+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 3 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Әдіскер болу — бір бақыт

Қонақбаева Әсел Әденбекқызы, «Ертөстік» бөбекжай-бақшасының әдіскері, Зайсан қаласы

Мен бүгін

Ерекше бір сезіммен ояндым,

Сәулелі шуақты ақ таңға боядым,

Жүректе қуаныш, бойда күш тасыған,

Өмірімнің мәніне айналған,

Бүлдіршіндерді көремін тағы да қасымнан!- бұл менің әрбір таңда оянып, жұмысқа шығар кездегі жүректегі сезімім.

Мен, Әсел Әденбекқызы, киелі Зайсан жеріндегі сұлу да сымбатты «Ертөстік» бөбекжай-бақшасының әдіскерімін.

 

Мынау менің балабақшам… Мынау менің әріптестерім… Мынау менің кішкентай бөбектерім… Әр күні олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге балаша қуанып, мына өмірге балаша қарағым келеді.

Мен балаларды жанымдай жақсы көремін… Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса, шын қуанып, ренжісе, шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады.

Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді… Әр бала өзінше бір әлем… Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл… Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс-бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?!

Мен тәрбиешімін, мен ұстазбын, мен әдіскермін… Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі осы қызметте еңбектеніп жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар. Ал сол тәрбиешіге жан-жақты көмек көрсетіп, білмегенін үйретіп, жұмысына икемдейтін ол — әдіскер.

Жасыратыны жоқ, әдіскерлік мамандығын таңдаған жандардың кәсібіне көңілі толмай қиындығын айтатындары көп, бірақ өз қызметін сүйе білген мен үшін бұл мамандық ерекше орынға ие. Мен балабақшада 6 жыл еңбек етудемін, бірнеше жыл тәрбиеші болдым, ал әдіскерлік қызмет етіп жүргеніме 2жыл ғана уақыт болды. Әдіскер мамандығының қыр-сырын енді ғана меңгеріп, үйреніп келемін. Бұл еңбектен ешбір жалыққан емеспін. Өйткені менің жас бүлдіршіндерге, оларды тәрбиелеп отырған тәрбиешілеріме арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын.

Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді көріп, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым бүлдіршіндерім мен тәрбиешілерімнің маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін…

Балабақшаға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Әріптестеріме қандай кеңестер беремін деген ойлармен келемін. Күніміз қызықты өту үшін, тәрбиешілермен жақсы қарым-қатынас орнату үшін жұмысыма жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін.Әр күннің сәтті шығуы, әрине өзіме байланысты.

Тәрбиешілерге, әсіресе осы мамандыққа енді ғана қадам басқан жас мамандары баулуда ерекше қабілет пен асқан біліктілік, өз қызметіңе деген сүйіспеншілік қажет.

Өз педагогикалық тәжірибемде, педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдамасын негізге аламын. Менің негізгі мақсатым – әріптестеріме жақсы көңіл-күй сыйлай отырып, жұмысының ақсап жатқан жақтарын түсіндіру, жақсарту, меңгерту. Өзімді жұмыс барысында бағыт беруші, жол сілтеуші ретінде сезінемін. Сондықтан да үлгілі, үздік әдіскер болуға барынша тырысамын. Менімен бірге жұмыс жасайтын жандардың жанын түсініп, мақтап, қолпаштап, көмек көрсету арқылы қызметімде тек қана жақсы жетістікке қол жеткізетініме сенемін. Бұл жерде әдіскерге артылар жүк жеңіл еместігіне көзіміз жетеді.

Мен үшін бұл қызмет ең маңызды, жауапкершілікті қажет ететін жұмыс –балабақшаның өзін-өзі басқару ұйымына бағыт бере отырып, олардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру міндетім деп білемін. Бұл міндетті жоғары дәрежеде орындай аламын деп санаймын, себебі әріптестеріммен бірге көптеген асулардан асып, жетістіктерге қол жеткіздік.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші балабақшамыздың атына сай бірінші болуына ең алдымен қызметкерлеріміздің бірлігі, білімі әрі жауапкершілігі септігін тигізеді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, әлі де кемшіліктеріміз бар, бірақ олардың барлығын саралай келіп, кейіннен түзетуге ұмтыларымыз анық.

Балабақшамыздың бүлдіршіндері мен тәрбиешілері ауданымызда өткізіліп жатқан барлық іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Әдіскердің жұмысы оңай еместігіне тағы бір себеп, кейбір мамандықтың иелері сегіз сағаттық жұмысын бітіріп келген соң алаңсыз дем алады. Ал, әдіскердің жұмысы сегіз сағатпен бітпейді. Ол бос уақытында да өз тәрбиешілерінен ойын үзбейді, олардың жұмыстарын саралап, келер күнгі бағдарын жоспарлайды. Өйткені оқыту мен тәрбиелеудің бүгінгі жүйесі, көп мәселеге жаңаша қарауды, барынша терең білімді болуды талап етеді.

Мен де өз тәрбиешілеріме бүлдіршіндерді тәрбиелеу барысында жаңа технологиялар мен электронды оқу жүйелерін пайдалау мен қолдану түрлерін үйреніп, өз тәжірибемізде пайдаланып жүрміз.

Бүгінгі тәуелсіз еліміздің дамып, одан әрі өсіп-өркендеуі мен Елбасымыз атап айтқандай бәсекеге барынша қабілетті болуы ең алдымен осы мемлекеттің іргетасын құрайтын жастардың білімділігі, мәдениеттілігі, саяси саналығы мен өмірге бейімділігіне байланысты. Ізденген маман қайтсе де нәтижеге жетуді көздейді.

«Ел есіңде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек, бірегей тәрбиеші мамандығын, олармен жұмыс жасайтын әдіскер мамандығын ұлықтай білейік.

«Білерім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінімнің көп екенін ұға түсемін. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау әлі алдымда. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін — зердесі кең, алыстан қарасаң — кербез, жақыннан қарасаң — кішіпейіл. Жүзіне үңілсең — мейірімді, жанына үңілсең — шуақты көрінбек. Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты әдіскер атансам — адами парызымның орындалғаны болар.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype