+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Бейсенбi, 29 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

«Рухани жаңғыру» аясында оқушыларды ұлттық құндылықтарымыз арқылы шығармашылық жұмыстарға баулу

Нурпеисова Асель Алексейқызы, «А.С. Пушкин атындағы орта мектеп» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, Ұлан ауданы

 «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». 
Н.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы

Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы біздің өміріміздің барлық саласына қатысты деп ойлаймын. Білім саласы, соның ішінде, ұстаздар үшін алатын орны ерекше, себебі біз шәкірттерімізді Отанға, еліне, халқына деген сүйіспеншілікке тәрбиелейміз, рухани өсуіне мүмкіншілік жасаймыз. Елбасы «әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп атап көрсеткендей, оқушыларды ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуге, сақтауға тәрбиелеу – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің басты міндеттерінің бірі. Бүгінгі мақаламда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бағыттарын өз сабағымда қалай қолданамын, неге баса көңіл аударамын деген сауалдарға тоқталмақпын. «Алдымызда отырған шәкірт – еліміздің ертеңі» деген сөзді жиі айтамыз. Бірақ, осы шәкіртіміз елімізді көркейту үшін, Отанына қызмет істеу үшін біз мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ ата-анамен бірлесе отырып, оның бойына ұлттық құндылықтарымызды, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіре білуіміз керек, алған білімін өмірмен ұштастыра отырып, тәрбиелеуіміз керек, сонда ғана бүгінгі шәкіртіміз елімізді көркейтетін азамат, тұлға болып ер жетеді деп ойлаймын. Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы арқылы білім беретін сыныптарда сабаққа қойылатын талаптар, сабақ мақсаттары, нәтижесінің бәрі жеке тұлғаның өз ойын дәлелдей білуіне, туындаған мәселелерді шеше білуге бағытталған. Сонымен бірге, ұлттық дүниетанымымызды бағалай білуге баса назар аударылады, қысқа мерзімді сабақ жоспарында «Құндылықтарға баулу» бөлімі жеке көрсетілген.

 

 Осы орайда қазіргі білім беру жүйесінде «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?», «Мұғалімдер оқушыларды қалай дайындайды?» деген өзекті мәселелер көтерілуде. Осы аталған мақсат-мүдделер бүгінгі қоғамға жаңа форматты ұстаздарымыз легін және жаңартылған білім мазмұнында білім беруді қалыптастыруға негіз болуда. Яғни, жан-жақты дамыған, сындарлы ойлай алатын, функционалды сауатты, рухани жан-дүниесі бай, саналы да тәрбиелі, салауатты жеке тұлғаны баулуда жаңашыл идеяларды меңгерген, кәсіби білікті педагог және шәкірт қажет.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бесікте жатқаннан-ақ бала тәрбиесіне аса назар аударған халқымыз өз ұрпағының тағдырына алаңсыз қарамаған. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаевтың пікіріне тоқталсақ: «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»,-деген сөзі бүгінгі ұрпақты тәрбиелеудің көзі ұлттық құндылығымызда екендігін айғақтай түседі. Ұлттық құндылықтарды тәрбиелеу мақсатында біздің мектепте де бірнеше іс-шаралар өтті.

Атап айтатын болсақ, біздің мектепте «Патриоттық әндер» сайысы, «Жасұлан» ұйымына қабылдау, «Туған жерге тағзым», «Қарттар асыл қазынам», «Жас маман», «Үздік сынып жетекші», «Туған жер» жобасы бойынша мәдени, тарихи ескерткіштерге саяхатқа оқушылар барды.

Ұлттық құндылықтардың тағы бір көрінісі ол оқу бағдарламаларында.

Жаңартылған білім мазмұнында «Көшпелілер мәдениеті», «Қазақ салты, «Отбасылық құндылықтар», «Мәдени тарихы ескерткіштер» деген көлемді тақырыптар оқу бағдарламасына енгізлген.

Мектепте «Өлкетану», «Өзін-өзі тану» атты курстар бағдарламаға енгізілген.

Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы ұлтымызды ұлттық рухқа, ұлы мақсаттарға жетелейді. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,-дегендей [2.6], өткенімізді білмей, болашаққа қадам баса алмаймыз. Ал біздің тарихымыз, мәдениет, әдебиетіміз – сарқылмас рухани қазынамыз.
Осы орайда ұстаз Қанипа Омарғалиқызының пікіріне жүгінбесек болмас: «Ой, ойлану, ойланту барлық пәндерге де керек. Ойсыз өмір сүру мүмкін емес деген, ал Құмаш Нұрғалиев атамыз «Оқудан тиылған ойлаудан да тиылады» деген екен. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе — өзіндік ойлау, өзіндік пікірде жатыр. Әдебиетті оқыуда мұғалім оқушыларға көркем туынды туралы оқулық авторы, не ғалымдар пікірін қайталауда, не соны қағаз қалпында мазмұндатуды мақсат етпеу керек, ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудың маңыздылығын, күрделілігін атап көрсетеді.

         «Әдебиет- асыл ойдың сабағы. Бала әр сабаққа ойланып келіп, сабақтан ойланып кетуі керек. Ойсыз өткен сабақ — бос, өнімсіз сабақ», — деген ұстаздың ұстанымын әр сабағамызда санамызда ұстап қана қоймай, сол ұстанымның биігінен көрінуді мақсат ете отырып, сабақтың ғылымилығына, шығармашылық тапсырмаларды орындата отырып, әр оқушының бойындағы қабілеттерін ашуға түрткі жасаймыз. Оқушыны ойланту, өзіндік ізденіске жетелеуде ұстаздың технологиясында жиі қолданылатын КЖТ, модельдің тиімділігі зор. Өз тәжірибемізде оқушыларды сөз өнеріне, сөз мәдениетіне, рухани тазалыққа баулуда ұлыларымыздың тағлымына жүгінеріміз сөзсіз. Төменде 7-сынып оқушыларын қазақ әдебиетінен шығармашылық, зерттеу жұмыстарына жетелейтін тапсырмалар үлгісін ұсынып отырмын.

Өлкеміздің тумасы, ҰО соғысының ардагері, даңқты қолбасшы, майдангер-жазушы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» повесін оқыту барысында оқушыларды шығармашылық жұмыстарға жетелей отырып, өз елінің, жерінің болашақ қорғаушылары екендігін саналарына сіңіріп өсуді мақсат еттім. Оқушылармен оқылым, тыңдалым, жазылым барысындағы берілген тапсырмаларды орындау – бұл стандарт талабы болса, ал шығармашылық қабілеттерін ұштауға төмендегіше еркін бағыттағы тапсырмаларды, яғни өз қалауымен орындалатын зерттеушілік, шығармашылық бағыттағы тапсырмаларды ұсындым.

-«Майдангер-жазушылар» туралы ғылыми хабарлама жасау;

-«Мен таныған даңқты қолбасшы» шағын ой-толғау жазу.

-«Бауыржан бабама хат…» хат жазу.

Бұл тапсырмалар оқушылардың жазба жұмыстарына төселуіне, өз ойларын көркем сөзбен жеткізулеріне, ақпарат, деректермен жұмыс жасауларына негіз болды.

Сондай-ақ, әдебиет сөз сабағы болғандықтан, оқушылардың сөзбен сурет салуларына ерекше мән бердік Өздері оқыған мәтінге сәйкес суреттер салдыру, «қыл қалам» шеберлерінің сайысын ұйымдастыру да оқушының өзіндік ынтасын, қызығушылығын арттыруға жол ашады.

Қорытындылай келгенде, оқушылардың функционалдық сауаттылыққа, шығармашылық жұмыстарға жетелеуде төмендегі нәтижелерге қол жеткіздім:
— Оқушылардың қызығушылығын туғызатын іскерік ойындары күрделі де, маңызды тапсырманы орындаудың жеңіл, оңтайлы жолын қарастырады;
—  Сауаттылыққа баули отырып, тіл дамыту үрдісі жүзеге асады;
—  Алған теориялық білімін тәжірибеде өз беттерімен қолдана білуге түрткі жасайды;
—  Ең бастысы, оқушылардың өз-өзін оқытуы, ойлауы, ізденуі, табуы, пайдалану сияқты іс-әрекеттерге дағдыландырады. 

Әдебиеттер:                      

  1. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы
  2. Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»//Егемен Қазақстан, 12 сәуір, 2017ж.
  3. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы 2014.
  4. Бітібаева Қ.О. Әдебиетті оқыту әдістемесі. А:Рауан, 1997, 284.
  5. Керімбекова Б. Қуанышбаева Ә. Қазақ әдебиеті. 7-сынып. Алматы: Мектеп, 2017ж.
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype