+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Дүйсенбi, 26 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту және тәрбиелеу

Буленханова Жанар Рахимбаевна, «Аршаты орта мектебі» КММ, Катонқарағай ауданы
Сагнаева Т.Ж., пс.ғ.к., ТТжӘ кафедрасының  меңгерушісі

Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға өте жақсы көңіл бөлініп, жұмыстар атқарылуда. Оқу сабақтарында мүмкіндігі шектеулі балалардың  танымдық қабілеттерін дамытып, өмірден өз орындарын табуға мүмкіндік тууда.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту және тәрбиелеу білім беру жүйесінің бөлінбес бір бөлігі болып табылады. Бұл үрдіс еліміздің 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында айқындалған. Білім саласы мамандарына арналған міндеттер барысында ақыл-ойы қалыпты дамитын балалармен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың да білім алуына барлық жағдайды жасау керек.

Балаларының денсаулығына байланысты мектепке апара алмай отырған ата-аналардың бақытқа бөленгендері анық. Оның дәлелі ретінде Өскемен қаласындағы «Ақ ниет» білім беру мекемесінің  жұмысының өзі жеткілікті. Онда облыс әкімі Даниял Кенжетайұлының қолдауымен барлық жағдайлар жасалған. Өте білімді педагогтардың жұмыс істейтініне куә болдық.

2002 жылы жарық көрген «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» заңында бекітілген. Осы заңды жүзеге асыру бағытында республикада ана тілінде оқытудың психологиялық және педагогикалық теориясы мен практикасын дамытудың жағымды нышандары жасалуда.

Қоғамдағы мүгедектердің жағдайы, олар бастан өткеруге мәжбүр қиындықтар туралы ойларын ортаға салып, көмек қолын созуға ұмтылған жерлестерімізге балалар мен ата-аналардың ризашылықтары шексіз. Оқушының деңгейіне мән бере отырып , нәтижесінде керемет маман болып шығуына ықпал жасалуда. Педагогтардың білімдері жетілдіріліп, жұмыс істеудің жаңа формалары мен әдістерін меңгеруде. Арнаулы білім беруді кез келген білім беру реформаларының бағдарламаларына енгізу, жоспарлау кезінде мүгедек балалардың нақты мүмкіндіктерін ескеру, білім сапасын жақсарту және оны алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету, арнаулы заңдарды әзірлеу, ерекше білім алу қажеттіліктері бар адамдардың санаттарының құқықтарын қамтамасыз ету осының барлығы жағдайды едәуір өзгертіп, барлық адамдардың білім идеяларын іске асыру үшін алғышарттар жасап, жұмыстар қарқынды дамуда.

Мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім мен тәрбие берудегі ғылымның нәтижеге қол жеткізудің бірі жаңа технологияны игеріп, компьютерді пайдалану. Компьютерді пайдалану логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылық еңбек етуіне жағдай жасайды. Электрондық оқулықтарда теориялық тақырыптар кеңінен беріліп түсіндіріледі. Осы жағдайлардың орындалуы «Ақ ниет» білім беру мекемесінде анық көрінуде. Онда балалардың ерекше өнер иесін, болашағымызды жарқын ететін керемет маман иелерін дайындаудың алғы шарттарын жасауда. «Бәріне бірдей мүмкіндік» принципін ұстанатын инклюзивтік білім берудің енгізіле бастағанына көп бола қоймаса да, осы ұжымның педагогтарының еңбектері бізге айқын көрінді. Бұл термин көбіне «Сапалы білім барлығы үшін» түсінігімен бірге қолданылады. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндіктері шектеулі бала мен басқа да әлеуметтік қорғалатын топтарға жататын оқушыларға өзгелермен теңдей білім беруге жағдай жасалады. Қазіргі кезде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар көбінде арнайы мектеп-интернаттарда білім алады. Жалпы мектептердегі мұғалімдер кемтар бала сыныпқа келген кезде оны қандай оқулықтармен оқытып, қандай әдістемелік құралдарды пайдалануды білмейді. Бұл мәселенің артынан туындайтын мәселе — кадр жеткіліксіздігі. Шындығында олар оқшауланған қоғамдық өмірге аса бейім емес. Мәселенің бұлай қалыптасуына бүгінгі қоғамның да кінәсі бар. Өйткені біз мүмкіндігі шектеулі жандарға мүсіркей қараудан арыла алмай келеміз. Жалпы білім беретін орта мектептерде олардың оқып, білім алуына жағдай жасау енді-енді қолға алына бастады. Мектептегі барлық балаға олардың ерекшеліктерінен тыс сапалы білім беру — инклюзивті білім берудің негізі болып табылатынын педагогтар ерекше назарда ұстап, заман талабына сай еңбектенуде.

Ақыл-ой сезімі адамның кез келген әрекеттегі рухтандырушылық маңызы зор көңіл-күй болып табылады. Ал сондай ақыл-ой сезімі кейбір балада жетілмей артта қалып қояды. Оның себебі тұқым қуалаушылық, ортаның экологиялық әсері, отбасының әлеуметтік жағдайы болуы мүмкін.

Ақыл-ойы кем болған балаларға әлеуметтік көмек көрсету барысында медициналық бейімдеудің маңызы зор. Осындай ақыл-ойы кем балалармен жігерлі терапия жүргізе отырып, оларға дәрілік емдеу, физио, психотерапия, емдік дене шынықтыру жаттығулары, жалпы денсаулыққа пайдалы емдеу шаралары қолданылады. Ақыл ойы-кем балаларды оқытудың негізгі әдісі — біріктіру болып табылады. Біріктіре оқыту арқылы бала дамуының ерекшеліктерін анықтап, білім беру стандартына сай қалыпты дамуын қадағалап, зейін тұрақтылықтарын дамыта отырып оқыту, тәрбиелеу басты мақсат болып отыр. Біріктіру әдісі — білімді түзетудің, дамытудың заңдылығы болып табылады. Біріктіре оқыту келесі қағидалар негізінде жүргізіледі:
— дамуындағы кемшілікті ерте бастан түзету;
— дамуында ауытқуы бар балалардың бірнеше қызметтерін қалпына келтіру қабілеттері;
— біріктіре оқыған балаға түзету көмектері міндетті.

Ақыл-ойы кем балалардың психологиялық қауіпсіздігін сақтау, мейірімділік пен қамқорлық жағдайын туғызу, олардың қиыншылығын түсіну және жағдай жасау. «Ең бастысы мүгедек балаларды сәби кезінен бастап анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасауымыз керек. Сондықтан күндізгі шағын стационар да арнайы жұмыс тобын құрып, әр баланың қабілет-қарымын анықтап, дұрыс бағыт-бағдар беріп, жарымжан балалардың жастайынан жасық болып өсуіне жол бермеуіміз керек».

Адам өмірінің мәні – өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген уақыттан бастап ата-ана алдында нәзік те, қиын қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет – бала тәрбиесі. Бала үшін үй ішінен, ата-анасынан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер, яғни тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, отбасындағы үлкендердің үлгісімен сіңеді. Ал, мүмкіндігі шектеулі балалаларды тәрбиелеу ерекшелікті қажет етеді. Ата-ана тарапынан ұстамдылық, шыдамдылық, төзімділік, сабырлық сияқты қасиеттер болуы тиіс. Және педагогтардың бойында да осы қасиеттер орын алғаны нұр үстіне нұр болары анық.

Инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға Үкіметтен бастап, мектептерге дейін мән берілуде. Жарымжан балаларды оқыту процесінде ерте бейімдеудің маңызы зор. Тек оқытып ғана қоймай, мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау қызметін тарту қажет. Жалпы баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды.

Мүмкіндіктері шектеулі балалардың үйде білім алуын қамтамасыз ету, жай және арнайы мектептерде оқуға мүмкіндігі жоқ балаларды қашықтықтан оқытуға жағдай жасау мемлекеттің басты мақсаттарының бірі болып табылады. Осыған орай мәселелерді шешу жолында әр мұғалім бағдарламаға сай шағын электронды оқулықтар дайындап, үлгерімі төмен және мүмкіндігі шектеулі, дарынды оқушылармен жеке жұмыс түрлерін жүргізгені жөн. Әр оқушының ерекшелігін анықтап, мүгедек баланың диагнозына қарай жұмыс жүргізсе, оқушының білімге деген құлшынысы артып, өзіндік дарындылығы айқындалатыны «Ақниет» білім беру мекемесінің жұмысынан көрініс табады.

Баланың түзету дамыту жұмыстарының бір түрі — ересектер мен құрбылардың ықпалы. Ересек балалар үшін қайталау обьектісі. Яғни жүріс-тұрыс, сөйлеген сөзі, іс-әрекеті. Баланы ересектер әрдайым қадағалап жүру керек, дұрыс іс-әрекетте қолдап, бұрыс істеген жағдайда тәртіпке шақырып түзеп отыру қажет. Педагогикалық этиканы сақтау, бала құқығын таптамау, тәрбиеленушілерінің білімін көтеруге жанын салған педагогтар ата-аналармен бірлесе жұмыс істеген жағдайда жетістікке жететіні айқын.

Жаңаша білім берудің негізгі тәжірибелік міндеттерін шешуде мектептегі жаңалықтармен дамуды, қолданылған әрекеттер мен құралдардың тиімділігін диагностикалау негізінде анықтауға болады. Осыған байланысты педагогтар өз қызметінің обьектісіне әлеуметтік психологиялық және педагогикалық мінездеме беріп, танып, білумен зерттеу әдістерін меңгерулері керек. Арнайы әдістерді пайдалана отырып, тәрбиеші бала тәртібіндегі кемшіліктерді тікелей түзетуге ықпал етеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту және тәрбиелеу кезінде жаттығу түзетудің арнайы әдістерінің бірі болып табылады. Жаттығуларды орындай отырып, бала өзін ортада дұрыс ұстауға, мейірімділікке, төзімділікке үйренеді. Бірақ жаттығуға толығымен жүгінуде балаларды агрессияға, мінезіндегі қиқарлықты тудыруы мумкін.

Ұжымдағы бала мәртебесін өзгерту де тиімді тәсілдердің қатарына жатады. Мысалы, баланың тұрақты теріс қылықтарын қарамастан, оған жауапты тапсырма беру. Педагогикалық қолдау әдісін қолдана отырып, ересек адам бала тұлғасын, оның тәртібін негативті бағалаудан бас тартады, тәртіпті сақтауға деген тілекті қолдайды анық және ашық түрде балаларға көмекке дайындығын білдіреді. Оқыту мен тәрбиенің түзету әдістері баланың күн тәртібін және ұстаз тұлғасына сәйкес өзгеруі. Дұрыс ойластырған күн тәртібі ырықты тәртіпті қалыптастырудың оның кемшіліктерін түзетудің қажетті шарты, әрі құралы болып табылады. Ұйымдастырылған күн тәртібі баланың психоэмоционалдық жағдайына жағымды әсер етеді. Күн тәртібі икемді, көп вариантты болып, келеңсіз жағдайлары ескерілуі тиіс. Күн тәртібі үшін уақыт дұрыс анықталуы тиіс. Баланы оқыту мен тәрбиелеуде бала бойындағы кемшілікті түзету үшін негізгі бағытты анықтаған жөн: бірінші, баланың оқу мен тәртібінде тұлғалық дамуында жағымсыз құбылыстарды ертерек анықтау және түзету; екінші, педагогикалық талдау жүргізу, түпкі себептерді анықтау, оны жоюға деген дифференциалдық көзқарас; үшінші, арнайы әдістерді пайдалану.

Педагогтар мүмкіндігі шектеулі балаларды тереңірек түсініп, тыңдап, баланың көңіл-күйіне назар аудару керек. Қазіргі тңда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын тәрбиешілер үшін талап та жоғары. Тәрбиешінің басшылыққа алатын негізгі ұстанымдары: тәрбиеленуші мен тәрбиешінің арасында педагогикалық әдеп пен ынтымақтастықтың сақталуы; тәлім-тәрбие, ұсынылған ойындарды меңгерту, оның бала зердесіне әсер етуі, қабылдауы, есте сақтауы; балаларға берілген тапсырманың шектен тыс ауыр болмауы; тәрбие жұмыстары баланың денсаулығын нығайтуға әсер ететіндей болуы шарт; әр тапсырмаларды орындау барысында балалардың міндеті мен мүмкіндік деңгейлерін ескеру керек.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу өте қиын болғанымен, әрқашан қиындықтарға тап болу дегенді білдірмейді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға да жақсы тәрбие берсе, ол да өз ата-анасына қуаныш пен бақыт сыйлауы мүмкін. Әр оқушыға арналған жеке даму бағдарламасы олардың өзіндік дарындылығын ашып, өмірдегі өз орнын, өз мамандығын табуға көп көмек береді. Осындай орталықтар жұмысын жүйелеп отыратын, мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істейтін медициналық-педагогикалық орталықтарды көптеп ашса, балаларды зор қуанышқа бөлер еді.

«Адамның бақыты — балада», «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Отбасының бала тәрбиесіндегі алар орнын халқымыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық оймен түйе білген. Алдымызда ұямыздағы балапандарымыздың ерекшеліктерін тани отырып, қанаттарын қатайтып, өмірдегі өз орнына орналастыру барлығымыздың міндетіміз. Қазақ халқы қашан да ұрпағының қамын ойлап, болашағы үшін жанын берген текті ел. Тектілігімізді, бауырмалдығымызды бағалап, ата-бабамыздың сенімін ақтай алатындығымызға сенімдіміз.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype