+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Жексенбi, 25 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Халық мұғалімі Қ.Нұрғалиевтің тәрбие туралы ойлары

 Чекетаева Роза Сарқытбекқызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО ПҚ БАИ аға оқытушысы, т.ғ.к.

    Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық көзқарастары, мектеп білімін дамытуға қосқан үлесі ұлттық педагогиканың қалыптасуына зор ықпал тигізген тарихи құбылыс болды. Құмаштың түрлі тақырыптарда жазылған, айтылған ой-пікірлерін, мектеп ісіндегі жаңашылдығына тарихи талдау жасасақ, оның еңбегі гуманистік және адамгершілік мұраттарды, демократиялық ағартушылық идеяларды уағыздаған мұра деп бағалау керек. Оның педагогикалық ойларында өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық көріністері, ақыл-ой ізденістері, талғамды тұжырымдары із қалдырды. Ол қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесуді, жастарды білім, ғылым, өнерге баулуды мұрат тұтты.
   Бүгінде Құмаш Нұрғалиевтің арманы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның барлық жерінде іске асып, егеменді еліміздің ұл-қыздары соңғы үлгіде жабдықталған мектептерде білім алуда.

       «Боранды артта қалған ауыл деп есептесе де, біз өзімізді провинциал деп есептемейміз. Мәдениет — ол географиялық ұғым. Біз барлық мүмкін болған құралдармен жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге тырысамыз» дейтін Қ. Нұрғалиев [1].

       Ол баланы білім мен ғылымның, техниканың дүниесіне тереңдеп кіруге, техниканы игертуге ұмтылдырды. Қолынан келгенше біразын жүзеге асырды, толық орындауға қаражатта керек болса, сонымен қатар сүйенері де аз болды, кейбіріне заманы жол бермеді. Шәкірттерін төрге сүйреген ұстаз қала, орыс мектептерінен артта қалып жатқан ел-жұртын басқалардың өнер-білімін, техникасын игеругу ғана шақырып қоймай, сол игі істі тікеклей жүзеге асыруға да өлшеусіз үлес қосты Құмаш Нұрғалиевтің еңбегі сонда, ол ауылдағы мектепті мәдениет орталығына айналдырды.
     Мектеп бірінші рет, эстетикалық орталықтардың жиынтығын: көркем галерея, киноклуб, акті және дискотека залы, әскери даңқ, әдеби және ел тану мұражайы, спорт алаңы бар, демалыс саябағы орналасқан мәдениеттің әлеуметтік институты ретінде көрінді.
      Мектептің мәдениетінің әлеуметтік институты ретіндегі педагогикалық нәтижелілігі – оқушылардың өнерге, ұлтаралық қатынас мәдениетіне, халық өнеріне деген ерекше қызығушылығымен сипатталады.
     Құмаш Нұрғалиев өз қызметінде авторлық мектеп құру арқылы ерекше мәдени орта жасауға тырысты. Оның пікірінше, мектеп, балалардың әлемге көзін ашып, оларды ғылым, техника, мәдениет саласындағы қазіргі заманға сай жетістіктерге тартуы тиіс.
    «Тәрбие жұмысының творчестволықпен ойланатын, іске асыратын, тіпті, кей жағдайда талас, пікір тудыратын әдістері, түрлері көп. Әнгіме соңы орынды, дұрыс пайдалана білу. Қайткенде жас ұрпақты мәденниетті, білімді, бүгінгі өмір талабына сай баулу керек. Сондықтан бұл жұмыста қол жеткен жетістіктеріміз болса, қанағат етіп тұрып қалмай, үнемі іздене берсек дер едім. Болашақтын ұрпағын тәрбиелеу, өсіру, оқыту, үйрету керек. Иә, ұстаздың борышы, шәкірт алдындағы зор енбегі, арайлы ісі, Отанға деген игі қызметінің бәрі осы үлкен арнаға сияды» деген Қ. Нұрғалиевтің ойында үлкен мән жатқандай.
    Алыстағы ауылда, Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл ауданының Боран ауылында, облыс орталығынан 500 шақырымдай қашықтағы елді мекенде, елдің шығыстағы шекарасында Қ. Нұрғалиев ауыл мектебінің авторлық үлгісін құрды. 1981 жылы «КСРО Халық мұғалімі» атағын иемденген Құмаш Нұрғалиев еді. Осының барлығы оның ерен еңбегінің жемісі.
       Бұл атаққа ұсынылған оның құжаттары сан мәрте жоғалып кетті де. Сондықтан да болар Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы Александр Константинович Протазанов оған телефонмен звондап, ешкімге тіс жармастан тікелей құжаттармен Алматыға ұшып келуді тапсырады. А.К. Протазанов бүкіл құжаттарды алып Д.А. Қонаевтың қабылдауына өзі кіреді. Аталмыш оқиғадан кейін ғана оған «КСРО Халық мұғалімі» атағы берілген.
     Ия, кешегі билік басында отырғандар қаншама кедергі жасағанымен тарих әр уақытта өз төрелігін айтады. Оның жемісі мыңдаған шәкірттері емес пе.
       Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық идеясының негізі өзегі оқушы мен оқытушы болып табылады.
    Әр аудандық комитеттің хатшысы өзінің әрбір малшысын, қанша қой-қозысы, қанша егістік жері бар барлығын біледі. Ал, ауданда қанша мұғалім, қанша оқушы бар, қандай атақты ұстаздар бар десе білмейді. Менің арманым мұғалімді барлығы құрметтеп, таныйтын мұғалімдік диплом жоғары бағаланатын уақыт туса деймін. Мұғалімдік отандық интеллигенцияның ең көрнекті бөлігі болуы қажет. Бұндай уақыт қашан келеді? Оны қайтып жылдамдатса деп ой толғайды [2, 1 б.].
     Мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегінің бәрінен де қымбат көремін. Халық мектептері үшін ең керектісі — оқытушы. Тамаша педагогика құралдары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды. Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәләуға тиіс емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәләуі тиіс. Қаншама жетілдірілген техникалық құралдар болса да мұғалімнің жеке басын алмастыра алмайды. Оның оқушыға деген жүрегінің жылуы ешқашан сөнбек емес.
     Өз пәнінді білуің аз, шәкірттер алдында сол пәннің поэтикасын аша білуге, романтикасын танытуға тиістісің. Озық ойлы маман болсаң, алдыңнан дәріс алғандар: «Мен де осы ұстазым сияқты осы пәннің, осы ғылымның қыр-сырын түгел білетін білгір боламын!» деп құлшынсын. Бұл бірінші өлшем де болмас. Ең үлкен өлшем сенің адамгершілік бейнең еліктеуге татырлықтай биік болсын. Жақсы мектептің тақтасы да, әр қабырғасы да тәрбиелейді демекші, ұстаздың әр қимылы, әр сөзі тәлім-тәрбие берсін. Мектептегі мұғалімдердің басым көпшілігінің ер адамдар болуын жақтаймын. Әке тәлімін көрмеген ұл қандай болмақ деп мектепке ер азаматтарды тартуды қолдады [32, 315 б.].
     Ең бастысы – оқушыңды ойлай білуге, ешбір түртпексіз, зорлық-зомбылықсыз, тіпті ескертпесіз еңбектенуге үйрет. Міне Нұрғалиевтің ұстанған талап өлшемдері осындай болды.
       Оқыту мен тәрбиелеудің табысты болуы мектеп басшылары мен педагогтердің қалай жұмыс істегеніне ғана емес, оқушылардың қалай еңбектенетініне де байланысты. Ойлана еңбектенудің қандайлық зор жаңартқыш қуат-күші барын ұмытуға болмайды. Осындай күш педагогтерді де, оқушыларды да баурауы тиіс [4].
    Мектептің педагогтар ұжымы жастарды еңбекке, еңбек адамдарына зор ілтипатпен, сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеуде өз міндеттерін жақсы шешіп жүр. Еңбеке тәрбиелеу бүгінгі таңдағы ең елеулі мәселе емес пе деді [5.].
     Мектептің оқу-өндірістік комбинатында оқушылар автомобиль, трактор жүргізуге үйренеді, электрик, іс жүргізуші машинистка, машинамен сиыр сауу операторы, сылақшы-сыршы мамандықтарына үйретіледі. Комбинат жүк, жеңіл автомашиналарымен, тракторлармен, басқа да құрал-жабдықтармен және көрнекі құралдармен толық қамтамасыз етілді. Тиісті мамандық алған көптеген оқушылар он жылдықты бітіргеннен кейін өз ұжымшарында жұмысқа қалды.
      «Мектептегі тәрбиенің ең негізгісі — еңбек болған соң, мектеп бастауыш кәсіптік мамандық беруге тиіс деген пікірдемін. Еңбек ешқашан оқуға қолбайлау болмайды», — деді [6].
      Сөйтіп, оқушылар үлкен өмірге араласады, үлкендердің тәжірибесін, дәстүрлерін үйренеді. Қоғам, еңбек түсініктерімен тәжірибеде іс жүзінде танысады.
      Оның педагогикалық көзқарастарына тарихи талдау жасау барысында  жасаған түйініміз, балалар еңбегінің тиімділігін ол төмендегідей шарттардың орындалуына тәуелді етіп қарастырған:
     – баланы еңбекке неғұрлым ертерек баулыса, оның еңбектік және экономикалық тәрбиеленуі, кәсіби бейімделуі соғұрлым жемісті болмақ;
       – балалардың еңбек қызметінің қоғамдық маңызы және ар-ұждандық негізі болуы керек;
       – баланың көңіл-күй және ақыл-ой күштері тұтас жұмсалғанда еңбек қуаныш әкеледі;
      – үлкендер тарапынан бақылау жасалуы тиіс, бірақ ол баланы ығыр қылып, шаршатып, баланың өзіне, өз мүмкіндіктеріне деген сенімін жоятындай болмауы керек;
      – ең жақсы демалыс – қызмет түрлерін ауыстырып тұру болып табылады;
     – еңбек нәтижеге бағытталуы керек; еңбек қызметі барысында алынған нәтижелер неғұрлым тиімді болса, еңбектің тәрбиелік әсері де соғұрлым жоғары болмақ;
     – бала өнімді еңбекке материалдық мүдделі болуы тиіс;
     — еңбек қызметінің қажеттілігін дәлелдеудің маңызы зор;
     – өнімді еңбекті ұйымдастыру кезінде баланың өзіндік және жас ерекшеліктерін есепке алып отыру керек;
    – балаларда еңбекке, оны ұйымдастыруға, еңбек қызметі барысында туындайтын қандай да бір мәселелерді шешуге деген шығармашылық қатынасты тәрбиелей білу қажет.
    Осы шарттарды қадағалау барысында ғана жетістіктерге жетуге болатының мектептегі әр мұғалімнен талап етті. Сабақ оқып, білім алу олдағы еңбек деді.
   Педагогтар ұжымының, ата-аналар жұртшылығының күші оқушыларда ауыл шаруашылығы еңбегінің әр түріне тұрақты ынталылықты қалыптастыруға, кәсіптік бағдарлау ісін жақсартуға жұмылдырылған.
     Оқушыларды қоғамдық пайдалы еңбекке белсенді қатыстыру түрлерінің бірі жоғары сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларына қамқорлық көмегі болып табылады. Ересек балалар кішкентай балаларға сабаққа даярлануға, оқу кабинеттерін жабдықтауға, көрнекі құралдар әзірлеуге көмектеседі, октябряттар мен пионерлердің тәлімгері қызметтерін атқарады.
    Оқушыларды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу керек. Шәкірттерді еңбекке психологиялық тұрғыдан әзірлеу, еңбек ауадай қажет екенін ұғындыру, миына қондыру қажет. Отбасын да осы бағытта дайындауға тиіспіз, балаларының еңбек мәселесін ата-аналар мектеппен бірдей әрі біліктілікпен қолға алмайынша, ештеңе өнбейді деп үнемі айтатын [6].
    Қолынан іс келетін, дарын-қабілеті педагогтікке бейім жастарды ғана мектепке жіберу керек. Қазіргі мектепке жетпейтін сондай кадрлар. Педагогикалық жоғары оқу орындарынан шыққан мұғалімдердің кейбірі дүмбілез, піспеген жеміс секілді. Ал, нағыз мұғалім – жас өспірімнің рухани дүниесінің мүсіншісі, қоғам өзінің ең қымбаттысы, ең құндысы – балаларды, өзінің үмітін, өзінің болашағын сеніп тапсыратын сенімді өкіл. Осы аса ізгі және аса қиын кәсіп бұған өз өмірін арнаған адамнан тұрақты шығармашылықты, ойдың тынымсыз жұмысын, орасан зор жан жомарттығын, балаларға сүйіспеншілікті, іске шексіз адалдықты талап етеді [7, 368 б.]. Міне  Қ. Нұрғалиевтің мұғалімдерге қатысты талабы, ұстанымы осы еді.
    Алғаш оқушылардың өзін-өзі басқарулары енгізілді [8, 5 б.]. 1988 жылы 30 сәуірде Алматыдағы республикалық пионерлер сарайында әріптестер КСРО Халық мұғалімдерінің кездесуі болады. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы Боран орта мектебінің директоры Қ. Нұрғалиев және Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют санаторий мектеп-интернатының директоры Г.М. Кубраков еді. Олардың арасында болған әңгіме-диалогта белгілі ұстаз Құмаш Нұрғалиев былай дейді: Өзін-өзі басқаруды енгізгенімізге жиырма жылдан асты. Біздегі оқу сыныптары тура мағынасында оқытумен айналысады. Білім берумен байланыссыз нәрсенің бәрін сынып өзгелерге берген, сабақтан басқа ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Жиырма жылдан бері бізде сынып жетекші деген жоқ дейді [6, 4 б.].
      Оқушылар тобына тәрбиешілер бекітілмеген, балалар өзін-өзі басқарды. Бұл басты ерекшелік болды. Оқу, саяси, дене шынықтыру, техникалық, тұрмыстық мәселелер бойынша 13 комиссия мүшесі жұмыс істеді. Соған сай 13 тараудан тұратын мектепішілік жоспар жасалған. Әр комиссияға балалар өкілдері қоса болды. Мектеп комсомол ұйымының хатшылығына бірде мұғалім, бірде оқушы сайланды.
      Әр жастағы балаларға педагог бекітілмесе, оларды кім тәрбиелейді деген сұрақ туындайды. Бізде ешкім еш адамды күштеп тәрбиелемейді. Біз жай ғана еңбек етеміз. Оқушылар өздерін-өздері тәрбиелейді деген [6, 2 б.].
    Педагог-тәрбиешілер немен шұғылданады? Макаренко қалыптастырған жүйенің ерекшелігі осы арада көрінеді. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысады.
    Мектептегі оқу үрдісін, педагогикалық кадрларды дайындауды ұйымдастыруға іскерлік көзқарас керек, өйткені бүгінгі күнгі біліктілікті арттыру үрдісінде ассоциятивтік-рефлекторлық көзқарас оның тиімділігін арттыруға ықпал етеді деді [6, 3 б.].
    Құмаш Нұрғалиевтің авторлық мектебінің тұжырымдамасы біртіндеп жасалды және тәжірибедегі шынайы қарама-қайшылыққа талдау жасаудың нәтижесі болып табылады.
     Құмаш Нұрғалиевтің жаңашылдық қызметін ретроспективтік және тарихи талдау, оның ауыл мектебін дамыту жөнінде жасаған тұжырымдамасы, бізге бірнеше негізгі идеяларды, мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Біздің көзқарасымызша, бұлар оқушыларды дара дамытуда және сапалы білім беруді қамтамасыз етуде өзекті болып табылады:
       – мұғалімдер ұжымы шығармашылығын ұжымдық пікірлестер ретінде дамыту;
       – ғылымды тәжірибемен интеграциялау мектеп қызметін дамытуға жасалатын жағдай;
       – ұжымдық қалыптастыру үдерісінде оқушылырдың өзін-өзі дамыту үрдісі;
       –   мектепті дамыту тетігі мектептің техникалық орталығын құру;
       –  мектептің, отбасының және қауымдастықтың өзара қарым-қатынасы;
       –  мектепте ауыл мәдениетін орталықтандыру;
       –  ұлтаралық қатынаста мәдениетті қалыптастыру;
       –  оқушылардың кәсіптік-құндылықтарын қалыптастыру.
    Қ. Нұрғалиевтің шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – оның тәлім-тәрбиесінің бағыты негізінен адамгершілік тәрбиесіне бағытталды. Адамгершілік тәрбиесінің мәнін терең түсінген ол халықтық педагогиканың бағытын ұстады. «Біздің мектептеріміз, ондағы мұғалімдер қауымы, талантты шәкірттеріміз Мәскеу, Ленинград, Киевтегі, Балтық бойындағы әріптестерімізден неге кейін қалуға тиіс. Олардағыдай қолайлы жағдай жасалса, біздің де тереземіз теңеліп, рухымыз көтеріледі. Біздің оқушылардың қабілеттігі олардағылардан бір де кем емес. Қайта тектілігі жағынан артықшылығы бар. Үлкенді сыйлау, жеті атаға дейін қыз алыспау біздің ұлтқа тән қасиет» [9].
     Құмаш ағаның бұл сөздері «Қазақтар жаратылысының өзінен-ақ қабілетті, дарынды және ғажайып сезімтал келеді. Сұлтандардың ерлік істері мен естеліктерін жырлайтын суырып салма ақындары олардың барлық руларында кездеседі. Қазақтардың батырлық эпосы мен аңыздары, ертегілері өте көп және олар өлең мен музыканы жақсы көреді. Импровизаторлық өнері жағынан қазақ ақындары көшпелі араб ақындарынан бір де кем түспейді», – деп салыстыра баяндаған дана Шоқанның пікірлерімен үндес келеді.
    Әрбір сыныптың радиосы, теледидарлық және телефондық нүктелері болды. Бұл әкімшіліктің мұғалімдермен және оқушылармен үнемі байланыста болуына, кез-келген сабақта бейнефильмдерді пайдалануға мүмкіндік берді. Мұғалімдерге үнемі қамқорлықтар жасалды. Мектепте әрбір мұғалімге арналған жеке шкаф, демалыс бөлмесі, әдістемелік кабинет және кітапхана, бастарында баспана бар болды. Облыс орталығынан 500 шақырымдай ауылда барлық жағдай жасалған, суы, жылуы орталықтандырылған мұғалімдерге пәтер берілді. Осындай жағдайды қазіргі таңда ауыл тұрмақ, қаладағы жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне жасай алмайды. Білікті мамандарды ауыл мектебіне тартуға тырысты. Аталғандардың барлығы, Боран мектебінде шығармашылық ахуалдың қалыптастырды. Нұрғалиев Құмаш Нұрғалиұлы басқарған мектеп XXI ғасырдың мектебі болды деп айтуға болады.
   Оның қалдырған кәсіби мұрасы бүгінгі күндеде өзектілігін жойған жоқ. Ол бастау салған мектепті ақпараттандыру технологиясы, ғылыми техникалық жаңалықтардан қалдырмау мақсаты бүгінгі күн талабы.
     Кәсіби мұрасын тарихи тұрғыда талдаудан Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық ойының ең басты ерекшелігі — адамға шынайы патриотизмі, халқына деген сүйіспеншілігі, оның болашағы, бақыты үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз мүмкіндігінше көрсете білдіруі болды. Оның педагогикалық көзқарастары, кәсіби мұрасы тәуелсіз Қазақстанның мектеп тарихына зор ықпалын тигізген құбылыс болды. Оның кәсіби мұрасын гуманистік және адамгершілік мұраттарды уағыздаған мұра деп бағалау керек.

Әдебиеттер тізімі:
1 Тұрғанбаев М. Атақты ұстаздың педагогикалық қырлары // Дидар. – 2005. – 27 қыркүйек. – 4 б.
2 Нургалиев К.Н. Наш семидесятый учебный год // Учитель Казахстана. – 1987. – № 40 (1813). – 1 октября. – С. 1.
3  Антология педагогической мысли Казахстана. – Алматы: Рауан, 1995. – 512 с.
4 Нұрғалиев Қ. Оқу мен еңбекті ұштастырып // Социалистік Қазақстан. – 1973. – 23 ноябрь.; Соңыкі. Ұcтaз борышы // Лениншіл жас. – 1955. – 6 март.
5. Нұрғалиев Қ. Сұңқар бол сен де жас ұрпақ // Қазақстан коммунисі. – 1987. – 11 ноябрь.; Соңыкі. Растим детей для счастья // Казахстанская правда. – 1983. – № 203 (19.429). – 1 сентября. – С. 1.
6 Боранғалиев Т. Ұстаздық дастан жалғасы // Социалистік Қазақстан. – 1988. – 30 сәуір.
7  Әлімбай М. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Қазығұрт, 2006. – 5 т. – 408 б.
8  Шапорев Ю. Народный учитель // Казахстанская правда. – 1987. – 1 сентябрь.
9  Нұрғалиев Қ. Жеке жанұялық қор.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype