Міне, таптым. Иә, «Келдің бе, қызым» деп аталады екен. Қызына арналған жыр шумақтары. Өлең тақырыбының өзінен-ақ әкенің қызына деген төгілген махаббатының шуағына бөленгендей боласың. Қызы мен әке арасындағы нәзік сезім! Жүрегім төңкеріліп түскендей болды. Ақынның қызына жазылған өлеңдері мені өзіне бірден баурап алды. Тілі жатық, ойы орамды, жеңіл оқылады екен.
«Келдің бе, қызым, бес алып бүгін келдің бе?!
Есіп тұр екен айдарыңнан, жаным, жел мүлде.
Менің де кеудем көтеріліп кетті ғой,
Күнделігіңнен кілең «бестерді» көрдім де!».
Қандай жылы сөздер. Мейірімге толып тұр-ау! Оқып отырып-ақ әкесіне еркелеп келе жатқан қыздың бейнесін көз алдыма келтіремін. Тұлымы желбіреп, қолындағы сөмкесін бұлғақтатып келе жатқан сияқты. Әне, әкесінің мойнына артылып, бар сағынышын әкесімен бөлісетіндей ме! Баласының күндегі жетістігіне қуанып, әр қадамына нұр сыйлаған әке бейнесі мені де қоса еркелететіндей…
«Келдің бе, қызым, жарқырап жанып маңдайың,
Желпініп тұрсың, жақсарған-ау, сірә, жағдайың?!
Тар жолдарды тұяқты тасқа ілдірмей,
Өмір сынынан алғайсың бестік әрдайым.
Келдің бе, қызым, жанарға шаттық толтырып,
Қарашығыңда қуаныштан тұр-ау көл тұнып,
«Бес» алып қана бәйгеден алда кеп жүрсең,
Өмірден, жаным, өтерсің көрмей олқылық».
Балапанын қорғаштаған құстай қанаты қатпаған баласын үлкен өмір жолының сындарынан қорғағандай…
«Кеудеңді, қызым, ағысты арман тасыған,
Әуес болма тек баянсыз баққа жасыңнан.
Өмір деген сыйлай бермейді кіл «бестік»
Тірлік дегенің сипамас үнемі басыңнан…».
Бірақ, асқар таудай әкелер тұрғанда өмір сынын бала көзге елестетуші ме еді. Балалықты бақытты шақ деп текке айтпаған-ау, сірә!
Ақын болу екінің бірінің еншісіне жазылмаған бақ екенін де білемін. Барлық әке өз қыздарын жақсы көреді ғой, бірақ өз сезімін төгілтіп жырға төккен Серік ағаның қызында не арман бар екен деп бала жүрегім үн қататындай.
Өлең Серік ағаның шын мұңдасы болса, қызы ақынның бар ғұмыры болғанын мына өлең жолдарынан көруге болады:
«Білім қуып кеттің ғой, алтын қызым,
Жолың болсын,
Жан таза, жарқын жүзің!
Сені ойласам сыздайды құрғыр жүрек,
Сыртым бүтін, ішім от, жүрмін жүдеп.
Табиғаттың танимын салқын күзін,
Тіршіліктің тайғанақ жалтыр мұзын…
Аттанғанда баласы сапарына,
Барлық әке мендейін ауыра ма?!».
Алыс арман қуып кеткен қызын көңілі құлазып сағынған әке жүрегі:
«Сен жоқ кезде бөтендеу ауыл ана,
Талпынбайды талабым тауыма да.
Қызықпаймын қаланың бауына да…», — деп мұңданады.
«Тіршіліктің тайғанақ жалтыр мұзы…» табанын қарыса да, талабынан таймаған өршіл ақын бейнесі қызына келгенде тым әсершіл, нәзік пе дерсің. Міне, Ертіс өзенінің жағалауында өз сағынышымен алысқан «сырты бүтін, іші от, жүдеп жүрген» ақынның мұңды бейнесі көз алдыма келеді.
Ал мына бір өлең ақын көңілін жарқ еткізген немересі «Жанарға» арналған екен. Немересі дүниеге келгенде жазылған.
«Құлыншақ келді
қуантып көктем көңілді.
Тұлымшақ желді,
саумалдай шайқап көлімді.
Жұлдызым жанып,
жайнатты мөлдір көгімді,
Күндізім жарық, нұрлады шуақ төрімді…
…Шашылды маржан
Шашудай жүрек төрінде
Құлыншақ келді өмірге… ».
Ақын өз қуанышын «саумалдай шайқап көлімді», «Шашылды маржан шашудай» деген теңеу сөздермен бейнелей жеткізеді. Оның өміріне келген қуаныш «Құлыншақ келді» жолымен бірге өріліп, соңына дейін көңілді бір леппен жеңіл оқылады. Оқырманын өзіне бірден баурап алады екен.
Немересі Әнуарға арналған «Көкірегі арманда…» атты өлең жолдарын бірге оқиық…
«Айналайын, Әнуарым, құлыным»
Осынау сөзге жетер ме екен ұғымың?!
Ана тілің өміріңді өксітіп,
Өгей ұлдай кетер ме екен ғұмырың?!
Жартыкештік, жарасымсыз жалғанда,
Толық қазақ бола алмай қалғанда
Сен атаңа өкпелерсің,
Ал атаң кете барар көкірегі арманда…
Кімге айтамын көңілімнің наздарын?!
Кімге айтамын қара тілдің азғанын?!
Ертең кімге тұлға болып тұрарсың,
Оқи алмай жүрсең атаң жазғанын?!
Көмескілеу сияқты сол іздерім,
Күркілдетіп көкірегімде құз демін.
Жетім қалып бара жатқан жырыма
Мұрагерді мансұқ етіп іздедім.
Мұрагерім болармысың, қарағым,
Талпынып тұр кіп-кішкенай талабың.
Өлеңімді оқырыңа сене алмай,
Өкінішпен өксіп өтіп барамын!
Шала қазақ болғанына мақтанып
Жүргендер бар, жарылуға шақ қалып.
Өзіңді өзің сыйламасаң өмірде,
Сені қалай сыйлар дейсің жат халық?!
Кімге, кімге сенің мынау обалың?
Түсіндіріп айту қиын ол жағын.
Туған тілден түрткі көрсең тірлікте,
Сол болады-ау төзе алмайтын тозағың.
Айналайын, Әнуарым, құлыным,
Аталы сөз айттым жетсе ұғымың.
Ана тілің ана сүтің ақтайтын,
Ана тілің бақ дәулетің, тұғырың!».
Үш өлең, үш тағдыр, үш сезім! Ақынмен бірге бір мұңданып, бір қуанып, енді өкініп отырғандаймын. Бар ғұмырын балаларына арнаған ақын қазақтың бар жақсы сөзін мөлдіретіп өз ұрпақтарына арнаған.
«Айналайын, Әнуарым, құлыным» қандай әдемі! Қазақтың сөздері құлаққа қандай жағымды естіледі. Сөзінің бар асылын арнаған атасы бар Әнуар қандай бала болды екен деп те ойлаймын.
«Оқи алмай жүрсең атаң жазғанын?! Кімге айтады көңілінің наздарын? «Мұрагерім болармысың, қарағым!», «Өлеңімді оқырыңа сене алмай, өкінішпен өксіп өтіп барамын!», деп ақын таусыла жырлайды.
Иә, өлеңін ертең оқитын мұрагері жоқ, өмірден өкінішпен кетіп бара жатқан ақын біз сияқты қаншама жастың өз тілінде кітап оқи алмай жүргенін біліп, шарасызбын деп кетті-ау!
Ішім алай-дүлей! Оқимын да ойланамын, оқимын да ойланамын. Ата, өкінбе, сенің шығармаңды оқитын мен сияқты балаларың өте көп. Мен сенің мұрагеріңмін! Көңіліңнің наздарын естуге мен әрқашан да дайынмын, ата! Біз тұрғанда сіздің шығармаңыз өлмек емес. Мен қайтсем де сіздің өлеңдеріңізді достарыма оқып беріп, ой саламын. Мен ана тілімде сөйлеймін. Өз тілімді мақтан етемін. Сіздей ақын атасы барда қазақ тілі өлмек емес.
Сіздің кітабыңызды қолыма алғанда бұлай толғанамын деп ойламаған едім.
Өкінбе, ата! Өлеңіңді оқитыныма сен! Әлі мені де «құлыным» деп айтарыңа сенемін, ата!