Әлеуметтік саясаттың ең маңызды буыны – білім беру мәселесі десек, артық айтқандық емес. Мәдени өмірдің сүбелі саласы болып есептелетін халыққа білім беру жүйесі қоғамдық өмірдің де жанды нүктесі ретінде тарихта өзінің орынын ешқашан жоғалтпайтыны белгілі. Ұлт болашағын ойласақ «Мәңгілік Ел» құндылықтарын әрбір қазақстандықтың бойына сіңіру арқылы көптеген жетістіктерге жететініміз түсінікті.
Білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үрдісінде іске асырылатын «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтары:
- Қазақстанның Тәуелсіздігі және Астана. Астана – тәуелсіздіктің алғашқы сәтті жетістіктерінің бірі, барлық қазақстандықтардың патриоттық мақтанышы. Халық жұмылып тұрғызған астана барлық өңір үшін дамуға күшті түрткі болды, қазақстандық экономиканың локомотивіне айналды.
- Қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Қазақстандық қоғамдағы этносаралық келісім Ата Заңда және басқа да Заңдарда берік бекітілген. 1995 жылы Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – азаматтық бейбітшілік пен келісімнің бірегей институты, жалпы қазақстандық бірлік негізі құрылды. Халқымыздың қоғамдық келісімі мен жалпы ұлттық бірлік, барлық азаматтардың этникалық, діни, нәсілдік тиістіліктеріне және өзге де өзгешеліктеріне қарамастан тең құқықтығы – әркімнің және барлығының табысы мен лайықты өмірін білдіретін тұрақты шоғырландырылған фактор. Қазақстан Республикасының әр азаматының патриоттық борышы – Қазақстанның халықтарының достық пен келісім дәстүрін сақтап, ұлғайтып, ұрпақтан ұрпаққа беру.
- Зайырлы қоғам және жоғары руханият. Біздің еліміз әлемдік қауымдастықта рухани әлем мен келісімнің оң үлгісі ретінде қабылданды. Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің зайырлы сипаты экономикадағы өрлеудің, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениеттің ұлттық жүйесін табысты дамытудың ең маңызды шарты.
- Индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсу. Экономикалық өсу – бұл біздің ең маңызды міндетіміз. Қазақстанның өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігі осыған тікелей байланысты. Біздің басты міндетіміз – өндірісті, білім мен ғылымды біріктіру, инновациялық-индустриялық кластерлерді дамыту. Сондықтан елімізде ғылым саласының шешуші реформалары, білім беру жүйесін жаңғырту жүргізілуде, техникалық және кәсіби мамандарды даярлаудың жаңа тиімді жүйесі жасалды.
- Жалпыға бірдей еңбек қоғамы. Жалпыға бірдей еңбек қоғамы – қазақстандықтарды әлеуметтік жұмыспен қамтудың ең маңызды шарттарының, қазақстандық отбасылар табысының тұрақты өсуінің, өмір сапасын тұрақты жақсарту, барлық қазақстандық еңбекшілердің шығармашылық және өмірлік әлеуеттерін толықтай ашу кешені. Еңбек өнімділігін арттыру – өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, энергетикада, инфрақұрылымдылық қызмет салалары мен секторларында, мемлекеттік және корпоративтік басқару жұмыс атқаратын барлық патриоттардың үлкен еңбегі.
- Тарихтың, мәдениет пен тілдің біртұтастығы. Туған жеріміздің тарихында бірнеше мыңжылдықтар бар, оның беттерінде ата-бабаларымыздың ұлы істері сақталған. Қазақ халқының тарихы – бұл бірігу тарихы. Тек бірлікті сақтай отырып қана, қазақтар бірегей мәдени-өркениеттік кодқа, ортақ тілге және дәстүрге ие халық ретінде сақталып қалды. ХХІ ғасырдағы мемлекеттік тілдің мақсаты, міндеті және тағдыры ретінде сақталып қалды. ХХІ ғасырдағы мемлекеттік тілдің мақсаты, міндеті және тағдыры – Қазақстан халықтарының ортақ тілі болу. Әрбір нағыз патриоттың парызы – мемлекеттік тілді білу және отандастарымызға оны меңгеруге көмектесу. Сонымены қатар, қазақстандағы барлық ұлттың тілдерін дамыту үшін жағдай жасау, үштілділік қағидатын енгізу де маңызды.
- Ұлттық қауіпсіздік және еліміздің бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы – мемлекетіміздің белсенді, теңдестірілген, сындарлы және жауапты ішкі саясатының басты мәні.
Құндылықтар Мемлекеттік білім беру стандартында, Қазақстан Республикасының бастауыш білім мазмұнын жаңарту аясындағы бағдарламалар мен орта білім мазмұнын жаңарту аясындағы бағдарламалардың жобасында қамтылған, білім берудің мақсаты мен міндеттерінде де көрініс тапқан. Қазақстан халқын біріктіретін жалпыұлттық идеяларды жүзеге асырудағы мектептердің миссиясында: «Мәңгілік Ел», «Қазақстан – ортақ мекеніміз», «Қазақстан – менің Отаным» жалпыұлттық идеяларын жүзеге асыруда мектептердің рөлі аса маңызды болып табылады. Құндылықтарға сай қасиеттер Мемлекеттік білім беру стандартында құндылықтар тізіміндегі бағдарлар ретінде қарастырылған: қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік, құрмет, ынтымақтастық, ашықтық, өмір бойы білім алу.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының білім беру мазмұны арқылы жүзеге асыруда оқу пәні бойынша бөлімдер мен тараулардың мазмұны, оқу мақсаттары және оқу жаттығулары назарға алынады. Білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиенің бірлігі қағидатын іске асыруға бағытталады.
Педагогтер «Нені оқыту керек?» және «Қалай оқыту керек?» деген сауалға да жауап іздеу арқылы оқушы бойында ХХІ ғасыр дағдылары және функционалдық сауаттылықтары қалыптасқан, алған білімін әртүрлі жағдаяттарға сай қолдана білетін, ойын, пікірін толық, түсінікті, жүйелі жеткізе алатын, білім алуға ынталы, патриоттық сезімі қалыптасқан жеке тұлғаның дамуына мүмкіндік жасау деп түсінері анық. Мұғалімдер оқушылардың бойында «Мәңгілік Ел» құндылықтарын әр түрлі оқыту әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы барлық пәндерде қалыптастыруы және дамытуы қажет.
Жалпы білім беретін мектептердің білім беру бағдарламалары мақсаттарының бірі — түрлі әлеуметтік топтармен тиімді тіл табысуға қабілетті азаматтарды тәрбиелеу. Бұл Мәңгілік Ел ұрпақтарын тәрбиелеудегі өзекті мәселелердің бірі. Тіл табыса алу, әлеуметтік қарым-қатынастарға еркін түсу дағдыларын дамыту арқылы тұрақтылықты негіздейміз. Аталмыш мақсатқа жету үшін қажетті дағдыларды дамыту — түрлі формадағы қарым-қатынасты бағалайтын әрі қолдайтын, оқушының өз пікірі мен көзқарасын сенімді түрде білдіре алатын ортаның көмегі мен ынталандыруы арқылы жүзеге асырылады.
«Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту» — қазақ тілі мұғалімдері сабақта, сабақтан тыс іс-шара арқылы ауызша және жазбаша коммуникация дағдыларын (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) дамыту арқылы жүзеге асырады.
«Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясының құндылықтарын қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жүзеге асыруда тілдік дағдыларды дамыту тәсілдеріне тоқталсақ. Олар:
Тыңдалым: болжау, белсенді тыңдау, экстенсивті және интенсивті тыңдау, басқарылатын тыңдау, бірлесіп оқу стратегиясы, ұзақ және қысқа мерзімді еске сақтауды дамыту, TPR (физ.қозғалыстарға сүйену әдісі).
Айтылым: талқылаулар мен пікірталастар, рөлдік ойындар, ой-талқы, симуляция және имитация, әңгімелеу, ақпараттық олқылықты толтыру, сұхбат, репортаж, суреттер мен фотосуреттерді сипаттау, салыстыру, дәйектеу, пікіртерім, бірлесіп оқу стратегиясы, презентациялар.
Оқылым: болжау, графикалық байланыс сызбасы, қарастырып оқу, танысып оқу, зерттеп оқу, ой-талқы, бірлесіп оқу стратегиясы, сыни тұрғыдан оқу.
Жазылым: ой-талқы, болжау, басқарылатын жазу, ерікті жазу, шығармашылық жазу, құрылымдау, редакциялау, модельдеу.
Ауызша сөйлеуді дамыту мақсатында жұппен үлкен және шағын топтарда, сыныппен жұмыста қарым-қатынас жасаудың құралы ретінде диалог арқылы оқушыларды талқылау, пікірталас, өз пікірін айтуға дағдыландыру бүгінгі күн талабы.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында және сабақтан тыс уақыттардағы іс-шараларда оқушыларға айтылым және тыңдалым дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін тапсырмалар беру. Оқушыларды тақырып бойынша пікірталасқа қатыстыру, сұрақтарды зерделету, өз пікірін айтқызу, басқалардың пікірін тыңдату, сұрақ-жауап жүргізу, болжам ұсынуға мүмкіндік беру. Қорытынды жасатуға және қорытындыларымен таныстыруға, рөлдік ойындарға қатысуға, диалогке түсуге, талқылауға және пікірталас пен бағалауға қатыстыру. Жұппен, шағын топтарда мәселелерді шешуге тапсырмаларды орындау барысында тіл мен әдебиеттегі дереккөздерімен диалог құрғызу және талқылату. Өз ой-пікірін қорытындыларын сыныпта, топта таныстыруға, аудитория алдында сенімді түрде сөйлей білу қабілетін дамыту.
Сабақта оқушылардың тыңдалым мен айтылым сөйлеу әрекеттерін дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілерін ұсыну. Тыңдалымға, мазмұнын түсінуге әртүрлі мәтіндерді ұсыну, мәтінді қайталап тыңдатып, негізгі ойға назар аударту. Тыңдалған мәтін мазмұны бойынша сұрақтар қою, жоспар құрғызу, тыңдалған мәтіннің белгілі бір бөлігін өз сөзімен айтып беруге, мәтіннің мазмұны бойынша қарама-қарсы пікір айтуға, дәлелдеуге үйрету. Оқушыларды мәтіннің кейбір оқиғаларын ым-ишарамен көрсетуге, жұпта ым-ишараны пайдаланып, оқиғаны жазуға дайындау. «Бағытталған оқу» және «Бағытталған жазу» стратегияларының көмегімен ауызша айтылғанды түсіну және сұрақтарға жауап беруін және ұсынылған тақырып бойынша сұхбат алу немесе сұхбат беру дағдыларын дамыту.
Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға бағытталған жиі қолданылатын әдіс-тәсілдерге тоқталсақ: «Қос жазба күнделігі»,«Дербес пікір» жазу тәсілі, «Еркін жазу» және т.б..
Қос жазба күнделігі, бұл әдіс тіл пәндерінде тиімділігі көбірек, сонымен қатар сынып сағаттарында да қолдануға болады. Оқушылар жаңа материалмен танысу барысында мәтіннен белгілі бір пікір, ой, цитата, термин т.б алып, қасына өз түсінігін, өз пікірін жазады. Қос жазба күнделігі деп аталуы, бір пікірдің қасына екінші автордың пікірі де беріледі. Үй тапсырмасы ретінде де беруге болады.
Дербес пікір жазу тәсілі «Қазақстан – менің Отаным» тақырыбындағы сабақ соңында оқушыларға 5-7 минут ішінде қарастырылған мәселе бойынша мынандай құрылымдағы жазба жұмысын ұсынуға болады.
1. Өзіндік пікір (ой, идея) – бір сөйлем.
2. Дәлел – екі сөйлеммен келтіру керек.
3. Өз пікірін айғақтайтын мысал – екі сөйлем.
4. Өз пікіріне қарсы дәлел – бір сөйлем.
5. Қарсы дәлелді жоққа шығаратын мысал – бір сөйлем.
6. Қорытынды – екі сөйлемнен тұрады.
Сонымен бұл жұмысты 9 сөйлеммен жазуға болады. «Дербес пікір» жазуын бағалауда критерийлерді ұстану қажет. Бағалауды оқушылардың өздері де жүргізе береді.
Еркін жазу, «Мәңгілік Ел – бұл тіл мен мәдениет, тарихтағы ортақтық» тақырыбында сабақта «Еркін жазу» стратегиясын қолдануға болады. «Еркін жазу» – оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын қағазға түсіруді талап ететін тәсіл. Оқушылар берілген уақыт аумағында (5–7 минут, уақытты мұғалім мөлшерлеп береді) тоқтамай жазуы керек. Еркін жазуда оқушы толассыз жаза беруі керек, егер ой келмесе, «не жазарымды білмей отырмын» деген сыңайда жаза беруі керек, оқушылар өз ойлау үдерісінің хатшысы іспеттес болуы керек. Жазу жұппен немесе шағын топ ішінде талқылау мен пікірлесумен жалғасады. Сабақтың соңында жазбаға қайта оралып, оған түзетулер мен толықтырулар енгізу орынды. Оқушылар осы әрекет арқылы сабақ басында және соңында өз білімдері мен ойларын салыстырып, жазылым дағдылары дамиды.
Мәңгілік ел болудың басты шарттарының бірі ол білімді, тәрбиелі, қай жағынан болса да бәсекелестікке қабілетті ұрпақты бүгіннен бастап білім бере отырып тәрбиелеу, олардың өз замандастарының алды болуларына жағдай жасау педагогтардың міндеті. Мәңгілік Ел – Қазақстандық бірегейлік пен біртұтастық бейбіт өмір сүру формуласы. Алдына межелі мақсаттар қоя білетін, ертеңіне сеніммен қарайтын, ділі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар халық қана тарихта «Мәңгілік Ел» болып қалатыны анық.
Әдебиеттер тізімі:
1.Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2012 ж. 14 желтоқсан.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2014 ж. 17 қаңтар.
3. Ұлт жоспары«100 нақты қадам». Астана, 2015 ж. 20 мамыр.
4, Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. -296 б.
5. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 2000.
6. Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: Мұрагер, 2005.
7. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, «Назарбаев Зияткерлік мектептері»ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.
8. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы» екінші басылым «Назарбаев Зияткерлік мектептері»ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.
9. Ақынжанов М. Қазақтың тегі туралы. А. 1957.
10. Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы. Алматы, 1996.