+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 24 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

«Кешегі күн, бүгінгі тарих…»

Серікболатқызы Сая, «№49 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Семей қаласы

XXI ғасыр таңы атып, тамыры тереңге жайылған бәйтеректің қайта көктер кезіндей бүкіл әлем тереңінен бір тыныс алып ішіндегі құсасты сыртқа шығарып тастағандай тыныштық күйге оранды.

Ал, өткен өмірге зер сала қарасақ, ел басына күн туып, сақ сынып, сүйек сырқырататын тарихтың тулаған тұстары аз емес. Соның ішінде қазақ елінің басына нелер келіп, нелер кетпеді десеңізші?! Жазиралы жазығымыз, дархан даламыз қанға бөгіп жер бетін жауыздық пен азғындық атты зұлмат күш билеп тұрған кездер де болды емес пе?!

 

Оның айқын шынайы бейнесін тұғырлы тұлғамыз Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романынан көре аламыз.

Сонау 1916 жылғы қазақ халқының еңсесін көтеріп ел теңдігін, ұлт азаттығын аңсап бас көтерген ерлеріміздің ерлігін, ұлықтарға қарсы күресін, табандылығын талмай шеберлікпен қаһарлы қыстың әйнекке анық салған өрнектеріндей айқын суреттеген «Қилы заман» романы. Қилы заман романын оқи отырып, рухани рух алып осындай бірлікіті, тірлікті елдің перзенті болып туылғаныңа іштей қуанып отырасың. Жазушы тоғыз жолдың торабында тоғысқан дүбірлі жәрмеңкені көркем шеберлікпен айшықты бейнелейді. Тірлік тынысымен тіршілік қылып жүрген арғын руының елі, патша жарлығының яғни, 19-32 жас аралығындағы ерлерді соғыс соққысынан сақтайтын сарбазы, сақшысы ретінде шақырылуы от-жалынды нажағайдың қарқынды қаһары іспеттес болды. Аш қасқырдай ұлыған ұлықтар улы жебесін халық жүрегіне дәл қадағандай еді. Өйткені қай ел болмасын өзінің боздақтарын қарусыз, қылышсыз жіберіп, лаулап тұрған оттың ортасына өздері салғысы келеді дейсіз? Жоқ олар ақыл тәсілін, амал-айласын ойлап бұл тығырықтан шығар жол әрине бас көтере «бағынбаймыз», «бермейміз» деген сөзді айту еді. Ұзақ, Серікбай, Айтбай, Тұрлықожа, Жәмеңке сияқты ру бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер ел басына күн туып, жау жағадан алғанда жарытып сөз айтатын ақсақалдар еді. Қайнаған судың буындай буырқана көтерілген халықты адуынды да, азулы патша, қарағайдай қаптаған қалың қолымен, тойтарыс беріп отырады. Алайда қазақ рулары шыдамдылық пен төзімділікті ту етіп жадында ұстап «болды», «бітті» деп беріліп бейтарап кетпеді, «қасық қанымыз қалғанша күресіп, адалдық жолында ар тазалығымен көз жұмсақ арманымыз жоқ», — деп байлаулы тоқтамға келді. Бірақ патша әскерлері бір күннің, бір түннің ішінде ауыл елін талқандап, тұтқындап тар түрмеге апарып қамады. Елім деп еміренген ел азаматтарының ішінде қиындықпен, зорлық-зомбылықтан дегбірі қашып демікпей байсалды, сабырлы кейіппен ұлық алдында жауап беріп, бір тоқтамды қостады. Алайда жазықсыз жапа шеккен ел ағаларының, күнәсіз төгілген қаны ашынған халықты отқа май құйғандай одан әрі лаулатып, жалындата түсті. Бірақ патша үкіметінің үстемдігі жеңіп қазақ, қырғыз демей түгелдей тып-типыл етті. Қазақ даласы тағы да қанға бөгіп қаңырап қалды…

Қилы заман романын оқи отырып, сол кездегі болған жайттардың барлығы көз алдыңызға айқын елестейді. Бұл жазушының шеберлігі, өз ғасырының қайталанбас алып алпауыты екенін айқын дәлелдеп тұрғандай. Өзінің әйгілі «Абай жолы» эпопеясымен әлемге танылған тарланымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезовті ешқашан жадымыздан шығаруға болмайды. Олай дейтін себебім, Мұхтар Әуезов өзін ғана емес, бүкіл қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-санасын, діні мен ділін, қонақжайлылығы мен дана халық екендігін айдай әлемге танытты.

«Қилы заман» романындағы жағымсыз кейіпкерлер Оспан, Жебірбаев, Ақжелке сияқты арам пиғылды, еліне, халқына жаны ашымаған опасыздардың, жаман қасиетінен жиреніп, игі іс істеп, ізгіліктен жол салған жандардан, жақсылығын үйреніп, ішкі жан дүниемізге мәңгілік сарқылмайтын мөлдір бұлақтың кәусар суындай тазалық, кіршіксіз кірлемес тәрбие аласың.

Бүгін, қандай қилы замандар болса да Тәуелсіздікке қол жетті, бейбіт күннің бал дәмін таттық. Бұл бізге батыр халықтың сыйлаған құнды сыйы. Ендігі кезекте жаhандану заманында әлем сахнасына шығу кезеңінде ұлттық құндылық, тіл, ата-дәстүр, салт-сананы жоғалтпай ертеңгі келер ұрпақ, жас буынға қаймағын бұзбай, қазақ халқының дүниетанымы мен бай мәдениетін, әдебиетін, тарихын табыстау кешегі ата-баба аманатына қиянат жасамай бүліндірмей табыс ету бүгінгі күннің ең айрықша орын алар және ойландырар, әр қазақтың санасындағы дүние болуы керек. Біз мұны келесі келер ұрпаққа қалай жеткіземіз? Иа, бұл ойланарлық жайт. Жоғарыда аталған құндылықтарды келер көшке жеткізу үшін біз бүгінгі жас ұрпақтың бойына ең бірінші – өзінің ана тілі қазақ тілін меңгеріп, сол тіл арқылы өз халқының бүкіл жандүниесін сезіну. Өз тіліңді меңгермеу, оны шеттетіп сырып, өзге тілде сөйлеу, сол халықтың бар болмысын сол тіл арқылы сезіну деген сөз. Сондықтан ұлт болам деген ел ең бірінші тіл мәселесін бірінші орында ұстау керек және өз тілінде сөйлеу бұл әр адамның адамзат алдындағы азаматтық, ұлт перзенті ретіндегі адами борышы екенін сезіндіретін, ұлттық жобалар немесе бағдарламалар, болмаса қазақи орта қалыптастыру керек. «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деп ғұлама жазушы М.Әуезов бекер айтпаса керек.

Құндылықты сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу мәселесінде жас буынға берілетін білім мазмұнының айтарлықтай атқаратын рөлі бар. Бүгінгі күнгі мектептердегі оқу жүйесінің жаңартылған білім мазмұнына көшу жаңа Қазақстандағы жаңа жас өреннің қалыптасып, тәрбиеленуіне айтарлықтай әсер ететіні даусыз. Білімді ұрпақ – келешегі кемел ұрпақ. Білімді ұрпақ, функционалды сауатты ұрпақ елдің елдігін сақтап, өз игіліктерін өздері пайдалана алатын, әр дүниені қастерлеп, құрметпен қарайтын, білікті, ойлау мен пайымдауы дамыған, өз халқының мұраларымен мақтана алатын патриот. Мұндай буыннан – қазақ деген халықты айдай әлемге паш ететін, ол халықтың батыр, дана, шешен, ділмар, өнері мен мәдениеті сонау көне ғасырлардан бастау алатын данышпан ел екенін танытатыны анық. Біз қазір елдің елдігін ұлықтайтын көшбасшы ұрпақ дайындау үстіндеміз, бұл өте орынды үрдіс. Себебі, осындай дамыған, өркендеген, әлемдегі алпауыт мемлекеттермен текетіреске түсу соншалықты оңай дүние емес. Дамыған 50 елдің қатарына ену үшін – өз тілін білетін және оны жандүниесімен сүйетін, құрметтейтін жас буын алдыңғы шепте тұрғаны жөн. Халықтың халықтығын, елдің ел екенін бағамдау үшін ең бірінші оны өз халқын құрметтеуінен байқайды. Ойымды түйіндей келе, өткен тарихы мен әдебиетін білетін, өз тілін құрметтейтін жас буыннан бүгінгі аға буынның күтер үміті мен артар сенімі мол екені даусыз. Ел болашағын жарқын ету жолдарында қандай үрдіс, қандай жаhандану болса да қазақ дейтін халықтың бойындағы бар рухани мұраны жоғалтпай сақтап қалу осы келер ұрпақтың қолында, ұлы көшті жалғастыру үшін, көш тізгіні жастар қауымына сеніп табысталып отыр. Енді осы сенімді ақтайтын, өз ұлтын сатпайтын буын болсақ ел керегінің біріне жарағанымыз деп білемін!

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Өткеніңді білмей, болашақты болжау қиын». Өткенімізге көз жүгіртіп, болашағымызды бағамдай алатын зерделі ұрпақ болайық!

 Ұмытпайық өткен күннің елесін,

 Тілін, дінін ұмытты қазақ демесін.

 Ғасырлардың қайталанбас тұлғасын

 Ел боп, жер боп батырмайық кемесін!

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Т. Қордабаев. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. Алматы, 1987
  2. А.Байтұрсынов. Тіл — құрал. Алматы, 1993
  3.  Қ.Жұбанов. «Қазақ тілінің грамматикасы». А., 1936
  4. М.Әуезов Жиырма томдық шығармалар жинағы II-том, -А, 1979
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype