+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 3 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Тарих сабақтарында оқушыларды сыни ойландырудың маңызы

Нурахметова Жанар Конакпаевна, «Какен Аханов атындағы орта мектеп» КММ-нің тарих пәнінің мұғалімі, Ұлан ауданы

Хамзин Жиенбек Ерсултанович, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ БСжБ кафедрасының аға оқытушысы

Жалпы білім берудің мақсаты – қазіргі білім бәсекесі заманында өмір жағдайына тез бейімделетін, өмірде кездесетін мәселелерді шешуге қабілетті, өз дұрыс жолын таңдай алатын, оң шешім қабылдай алатын тұлға даярлау. Бұл әр ұстаздың негізгі міндеті. Ал бұл міндетті жүзеге асыру үшін, жалпы Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін ең басты педагогикалық түсінік – сыни тұрғыдан ойлау.

 

Мұғалімдерге арналған нұсқаулықта сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ойлау туралы ойлау деген сөз тіркесінде терең мағына жатыр. Сыни тұрғыдан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. (МАН, 49-бет). Ол кез келген ақпаратты, проблеманы, жинақталған тәжірибені ой елегінен өткізу қажет екенін білдіреді. «Біз сыни ойлаудың игі екендігін, ХХІ ғасыр талаптарын ойдағыдай орындауда бізге көмек беретін, біз зерттеп және жасап жатқан нәрселерді терең түсінуге бастайтын білік екендігін білеміз» деген екен Дэвид Клусте. Бұл кісінің «Сыни ойлау дегеніміз не?» деген мақаласында осы ұғымға өте жақсы түсініктер берілген. Маған ұнағаны — сыни ойлау анықтамасына бес бапты енгізгені:

− сыни ойлау – дербес ойлау

− ақпарат сыни ойлаудың ақтық емес, бастапқы нүктесі болып табылады.

− сыни ойлау сұрақ қоюдан басталып, шешімді қажет ететін проблемаларды айқындаудан басталады.

− сыни ойлау дәйекті, көңілге қонымды дәлелдемелерге ұмтылады.

− сыни ойлау — әлеуметтік ойлау.

Неге дербес ойлау? Сабақ сыни ойлау қағидаларына сүйенгенде, әр оқушы өз идеяларын, бағасын, сенімін басқалардан дербес түрде құрастырады. Ешкім де біз үшін сыни ойлай алмайды, бұны біз тек өзіміз үшін ғана жасаймыз. Өз басымен ойлау және де тіпті ең қиын мәселелерді шешу үшін оқушылар жеткілікті түрде еркін болуы қажет. Сыни ойлау міндетті түрде тек жаңа өзіндік (оригиналды) болуы шарт емес: біз басқа адамның идеясын немесе сенімін өзіміздікі сияқты қабылдауымызға құқылымыз. Оқушы өз ойын еркін айтып үйрену үшін тарих сабақтарының басында және соңында «Еркін жазу» әдісін пайдаланамын. Бұл әдіс бойынша оқушы 5 минут тақырып бойынша өз ойларын қағазға түсіреді. Сондай-ақ кері байланыс ретінде пайдаланып жүрген «Бес саусақ», «Шығу парағы», «Жарық жұлдыз» сипяқты әдістердің де балаларда өзіндік пікір қалыптастыруға пайдасы бар.

Ақпарат — сыни ойлаудың ақтық емес, бастапқы нүктесі. Кейде біз «бос баспен ойлау қиынға соғады» деп те айтамыз. Күрделі ойды тудыру үшін талай «шикізатты» — фактілерді, идеяларды, мәтіндерді, теорияларды, берілген жәйттерді, тұжырымдарды қайта өңдеу керек. Қазіргі таңда оқушылардың көбі оқып білгендерін есте нашар сақтайды. Сондықтан да олармен бірлесе отырып, ескі білімнен жаңа білімге сүрлеу саламын, қайта-қайта фактілерге үңілемін. Яғни өткен сабақпен жаңа сабақты мықтап байланыстырып алу керек. Ал бұлай жасамаған жағдайда олардың сыни дағдыларынан келетін пайда аз болады. Қандай да болмасын жас кезеңінде сыни ойлауға болады: тек ересектер ғана емес, тіпті бірінші сынып оқушыларында да бұл үшін жеткілікті өмірлік тәжірибе мен білім жинақталған. Формативті бағалаудың тиімділігі де осы жерде байқалады. Оқушы өзінің білім алудың қай деңгейінде екенін жақсы білуі қажет. Мысалы; адам алға қарай жүруі үшін өзінің қай жерде келе жатқанын білуі қажет.

