ХХI ғасыр – білімділер ғасыры. Сол себептен де білім сапасын арттыру, оқушылардың дарындылығын айқындап, біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми ізденіс қабілеттерін қалыптастыру — әрбір ұстаздың міндеті. ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамды қалыптастыруда білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Осы тұрғыда мұғалімге білім берудің тиімді жолдарын қарастыру, таңдай білу еркіндігі тиіп отыр. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қызығы — туған ұясы, өз отбасындағы ата-ана тәрбиесі, өнегесі. Қазақта «Баланың бас ұстазы — ата-анасы» деген сөз бар. Жас кезінде дұрыс тәрбие алмаса, есейе келе тәрбиесі қиындап, оқу үлгерімі нашарлап кетеді. Мұндай жағдайларда «не істеу қажет» деген ой туады. Әрине ата-аналар балаларының оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, оны қадағалап отырып отыруы қажет.
Ұлы ғалым, философ Әбу- Насыр әл- Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі»- десе, Жан — Жак Руссо «Бала туылғанда ақ қағаздай болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсақ, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді», — деген екен. Бұдан шығатын түйін, баланың тұлғалық қасиеттерін дамытуда ең әуелі оның өз ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етеді еткен. Бала ата-ананың ғана емес, ұлыс пен ұлттың ертеңгісі. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасатты, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу қоғамымыздың ең өзекті мәселесі болып табылады. Сондықтан ата-ана, ұстаздар болып, баланың бойында тұлғалық қасиеттерді дамытуды назарда ұстағанымыз жөн.
Мектептің ата-аналармен жүргізілетін жұмысының негізгі мақсаты мыналардан тұрады:
Біріншіден, ата-аналар мектепті балаларының шын жүрегімен қабылдайтын үйі деп санап, өздері де мектеп жұмысына көмектесуге дайын болуын қамтамасыз ету;
Екіншіден, ата-аналарды отбасында балаларымен өзара ынтымақты қарым-қатынаста болуға үйрету. Осылай болған жағдайда білім беру процесінің нәтижесі одан сайын жемісті болмақ. Осындай мақсатпен мектептің әдістемелік бірлестіктері отбасы тәрбиесі мәселелері бойынша ата-аналар семинарларын ұйымдастырады. Онда ата-аналар балалардың дамуға, есеюге, бостандыққа ұмтылуының табиғатын және баланың бойында рухани байлықты қалыптастырудың маңыздылығын, ол үшін қоршаған ортадан сүйіспеншілік сезімнің мейірімділік пен сыйластықтың қажеттілігін біледі. Ата-аналар балалармен ынтымақты қарым-қатынас нақтылы әдістерін үйренеді, отбасында пайда болған өзара түсінбеушіліктерге байланысты жеке дара кеңестер беру ұйымдастырылады. Мектептің ата-аналармен жүргізетін жұмысы баланың мектепке және отбасында, тұтас білім берушілік ортада тәрбие алуына жағдай жасауға бағытталған. Отбасы — саналылық пен ынтымақтастықтың және болашақтың бастау алар негізі.
Ата-ананың міндеті:
1. Балаңыздың сынып жетекшісімен тығыз байланыста болуы.
2. Сабақтан келген балаңың күнделікті күнделігін тексеріп, көмек көрсету.
3. Мектепішілік ата-аналар жиналысына қатысу.
4. Сыныптың ата-аналар комитетінің төрайымымен байланыста болу.
5. Мектептегі ашық есік күні балаңыздың сабағына қатысу.
Ата-аналармен жүргізілетін жұмыс неғұрлым тиімді болуы үшін олармен байланыстың әрқилы түрлерін қолдану қажет. Кейбір сынып жетекшілері тоқсанның аяғында үлгерім қорытындылары туралы ата-аналар жиналыстарын өткізуімен және оқуға үлгермеуші немесе тәртіпсіз балалардың ата-аналарын барлық уақытта бірдей келісіп әрекет жасамауы мүмкін. Бұдан басқа сыныпта, мектепте болатын кез-келген жұмыстарға мектепішілік іс-шараларға, сынып жетекшілердің ең бірінші қолдап, демеу көрсететін сынып оқушыларының ата-аналары. Осыған байланысты сынып жетекші сынып ата-аналар төрайымымен және сынып ата-аналарымен тығыз байланыста болуы керек. Кез келген мәселенің жауабы ата-аналармен шешімін табуға тиісті. Осы орайда барлық сынып жетекшілері бұл мәселені бірлесіп дұрыс жолға қоя білсе, көптеген жұмыстарымыздан жеңілдіктер байқалар еді. Осыған байланысты көптеген ата-аналар сынып жетекшінің ай сайын өткізетін ата-аналар жиналысына келмей де жатады, оқушыңыздың ата-анасымен қалай байланыс жасау керектігі жайлы шешілетін көптеген жолдары бар.
1. Оқушының жанұясына барып тұру. Бұл-ата-аналармен жеке жұмыс істеудің неғұрлым кең тараған және тиімді түрі. Жанұяға барғанда сынып жетекшісі өз оқушысының үйдегі өмірімен, тұрмыс жағдайымен танысады. Ата-аналарымен және жанұяның басқа мүшелерімен әңгімелескенде, сынып жетекшісі оқушының мінезі, қызығуы мен икемділігі туралы ата-аналарына, үлкендер мен кішілерге қарым-қатынасы туралы мағлұматтар алады. Ата-аналарын мектепке тек баласы тәртіп бұзғанда немесе жаман оқи бастағанда ғана шақырмау керек. Кейде оқушы өзін жаман ұстамайды, жақсы оқиды, бірақ сынып жетекшісі оның сыныптан тыс оқуын ұйымдастыру, оны қандай да бір қоғамдық пайдалы жұмысқа қатыстыру, оның белгілі бір саладағы дарынын дамытуға қажетті жағдайлар жасау туралы да ата-аналармен келісіп алуы керек. Ата-аналар мектеп мұғалімдерімен кездесіп отыру пайдалы ғана емес, қажет те. Ол кездесулер мектеп пен жанұя арасында тығыз байланыс орнатуға, оқушылардың оқуы мен тәртібінде кемшіліктерді болдырмауы үшін дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді.
2. Ата-аналармен хат алмасу. Кейбір сынып жетекшілері жанұямен байланыста ата-аналармен хат жазысып тұру түрін қолданады. Хат арқылы мектеп оқушысының үлгерімі мен тәртібі туралы хабарлап тұрады. Кейде хат жазғанда ата-аналардан жанұя тәрбиесіндегі қиындықтар туралы сұрауға, бала тәрбиесі жөнінде олар қандай әдебиеттер оқитынын біліп, ол жөнінде тиісті жаңа кітаптар ұсынуға болады. Ата-аналармен хат жазысуға оқушының күнделік дәптері пайдаланылады. Сынып жетекшілері онда оқушысының оқуға, қоғамдық жұмысқа қатысты тәртібі туралы қысқаша жазып отырады.
3. Сыныптық ата-аналар жиналысы. Бұл сынып жетекшісінің жанұямен байланысының аса маңызды бір түрі. Сыныптағы оқу-тәрбие жұмысының жайымен және міндеттерімен ата-аналарды таныстырып отыру үшін мұндай оқу жылының басында және әрбір тоқсанның аяғында өткізіледі. Олардың мақсаты ата-аналарды нақтылы педагогикалық біліммен қаруландырып, жанұяда бала тәрбиелеудің алдыңғы қатарлы тәжірибесімен таныстырып отыру болып табылады. Біз, сынып жетекшілері, ең бірінші өзіміздің жетекшілік етіп отырған сыныбымыздың ата-аналарына арналған педагогикалық білімдерді насихаттау үшін әңгімелер мен лекциялар өткізуіміз керек. Олардың мазмұны ата-аналардың талаптарына, оқу-тәрбие жұмыстарының нақтылы міндеттеріне байланысты болады. Әңгімелер мен лекциялар жүйелі түрде белгілі бағдарлама бойынша өткізіліп отырса ғана көздеген мақсатына жете алады. Мысалы, «Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі туралы», «Балаларды ұқыптылыққа үйрету», «Үлкендерді сыйлауға үйрету», «Баланың мінез-құлығын тәрбиелеу туралы», «Сыныптан тыс оқуға қалай басшылық жасау керек» т.б. Бала өнегелі болса, сөз жоқ, ол көрікті болады. Сіз, құрметті ата-ана, ұлыңыздың немесе қызыңыздың мектепте нашар оқығанын қаламайтыныңыз белгілі. Кейде, немесе, күнде балаңыз «2» деген нашар баға алса, онда оған ренжисіз, сөгесіз, тіпті тілдеп те жібересіз. Сондай кезде баламен ұрыс-керіс тудырмай-ақ түсінісіп, жөн сілтеуге бола ма? Әрине, болады. Ендеше психологиялық-педагогикалық тұрғыдан берілетін төмендегі 14 кеңеске құлақ түріңіз:
1). Таңертен (не түсте) сабаққа барарында баланы жайлап қана оятыңыз. Сіздің биязы үніңіз бен күлкіңіз-ақ ұйқысын ашуы тиіс. Кешегі бір теріс қылықтарын айтып, басқа түкке тұрмайтын нәрсеге жүйкесін жұқартпаңыз. Тамағын ішпей жатып ұрыс-керіс ұйымдастырмаңыз;
2) Егер балаңыз сабақтан кешігетіндей болып жатса, онда «Бол да болдың!» астына алып айғайламаңыз. Оны ертерек оятпаған өзіңіз кінәлісіз;
3) Баланы сабаққа (әсіресе таңертен) ашқұрсақ жібермеңіз;
4) «Бұзық болма!», «Қисалаңдамай тыныш жүр!», «Бүгін 2 алсаң құртамын!» деген ескертулерді жиі айта бермеңіз. Керісінше, оған жылу сыйлап, жақсы баға алып келуіне тілектестік білдіріңіз;
5) Есіктен кірмей жатып, «Бүгін қандай баға алдың?» деп бас салып балыңызды сұрақтың астына алмаңыз. Мектептен келген балаңызды көңілді қарсы алыңыз, оның сабақтан шаршап келгенін ескеріңіз. Егер бала әлденеге ренжіп келсе, бірдеңені айтпақшы болса, «сені тындауға уақытым жоқ» демей, арнайы көңіл бөліп, мұқият тыңдаңыз;
6) Бала бірдеңеге ашуланып жүрсе, үндемеңіз. Сабасына түскен соң, ол болған жайды өзі-ақ айтады;
7) Бала бірдеңеге қылығы үшін мұғалім сізді шақыртып алса, өзара әңгімеге баланы қатыстырмаңыз;
8) Мектептен келе сала баланы отырғызып қойып сабаққа дайындалтпаңыз. Олар да 2-3 сағат ойнап, демалған жөн, түсте ұйықтап тынықсын. Бесін мезгілі — сабаққа әзірленудің сәтті кезі;
9) Бір мезгілде барлық сабаққа әзірлену талап етпеңіз. Әр сабаққа әзірленген кезде үзіліс жасау дұрыс;
10) Сабаққа әзірленіп жатқан баланың желкесінен төніп тұрмаңыз. Дөрекі сөйлемеңіз. Одан да көмектесіп, бірлесіп дайындалыңыз;
11) «Егер, сен, осы сабақты орындамасаң!» деп басталатын тәртіпке шақыру баланың жүйкесіне әсер етеді. Одан да өзіңіз кірісіп, жайлап жетектеп отырыңыз;
12) Күнде жарты сағат ештеңеге алаңдамай балаларыңызбен емін-еркін, жақын тартып әңгімелесіп тұрыңыз;
13) Балаңыздың көңіл-күйі нашар болса, онда бірден назар аударыңыз. Ол сабақтан зорығуы мүмкін;
14) Егер балаңыз айтқаныңызды тыңдамайтын болса, онда ұстазымен, психолог маманымен, дәрігермен кеңесіңіз.
Халық даналығында: «Баланы 5-ке дейін патшаңдай көтер, 15-ке дейін құлыңдай жұмса, 15-тен кейін досыңдай сыйла», — деген керемет ұлағатты нақыл бар. Соны әрдайым басшылыққа алыңыз. Бала бойындағы жағымсыз мінез-құлықтар үнемі есепке алынса; ата-ана мен мұғалім бірлікте болып, баланың жақсы, жағымды істерін ылғи марапаттау қажет. Қоршаған ортадағы теріс әрекеттерден үнемі сақтандырып отырса, мұғалім мен ата-ана әрқашан сергектік, шыдамдылық танытып, жан жылуын беріп, шеберлік көрсете білсе, онда балаларымыз өзімшіл болмай, қиындықтан қашпай, міндетті мен парызын орындайтын ұрпақ болары анық.
Ата-аналарға арналған этикалық кодекс: бірінші, мектеп білім ошағы екенін есте ұстаңыз. Екінші, мұғалімнің қоғамдағы рөлін бағалаңыз, қолдау көрсетіңіз. Үшінші, бала тәрбиесі тек мұғалімнің ісі емес, ортақ іс екенін ұмытпаңыз. Төртінші, мектеп туралы, мектепте болған жағдай туралы анық қанығына көз жеткізбей тұрып, бөгде орындарға таратпаңыз. Бесінші, мектеп – балаңыздың екінші үйі екенін түсінсеңіз, өзіңізді де сол үйдің мүшесімін деп есептеңіз. Алтыншы, мектепішілік және сыныптағы ата-аналар жиналысынан қалыс қалмаңыз. Жетінші, өз балаңыздың мектептен тыс уақыттағы өміріне аса үлкен жауапкершілікпен қараңыз. Сегізінші, балаңыз сапалы білім алсын десеңіз, оған мектепке қажетті құрал-жабдықтарын уақтылы әперіңіз. Тоғызыншы, балаңыздың денсаулығы мен жеке басының тазалығына және киіміне жауапты қараңыз. Оныншы, өз уақытымен балаңыздың оқу процесін, күнделігін, дәптерін қадағалап отырыңыз. Он бірінші, егер мектепке сабақ уақытында келсеңіз, сынып жетекшісін немесе балаңызды арнайы күту орнында күтіңіз. Он екінші, өз мүмкіндігіңізге қарай мектепте өтілетін, қала көлемінде өтілетін мерекелік шараларға, байқауларға қатысыңыз. Он үшінші, өз еріктерімен әрбір ата-ана мектепке ұйымдастырушылық, ақпараттық және материалдық көмек көрсете алады. Он төртінші, мектеп ішінде, сыныпта бола қалған қиын мәселелі жағдайларда оны мынадай тәртіппен шешуге тырысыңыз: бірінші — сынып жетекшісі; екінші — пән мұғалімі; үшінші — директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары; төртінші — әлеуметтік педагог; бесінші — мектеп басшысы.
Сөз соңын ұлы ұстаз Макаренконың: «Баламен шындап сөйлесу үшін орын мен уақытты таңдай біліңіз. Кіре берістегі, жол-жөнекей айтылған сөз бала көңілінде керекті із қалдырмайды деген», — парасатты ойымен түйіндегенді жөн көрдім.