+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 3 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Мемлекеттік тілді оқытуда ойын элементтерін қолданудың тиімділігі

Кайдарова Ләззат Әскербекқызы, ШҚО тілдерді дамыту басқармасының ШҚ лингвистикалық орталығының қазақ тілі оқытушысы

Ересектерге мемлекеттік тілді оқытудың өзіндік ерекшеліктері бар. Орталық оқытушыларының басты мақсаты - тыңдаушылардың сөздік қорын біртіндеп дамыту, сөйлей білуге үйрету болып табылады. Грамматиканы толық қарастырып, тыңдаушының қызығушылығын төмендетіп алмау оқытушының шеберлігіне байланысты. Әр сабағында тақырыпқа лайық жаңа сөздерді меңгерте отырып тыңдаушының лексикалық қорын байыту мақсатында оқытушының түрлі әдіс-тәсілдерді қолданғаны дұрыс. Себебі, біздің алдымызға келген тіл үйренушілер әр салада қызмет жасайтын қызметкерлер және өз саласының білікті мамандары. Сабақ жұмыс барысында өтетіндіктен тыңдаушылардың көңілі өз жұмыстарына алаңдап отырады, сондықтан олардың қызығушылығын ояту мақсатында, мемлекеттік тілді оқуға келгендерін естеріне түсіретіндей сабақтың басын жанға жағымды жағдаяттар арқылы бастау керек.

Мысалы, «Алақанға жан бітір» ойынымен сабақ басталса тыңдаушылар асқан қызығушылықпен қатысып, бар назарларын сабаққа аударады. Бір бетке алақанын салып, оған жан бітіру керектігін ұсынады. Алақанға ауыз, көз, қас, құлақ салып, саусақтарын бояуға, әр саусаққа ерекше есімдер ойлап тауып жазуға, cодан соң неге олай аттағандықтары туралы айтып беру ұсынылады. Тыңдаушылар жұмыстан біраз уақыт көңілдері бөлініп өздерінің ой-қиялдарына ерік береді.

«Сөзді есіңде сақта» ойыны арқылы сабақта өткен сөздерді естерінде сақтауға болады. Оқытушы тыңдаушыларға тақырып бойынша сөздерді оқиды. Тыңдаушыларға мұқият тыңдау ұсынылады. Алғашқы сөзді оқытушы айтады, тыңдаушылар келесі сөзді есінде сақтап қайталайды. Мысалы: А2 тобына сын есімдері бар сөз тіркестерін, ( бірін бірі немесе ауа райын т.б. сипаттау) В1, В2 тобына тақырып бойынша мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді жалғасын тапқызып ойнатуға болады.

Сабақты бекіту мақсатында тыңдаушыларға (А2, В1,В2) анаграмма, сөзжұмбақ, кесте бойынша сөздерді табу, суретпен жұмыс жасатамыз. Тыңдаушыларды жалықтырып алмас үшін осындай ойын түрлерін сергіту сәті ретінде жиі қолдану оқыту барысында өз нәтижесін берері сөзсіз.

Сабақ барысын «Сұраққа тез жауап бер» ойынымен жалғастыруға болады. Мысалы:

  1. Ит үреді не көшеді?
  2. Не өткір?
  3. Лимон қандай? Алма қандай?
  4. Басшы кім?
  5. Маман қызметкер қандай болуы керек?
  6. Көктемде алғаш шығатын гүл
  7. Қабатты үй биік болса, жер үй қандай?
  8. Денсаулық қандай байлық?
  9. Ұлы даланың неше қыры бар?
  10.  Бұлақ көрсең не істе? Сол сияқты т.б.

Сабақ барысында шағын мәтіннің ішінен сөз тіркестерін түртіп алу әдісі арқылы тыңдаушылар сөздік қорларын молайта алады. Мысалы бір модульді аяқтағаннан кейін, сол модуль бойынша өткен жаңа сөздер бойынша келесі тапсырмаларды беруге болады: тыңдаушыларды бірнеше топқа бөлеміз, әр топ бір ұяшық таңдайды. Ұяшықтың ішінде орысша сөздер жазылған топ мүшелері жылдамдықпен аудара отырып, сол шыққан сөздерден қанатты сөз, мақал немесе сөз тіркесін құрау керек.

Ойынның негізгі мақсаты – алған білімдерін бекіту. Тіл үйренушілердің тілге деген қызығушылығын ояту. Оқыту кезінде ойын элементтерін қолдану сабақтың басында өткен сабақты еске түсірсе, жаңа сабақ барысында жаңа сөздерді меңгертуге, сабақтың ортасында көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Ал сабақтың соңында тақырыпты бекітуге таптырмас тәсіл. Мысалы: сабақты қорытындылау мақсатында тыңдаушыға тақырып бойынша сызба салуға кеңес беріледі. Соңынан сызбаға қажетті материалдарды анықтау немесе оқытушының фантазиясы бойынша түрлі карталар құрастырып ұсынылады.

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытуда инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігіне баса назар аударылуда. Оқытушының негізгі міндеті — оқытудың тиімді жолдарын қарастыру. Бүгінгі таңда оқу процесінде оқытудың жаңа әдістері, яғни инновациялық әдістері кеңінен қолданылады. Оқу үрдісінде оқытудың озық технологиясын пайдалана отырып, сабақты қызықты да әсерлі өткізу – оқытушының үлкен жетістігі.

Осы мақсатта тыңдалым дағдысын өткізген кезде көбінесе бейнероликтерді пайдаланған тиімді. Тіл үйренуші бейнероликті көреді, тыңдайды, тілге үйренеді. Өтіп жатқан тақырыпқа сай қысқаша бейнежазба таңдап алып, жұмыс жасалынса, тыңдаушылар сол тақырып пен жаңа сөздерді жақсы қабылдайды. Бейнероликті тыңдап, көрген бейнеролик бойынша тест сұрақтарын, сұрақ-жауап әдісін қолданған дұрыс. Мысалы:

Бейнежазба не туралы айтылады?

Бейнежазбаға кімдер қатысқан?

Бейнежазбадағы негізгі ойды ата

Бейнежазбадағы қандай қанатты сөздер айтылады? т.с.с.

Мемлекеттік тілді оқытудың ұтымды жолдарын жетілдіру — оқытушының басты міндеті. Өйткені мемлекеттік тіл — рухани негіз, ұлтты танытатын басты белгісі. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – заман сұранысынан туып отыр. Олай болса, кез келген қазақстандық тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында қызмет етуі керек.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Тіл-құрал А2, Астана,2011
  2. Балабеков А.Қ. Қазақ тілі: тыңдалым. Жаттығулар жинағы, Алматы, 2018
  3. Романенко Е. Раговорный казахский язык, Алматы,2013
  4. Күзекова З., Масақова Г. А2 Базалық деңгей А2, Астана, 2018
  5. Тіл құрал В1 орта деңгей. Алматы,2011

 

 

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype