын айтты. Ал С. Қожановпен туберкулезбен ауыратын интернат балаларын сапалы тамақпен қамтамасыз етуді талап ететін» – деп жылы еске алды.

Аққағаз сонымен қатар ескіліктің қалдықтарымен де күресті. Қазақ қыздарының көңіл қалауынсыз қалың малға сату немесе зорлықпен алып қашу мен әмеңгерлікке; сондай-ақ Орталық Азия қыздарының пәренжі киіп, бет-жүзін бүркелемеуіне де қарсы шықты. Сол кездері шығып тұрған «Әйел теңдігі», «Жас азамат» газет-журналдарына арнайы мақалалар жазды.

1932 жылы 21 қаңтарда небәрі 39 жасында Шымкент қаласында Аққағаз Досжанова безгек ауруынан(малярия) қаза тапты. Халықтың денсаулығы үшін күресіп, сол жау өзін қалай басқанын байқамай қалды.

Аққағаз Досжанова – қазақ медицинасы мен ағартушылық саласының  тұңғыш қарлығаштарының бірі ғана емес, сонымен қатар өз дәуірінің әйелдерге тән қиындықтарын еңсеріп, қоғамдық теңдікке жол ашқан қайраткер екенін көреміз. Оның қажырлы еңбегі мен қайсарлығы қазақ әйелдерінің білім алып, кәсіби салаларда қызмет етуіне жол салды.

Зерттеу жұмысымыз Аққағаз Досжанованың өмірі мен қоғамдық қызметін тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді. Оның қазақ медицинасының дамуына қосқан үлесі, әйелдердің білім алу мен қоғамда белсенді болу жолындағы күресі, біздің тарихымыздағы маңызды оқиғалардың бір бөлігі болып табылады. Аққағаз Досжанова өз заманында көптеген қиындықтарға қарамастан, нағыз қайраткерлік танытып, ұлт денсаулығын жақсартуға және әйелдердің құқықтарын қорғауға күш салды. Қорытындылай келе, Аққағаз Досжанова – өз дәуірінің ерекше тұлғасы. Оның өмірі мен қызметі қазіргі таңда біздің білім мен денсаулық сақтау салаларында үлкен маңызға ие. Осылайша, оның еңбегін зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу біз үшін өте маңызды.

Жалпы осы ғылыми жобамыздың нәтижесінде біз Аққағаз Досжанова туралы тереңірек ақпарат алып қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында бірнеше жобалық жұмыстарды да жүзеге асырдық. Яғни, біз тұлғаны насихаттау мақсатында Аққағаз Досжанова туралы кітапша жазып шығардық. Бұл кітапшада оның өмірі, еңбек жолы, қазақ медицинасына қосқан үлесі және қоғамдық қызметі туралы толық ақпарат қамтылған. Кітапша әр түрлі аудиторияға арналған және Аққағаздың есімін кеңінен насихаттау мақсатында жазылды. Сонымен қатар, Аққағаз Досжанова туралы ақпаратты баршаға қолжетімді ету үшін арнайы WEB-сайт жасадық. WEB-сайтта Аққағаздың өмірі мен қызметін таныстыру, оның медициналық жетістіктері мен қоғамға қосқан үлесі туралы мәліметтер бар. Бұл WEB-сайтқа келушілер тұлғаның мұралары, оның жұмыстары мен жобалары туралы көбірек біле алады. Қосымша Аққағаз Досжанованы насихаттауға бағытталған кабинет жөнінде келісімдер жасалып, кабинеттің 3D моделі дайындалды. Бұл біздің бастамамыз және бұлар ұлы тұлғаның есімін мәңгілікке қалдыру және ғылыми зерттеу нәтижелерін көпшілікке таныту үшін маңызды қадамдар болды.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype