Қазіргі кезде қазақтың қимыл-қозғалыс, тапқырлық, ептілік, төзімділік, ой-қиял ұшқырлығына бірлесіп атқаратын қимылдар үйлестігіне баулитын ойындары тәрбие жүйесіне енгізілуде. Олар тек дене шынықтыруға ғана емес, жас ұрпақты туған халқының өткен жолын, тарихын, тілін, әдет-ғұрпын жақынырақ білуге де жақсы көмектеседі. Баланың жас ерекшелігіне, зейініне сай ұйымдастырылған ойындар баланың ақылын, дүниетанымын кеңейтеді. Мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастырады және сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Белгілі психологтардың айтуынша, бала ойын үстінде қандай болса, өскенде еңбек үстінде сондай болады — дейді.
Жас ұрпақтың дұрыс қалыптасып, өсіп-өнуіне әсер ететін факторлардың бірі – халықтың ұлттық ойындары. Халықтың тарихи айнасы – ұрпақтан-ұрпаққа мұрагерлік жолмен жететін мәдениет. Сондықтан дәстүрлі халық ойындарын қазіргі жас ұрпақ өміріне енгізу, оны бүгінгі көзқараспен сараптай отырып қайтадан жаңғырту, қазіргі дербес қазақ ғылымының қалыптасу жылдарындағы зерделеуді қажет ететін өзекті тақырыптың бірі. Мектеп жасындағы, мектеп жасына дейінгі балалардың физиологиялық тұрғыдан дұрыс өсуіне бағытталған ойын элементтерін күнделікті өмірде пайдалануға мектеп жасындағы балалардың пәндік сабағына енгізу – бүгінгі күннің талабы. Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Оқушыларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық», «Ақсүйек» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолдану керек деген пікір бар. Оқушы ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Мұғалім әр оқушының еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулиды. Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді. Ендеше пәндік сабақтарды ұлттық ойындар арқылы сабақтасытырып түсіндіру пән тақырыптарын тез, жылдам меңгеруге ықпал етеді. Оқушының сөздік қорын байыта түседі.
Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса көрнекті жазушы М.Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», — деп тегіннен тегін айтпаса керек.
Мектеп жасындағы, мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі қазіргі қоғамдық дамуда үлкен әлеуметтік мәнге ие болды. Ал дене тәрбиесін халықтық ұлттық ойын түрлерімен ұштастыру баланың денсаулығына оң әсері бар екені дәлелденген. Атап айтсақ, жас баланы тәрбиелеу кезінде басты фактор, балалардың қимыл-қозғалыс әректтерінің қаншалықты дұрыс жолға қойылғандығына байланысты. Себебі, қимыл-қозғалыс бұлшық етке қан жүгіртіп, ағза қорегін арттырады.Қозғалыс – бала үшін үлкен бір қуаныш көзі.
Ұлттық ойындарды үйрету бала санасының рухани және имандылық тұрғысынан дамуына да үлкен әсер етеді. Әр халықтың ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық халық ойындары пайдалылығы жағынан ерекше орын алады.
Қазақ халқының көне заманнан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ұлттық ойындары қоғамдық, жанұялық, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне байланысты дамыған.
Ендеше бүгінде, компьютерлік ойындар бала санасын улап жатқан заманда ұлттық ойындарымызды күшейтіп, балалардың сәніне айналдыруға жұмыс жасауымыз керек екені маңызды мәселенің бірі болмақ.