Ұстаз — алтын әріптермен көмкерілген ұлағатты сөз. Ұстаз бойындағы ерекше қасиет ешбір маман иесінен табыла бермейтін қасиет. Өз бойындағы ерекше жылулық нұрын, бала бойына сіңіре алатын дара тұлға ол — ұстаз. «Ұстазы мықтының — ұстамы мықты» демекші, алдындағы оқушыларын білім нұрымен сусындатып бойындағы бар қасиетін шаша отырып, өмір жолына жетелейтін де ұстаздеп ойлаймын. Ұстаздық өнер- тағылымы терең өнер. Ал, өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Шынайы ұстаз болу үшін табиғи дарындылық пен ізгілікті ізденіс, шебер маман және ерен еңбек ұштастырылуы қажет. Ақылына көркі сай, мәдениеті жоғары, оқушылар мен әріптестер арасында қарым-қатынасы жақсы, ізденімпаз, жаңа технологияны меңгерген, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жаны жаңалыққа құмар ұстазды заманауи ұстаз деп атауға болады.
Абай атамыз айтқандай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дегендей, осындай қасиеттердің барлығы менің әріптесімнің бойынан табылады. Ол — Әсем Арғыншанова. Әсем әріптесім-ұстаз болуды балалық шағынан армандап, сол арманының орындалғанының жемісін көріп келеді. Бала дүниесінің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге, өзінің бойындағы бар қасиетін дарытуға, адамгершілікке баулитын ерекше қасиетке ие жан. Ол әр баланың жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға қанаттарын қатайтып ұшырып келеді. Өз бойындағы бар білімін бала бойына бағыттайды. Жаңашылдыққа жаны құмар ұстаз, әрдайым оқушыларын өзіндік ойы мен өзіндік пікірі бар тұлға ретінде өмірге баулиды. Өмірдегі ең сыйлы адам- ол ұстаз болса, Әсем әріптесім де ата- аналар құрметіне бөленіп, шәкірттерін өнер, білім, әдеп пен тәрбиені қатар алып келе жатқан кәсіби маман иесі. Әріптестер арасында да өзіндік орны ерекше жан дегім келеді.Өзінің кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп, алған білімін ұдайы әріптестерімен бөліседі. «Үлкенге – құрмет, кішіге — ізет көрсетіп», өз тәжірибесін айналасындағы мұғалімдерге таратады. Жаңа бағытта жаңа талаппен жұмыс жасау Әсемнің бойынан табылатын қасиет. Сондықтан да, осындай қиын маман иесінің алдындағы борышын адал атқаруы да жауапкершілік. Ондай маманмен жұмыс жасауда жас ұстаздармен қатар, ұлағатты ұстаздардың өздері де тәжірибе алмасады. Олай дейтінім, әр сабағын ерекше дайындықпен, заманауи әдістермен түрлендіре отырып өткізеді. Оқушылары да сабақ бойында белсенділіктерін жоғары деңгейде көрсетеді. Сабақ оқығым келмейді деген оқушылар сыныбынан табылмайды. Шығарған әр сыныптың білім сапасы жоғары деңгейде. Кәсіби маман екенін тіпті қала, облыс деңгейінде дәлелдеп келеді. Дәлірек айтсақ, Қазақстан педагогтарының ассоциациясында өз тәжірибесін таратып, төс белгімен марапатталды. Республика деңгейінде ашық сабақтары мен мақалалары журнал беттерінде жариялануда. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болу керек,бұл Әсемнің ұстанымы. Өмір бір орында тұрмайды, әрдайым өзгеріс пен жаңалыққа толы болу керек, сондықтан да ұстаз да өзінің шеберлігін шыңдап, өз білімін жетілдіріп, әрқашанда уақыт желісімен жүруі қажет. Төле бидің «Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, Тауып айтқан сөзге шын жетпейді. Өзің білмесең білгендерден үйрен. Үйренгенінен ештенен кетпейді» дегеніндей, білмегенін сұрап, өз білімін толықтырып жүреді.
Әсем Арғыншанова деңгейлік курстың ілгері деңгейін, жаңартылған бағдарламаны меңгеріп, сол бағытта жұмыс атқарып жүр. 7 модульді жүйелі түрде сабақтарына қолданады. Елбасымыз айтқандай «Тілдердің үш тұғырлығын дамыту-экономикалық және әлеуметтік жаңғыртудың маңызды қыры» демекші үштілдік курсын да бітірген. «Ұстаз болу-өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау»- деп Мұхтар Әуезов айтқандай,балалардың болашағы үшін оның аянбай жұмыс жасаған еңбегі еш кетпейді деп ойлаймын. Ұстаз бала алдында өзінің ерекшелігімен, сөйлеу шеберлігімен, ұстанымымен үлгі ету керек.
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай», -деп Сократ айтқандай, егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекетттің қатарына қосылуына табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау керек. Өз сабақтарында 10 пайыз ғана сөйлеп, өзі бағдар беруші, кеңесші ретінде сабақтарын түрлендіріп қызықты өткізеді. Оқушылары қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен сайыстардың жеңімпаздары.
Ақпаратттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Түрлі ынталандыру бағдарламалар арқылы халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру керек. Мен барша қазақстандықтарды ақпараттық технологияларды белсенді меңгеруге шақырамын» деген сөзін негізге алып, ғылым мен техниканың дамыған заманында білім үрдісінде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланады. Өйткені ол оқушыларға үлкен ақпараттық білім кеңістігіне жол көрсетеді. Бұл баланың ой-өрісін ғана жетілдіріп қоймай, білім деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі-баланы оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Оқушыларға өмірінен алынған тәжірибесімен бөлісіп, ол әр сабағын өмірмен байланыстырады. Себебі бүгінгі ұстаз шәкіртіне білім негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу болып табылады. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей мұғалімнің де сүйенетіні білімі мен ілімі.
Ол қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Оның сабақ берудегі мақсаты- қазақ тілі және әдебиеті сабағында оқу сапасын арттыру арқылы оқушылардың дамуына ықпал ету. Көшбасшы мұғалім қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Оның педагогикалық ұстанымы — білім жүйесінің негізгі қазығын қадау, жаңалыққа ұмтылу, алдыңғы қатардан көріну, баланың бойындағы білім көзін ашу, мақсаттарға жету. Егемендікті қолымызға алғалы жиырмадан артық жылдар өтті. Осы уақыт бойы және болашақта да тіліміз бен әдебиетімізден басқа ұлт өкілдеріне білім сусындатушылар – осы тіл және әдебиет ұстаздары.
Ойымды қорыта келе әкім болса да, тілімізден бал тамған ақын болсақ та, барлығымыз да бізге үлгі –өнеге беретін ұстазға қарыздармыз. Ұстаз ұлы тұлға, біз оның алдында әрдайым шәкірт болып қала бермекпіз!
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары көр сыртқа әлі шықпаған.
Шакырса да осы жолдың бойында,
Қандай рақат, шын бақытын тапса адам.
Елбасының білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр» деген сөздері әрбір мұғалімнің жол нұсқаушысы болу керек деп санаймын. «Бала тәрбиелеу-болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» деген Н.Ә.Назарбаевтің сөзімен толықтай келісемін. «Тәуелсіздік тірегі — білімді ұрпақ» сондықтан да білімді ұрпақ тәрбиелеу – біздің қолымызда!