+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 24 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Ойын арқылы баланы тәрбиелеу

Теребаева Айнаш Аргынбековна, «№8 балалар үйі» КММ тәрбиешісі

Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі шымырланады. Ойын арқылы тұрмыс-салт, әдет ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайлы таным- түйсігі қалыптасады.

Ойын - бала әрекетінің негізгі бір түрі. Ойын - баланың жан серігі іспеттес. Қай бала болмасын ойнап өседі. Халық даналығында «ойнай білмеген, ойлай да білмейді, ойында озған өмірде де озады» деген аталы сөзінің сырына жүгінсек, мектепке дейінгі кезеңдегі баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы олар өсіп-өркендеп, есейгенде де өміріне жалғаса кететіндігін дәлелдерлік дәйекті деректер жетерлік. Оны біздің де күнделікті тәжірибеміз жан-жақты айқындап отыр.

 

Қазақтың ұлттық ойындары халықтың еңбек, шаруашылык үрдісіне байланысты туғандықтан, оның түрі мен мазмұны төзімділікке, батылдыққа, ұстамдылыққа, тапқырлыққа және мейірімділікке баулитын сипатта болады. Мұның өзі көңілге кеңдік пен дарқандық ұялатады.

Ойын адам әрекетінің бір түрі болғандықтан, оның да өзіне тән мотивтері болады. Ойынның қозғаушы күші — баланың нақты тілегі мен кызығуы. Ең бастысы ойын барысында баланы жан-жақты ойлануға, өзгелердің пікірімен санасуға, ортақ тіл табысып, тез арада шешім қабылдауға, ойынды шыншыл ойнауға, адал болуға, жалған сөйлемеуге, жанашарлыққа, кешірімді болуға баулу қажет. Ойын тегінде адам баласының ұжымдық шығармашылығының және орындалуы да көбінесе ұжымдық түрде болғандықтан, ойын үстінде жолдастық, достық қарым-қатынасқа әрекеттенуге тәрбиелеуге мүмкіндік мол. Егер біз ойынды тек көңіл көтеру үшін немесе дем алу ретінде пайдалансақ, одан ешқандай пайда болмайды. Қандай ойын болса да, ол негізгі мақсатқа жұмсалуы керек, өйткені ойын баланы дамытады. Ойын адам жолын ынтымақтықпен бірге, оның бойындағы көптеген қасиеттерді ұштап, білім дәнін бойға білдіртпей дарытады. Ойындардың қай-қайсысы болса да баладан төзімділікті, тапқырлықты, ізденімпаздылықты, шеберлікті т.б. толып жатқан қасиеттерді талап етеді.

Бала ойын ойнағанда өмірде көрген білгенін өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне еліктеп отырып бейнелейді. Бала үшін өзіне ұнаған адамнан артық ештеңе жоқ, оған барлық жағынан ұқсағысы келеді. Ізеттілік, ізгілік, инабаттылық, әдептілік бір күнде қалыптаса қалатын қасиет емес. Тәрбиешінің ұжымдық ойынды тартымды ұйымдастырып, өткізуі балалардын бір-бірімен достық қатынастарының дұрыс қалыптасуының нышаны екені сөзсіз. Ойын кезінде жолдасының айтқанымен келісіп, оны құрмет тұту — адамгершілікке бастайтын жол. Тәрбиеші ойын арқылы әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбіте, өзіндік мінез- құлқын қалыптастырады.

Ойын бала үшін — нағыз өмір. Бүгінгі күн талабы – баланың ақыл-ойын парасаттылығын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай ойы жүйрік етіп тәрбиелеу. Сондықтан да баланың танымын алғашқы күннен бастап дамытудың, бойында оқыту мен тәрбиелеудің негізін қалыптастырудың құралы – ойын әрекеті, яғни ойын – баланың жетекші әрекеті. Тәрбиеші ойынға тек қана баланы қызықтырып қоймай, бес саланы білім берудің негізгі құндылығы деп түсінсе ғана өз мақсатына жете алады.

Балалар ойын арқылы күрделі әрекеттерді, білімді үйренеді және үлкендер де үйретуге тиісті. Ойынның өз мақсаты, жоспары болады. Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп, кейбір педагогтар, ғалымдар «Жақсы ойын — жақсы жұмыс сияқты да, ал жаман ойын — жаман жұмыс сияқты» деген. Баланың қуанышы мен реніші ойын арқылы байқалады. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшеліктері: бала ойланады, эмоциялық әрекетке ұшырайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды.

Ойындарда күтілетін нәтижелер: 1. Ойын — тәрбие құралы, ақыл — ойды, тілді ұштастырады, сөздік қорды молайтады, өзін қоршаған ортаны танып, мейрімділік сезімге тәрбиелейді. 2. Еркін мінез-қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны жетілдіреді. 3. Ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі. 4. Эстетикалық тәрбие беру құралына айналады. 5. Еңбек тәрбиесін беру мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді. 6. Дене күшінің жетілуіне көмектеседі. Демек, ойын баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негіздері болып табылады.

Ойын — бала үшін біліктіліктің қайнар көзі. Сондықтан жас өрендер ойнай отырып, ойлай білсін.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype