«Өзін-өзі тану» пәні бүгінгі заман талабынан туындап отыр. Қазіргі кезеңнің ең басты қажеттілігі адамдар арасындағы сыйластық, бірін-бірі қадірлеу, бірін-бірі құрметтей білу мен бағалай алуы, яғни адамдардың өзін-өзі, қоршаған ортаны, әлемді тани білуі. Сондықтан да оқу-тәрбие үрдісіне еніп отырған «Өзін-өзі тану» пәнінің әлеуметтік-рухани өмірде алатын орны ерекше. Қоғам дамуында біздің күнделікті қарапайым тіршілігімізде сүйіспеншілік пен ізгілік, мейірімділік пен қайырымдылық, шыдамдылық пен имандылық, адалдық пен ибалық сынды асыл қасиеттер қажет-ақ.
«Өзін — өзі тану» пәні білім берудің басымдықтары – рухани – адамгершілік білімді іске асыруға, ұлттық және жалпыадамзаттық мәдениетті үйретуге ықпал етеді. Бала әртүрлі мәселелерді адамгершілік нормаға сәйкес конструктивті шешуге үйренеді. Өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым – қатынас жасау, көмек беру, қамқорлық жасауға баулиды. Жасампаздық белсенділік, азаматтық және отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Осы адами қасиеттерді жүзеге асыру идеясын елімізде тұңғыш рет «Бөбек» қорының президенті, бар балаға қамқорлық нұрын төккен Сара Алпысқызы ұсынды. Сара Алпысқызының өркениетке өріс алған еліміздің дамуына деген зор сенімі,ертеңгі өскелең өрендерімізге деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы өмірге өзін-өзі тануды алып келеді.
Өзіңді-өзің тану деген — өзіңді қоғамдық, әдепті тұлға ретінде қарастыру арқылы барлық адамдарға тән әдептіліктің негізгі қасиеттері төңірегінде этикалық ұғымдар қалыптастыру. Сократтың пікірінше, моральдық өлшемдер – объективтік құбылыстар. Ал жақсылық пен жамандықтың арсындағы айырмашылық салыстырмалы емес, абсолютті бағытта болады. Жақсылық жасағанда, ол жақсылықтың мәні неде екенін білген дұрыс. Егер адамдар жақсылықтың да, жамандықтың да не екенін, олардың табиғатын түсініп, білетін болса, онда олар еш уақытта жамандыққа бармас еді. Жамандықтың өзі жақсылықтың не екенін білмегендіктен болатын құбылыс. Олай болса, әдепсіздік дегеніміздің өзі – танып білмеудің салдары.
«Өзін-өзі тану» пәнінің ең басты ерекшелігі – адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған адами асыл қасиеттерді жас ұрпақтардың бойына сіңіру, ата салт пен ұлттық ұлы дәстүрлеріміздің жиынтық тәрбиесін тамырына тағылым етіп дарыту. «Өзін-өзі тану» пәнінің басқа пәннен ерекшелігінің өзі де осы.
Адамгершілік құндылықтар әрбір жасқа лайықты әлемді қабылдау арқылы меңгертіледі. Өзін, өзге адамдарды тану, қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас жасау, ақиқат пен махаббатты түсіну адам өмірінің ең басты мәні тұрғысынан бала ойлана алатын, өзінің пікірін жеткізе білетін, таланты мен қабілеттерінің ашыла түсетін, формальды емес, сенімді жағдайда өтеді.
Өзін-өзі тану сабақтарында мұғаліммен ашық диалог жүргізіледі, әлеуметтік-рөлдік ойындар мен тренингтерде адамдардың өзара қарым-қатынас әлемі зерттеледі, өмірлік бақылаулары бойынша пікір алмасады, қоғамға қызмет етудің практикалық дағдылары дамытылады.
Өзін-өзі тану ерекшелігін есепке ала отырып, денсаулық сақтау әлеуетіне ие әр түрлі стандартты емес сабақ түрлері: ойын-сабақтар, ойлану-сабақтары, пікір-сайыс сабақтары, театрландырылған сабақтар, шығармашылық сабақтар, конкурс-сабақтар, фантазия-сабақтар, концерт-сабақтар, экскурсия және т.б. сабақтар пайдаланылады.Өзін-өзі тануды оқыту процесінде бірқатар әдістемелік тәсілдер қолданылады. Өзін-өзі тану бойынша сабақтан тыс әрекеттер алған білімдерін күнделікті өмірде практикалық түрде қолдана білуді және қоғамға қызмет етуге белсенді қатысуды қарастырады.
Өзін-өзі тану процесінде мұғалімнің рөлі айрықша, өйткені ол қазіргі оқыту мен тәрбиелеу әдістерін, психологиялық білімдерін, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогикалық процесті дербес құра алу білігін жетік меңгерген болуы тиіс. Өзін-өзі тану мұғалімі сабақта жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетін, оның қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашуға көмектесетін оқытудың әртүрлі дәстүрлі, дәстүрлі емес түрлерін, интерактивті нысандары мен әдістерін қолданады.
Өзін-өзі тану мұғалімнің құндылыққа бағдарланған бағыттылық әрекеті оқушылардың білім алуына, даналықты, адамзаттың мәдени жетістіктерін ұғынуына, өзара түсінікті және қоғамның барлық мүшелерімен жағымды қарым-қатынас жасауды үйренуіне мүмкіндік береді.
Мұғалім әрбір стденттің ерекшелігін ескере отырып, балалардың қоршаған ортада өзінің жеке тұлғалық «Менін» жете түсіну процесіне көмектеседі. Ол дайын білімдерді жеткізуші емес, студенттердің өмірлік маңызды іскерліктер мен дағдыларды игеруге жетелейтін өзін-өзі тану процесінің жетекшісі. Ол студенттер мен бірге пікір таластырады және ойланады, жаңалықтар ашады, таңданады және күмәнданады, бірлескен шығармашылыққа қызығушылықпен өмірдің ақиқатына көз жеткізеді, сыныпта жағымды жағдай туғызады. Осының барлығы оқушылардың компетенцияларын дамытуға, күтілетін нәтижелерге қол жеткізу үшін жағдай тудыруға ықпал етеді.
Қай қоғамда, қай мемлекетте болмасын, қарым- қатынас адами құндылықтар, оның ішінде адамгершілік құндылықтар қалыптастыру кез келген білім ордасының міндеті болса, әрбір жеке тұлғаның өзін тануына, басқаны тануына және болашақ дамуына «Өзін — өзі тану» пәні зор ықпал етеді.