Сыни ойлау сұрақ қоюдан басталып, шешімді қажет ететін проблемаларды айқындаудан басталады. Адам баласы болмысынан білімге құштар. Біз жаңа бір нәрсені байқасақ, соны білуге құмарлық танытамыз. Біз қандай да бір ерекшелікті көрсек, оның ішкі құрылысына үңілгіміз келіп тұрады. Бразилиялық педагог Пауло Фрейре егер оқушылар экономикалық, қоғамдық және саяси проблемаларды өздерінің өмірлік тәжірибе негізінде қалыптастырып, оларды мектеп беретін мүмкіншіліктерді қолдана отырып шешетін болса, оқытудың анағұрлым сәтті болатыны сөзсіз деп есептейді. Американдық педагог Джон Дьюидің пікірі бойынша проблемаларға бағытталу оқушылардың табиғи құмарлығын ынталандырады және де оларды сыни ойлауға қозғайды: «Тек нақты проблемамен айқаса отырып, қиын жағдайдан шығу жолын оқушы шын мәнісінде ойланады. Дерек іздеп, мәтіндерді талдап, баламалы көзқарастарды салыстырып және талқылаудың нәтижесінде өздерін толғандырған сұрақтарға жауап табуға ұмтылады. Тарих және қоғамтану пәндерінің әрбір сабағында шешуі қиын сұрақтар, проблемалар жеткілікті. Тек мұғалім сұрақ қоюдан бастап, проблеманы оқушылардың өздері анықтайтындай жасауы қажет. Ал бір проблеманы қиындатып әкеліп берсе, оқушы тез жалығады. Бұл жерде дидактиканың «жеңілден ауырға» қағидасын естен шығармау қажет.

Сыни ойлау дәйекті, көңілге қонымды дәлелдемелерге ұмтылады. Сыни ойлайтын адам проблеманы шешуде өзіндік жолын тауып, бұл шешімді нанымды және дәйекті дәлелдермен негіздейді. Дәлелдеменің негізінде жатқан оның басты мазмұны болып тұжырымды атауға болады. Тұжырым бірнеше дәлелдермен қуатталады. Өз кезегінде әрбір дәлел айғақтармен сүйемелденеді. Дәлелдеменің жоғарыда аталған барлық элементтерінің (тұжырым, дәлел, айғақ) іргесінде төртінші элемент – негіздеме (уәж) жатыр. Бұл элементтер дебат технологиясымен айналысатын мұғалімдер мен балаларға өте таныс. Осындай жүйелі түрде құрылған пікір қарсы дауға төтеп береді, яғни кез келген адамды өз пікіріне сендіреді. Оқушыларды жүйелі сөйлеуге үйретуге «Дербес пікір жазу» мен «Төрт сөйлем» тәсілдерін сабақтарда жиі қолданып отырсақ әсері мол болады. Мен өзімнің кейбір сабақтарымды тұтастай дебат технологиясына саламын. Мысалы: 11-сыныпта «Тың игерудің жағымды, жағымсыз жақтары», 8-сыныпта «Қазақстанның патшалы Ресейге қосылуының тиімділігі, тиімсіздігі» және тағы басқалар.

Сыни ойлау – әлеуметтік ойлау. Қандай да болмасын ой басқалармен бөліскенде тексеріліп, ұштала түседі, немесе, философ Ханна Арендт жазғандай, «кемелденуге тек қана біреудің қатысуында ғана жетуге болады». Біз басқалармен пікірталасып, мәтін оқып, талқылағанда, қарсы уәж айтып, пікірлерімізбен алмасқанда өз позициямызды айқындаймыз және тереңдетеміз. Сондықтан да сыни ойлау аясында еңбектенетін педагогтар әрқашанда өз сабақтарында жұптық және топтық жұмыстың сан алуан түрлерін, олардың ішінде пікірталас, дебаттарды және де шәкірт жазба жұмыстарының әртүрлі түрлерін қолданады. Өйткені, жазу – сыни ойлауға үйретудің ең тиімді тәсілі. Жазба жұмысын орындау кезінде оқушы дербес ойланып, өзінің барлық білім қорын пайдаланады. Ал пікір алмастыра отырып оқушылардың бойында сабырлылық, басқаларды тыңдай білу, жауапкершілікті сезіне білу қасиеттерін дамытады. Осылай педагогтар оқу процесін сынып бөлмесі сыртында өтіп жатқан шынайы өмірге жақындата алады.

Адам қашан терең ойлана бастайды? Бірінші мезетте оның алдында дайын жауабы жоқ қандай да бір мәселе немесе әлі де үйреншікті бола қоймаған жаңа ақпарат пайда болғанда. Екіншіден, адам бұл проблеманың жауабын табуға ұмтылыс жасағанда немесе жаңа нәрсені түсініп, оның байыбына жетуге тырысқанда. Ойланудың қандай да болмасын қиындық, ыңғайсыздық, күмән туғанда пайда болатындығы туралы философ Джон Дьюи былай деп жазған: «Ойлау тығырыққа тіреліп, таңдау жасау керек кезде басталады». Адам көптеген шешімдерді сараптап, ой елегінен өткізіп, өз құндылықтары мен түсініктерінің, түйсігі мен қажеттіліктерінің таразысына салып, салғастырады, проблеманың байыбына жетуге тырысады. Осыдан соң адам өзі таңдап алған шешімді тура сол қалпында қабылдамай, оны жан-жақты қарастырады, оның оң мен солын ажыратады, кемшіліктерін келтірумен қатар оны қуаттау үшін дәлелдер іздейді. Сондай-ақ бұл тұжырымдауға қанағаттанбай, өз шешіміне балама іздестіреді, оған да қанағаттанбай, әрі қарай «қаза береді», «қаза береді». Сандаған сұрақтардың шешімін табу үшін үнемі ізденісте болуды талап етеді. Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлануға үйрету арқылы біз оларды дұрыс ойлана білуге үйретеміз.

Тарих пәндері гуманитарлық пәндерге жатады. Гуманитарлық ғылымдардың көлемі білім беру мен оқытудың инновациялық стильдерін тануға, қолдануға және дамытуға ұмтылуы тиіс. Жалпы оқушы қоғамнан орнын табу үшін, мектептен өмірге бейім болып шығуы үшін де менің ойымша сыни тұрғыдан ойлана алуы қажет. Тарих пәні қоғамдық пәндердің ішіндегі ең өзектісі деп айта аламын. Бұл пәннен оқушылар адамзаттың бүкіл өткенін, қоғамдағы өзгерістерді ой елегінен өткізіп отырады, ал оған баға беру, дұрыс-бұрыстығын талқылау сыни ойлаусыз мүмкін емес. «Сыни тұрғыда ойлауды дамыту» бағдарламасының қазіргі таңда білімді, білгенін болашақта өз қажетіне жарата алатын тұлға тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Сондықтан да егер сыни тұрғыдан ойлау модулін үнемі, жүйелі түрде енгізетін болсам, оқушылар бойында төмендегідей дағдылар қалыптасады деп ойлаймын: суреттер, естелік жазбалар сияқты дәлелдерді жинақтай алады; негізгі дереккөздерді бағалауды, оларға сәйкес сұрақтар қояды; болжамдар мен ұсыныстар жасай алады, алынған деректерден қорытынды жасай алады. Демек, меніңше, сыни тұрғыдан ойлау модулінің ең басты артықшылығы: оқушыларды қоғамдық өмірге дайындауға пайдасы мол. Екіншіден, бұл модуль басқа модульдермен тікелей қатынасы бар. Үшіншіден, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Төртіншіден, оқушыларға қалай оқу керектігін үйретеді. Бесіншіден, оқу үрдісін бағалауға және талдау жасауға дағдыландырады. Жалпы, мына бір сөйлем бәрін түсіндіреді: «Сыни тұрғыдан ойлау дәлелдерді (ақпаратты) немесе сөйлемдер мен пайымдауларды бағалаудың тәртіпке келтірілген ойлау қызметі болып табылады, бұл ұстанымдарды дамытуды және шешім қабылдауды бағыттай алады» деп Эннис айтқандай (1992).

Сыни ойлау оқушылардың ойлау дағдыларын дамытып, оларды оқу мен өмірде туындайтын проблемаларды өздігімен шешуге бағыттайды. Осы арқылы сыни ойлау оқушыларды ақпаратпен жұмыс жасауға, жан-жақты тұрғыда кез келген жәйтті талдауға, бағалауға, таңдау жасап, шешім қабылдауға баулиды. Оқушылар бұл секілді жұмыстарды жасау нәтижесінде өздеріне және өзгелерге толассыз сұрақтар қойып, жауап іздеп, өз жауаптарын ұтымды дәлелдермен айғақтайды, дербес шешімдер қабылдайды.

Сыни ойлау оқушыларда бірден қалыптаса қалмайды. Оны біртіндеп мұғалім өзі «жуан» сұрақтар қоя отырып, яғни, жетелей отырып ақырында өздері туғызған проблеманы өздері шешетіндей ету керек. Мәселен, тақырып «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында». Алдымен оқушыларға «Бұл тақырып туралы не білесіздер» деп сұрақ қойып, олардың алдымен жеке ойланып, содан кейін жұбымен, одан кейін сыныппен өз ойларын талқылаулары жөн. Бұған толып жатқан әдістерді пайдалануға болады: «Ойлан, жұптас, талқыла». «Айналмалы бекет», «Балалар философиясы» т.с.с. Мұғалім оқушылардың талқылауын «Бұл мәліметтердің қайсысы сіздер үшін пайдалы болады деп ойлайсыздар? Неліктен олай болады деп шештіңіз? Бұл тұжырымға сіздер қалайша келдіңіздер?» секілді сұрақтармен қолдап отырады. Оқушылармен қойылатын келесі сұрақ «Бұл туралы не білгілеріңіз келеді?» болсын. Қайтадан оқушылар алдымен жеке, одан кейін топта талқылайды. Тіпті оқушылардың білгісі келетін сұрақтарын тақтаға тізім жасап іліп қоюға да болады. Бұл жерден оқушылардың шешуін табу керек мәселені өздері туындатқанын көреміз. Енді бұл мәселені шешуді де өздеріне береміз. Ол үшін қадам-қадаммен орындалатын тапсырмалар жиынтығын да беруге болады:

  • Әртүрлі ақпараттармен (оқулық, энциклопедия, мақалалар) танысыңыздар.
  • Мәселені шешуге көмектесетін негізгі тармақтар мен болжамдарды анықтаңыздар.
  • Бұл негізгі тармақтар мен болжамдарды бір-бірімен байланыстырыңыздар.
  • Жекелеген суреттер, пікірлер мен естеліктердің арасындағы айырмашылықтарды салыстырыңыздар.
  • Дәлелдер мен бірқатар ойларды құру үшін түрлі ақпарат көздерін біріктіріңіз. Сіздің ойыңызды қолдайтын түрлі ақпарат көздері арасында байланыс орнатыңыз.
  • Сіздің пікірлеріңізді нақтылайтын дәлелдердің заңдылығы мен беріктігін және сіздің болжамдарыңызды қаншалықты қолдайтынын немесе қайшылық тудыратынын бағалаңыз.
  • Сұрақтардың жауаптарын интерпретациялау нәтижесінде алған біліміңізді қолданыңыз.
  • Жасалған қорытындыларды негіздеп, өзектілігі мен маңыздылығын анықтаңыз.

Оқушылар дерек көздерімен жұмыс істеу барысында оларға тағы да мынандай сұрақтар қойып, ойлау мен талқылаудың шоғын үрлей түсу керек: «Деректер сенімді ме? Олардың қайсысын дәлел ретінде таңдауға болады. Неліктен? Дерек авторының пікірі сыңаржақ емес пе? Оның ұстанымымен келісесіз бе? Оның қай көзқарасына қарсысыздар? Деректерді қалай орналастыруға болады? Олардың ішкі байланыстары бар ма? Олар қандай»

Әрине, бұл сұрақтар ойлауды дамытудың мысалдары ретінде келтіріліп отыр, олардың барлығын бір мезгілде қоюдың қажеті де жоқ: 2-3 сұрақ қойса да жеткілікті. Өйтпеген жағдайда оқушылар көп сұрақтың астында «көміліп» қалуы да ықтимал: онда негізгі проблеманы шешу мәселесі жайына қалады.

Сыни ойлау қайталауды қажет ететін сұрақтар арқылы өрбімейді. Мәселен, «Екі жердегі екі қанша болады?» деген қарапайым сұрақ дәл осындай репродуктивтік сипатта, демек, оқушы бұл сұраққа жауап бергенде сыни ойламайды, ол тек білгенін есіне түсіреді. Сократ кезінде «Ақылсыз адам жауап береді, ал ақылды адам ақиқат іздейді» деген екен. Сондықтан да оқушыларды ойлануға итермелейтін сұрақтар қою қажет. Мәселен, оқушының сыни ойлануы үшін осы сұрақты былайша өзгертуге болады: «Неліктен екі жердегі екі төрт болады? Өз ойыңызды қалайша дәлелдеп бере аласыз?». Бұл сұрақтарға жауап беру үшін оқушы тек еске түсіріп қана қоймай, сонымен бірге мәселені жан-жақты қарастырып бағады, өзіндік пікір қалыптастыруға ұмтылады, оны дәлелдеуге тырысады.

Біздің мектебіміз шағын комплектілі мектеп, сондықтан да біріккен сыныптарда жұмыс істегенде топтық жұмыстардың маңызы зор. Қазіргі сабақтарымызда қолданып жүрген интербелсенді әдістеріміз оқушыларды өз бетімен білім алуға итермелейді. Оқушылардың жұмыстарының жемісті болуы топтық жұмысқа байланысты. Топтық жұмыс арқылы көлемді материалды меңгеріп, түсінбегендерін өзара түсіндіру арқылы ұғып алуға болады. Сондықтан да сабақтарымда топқа бөлуге де аса мән беруге тырысамын. Сыни ойлаудың ең жақсы жетістіктерін көрсететін әдіс «Ойлаудың алты қақпағы». Бүл әдісте әр қалпақтың иесі өз идеясына басқаларды сендеріп, дәлелдермен нақтылауға тырысады.

Балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінен табуды қажет ететін негізгі ерекшеліктер:

Ұтқырлық: ең жақсы түсініктемені табуға ұмтылу; үзілді –кесілді жауаптарды іздеудің орнына сұрақтар қою; дәлелдерді талап етіп, кез келген дәлелді есепке алып отыру; эмоцияға емес, себепке негізделу.

Сыңаржақтылықтың болмауы: барлық мүмкіндіктерді қарастыру, барлық қорытындыларды бағалау.

Пайым: дәлелдердің деңгейі мен маңызын мойындау.

Тәртіп: тиянақты, нақты және жан-жақты болу.

Өзіндік сана-сезім: өзіміздің эмоциямыз бен көзқарасымыздың, сеніміміз бен болжамымыздың субъективті екенін сезіну.

Жалпы сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақ қойып, дәлелдерді талдайды, мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегиялар қолданады; олар ауызша, жазбаша көзбен шолу дәлелдеріне сенімсіздікпен , күмәнмен қарайды, мұндай адамдар жаңашыл идеялар мен келешекке ашық болады.

Шәкірттерімізді осындай ойлау әрекеттеріне баулып, оны күнделікті әдетке айналдырғанымыз абзал. Қандай мәселе туындаса да оны шешуде сезімге емес, ақылға жүгіну – халқымыздың ұлттық философиясы негізінде жатыр емес пе? Ақылды адам деп жадында көп мағлұмат сақтаған адамды атамай, өмір алдымызға тосқан кез келген проблеманы шеше алатын адамды айтамыз. Шындығында да өмір осындай проблемалардан тұрады емес пе? Ал ақылды адам олардың шешімін тауып, сол шешімдерді практикада қолдана біледі. Бүгінгі күні технологияларға сүйенген заманда қоғам үшін осындай тұлғалар қажет. Тіпті терең ойлай білу – адамның басты қасиеті де болар: ойлау арқылы ғана адам бұл өмірден өз орнын табады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей. «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.
  2. Әлімов А.Қ. Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер. «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2014.
  3. Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген №5 оқу құралы.- Алматы, 1998.
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype