Белсенді оқу оқушының мұғалімді енжар тыңдап қана қоймай, белсенді жұмысқа тартылуын көздейтін оқыту және оқу әдістерінің бірі болып табылады. Бұл тәсілдер оқу үдерісі жаттығудың алдында емес, оны орындау барысында жүзеге асырылатын құбылыс екендігін түсіндіреді. Сабақ барысында баланың өзі еңбектеніп, өз бетімен немесе топтық жұмыста бірлесіп тапқан білімі анағұрлым тиімді болуы сөзсіз.
Интербелсенді әдістер мен тәсілдер үйренушілердің тұлғалық тұрғыдан өзіндік және дербес түрде дамуына әкеледі, оларды өз мүмкіншіліктері мен ұстанған құндылықтарын түсінуге және бағалауға жетелейді.
Таным әрекеттерін ұйымдастырудың арнаулы әдістемесі ретінде интербелсенді оқыту білім игеру процессіне қатысушылардың (үйренуші мен үйретушілердің) тиімді қарым-қатынасына негізделеді. Ағылшын тілінен келген «interaktiv» сөзі де осы ұғымды білдіреді: «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» — «әрекет жасау» дегенді білдіреді, яғни интербелсенді әдістер – үйренуші мен үйретушілердің өзара әрекеттесуін оқу/оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер [1].
Басқаша атқанда, «интербелсенді» дегеніміз — бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Ал «интербелсенді оқу» дегеніміз өзара қатым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқу/оқыту, диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші-үйренуші», «үйренуші-үйренуші», «үйренуші-өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «пікірлесу», «бірлескен әрекеттер») [3].
Математика сабағында интербелсенді оқыту/оқуды пайдалану нәтижесінде:
- Барлық үйренушілерге бірлескен танымдық процеске белсенді араласуға мүмкіндік жасалады.
- Әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерді өзара ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау.
- Үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құрылады [2].
Белсенді оқу барысында білім алушылар мынандай білік, дағды, машықтарға үйренеді:
- Терең ойлау, жеке рефлексиялық қабілеттерді дамыту;
- Өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру;
- Ақпаратты өздігімен түсініп, оны таразылап, екшелеп, оның ішінен керектісін таңдап алу;
- Ақпаратты жан-жақты талдау;
- Өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыру;
- Оқу барысында жеке басының құндылықтары мен сенімдерін қалыптастырып, белсенді өмірлік позиция (көзқарас, дүниетаным) ұстану;
- Пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу;
- Басқа да балама пікірлерді ескеру;
- Шешім қабылдау және қиын мәселелерді шешу;
- Ортақ жұмысқа жұмыла білу;
- Басқалармен тиімді қарым-қатынас құру, өзара әрекеттесу;
- Үйренушілер ұжымына ортақ бірлесе жұмыс жасаудың рухани және моральдық ережелерін қабылдау;
- Оқушылар тобын ұжым ретінде қабылдау.
Бұл біліктер тұлғаның тұрақты қасиеттеріне айналып, тек сабақ кезінде ғана орын алып қоймай, сонымен қатар өмірдің басқа да жақтарынан тиянақты түрде көрінеді. Осы біліктер жинақтала келе мақсат етіп алған оқушының негізгі құзырлылықтарының қалыптасуына ықпал етуі сөзсіз.
Өз іс-тәжірибемде күнделікті сабақта, ашық сабақтар, сыныптан тыс шараларды өткізуде төмендегідей белсенді әдістерді қолдану арқылы оқушылардың негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыру жүзеге асуда:
- Бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл сынып болып)
- Жеке және бірлескен зерттеу жұмыстары
- Оқу, рөлдік және өндірістік (іскерлік) ойындар
- Пікірталастар
- Ақпараттың әр түрлі көздерімен жұмыс жасау (кітап, лекция, интернет, құжаттар, мұражай)
- Шығармашылық жұмыстар
- Жағдаяттар (ситуациялар) арқылы үйрену: нақты ситуацияларды талдау, кейс-стади
- Презентациялар
- Тренингтер, т.б.
Математика сабағында белсенді әдістерді қолдану нәтижесінде оқушылар әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көзқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді. Мұндай сабақтарда бір ғана дұрыс жауап болмайды, өйткені басты мәселе дұрыс жауапты табуда емес, керісінше үйренушінің жеке тәрбиесіне негізделген іздену процесінің өзі болып табылады. Соңғы үш жылдағы білім сапасы және үлгерімі мониторингісін саралай келе, білім сапасының өскенін және әр сабақтан кейінгі оқушылардан алынатын кері байланыс парақтары, рефлексия кезеніңдегі жауаптары, арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесі негізінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығының артқанын ескере отырып, математика сабағында белсенді оқыту әдістері анықталды.
Әдебиеттер:
- «Мұғалімге арналған нұсқаулық» -Назарбаев зияткерлік мектептері, ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016 ж
- Әлімов А. Интербелсенді әдістемені сабақта қолдану мәселелері.-Алматы, 2013.
- «Мұғалімге арналған нұсқаулық» -Назарбаев зияткерлік мектептері, ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2013 ж