Барысы:
Фон: «Рухани жаңғыру» таныстыру бейнеролигі (0.40 мин).
Мұғалім сөзі: Құрметті оқушылар, қонақтар! Елбасымыздың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласы https://egemen.kz/article/nursultan-nazarbaev-bolashaqqa-baghdar-rukhani-zhanhghyru жарық көргеннен бері жер-жерде осы мақаланы қызу талқылау, сол бойынша іс-шаралар жүргізіліп, жоспарды іске асыруда бірталай жұмыстар атқарылды.
Н.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы бойынша сөзі (бейнеролик) (1.20 мин)
Сахналық көрініс:
Рөлдерде: Қалмақтың ханы: Цэван Рабдан – Мәди, Қазыбек би – Рүстем
Автор: Айзат
Автор сөзі: Бүгінде тек Орта жүздің ғана емес, бүкіл қазақтың ортақ биі саналып кеткен Қазыбек Келдібекұлы осы қалмақ қоңтайшыларына үш рет елші болып барған деседі. Жастайынан шешендігімен ел ішінде көзге түскен Қазыбек ең алғаш он төрт жасында қалмақтарға барып билік айтқан. Қылышынан қан тамған Цэван Рабдан алдында Тәуке хан жіберген қазақ билері күмілжіп, айтуға сөз таппай тұрғанда бала Қазыбек суырылып алға шыққан:
Қазыбек би: «Дат, тақсыр!»
Цэван Рабдан: «Датың болса, айт!»
Қазыбек би:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп
найзасына жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпан басынбаған елміз,
басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды,
анадан қыз туса күң боламын деп тумайды,
ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.
Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз,
қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз,
танысуға көнбесең шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз,
тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.
Бітім берсең жөніңді айт, бермесең тұрысатын жеріңді айт!»
Автор сөзі: Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып
Цэван Рабдан: “Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын”,
Автор сөзі: – деген екен.
1-оқушы: Осындай батыр, шешен бабаларымыздың ұрпағымыз дейтін біз 10 «А» сынып оқушылары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» «Туған жер» бағдарламасына қолдау, туған жерге деген сүйіспеншілік, мақтанышын көрсету үшін «Ұлы дала баласымыз» атты іс-шарамызды ұсынамыз.
2-оқушы: Мен ұлы дала ұрпағымын. Атыраудан Алтайға дейінгі, ақ Есіл мен Алатауға дейінгі барлық қазақ өлкесі – менің туған өлкем, тұғырлы өлкем. Бұл даладан аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, толқындары асау арғымақтай шалқар теңізді, ну орман, арналы өзендерді көруге болады. Бұл дала ұшса қыран құстың қанаты талатын, шапса аттың тұяғы тозатын киелі мекен. Даласы дархан, топырағы құнарлы, қойнауы қазыналы мекен.
3-оқушы: Ұлы дала. Бұл дала сонау Күлтегін мен Тоныкөктің қасиетті мекені, Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құрған өлкесі, атақты баһадүр, белгілі сұлтан Қасымның Отаны, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан Әз Тәукенің туған жері, саясаттың майын тамызған Абылайдың киелі даласы. Бұл – бабамның қаны, анамның жасы тамған жер. Қабанбай, Наурызбай, Райымбек бабаларымыз елі, жері үшін қасық қаны тамғанша соғысқан құдіретті мекен. Бұл өлке Махамбеттің жырына арқау болған өлке, Исатай бастаған көтеріліске бастау болған өлке. Бұл өлке ұлы ақын Абайдың, өлең сөздің дүлдүлі Жамбылдың өлкесі, «Шығыс жұлдызы» Шоқанның өлкесі. Бұл далада қазақтарды оятқан Ахмет пен Міржақыптың үні естілген. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққысы келген Сұлтанмахмұттың арманы пайда болған.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!-
4-оқушы:
Бәрі болған қазақ сынды көне елде,
Ел белгі де, ерлік, өрлік, өнер де.
Жаһандағы ең жауынгер халықта,
Кім сенеді ту болмады дегенге?!
Батырлыққа уызынан жарыған,
Ер түркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халықта,
Кім айта алар болмаған деп Әнұран?!
Бас білгізіп жер тарпыған тарпанға,
Жасы тұрмақ шығады екен қарты аңға.
Қалай оның елтаңбасы болмайды,
Түлігіне дейін салса ен — таңба?!
5-оқушы: Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: — Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады, — деді. Осы бағыт бойынша http://ruh.kz сайты құрылған. Ол бірнеше бөлімдерден тұрады. (бөлімдерге қысқаша шолу жасалады)
6-оқушы: «ҚАЗАҚСТАН – ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» қосымшасы арқылы Отанымызды әлемге таныстыру үшін:
Назарларыңызға «Қазақстан-Ұлы Дала Елі» қосымшасын ұсынамыз. Қосымша география, тарих, мәдениет, экономика, туризм және халықаралық қатынастар сияқты кең ауқымды тақырыптарды қамтитын Қазақстанның шынайы ықшам энциклопедиясы болып табылады. Жүздеген бірегей фотосуреттер, бейнеклиптер, 3D нысандар, панорамалар, инфографиктер мен интерактивті карталар және басқа да пайдалы ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған.
Қосымша Қазақстанға туристік немесе іскерлік мақсатпен келуді жоспарлайтын шет ел азаматтары үшін, сондай-ақ туристер, оқушылар, зерттеушілер, журналистер мен бизнесмендер үшін таптырмайтын құрал болады. (қосымшаның бірнеше беттеріне шолу жасалады)
Мұғалім сөзі: Қазақстанның әр жері керемет, дегенмен әлемге танылған қазақтың жеті кереметін білеміз бе? National Geographic каналы да Қазақстанның бес жерін кереметке теңеп әлемге таратқанын білесіңдер ме? Ендеше осы кереметтерімізді дәріптейік.
7-оқушы: Қазақстанның жеті кереметі
Домбыра. Домбыраның құдіретін мектебіміздің музыка пәнінің мұғалімі Мерей ағайымыздан сұрайық. (музыка пәнінің мұғалімі, маман Ахмадиев Мерей домбыра туралы сыр шертеді)
Алина домбырада «Аққу» күйін шертіп берсін.
Киіз үй. Киіз үй туралы бейнеролик көрсетіледі.
Алтын адам. Алтын адам туралы тарих пәнінің мұғалімі қысқаша мәлімет айтады.
Мұғалім сөзі: Топтарда бөлініп берілген керемет жерлер туралы біліп, сол жерді қысқаша жарнамалап, жалаушаларды Қазақстан картасына орналастырайық.
Топтық жұмыс: Оқушылар 4 топқа бөлініп, 2 жалаушадан (керемет жерлер суреттері жапсырылған жалауша) алады. Бөлініп берілген жерлер бойынша қысқаша мәлімет тауып, орналасу орнын анықтап, жалаушаны Қазақстан картасына орналастырады. Жұмыс барысында http://ruh.kz, Google Earth, Google Maps қосымшалары, «Қазақстан – Ұлы дала елі» қосымшасы http://mfa.gov.kz/kz/content-view/kazahstan-strana-velikoj-stepi-13 электрондық қорларын пайдаланулары қажет.
8-оқушы: Елбасымыз: «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі.
9-оқушы: Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Барлық оқушы бірге: Ұлттық кодымызды сақтауға Ант етеміз, Ант етеміз!
Қорытынды: Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңі.