+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Дүйсенбi, 26 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Туған жер атауларының шығу тарихы

 Нургалиев Рауан Еримбекович, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы
Тумабаева Гүлсім Сәлімқызы, «Жансүгіров атындағы орта мектебі» КММ-нің география пәні мұғалімі, Үржар ауданы

    Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында бүгінгі таңдағы оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызын және қазірдің өзінде оқушыларға пән бойынша мектепте қажетті инновациялық курстар жоқ екендігін атап көрсетіп, өскелең ұрпаққа туған жерге деген махаббаты, елжандылығы мен отаншылдық қасиеттерін арттыру мақсатын міндеттеді. Туған жер туралы оқушылардың зерттеу жұмыстарын өлкетану мәселесіне арнап, география пәндері негізінде табиғат ерекшеліктері тереңірек түсіндіріліп, туған өлкенің табиғатын қорғау және туған жер Үржар ауданының жер-су аттарының аталу тарихын зерттеу.

     Қазақстан жеріндегі жер-су атауларының тарихы туралы географиялық мәліметтер жинақталуын білу, топономика ғалымдарының зерттеген жерлерін анықтау арқылы туған өлке Үржар ауданының жер аумағындағы жер-су атауларын зерделеу. Туған өлке туралы білімдерін кеңейтіп, ойлауын, сараптама жасай білуін үйретіп, өз ойын толық жеткізе білуге тәрбиелеу. Туған жер Үржардың табиғатын оқып үйренуге және оны елді мекендер мен жер-су аттарының шығу тарихына білу мен туған жер табиғатын қорғауға жауапкершілік көзқарасын қалыптастыру болып табылады.
    Ұлан-байтақ туған еліміз Қазақстан Еуразия материгінде кең аймақты алып жатыр. Қазақстанның жер көлемі жағынан дүниежүзінде 9 орында. Осы аймақта географиялық атаулар жүздеп, мыңдап кездеседі. Олардың барлығы да ана тіліміздің заңына сай әдеби тіл нормасы бойынша жазылып, күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылады.

    Халқымыз өзінің мыңдаған жылдық өмір жолында әртүрлі тарихи жағдайларды бастан кешіріп, алуан нәсілді ұлтпен араласып тұрды. Осының негізінде бұл аймақтың географиялық атауларында халықтың тарихы, тіл тарихы жөнінде қыруар бай материал, құнды деректер сақталған.
    Қазіргі сөйлеу тілімізде, сондай-ақ әдеби тілде қолданып жүрген және қолданудан шығып қалған сөздер де осы географиялық атаулар негізінде тұрақтанып, берік орын тепкен соң, ғасырлар бойы өмір сүріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Бұл күнде әрбір тілдің сөздік қорындағы географиялық атауларды ғылыми жүйеде зерттеуге үлкен мән беріліп отыр. Бұл орайда Қазақстан Республикасы топонимдерін зерттеудің де мәні бар. Өйткені, Қазақстан топонимдері ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени, рухани байлық, сондай-ақ халық қазынасының асыл мұрасы. Кезінде еліміздің жер-су атауы жөнінде халқымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезов «Біздің қазақ жері, тау атын әмәнда сол ортаның сыр-сипатына қарай білген жұрт», «Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер-су жапан далада кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қанша мән мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», — деп өте орынды айтқан. Әрбір мекен-жай, халық, қала атаулары белгілі бір халықтың тарихына қатысты болғанын ондағы жер-су атауларынан білуге болады. Сондай-ақ осы жер-су атаулары арқылы сол жерде өмір сүрген халық тайпа, ру туралы мағлұмат аламыз.

    1.1 Туған жер-су аттарын зерттеу және топтастыру
   Қазақстан жер-су аттарының шығу тегін зерттеген қазақ ғалымдары А.Әбдірахманов, Ғ.Жанұзақов, Е.Керімбаев, Ғ.Қоңқашбаев, Э.Мұрзаев, Н.Баяндин және т.б. еңбектерінде талдап, сипаттама береді. Аймақтың топономикалық атауларында үлкен бір заңдылық бар. Негізінде қазақ жеріндегі топонимдер жануар, өсімдік, объектінің қасиетіне, түр-түсіне, сол объектіні басқа бір затқа ұқсатуына байланысты немесе ру, тайпа, кісі атына байланысты аталған.
    А.Әбдірахмановтың классификациясын негізге ала отырып, Шығыс Қазақстан облысының жер-су аттарын аталуын мынандай топтарға бөлуге болады:
    I. Өсімдік атына байланысты атаулар. Қазақ ертеден мал шаруашылығымен шұғылданған ел. Жер аттарының өсімдіктің, жануарлардың аттарымен аталуы заңды құбылыс. Өйткені малдың қорегі – шөп. Шөптің әр түрлі болуына байланысты оның түрліше жұғымдылық қасиеті болады. Халық әр малдың сүйіп жейтін шөбін және емдік қасиеті бар өсімдіктерді ажырата білген. Сол өсімдіктердің кездесетін немесе көп өсуіне байналысты сол жерлерді өсімдік атымен атаған. Қарабұта – елді мекен. Сол маңда қалың бұта өсімдігі өсетіндіктен аталған.
    II. Жануарларға байланысты атаулар. Қазақстан топономиясының негізгі ерекшелігінің бірі — географиялық атауларды ландшафтың, аң, жануарлардың сипатталатындығы. Солардың бірі Шығыс Қазақстан облысында кездеседі.Топонимдер құрамында аң, құс атаулары обылыс өңірінде аңдардың кейбір түрлері кең тарағандығын және солардың маңызы болғанын аңғартады. Белгілі зоолог А.Н.Формозов Қазақстан картасында аңдарға байланысты атаулар бар екенін айта отырып, аңдардың және аңшылықтың халық өмірінде атқарған мән-мағынанын атап өтеді. Ғалым Ғ.Қоңқашбаевтің пікірінше, көшпенділердің күнкөрісіне жер бедері, климат, су, өсімдіктер және аңдар үлкен септігін тигізеді. Биолог ғалым Р.С.Сәттімбеков топонимикалық методтармен кейбір жануарлардың (құлан, марал, бұлан) Қазақстан жерінде кеңінен таралғанын анықтап отыр.
    Халық өмірінің айнасы – топонимияда аң, құс, жан-жануар өз іздерін қалдырып отырған. Тіпті аң аулаудың көне әдістеріне байланысты тәсілдер жер атауында бейнеленген. Мысалы: жыртқыш аңдардың бірі – аю, осы күнге дейін Тарбағатайда көп кездеседі. Осы таудағы бір асу – Аюлы асу деп аталады.
     III. Объектінің түр-түсіне, санына байланысты атаулар. Облыстың саяси-әкімшілік картасын қарайтын болсақ, «ақ, қара, көк, қоңыр, боз, сары, қызыл, шұбар» және т.б. түсті білдіретін сөздері бар жер-су, елді мекен аттарын көруге болады. Мысалы, Көктал – Үржар ауданындағы елді мекен, Қарақол – Үржар ауданындағы елді мекен.
    IV. Объектінің санына байланысты қойылған атаулар. Мысалы, Жалғызтөбе, Жүзағаш, Бестерек және т.б.
    V. Адам, ру, халық, тайпа атына қойылған топонимдер. Шығыс Қазақстан облысының картасында көп таралған атаулардың бірі – адам атына қойылған таулар. Мысалы, Елтай, Қазымбет, Қабанбай, Тұмабай (бұлақ) ауылдары. Ру атына қойылған топонимдер.
   VI. Бір нәрсеге ұқсаудан, теңеуден туған атаулар. Жарбұлақ – мекен аты. Алтыншоқы, Қоңыршәулі, Салқынбел, Көкөзек, Көктерек, Қарабұта, Қаратұма, Алакөл, Сасықкөл және т.б. атаулар кездеседі.
    VII. Географиялық объектілердің сапасына, қасиетіне, көлеміне байланысты атаулар: Тасбұлақ, Лайбұлақ, Қарабұйрат және т.б.
    Басқа тілден енген атаулар. Монғол тілінен енген атаулар: Еміл, Тарбағатай, ал қалмақ тілінен Мақаншы.
    2.2. Үржар ауданындағы жер-су аттары
    1. Ақсуат — елді мекен аты. Көне түркі тілінде «сув»,-«эт» сөзбе-сөз – су, яғни сулы жер мәнінде . [5;]
    2. Алакөл — көл аты. Түрік моңғол тілінде «Ұлы көл» немесе «Тау көлі» деген мағынада [5;]
    3. Ақжар — мекен, өзен, елді мекен аттары. «Ақжар» — «ақтаңдақ жер» түркі тілдес халықтар топонимдерінен кең орын алған.[5;]
    4. Бақты – елді мекен. Қазақша « бағы бар жер» деген мағынада.[5;]
    5 Ново–Пятигорск — орыс тілінен кірме атау. Айғай кезеңіндегі арғы бетіндегі Көлденең жайлауындағы жер аты. 1909-1912 жылдары Ресейден орыс, украин, беларусь шаруалары келіп, қоныстанғанда пайда болған атау.[4;]
    6. Жүзағаш – дала, елді мекен. «Сулы-шулы жер» мағынасындағы атау.[6;]
    7.Жүрекадыр – тау аты. Көне түріктің йүр-ек «жүргін» немесе «жүргінші» сындық мәндес «жалды адыр» мағынасын береді.[6;]
    8.Қарабұта – дала, елді мекен аттары. «Қалың бұта» мағынасындағы атау.[6;]
   9.Тарбағатай–тау аты.Түрікше тарбаған – суыр, тай – тау сөздерінен қалыптасқан. «Суырлы тау» мағынасын береді. Ежелгі аты «Тамағ» қазақ жеріндегі ата тау аталады. Мұрын елі мекендеген. Ал тарихшылардың айтуынша, біздің жыл санауымыздың 92 жылы осы Тарбағатай бауырын көне Түркі тайпалары мекендеген. «Тамағ» деп аталған тау Шыңғысхан шабуылынан соң солардың иелігіне көшкеннен соң, билікті 5 ғасыр бойында қолына алған соң жер аттары да өзгеріп төл аты естен шыққан. [2; 11,12б.]
    10.Үржар – өзен, аудан аты. Түрікше Ұры+жар компоненттерінен құралған топоним.[6;]
    11.Қазымбет – батыр Қазымбет есіміне берілген атау. «Алексеевка – Шыбынды». Қазақ тарихында «Ту астында тулап өлген Қазымбет» деген атпен аңызға айналған, өшпес ерлігімен аты қалған қазақ халқының аса ірі батырларының бірі – Қазымбет Құттымбетұлы атымен аталған.
    12.Көктерек – Ну көктерек өсуіне байланысты берілген атау. Көктерек өзенінің бойында, Мақаншыға дейін көктерек өскен. Келімсектер бұл атауды Ново – Строика, одан кейін «Мирное» селосы деп атаған.[4; ]
    13.Қызылбұлақ – бұлақтың айналасындағы топырағы күрең болып келеді. Бұрынғы атауы — Петровск.[4;]
    14.Айғай – Тарбағатай тауының бөктерінде дауыспен айқайласып, екі бала ұшырасқан. Айғай атауына ие болғаны, сондықтан атын осылай аталған. [4;]
    15.Алтыншоқы – Сұлушоқы атты шоқы бауырында қос батыр жерленген жер. [3;]
    16.Қызыл Қазақ – Ер Қабанбай – Қабанбай батырдың атына қойылған атау. Қабанбай 18 ғасырдағы Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының жүргізілген азаттық күресінің теңдесі жоқ талантты бас қолбасшы және мемлекет қайраткері, «дарабоз» хас батыры. Қабанбай жоңғарларға қарсы 103 рет кірген. Бұл ұрыстардың көбінде жеңіспен оралған. Ел алдындағы ерлігін еске алып Абылай хан оған «Дарабоз», «Хан батыры Қабанбай» деген құрметті атақтар берген. [3; 171 -173б.]
    17.Мақаншы–бұл орында Мұқан атты кісі тұрған. 1940 жылға дейін   Мақаншының үйлері қалың шиден көрінбейтін. Сондықтан бұл жер «Мұқанның шиі» деп аталған. Мұқаншы осы атаумен кете барған. [3; 170б.]
    Ал, қалмақ тілінен Мақаншы-қасапшы деген мағына береді екен.
  18.Жайтөбе – тарихи төбе. Мақаншының батысында 2 шақырым жердегі биік төбе. Қабанбай батырлар қарауыл қараған төбе. Шоқан Уәлиханов Жайтөбенің биігінен шығып жатқан бұлақтан су ішкен. Бұлақ жанында «Шоқан отырған тас» әлі орнында сақталған. [3; 217б.]
  19. Ойран – жер аты. Мақаншы – Бақты жолының оңтүстігінде қалмақ шапқыншылығы кезінде елі қырған, кейін төңкеріс кезінде тағы ел қырылған жер «Ойран » атанған. [3;217 б.]
    20. Тұмабай – Тұрысхан Тұмабайұлы тұма бойында дүниеге келген.Қазір ол тұма «Тұмабай» тұмасы деп аталады. 1932 жылы ашаршылықта Қытай жеріне өтіп кеткен.Содан 1944 жылы Қытайдан елге қайтып, Елтайға келіп орналасқан. Емшілігімен елге танылған. Әсіресе, мал емдеуде алдына жан салмаған білгір болған. Тұрысхан ата 95 жасында қайтыс болған. Зираты Ертіс жағасындағы «Приречное » кеңшарында. [3; 207б.]
    21.Восток–молдавандар қоныстанған жер. Қазіргі атауы — Қайыңды. Қайың ағашының мол өсуіне байланысты, ел ұсынысы бойынша аталды.[4;]
    22.Зимовка – 40-50 украин семьясы қоныстанғандықтан, солай атаған. Бұл жер №2 МТФ болған.[4;]

         Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Н.Ә.Назарбаев. “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам”. Астана, 2012 ж.
  2. М.Х.Дулати . Тарих-и- Рашиди. Алматы, 2003 ж
  3. «Дидар газеті». №97 (100), 3 қыркүйек.
    4. Н.Уалиев. «Туған жер Тарбағатай». Семей , 2008 ж.
    5. Ә.Сәдуақасұлы.«Тарихыңды танып біл». Алматы, 1996 ж.
    6. «Уақыт тынысы газеті» — 2011ж. Ел аузынан жинаған Мұратова Арайлым.
    7. А.Әбдірахманов. «Топонимика және этимология». Алматы
    8. Е.Қойшыбаев. «Қазақстанның жер-су аттарының сөздігі». Алматы, 1985 ж.
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype