+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 3 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

«Қазақстандық патриотизмнің биік үлгісі танылған Халық Қаһарманы- Қасым Қайсенов» пресс-конференциясы

Нурахметова Жанар Конакпаевна, «Какен Аханов атындағы орта мектеп» КММ-нің тарих пәнінің мұғалімі, Ұлан ауданы

Хамзин Жиенбек Ерсултанович, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ-дың БСжБ кафедрасының аға оқытушысы

Пресс-конференцияның мақсаты:

  • білім алушылардың ғалымдар мен БАҚ-ның тілшілерінің кездесуі арқылы Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің отбасы, өмірбаяны, жауынгерлік жолдары мен қаламгерлік еңбектері туралы білімдерін толықтыру;
  • батырдың жауынгерлік, еңбек жолдары мен жеке бас ерекшеліктері қазақстандық патриотизмнің биік үлгісі екеніне талдау жасау;
  • тарихи тұлғалардың ерліктері арқылы патриоттық сезімге, өз еліміздің тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Қатысушылар: 7-11- сынып оқушылары

Көрнекіліктер: слайдтар, конференцияға қажетті атрибуттар

Жоспары:

І. Ұйымдастыру. Жүргізушінің сабақтың мақсатымен, жоспарымен таныстыруы. Қазақстандық патриотизм және Қасым Қайсенов туралы кіріспе сөз. Пресс-конференция қонақтарымен таныстыру.

ІІ. Негізгі бөлім.

  1. Батырдың туысқаны
  2. Тарихшының сөзі
  3. Географтың сөзі
  4. Қаламгер жазушы сөзі
  5. Конференцияға келген тілшілердің сұрақтары

ІІІ. Қорытынды. Экраннан дайындалған слайдтарды көрсетіп, тәрбие сағатын қорытындылау.

Конференция барысы

Жүргізуші: Құрметті көрермендер! Жоғарғы сынып оқушыларымен өткелі отырған «Қазақстандық патриотизмнің биік үлгісі танылған Халық Қаһарманы — Қасым Қайсенов» атты пресс-конференциясына қош келіпсіздер. Конференциямыздың мақсаты – Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің отбасы, өмірбаяны, жауынгерлік жолдары мен қаламгерлік еңбектері туралы білімдерін толықтыру; батырдың жауынгерлік, еңбек жолдары мен жеке бас ерекшеліктері қазақстандық патриотизмнің биік үлгісі екеніне талдау жасау; тарихи тұлғалардың ерліктері арқылы патриоттық сезім, өз еліміздің тарихына құрмет тәрбиелеу. Алдымен қазақстандық патриотизм ұғымы қалай қалыптасады, соған тоқтала кетейік. Жалпы «патриотизм» деген сөз гректің «отан», «ел» деген сөзінен шыққан. Кейіннен бұл термин Отанға, елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті білдіретін жиынтық ұғымға ұласқан. Қазақстандық патриотизмнің бастауында үш ірі тарихи оқиға тұр, белгілі ақын, саяси қайраткер М.Шахановтың пікірінше, бұл үш ірі тарихи оқиға қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздік үшін күрес сатылары: Отырар оқиғасы, Жоңғарларға қарсы жартығасырлық күрес, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Бұл үшеуі бастау болса, оның арасындағы талай көтерілістерде, сұрапыл соғыста жерлестеріміздің көрсеткен ерлігі бүкіл әлемді тамсандырып, ұлтымызды биіктен көрсетті. Соның бірі- Қасым Қайсенов ағамыздың өшпес ерліктері. Бүгінгі кездесуіміз биылғы жылы аталып өтіп отырған батыр атамыздың 100 жылдығы мерейтойына арналады. Ал енді осы Қасым Қайсенов мәселесімен жан-жақты танысып келіп отырған бір топ ғалымдармен таныстырайын. Батырдың ағайындас туысқаны –……………..Тарихшы — ……………. Географ –…………….. Қаламгер жазушы –…………… Бұл кісілер Қасым Қайсеновтың 100 жылдығына орай мұрағаттарды, кітапханаларды аралап барынша толық мәліметтер жинақтап қайтқан ғалымдар. Алдымен қонақтарымызға сөз берейік. Содан кейін тікелей тілшілердің сұрақтарына да жауап бере жатар.

Батырдың ағайындас туысы: Мен Қасым Қайсеновтің жақын туысқаны болып келемін. Сондықтан да білгенімше батырдың отбасымен таныстырып кетейін. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асу Бұлақ ауылында Екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, атақты партизан, жазушы, «Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов өмірге келді. Әкесі Қайса, анасы Бижамал он үш баланы дүниеге әкеп, оның сегізін аман-есен ержеткізген қарапайым еңбек иелері болатын. Қайса ақсақал 102 жасап өмірден озған. Қасым 1934 жылы ауылындағы қарағайдан қиып салынған шағын орта мектепті бітірген соң, Өскемендегі Коммунистік саяси-ағарту (Комполитпросвет) техникумына түскен. 1937 жылы 19 жастағы Қасым Асыл Қабышқызына үйленді. Асыл апамыздың бұл кездегі жасы 16-да болған. Қасымның үлкен отбасына Асыл әжеміз тоғызыншы бала болып қосылды. Соғыс басталып кеткен кезде батыр соғысқа кеткенде, апамыз жалғыз өзі жұмыс істеп үлкен отбасын асырады. Соғыстан кейін олардың төрт балалары болды: қыздары Ләззат, Толқын, ұлдары Мұрат пен Болат. Бірнеше немерелері мен шөберелері бар. Олардың барлығы аталарының аруағын құрметтеп ауылға келіп ас беріп тұрады.

Тарихшы: 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соң Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінде соғыс әліптерін танығаннан кейін, Қасым Қайсенов жау қолында қалған Украина жеріне аттандырылады. Жау жайлаған елге ұшақпен келіп түскен сәттен бастап, Қасымның партизандық өмірі басталады. Өмірге Қасым Қайсенов болып дүниеге келген ол Украинаға барғанда бәрі оны «Василий, Вася» деп атап кеткен. Ол кезде Украина жеріне аттану жау тылына, ажал аузына барумен тең болатын. Қазақтың қас батыры Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Соғыс жылдары «Вася» деген атпен бүкіл Украинаға танылған Қасым Қайсенов бұрын қазақ деген халықты көрмек түгіл, атын естімеген алуан түрлі ұлттардың арасында жалғыз өзі жай оғындай жарқылдап, қазақтың батырлығын сан мәрте дәлелдеп, еліміздің абыройын асқақтатқанын мақтанышпен айтуға болады.Қасым Қайсеновтың Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың жау тылында көрсеткен ерлік қимылдары Отан соғысы тарихында алтын әріппен жазылған. Сол кезде партизан жасақтары түн қатып, түсі қашып жорытқанын бәріміз білеміз. Өздері – күтпеген жерден киліге кетіп, жер соқтырып кететін кілең жүрек жұтқандар болатын. Ел кегін арқалаған партизан жасақтарына жүктелген міндет сол жылдары аз болған жоқ. Кейде жиырма, кейде қырықтан топтанып алып, үлкен-үлкен жорықтарға аттанып, аз күнде мың қаралы қосын ертіп алып, көбейіп қайта оралып отырған. Қасым атаның кейде қасына жалғыз ғана серік ертіп, жарты ай ішінде бес жүз болып шыға келетін кездері де аз болмаған. Мәскеуден арнайы тапсырма алып, он жігіттің басшысы ретінде жау қолындағы Украина жеріне аттанған сәті кейінгі жорықтарына өшпес із қалдырғаны анық. Одан кейін Батыр атамыз 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан. Карпатты қақ жарып өткен жорықта құрама командирі Александр Тканко: «Қасым, сенің бұл ерлігің Карпат шыңының тасына жазылуға тиіс» деп айтқан. Бұл қайтпас қайсар батырға қарата айтылған шынайы баға еді. Қасым Қайсенов бұл туралы бір естелігінде: «Мен Украинада легендарный адаммын, онда мені тек Вася деп біледі. Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Карпат тауының ең ұшар басына, ең соңғы рет жау тылына барғанда алпыс адам ұшақтан түсіп іріткі салған ғой. Ол тауға түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті, жетеуіміз тірі қалдық. Сол Карпатта ұрыс салған алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мрамордан ескерткіш орнатқан. Вот, солай!», — деп айтқан болатын. Сонымен қатар ол Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Партизандардың қалың қолын басқара отырып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткеріп, фашистерді сан рет тізе бүктірді. Кеңес жері фашист басқыншыларынан азат етілген соң 1945 жылдың басында ол Отанына оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы аппаратын басқарды, содан кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде жұмыс істеді.

Географ: Мен сіздерге Қасым Қайсеновтің жауынгерлік жолдарын карта арқылы көрсетейін (Украина, Карпат тауы, Молдова, Румыния, Чехословакия).

Қаламгер жазушы Әбіш Кекілбаев: Соғыстан кейін батырдың қолына қалам алуына әсер еткен Асыл апамыз. Қасым біздің қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған ағаларымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей еді. Оған қарап, опат тапқан сол бір ержүрек ұрпақтың келбеті мен қасиетін көргендей болушы едік. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезіне әрі сүйсінуші едік, әрі именуші едік. Сүйсінетініміз: оның бір басына ғана емес, окоп түбінде ойрандалып қалған мыңдаған замандастарының бәріне де тән сол бір қайтпас қайсарлықтың арқасында аман қалып, адыра шаңырақтарды қайтадан қатарға қосу үшін алға тырмысып, азамат болдық. Қаймығатынымыз: ортамызда тірі жүрген оны ренжітсек, опат болған қаһарман ұрпақтың бәрін ренжітетіндей көруші едік. Бірақ, Қасекең тас түйін қайсарлығын сонау Карпат ормандарында қалдырғандай, қайсымызбен де: «Айналайын, амансың ба?» деп жаймашуақ амандасатын. Күркірей шыққан жуан дауысы құлағымызға майдай жағушы еді… Ол дүниеден өткенше кешегі күркіреген екінші жиһангерлік соғыстың жауынгері болып қала білді. Украинада жау басып алып, тірідей шерменде болып отырған қауымға Жаратушының өзі аяқ астынан жіберген ақ қанат періштедей көрінген құтқарушылық панагөйлігін Қазақстанға қайта оралған соң «қара қағаздар» бомбылауынан қансырап қалған қайғылы қауымның қайта тыңайып, қайта еңсе көтеруі жолындағы қалтқысыз еңбекке арнады. Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, «Халық Қаһарманы» құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгілі бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді. Қайсенов Ұлы Отан соғысы­ның қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін шынайы суреттеген, оқушы жұртшылыққа кеңінен мәлім көптеген шығармалардың авторы. 1954 жылы орыс тілінде «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Оның батырлық-патриоттық тақырыпқа арнаған әдеби қызметі осылай басталады. Одан кейінгі кездерде «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары», тағы басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді. Бұл шығармалары орыс, украин, басқа да көптеген тілдерге аударылған. Кейінгі кездері «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар», тағы да басқа кітаптары жарық көрді. Аталмыш туындалардан А.В.Тканко, Е.Д.Ломако, И.К.Примак тәрізді партизан отрядында бірге болған жауынгер достары жайында ыстық көңілмен әңгімелейді. Қасым кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы, әрі ақылды, әрі қатал – генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды.

Конференция қонақтарына әр түрлі баспасөзден келген тілшілер сұрақтар қояды, соның ішінде мысалы:

  • Тарихшы мырза, Ұлы Отан соғысы кезінде Қасым Қайсенов ағамызда кеңестік патриотизм болды. Қазақстандық патриотизм мен кеңестік патриотизмнің айырмашылығы бар ма?
  • Жазушы мырза, батыр атамыздың бойынан қандай қасиеттерді ерекше атап кетуші едіңіз?

Қорытынды:

Пресс-конференциямызды мына бір викториналық сұрақтармен аяқтасақ.

1. Қ– Қайсеновтың қазақ халқы берген атағы (Қаһарман)

2. А– Оның ең басты қасиеті (Адалдық)

3. Й– Ол батыр болғанымен жүрегі мейірімге толы, … (Иманжүзді)

4. С– Ол – батыл болғанымен, … (Сабырлы)

5. Е– Оның әрбір жасаған ісі – … (Ерлік)

6. Н– Ол – басқа ұлттардың алдында өзін мойындатқан – … (Намысты)

7. О– «Ер болсаң қорға …» Қайсеновтың сөзі (Отан)

8. В– Оның партизандық атағы – (Вася)

Жүргізуші: Қалай десек те, төрт жыл сыз жастанып, жер кепе мен окопта ұйқысыз, мазасыз түндерді, кескілескен шайқастарды басынан өткізген қайсар да қайтпас ер есімі қазірде батырлықтың символына айналды. Қандай қиыншылық болса да, Отан үшін от кешкен Батыр атамыздың өмірі мен ерлігі біз үшін үлгі. «Ер есімі – ел есінде” демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды…

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype