Қазіргі таңда еліміздегі болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру саласындағы міндеттерді орындауды жаңаша сипатта қарастыра отырып, қол жеткен жетістіктерге сын көзбен сараптау және оны бағалауда озат технологиялар арқылы оқушылардың дарындылығын дамытуды басты назар етіп алады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында ұлттық және адамзаттық құндылықтарды, ғылым мен практикадағы жетістіктерді адамның шығармашылық, рухани дамуына, дара мүмкіндіктері мен интеллектуалдық сапаларының жоғары деңгейде қалыптасуын ұйымдастыру міндетіне қояды.
Ғалымдардың дарындылықты дамыту жөніндегі көзқарастары ортақ бір арнаға тоғыспайды: біреулері дарындылықты – жеке тұлғаның психологиялық сипаты деп түсіндірсе, екіншілері – оны жеке тұлғаның танымдық қабілеті; үшіншілері – адамның интеллектуалдық табиғаты т.б. ретінде сипаттайды, зерттеулердегі ортақ идея – жеке тұлғаның дарындылығын дамыту біртұтас педагогикалық процесте жүзеге асыруда, яғни оқушы дара мүмкіндіктеріне сай оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастырғанда мүмкін болады.
Ғылыми әдебиеттерді, әлемдік озат тәжірибелер көрсетіп отырғандай, дарынды балалармен жұмыс формаларын іріктеуде бірнеше бағыттар қалыптасқан: дәстүрлі оқыту жағдайында, жалпы орта білім беретін мектептерде оқушы дарындылығын дамыту; мектептерде арнайы дарынды балаларға арналған сыныптар және дарынды балаларға арналған мектептер ұйымдастыру. Қазіргі мектеп бағдарламаларында дарынды балалардың шығармашылық мүмкіндіктері мен қабілеттерін дамытуға көңіл бөлінуде.
Оқыту және тәрбиелеу процесінде әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың интеллектуалдық қабілетін арттыруға бағытталған жұмыс түрлерін ұйымдастыру кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда жаңа талап, жаңа заманға сай оқушыларға тәлім-тәрбие мен білім берудің басым бағыттарында дарындылықты айқындау, ақыл-ой, интеллектуалдық шығармашылығын дамытуға баса назар аударылуда.
Дарындылық, жеке қабілеттілікті дамыту, интеллектуалдық, шығармашылық мәселесіне педагогтар, психологтар, әдіскерлердің көптеген еңбектері арналған. Көне замандағы Антик дәуірдің өзінде-ақ ойшылдар мен педагогтар оқушылардың өзіндік ой — тұжырымын жасау оны дамыту үшін репродуктивті және эвристикалық әдістер дарындылық мәселелеріне көңіл бөлінген.
Бүгінгі таңда дарынды балалар мәселесін зерттеуге катысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерде маңызды ой-пікірлер жинақталған. Бұл мәселенің түп тамыры ғасырлар тереңінде жатыр. Адамның психологиялық ерекшеліктері жөніндегі идеялар, оның ішінде қабілеттілік туралы ойлар сонау ертедегі грек философтарының еңбектерінде, қайта өрлеу дәуірі ғалымдарының және алдыңғы қатарлы әр елдің озық ойлы педагогтерінің еңбектерінде кездеседі.
Оқушылардың жеке қабілеттерін, дарындылығын, ақыл-ойын дамыту мәселесі туралы құнды пікірлер Ф. Бэкон, М. Монтень, Д. Локк, Д. Дьюи, Я.А. Коменский, Ж.Ж. Руссо, И.Г. Песталоцци, И. Кант еңбектерінде айтылды.
XVI ғасырда өмір сүрген француз ғалымы Мишель Монтень оқытудағы дарындылықты тану қабілеттіліктерін дамытудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті: «Тәрбиеші баланы бастан-ақ оның бойындағы қабілеттерді еркін көрсете білуін, түрлі заттардың дәмі мен олардың ерекшеліктерін ажыратуда өз бетінше әрекет етуін, кейде оған жол көрсетіп, керісінше, өзіне іздетіп отыруын қалаймын». Монтень оқытушының басшылық ролінің маңыздылығын да айтты. Ол: «Оқушы мұғалімнен алған білімін түгел сүзгіден өткізіп, өз бетінше талдау жасау қажет. Соның нәтижесінде оның білуге құштарлығы дами түсетіні сөзсіз», — деп жазған болатын.
Дарындылықты дамыту мен оның психологиялық табиғаты, мәні мен мазмұнын түсінуге байланысты ой-пікірлер тамырын тереңге бойлайды. Оның маңыздылығы жөнінде қазақ ғұлама ағартушылары Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов т.б. еңбектерінде сөз қозғайды.
XIX ғасырда қазақ халық ағартушылары да халықты сауаттандыру, жеке тұлғаның қабілетін, дарындылықты дамыту мәселелерін көтере бастады. Ағартушы Ы.Алтынсарин: «Табиғи ақыл өзін қоршағанды ғана құшағына ала алса, оны дамытып өзі көрмегенді де танып білуге мүмкіндік жасайтын тек қана өркениетке жетелейтін озық білім», — дейді.
Қазақ ағартушылары дарындылықтың туа бітетін қасиет екенін мойындай отырып, адам қабілеттілігінің дамуына білім мен тәрбиенің, еңбектің, қоршаған ортаның зор ықпалының бар екенін айтады.
Абай Құнанбаев адамды қоршаған орта — табиғаттың бір бөлігі дей келе, табиғаттың адам баласына берген керемет сыйы — туылғаннан бастап білуге, түсінуге деген ұмтылысы деп есептейді. Бірақ, бала өсе келе осы қасиетті біртіндеп жоғалта береді. Ұлы ойшыл адамның ойы мен санасы еңбек іс-әрекеті кезінде қалыптасады деп тұжырымдайды: “Кей қасиет туа бітеді, ал кейбірі еңбек арқылы қалыптасады”.
Баланың білсем, үйренсем деген талабын ұштайтын, жеке ерекшелік қасиет, қабілеттерін ескере отырып оларды біліммен, іскерлік, дағдымен қаруландыратын, танымдық ой-өрісін және шығармашылық әлеуетін дамытатын мұғалім-ұстаздың ерекше мақсатты қызметінің қажеттілігі жоғары.
Дарындылық жайлы айтылған пікірлер өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, бұл феноменнің негізінде адамға іс-әрекеттің бір немесе бірнеше түрінде жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін қабілеттер жатыр.
Дарындылықтың танылуына байланысты екі көзқарас бар: 1) барлық бала дарынды болып табылады; 2) дарынды балалар өте сирек кездеседі. Бұл мәселе туралы психологтар мынадай тұжырым жасайды: потенциалды дарындылық іс-әрекеттің бірнеше түрімен айналысатын балаларға тән, ондай балалар аз емес.
Балалар өздерінің дарындылықтарын іс-әрекеттің әр түрлі түрінде көрсете алады. Сонымен қатар, іс-әрекеттің бір түрінде дарындылықтың әр түрлі аспектілері көрінуі мүмкін. Дарындылықтың бірнеше түрі және формалары бар, баланың психологиялық мүмкіндігі оның жастық дамуының әр түрлі кезеңдеріне өте күшті болып келеді және де ол баланын қандай ортада өсетіндігіне байланысты болады.
Балалар ерте кезден бастап белгілі бір іс-әрекетке қабілеттілік байқатады. Бірақ бұл қабілеттілікті қалыптастырып, жүйелі дамытып отырмаса, ол қасиет жас өскен сайын бірте-бірте жойыла бастайды, жас жеткіншектің болашақ кәсіби өміріне бағыт-бағдар бере алмайды.
«Дарындылық» ұғымы «қабілеттілік» ұғымына өте жақын. Дарындылық пен қабілеттілік ұғымдары өткен ғасырдың 40-50 жылдарында психолог Б.Тепловтың еңбектерінде толығырақ зерттелді. Оның дәлелдеуінше, белгілі бір күрделі іс-әрекетті жүзеге асыруда қабілеттіліктің бір ғана түрі жеткіліксіз, сондықтан бірнеше түрлерінің жиынтығы қажет болады. Белгілі бір іс-әрекеттің ұтымды орындалуына тікелей әсер етуші қабілеттіліктің ерекше сапалық жиынтығын дарындылық дейді ғалым.
Психологтардың пікірі бойынша, дарынды балалардың бәрін біріктіретін және оларды біршама деңгейде өзгешелендіріп түратын ең бастысы – бұл шығармашылық қажеттілігімен байланысты ақыл-ой белсенділігі. В.С.Юркевичтің пікіріне қарағанда, осынау қажеттілік дарынды бөбектердің дамуының «қуаткөзі» болып табылады. В.С.Юркевич балалардың «оңтайлы әлеуметтік орта мен тойымсыз танымдық қажеттілігінің арқасында алғыр болады, соның нәтижесінде олардың қабілеттері «шапшаң дамиды» деп санайды.
Дарынды балалардың өте бір маңызды ерекшелігі олардың қабілеттерінің жан-жақтылығы болып табылады. Б.М.Теплов «дарын сан қырлы» деп, әрі түрліше дарындылықтың болатыны жөнінде емес, зеректіліктің өзінің кеңдігі туралы сөз болуы керектігін атап көрсетті.
А.Г.Асмолов былай есептейді: «Дарынды адамның қабілеттерінің қыры сантөбелі, әртүрлі деңгейде қарқынға ұшыраған көптеген шыңдары болады. Сан алуандылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл мәдениет секілді, адамдардың өмірі үшін де тән». А.Г.Асмоловтың пікірі бойынша, дарынды бөбектерде асқан руханияттылық, сұлулық пен үйлесімділікті қорғау мен сақтауға деген ұмтылыс өзгешелендіріп тұрады.
Дарынды балалар әлеуметтік ортаға бейімделудің қиындықтарын басынан кешіріп, бұл оларды психикалық-жүйке тітіркенісіне, күйгелектігіне, теріс бейімделуіне соқтырады. Дарындыларға ашушаң-бала немесе күйгелектер есебіндегі көзқарас айтарлықтай кең таралған, яғни, шығармашыл, дарынды тұлға мен жүйке немесе психикалық кемістіктері бар адам арасында ұқсастық жүргізіледі. Екеуінің де мінез-құлықтары қалыпты, жалпы қабылданғаннан ауытқиды. Мұны зерек балалардың психологиялық ерекшеліктері мен қоғамдағы шынайы жағдаятпен түсіндіруге болады деген пікірлер бар.
Сөйтіп, әдебиеттерді талдау, дарынды тұлғаның сипаты, әдетте, жеделтетілген психикалық дамуымен сипатталатынын көрсетті, эмоциялық-жүйке өрісіне де қатысты. Осылармен қатар, зерттеушілер қазіргі әлеуметтік ортада дарындылардың бойында туындайтын, әрі өзін-өзі өзектендіру барысында, тұлғаның дамуын қиындататын мәселелерді де атап көрсетеді.
Оқушыларының дарындылығы – күрделі үрдіс. Дұрыс ұйымдастырылған оқу-тәрбие жұмыстары жеке тұлғаның дамуына, танымдық қызығушылығының қалыптасуына, дарындылығының артуына мүмкіндік береді.
Оқушылардың дарындылығын қалыптастырудың негізгі бағыты – жеке тұлғаны қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның интеллектуалдық дамуы, ой-өрісінің, рухани жан – дүниесінің баюына, саяси көзқарасы мен шығармашылық белсенділігінің, іскерлігінің жоғары деңгейде қалыптасуына толық мүмкіндік беру, жағдай жасау.
Проблема күрделі болғандықтан, оның барлық салаларын жеткілікті дәрежеде қамту мүмкін емес, келешекте шығармашылық түрлеріне байланысты дарындылықты дамыту мәселесі, дарындылықтың бейіндік сипаты, болашақ мұғалімдерді дарынды балалармен жұмыс істеуге даярлау, мектепке дейінгі мекемелер дарындылықты дамыту т.б. мәселелері дербес зерттеуді қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Мильгрем Р., Гонг Е., Творческая внешкольная активность интеллектуально одаренных старшеклассников как прогнастическая характеристика их достежений: лонгитюднгое исследование //Основы концепции творчества и одарённости. –М.: Молодая гвардия, 1997.
- Савенков А.И. Детская одаренность: развитие средствами искусства. – М.: Педагогическое общество России, 1999. – 220 с.
- Одаренные дети. Перевод с англ. (Под ред.Бурменской Г.В., Слуцкого В.М) –М., 1991. -270 с.
- Елеупаева Ж.К., Тезекбаева Ж.С. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылыығын дамыту. Семей 2005ж.-45б.
- Әбдікәрімов М.О., Едігенова А.Ж. Дарынды балалармен жұмысты ұйымдастырудың ерекшеліктері. Семей, 2006. -160 б.