+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сәрсенбi, 28 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында бастауыш сынып оқушыларын оқытуда инновациялық стратегияларды қолдану

Камзина Ардак Нурахметовна, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ ҒЖ(Г)ПОӘ және ИТ кафедрасы аға оқытушы, Өскемен қаласы

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында:«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп атап көрсетті. [1]

Бүгінгі күні білім беру жүйесі түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген жаңа білім мазмұнына қадам басты.

Жаңартылған білім беру мазмұны білім берудің қазіргі заманғы үрдістерін және қазақстандық білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталып, оқушылардың білімі мен білігін тәжірибеде жаңа жағдайда қолдана білу қабілеттерін дамытуды көздейді.

Жаңартылған білім беру мазмұнының талаптарына сай оқыту процесінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал субъектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі, білім беру жүйесінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр. Оқу ортасында оқушылардың функционалдық сауаттылығын, өздігінен іздену, зерттеу, сыни талдау және бағалау дағдыларын дамыту, яғни «білетін адамнан» «шығармашылықпен ойлауға, әрекет етуге, өзін-өзі дамытуға қабылетті адамға» көшуді іске асыру негізгі мақсат ретінде қойылады.

Жаңа мазмұндағы білім берудің ерекшелігі нәтижелерге бағытталған сындарлы оқыту моделін қалыптастыруға негізделген.

Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді (Hattie, 2011). [2]

Демек, сындарлы оқыту тәсілдері арқылы оқушылар оқу процесінде белсенді әрекетке түседі және осы уақытқа дейін жинақтаған алдыңғы білімдерін ұштастырып, жаңа білімді игереді. Білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқушылардың бойында қарқынды дамыған, ақпараттық қоғамда өмірге қажетті ХХІ ғасырдың кең ауқымды дағдыларын дамытуға басты назар аударылған. Кең ауқымды дағдылар оқушыларға оқудағы, өмірдегі проблемаларды шешуге мүмкіндік туғызады.

Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. [3]

Балаға оқу қызметінің субъектісі ретінде қарап, шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, танымдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруды және жан-жақты дамыған, шығармашыл тұлға қалыптастыруды көздеген жаңа білім беру парадигмасы мұғалімдерге жаңа талаптар қойып отыр.

Жаңартылған білім беру мазмұнында әр мұғалімнің оқу процесін белсенді қызметке айналдырып, оқушыларға оқу-танымдық қызметінде жаңа мәліметтер мен идеяларды өз беттерімен, тәуелсіз меңгеріп, танымдық «жаңалық» ашу, шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде түрлі өнімдер жасауға, алған мәліметтері пайдалы болатындай ойлануына мүмкіндік туғызуы аса маңызды болып табылады. Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың жаңа идеяларды әр түрлі көзқараспен зерттеп, шынайылығы мен пайдасын талқылап, идеяның жалпы құндылығын анықтай алуына көмектесетін белсенді оқуды жүзеге асыра алулары қажет.

Білім саласында инновациялық өзгерістерге әкеліп, оқытудың негізі ретінде тұлғалық дамуды қарастырады, өйткені динамика мен өзгерістерге толы ақпараттық дәуір экономикасы адамның білімді әрі білікті тұлғасына тәуелді. Бүгінгі қоғам сұраныстары оқушылардан келесідей құзырлықтарды талап етеді:

— ақпараттың ішінен өзіне қажеттісін таңдап, оны пайдалану;

— проблемаларды шешу және шешім қабылдау;

— өзіндік пікір, идеялар, тұжырым, түсінік келтіру, оларды дәлелдей және қорғай білу;

— әлеуметтік ортада ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас құра білу, бірлесе жұмыс жасай білу;

— өмірге деген көзқарасын, ұстанатын сенімдерін, қажеттіліктерін, құндылықтарын жалпы адами құндылықтармен байланыстыру;

— өздігімен үйрене білу, өз білімін әрқашан да дамытып отыру.

Оқудың тиімділігін, оқушылардың белсендiлiгiн арттыруға мүмкiндiк беретiн инновациялық стратегиялардың маңызы зор.

Инновациялық үдеріс – білім мазмұнын қалыптастыру, дамыту бойынша және жаңасын ұйымдастыру бойынша кешенді қызмет. Инновациялардың маңыздылығы олардың динамикалығымен және белсенділігімен анықталады.

Қазіргі уақыт – инновациялар, жаңашылдықтар және жаңалықтар уақыты екенін ескере отырып, оқу үдерісінде оқытудың инновациялық стратегияларын қолдану қажеттілігі туындайды және оқыту үдерісі мен стратегиялар осыған сай болуы тиіс. Оқытудың инновациялық үдерістеріне баулу, стратегияларды үнемі қолдану оқушылардың ойлауын жаңашылдықтарға ашық етуге, озық жұмыс істеуге баулуға мүмкіндік береді, себебі бұл қасиеттер инновациялық оқытудың ерекшеліктері болып табылады.

Оқытудың инновациялық стратегиялары – бұл «мұғалім–оқушы» әрекеттестігінің жаңа тәсілдерінен тұратын стратегиялар, оқу материалын меңгеру барысындағы іс-тәжірибелік қызметтегі белгілі жаңашылдық.

Инновациялық стратегиялар оқу мақсаттарын, материалдың мазмұнын, оқыту қағидаттарын іс-тәжірибелік тұрғыдан іске асыруда жүзеге асыру механизмі. Оқытудың инновациялық стратегиялары оқушылардың шығармашылық және инновациялық қызмет тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Инновациялық стратегиялардың мақсаты – тек ақпаратты беру ғана емес, оқушыларға жауаптарды өз бетiнше табу дағдысын меңгерту екендiгiмен байланысты.

Бұл өзара әрекеттестіктің ерекшелігі мыналардан тұрады:

  • білім субъектілерінің бір мағыналық кеңістікке келуі;
  • мәселелер өрісінде шешілетін тапсырмаларды бірігіп көтеру, яғни бірыңғай шығармашылық кеңістікке қосылу;
  • тапсырмаларды шешуді жүзеге асыратын әдістер мен құралдарды таңдауда келісушілік;
  • барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау;
  • әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау;
  • үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құру.

Сондықтан, мұғалімдер белсенді оқу ортасы арқылы әр оқушының жеке қабілеттерін, ішкі мүмкіндіктерін, шығармашылығын дамытуға ат салысуы керек. Ол үшін бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында белсенді іс-әрекеттің стратегияларын (барлық сыныппен, топпен жүргізілетін жұмыс, жұппен жұмыс, жеке жұмыс, кері байланыс) қолданулары қажет.

Инновациялық стратегияларды пайдалану кезінде оқушылар түсіну процесіне толыққанды қатысушылар болады, оның тәжірибесі оқу танымының негізгі қайнар көзі қызметін атқарады. Мұғалім дайын білімді бермейді, бірақ оқушыларды өз бетімен ізденуге үйретеді. Білім берудің дәстүрлі нысандарымен салыстырғанда, инновациялық стратегияларды оқытуда қолдануда мұғалім мен оқушының өзара әрекеттестігі ауысады: мұғалімнің белсенділігі оқушының белсенділігіне орын береді, ал мұғалімнің тапсырмалары олардың инициативасы үшін жағдай жасаушы болады. Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың мүдделері және қажеттіліктерін қанағаттандыру негізінде оқытуда инновациялық стратегияларды қолдануды жоспарлауы қажет.

Инновациялық стратегиялар төмендегі негізгі қағидалар мен мақсаттардан тұрады:

1. Орта қалыптастыру:

  • оқушылар үйренуде өз әрекеттерінің жемісті екендігін сезінетін жағдайлар жасау;
  • оқушылар арасында ашық, еркін, шығармашылық қарым-қатынас орнату;
  • оқушыларға білімді дайын күйде бермей, оны ізденуге бағыт-бағдар сілтеу.

2. Әрекет арқылы оқыту:

  • оқушыларға білімнің өзіндік әрекеттер арқылы ғана тиімді түрде         меңгерілетіндігін дәлелдеу;
  • белсенді әрекеттерге баулып, олардың білім игеру әрекеттерін ұйымдастыру.

3. Өмірмен байланыстыру:

  • оқытуды тәжірибелік әрекеттерге негіздеу, пән мен тақырыпты күнделікті өмірде туындайтын мәселелерді шешу деп қарастыру.

4. Өзінділік пен дербестікке баулу:

  • оқушылардың дайын жауаптарын қанағат тұтпай, оларды ой-толғаныс арқылы өзіндік пікір құрастыруға, мәселені шешуде өзіндік тұрғыдан жауап табуға ынталандыру (егер оқушы жауап бере алмаса, дұрыс жауапты өзі бермей, оны басқа оқушылардың табуына ықпал жасау);
  • оқушыларда сыни және аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастыру (күмәндану, өзіндік түсінікке ұмтылу, ақпараттан әртүрлі мағынаны көре білу, дәлелдеме келтіру).

Оқу үдерісінде инновациялық стратегияларды қолдану арқылы әр оқушының оқудағы қажеттілігін қанағаттандыруға болады:

  • түсінік пен дағдылар тереңдейді;
  • өзіне деген сенімі мен оқуға деген уәжі артады;
  • оқушыларға идеяларды тереңірек түсінуге көмектесе отырып, шығармашылыққа ынталандырады;
  • барлық оқушылар үшін тиімді.

Барлық оқушылардан күтілетін нәтижені арттыра алады:

  • оқушылардың қызығушылығын оятады;
  • материалдың тиімді игерілуіне мүмкіндік береді;
  • оқушыларға көп қырлы әсер етеді;
  • кері байланысты жүзеге асырады;
  • оқушыларда өзіндік пікір, қатынас қалыптастырады.

Оқытуда инновациялық стратегияларды қолданудың тиімділігі:

  • Өз тәжірибесінің негізінде үйренеді;
  • Оқушыларға тәжірибе жасап, мәнін ұғынып, түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді;
  • Жаңа білімді бұғанға дейінгі біліммен байланыстырады, қателіктер бізге өзімізді тексеріп, түсінігімізді жетілдіруге жол ашады;
  • Нәтижесі – терең, білім, көзқарасты өзгертеді;                      
  • Тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын жетілдіреді;
  • Ақпарат алу және жоғары ойлау дағдыларын жетілдіреді;
  • Оқушылар арасындағы тосқауылдарды бұзады.

Қорыта келгенде, жаңартылған білім беру мазмұны ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсете білетін тұлғаның үйлесімді қалыптасуына және зияткерлік дамуына қолайлы білім беру ортасын тудыру болып табылады. Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқытуда инновациялық стратегияларды қолдану барысында оқушылар қажетті ақпараттарды өз бетінше табады, мәселелерді анықтап және олардың шешу жолдарын іздейді, алынған білімдерді сын тұрғысынан талдай біледі.

Инновациялық стратегияларды қолдану әр оқушының оқу ортасында белсенді қызметпен айналысып және сол арқылы оқытудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Белгіленген оқу мақсаттарына қол жеткізуде бүкіл сынып қатысатын, топтық немесе жұптық, жеке жұмыс түрлерін қамтуды көздейтін инновациялық стратегиялар арқылы тиімді сабақты жоспарлау маңызды болмақ. Оқыту мен оқуда инновациялық стратегиялар оқушылардың алға жылжуына септігін тигізеді, жаңа дағдыларды меңгеруге ықпал етеді.

Инновациялық стратегиялар оқушыларды оқу процесіне белсенді тартуды, талқылауларға қатысуды, оқу материалдын талдау және қорытуды, зерттеу жүргізуді, білімді шығармашылық тұрғыда қолдануды, сын тұрғысынан ойлауды көздейді.

 

  Әдебиеттер 

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру.- Астана: Ақорда.- 12 сәуір 2017 жыл;
  2. Мұғалімге арналған нұсқаулық «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015;
  3. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015;
  4. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары.- Астана: Ақорда, 2010;
  5. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың  2016 — 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы: Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы.- №205, 1 наурыз 2016 жыл;
  6. Бастауыш білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты: Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2015 жылғы 25 сәуірдегі № 327 қаулысы;
  7. Әлімов А., Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері.– Алматы, 2013. — 448 б;
  8. Нағымжанова Қ.М., Инновациялық технологияның құрылымы.– А:Өркен, 2007
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype