+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 24 қараша 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 11 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Оқушыларды поэзияға баулу жолдары

Узбекова Маржангүл Қасымбайқызы, "№19 ЖОББМ" КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Семей қаласы

Акперова Айгүл Төлеуқызы, "№19 ЖОББМ" КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Семей қаласы

Қазіргі білім берудің басты мақсаты — шығармашыл тұлға қалыптастыру. Егеменді еліміздің ең басты мұраты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Осы орайда оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту — мектеп мұғалімдердің алдында тұрған жауапты міндеттердің бірі.

 

Оқушының шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін жоспарлы істің мақсаты мен міндетін айқындап алу қажет. Мақсат — оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыра отырып, шығармашылық жұмысқа баулу, ой-өрісінің дамуына мүмкіндік тудыру. Міндет — оқушылардың шығармашылылық қабілетін дамыту, жан-жақты дамуына көңіл бөлу, ғылыми- зерттеу дағдыларын қалыптастыру. Алға қойған мақсат пен міндетті орындау үшін оқушы жастардың танымдық, шығармашылық әлеуетін жан-жақты өсіруге, дамытуға ден қою қажет.

Шығармашылық дегеніміз — оқушының белсенділігі мен дербес іс-әрекетінің ең жоғарғы түрі. Бұл мәселені шешуде шығармашылық тапсырмалардың орны ерекше. Шығармашылық бағыттағы тапсырмалар оқушының білім деңгейін оқушылық деңгейден шығармашылық деңгейге көтеруге жол ашады. Енді оқушыны поэзия әлеміне әкелудегі шығармашылық жұмыстарға тоқталсақ. Көркем әдебиеттің үлкен бір саласы – поэзия. Оны мектепте оқыту, оқушыларды оның сыры мен қырына қандыру — абыройлы да қиын жұмыстардың бірі. Қазіргі таңда, шынын айту керек, мектеп оқушыларының көпшілігі поэзиялық шығармаларды оқуды ұната бермейді.Ал поэзияны сүймеу оқушы қиялын, арманын тежейді. Шоқан Уалиханов «Дала көшпенділерінің поэзия мен шынайы сезімге бейім болуына өмір бойы табиғат құшағында жүруі – жасыл майса дала, ашық, мөлдір аспан, көші-қоны көп тұрмыс әсер етпесіне кім кепіл» деген екен. Ендеше, поэзия – табиғаттың өзі сияқты, белгілі бір ырғаққа түскен, үзуге болмайтын дүние. Ал А.А.Блок «Поэзия ойлаудан басталады» дей отырып, поэзиялық шығармалардың тереңдігін, оған жай көзбен қарауға болмайтыдығын танытады. Тіптен поэзия жайында нақты бір тұжырымды ой айту қиын. Өйткені ол бір болмысты ғана емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы. Ал осы өнерді біз өз дәрежесінде оқушыға жеткізе алып жүрміз бе? Оларды поэзия әлеміне қалай әкелеміз? Ол үшін ұстаздың өзінің поэзия туралы түсінігі кең болуы шарт. Өлеңді өту оңай сияқты. Прозалық немесе драмалық шығарма емес, оқуға жеңіл деп ойлаймыз. Шындығында, поэзияны, өлеңді оқыту – қиынның қиыны. Өйткені, біріншіден, мұғалім өзі өлеңді түсініп, өлеңді сүюі қажет, өйтпеген жағдайда өлеңнің бүкіл дыбыстары сылдырлап естілмейді, оқушыны өлең-өмірге ендіре алмайды.Содан өлең бір сарындылыққа айналады, сауатты талданбайды. Мектеп оқушыларының 5-10%-ы ғана поэзиялық кітаптарды оқитыны белгілі. Онда да көбісі өз қалауларымен емес, мектепте, сыныпта өтетін іс-шараларға байланысты өлеңді пайдаланады.

Оқушы әдебиет сабағында поэзиялық шығарманы қабылдау керек.Бұл – оңай үрдіс емес. Қабылдау деген сіз бере салғанды ол ала қоятын зат емес. Ол –оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние. Бүгінгі жасөспірімдерді поэзия әлеміне қалай баулуға болады? 5-8 сынып оқушыларына өлеңді қалай оқыту керек? Әдебиет бағдарламасы бойынша 5-9 – сыныптарда өлең көбірек кездеседі. Бұл жастағы оқушылардың көбі поэзиядан гөрі қызықты мазмұны бар, айтайын деген ойы анық болып келетін прозалық шығармаларды ұнатады. Дүниені тұтас қабылдау мүмкіндігі бар осы 10-11 жасында баланың санасы мен жанын рухани қанағаттандырып, қалыптастыра алмасаң, кейін кеш болады. Сабақ барысында балалардың эмоциялық қабылдауын, өлеңнің әр тармағындағы, шумағындағы ойды жеткізуде, талдауда өлеңнің эстетикалық нәрін жоғалтпай, осы қалыпта ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушыны өлеңнің тереңіне бойлата білуіміз керек. Поэтикалық шығарманы оқу – ол да өнер. Оның бойында еркіндік, ой мен сезім, интонация, дауыс ырғағы, ым – бәрі өмір сүреді. Сәл сенімсіздік, салғырттық, жасандылық пен орынсыз қойылған сұрақтың өзі сабақтың мақсатына, оқушының эстетикалық қабылдауына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Поэзияны оқытуда оқытушының мақсаты – ақынға рухани жақындату, оны сезіну, ақынның сезімі мен ой тереңдігіне бойлау, сол арқылы оқушының оқырмандық сапасын арттырып, көркем сөздің құдіретін түсіне білуге тәрбиелеу. Сонда сабақты қалай құруға болады?

Жұмыстың ең маңызды бөлігі – өлеңмен таныстыру. Өлеңнің бірінші оқылуы, әсіресе, ашық, жарқын, эмоцияналды болуы керек. Тәжірибе бойынша, өлеңді бірінші мұғалімнің өзі оқығаны жақсы. Өлеңді оқып болған соң бірден оқушыларға сұрақ қоюға асықпау қажет. Себебі, өлең туғызған әсер мен сезімді мезгілсіз үзіп алмаған дұрыс. Өлеңді оқығанда, оқушыларға кітапты жаптырып қойған жөн. Себебі, олар еш нәрсеге алаңдамай, өлеңді ғана тыңдап, дыбыстарды, бояуларды аңдап естіп, көруі керек. Осыдан кейінгі маңызды нәрсе – дұрыс сұрақ қоя білу. Мысалы, «Балалар, сендерге өлең ұнады ма?» деген сұрақтың өзі дұрыс емес. Жауабын балалар бір-ақ ауыз сөзбен жеткізеді де, бағанағы үлкен әсер, сезім толқыны бәсеңдейді. Керісінше, сұрақтың не тапсырманың оқушы сезімін, әсерін одан әрі тереңдету мақсатында қойылғаны жөн. Мәселен, «Өлеңді тыңдап отырып, не елестеттіңдер, не көрдіңдер? Осы өлеңге сурет салу керек болса, қандай бояуды пайдаланар едіңдер?»

Талдау осылай басталады. Өлеңді талдау кезінде « Өлең қалай ,қандай жағдайда туды ?» деген жауапты Абайдың өлеңдерінен табамыз. Ақын рухани тап-таза болғанда, дүние кірінен жуынып, айнала сылдырап, келісімге келген уақытта ғана нағыз өлең дүниеге келеді екен. Сөз өрнегімен жасалған жыр кестені оқушыға көрсете білу керек. Рас, ол әр оқыған сайын әр түрлі әсер алады, сырына үңіледі, тереңіне бойлайды. Бірақ әсер жоғалып, із-түссіз кетпейді. Балаға рухани азық болып, ізгілік, сұлулық нұрына бөлейді. Мұғалімнің поэзиялық шығарманы оқытудағы тағы бір міндеті – оқушыларды мәнерлеп оқуға үйрету.

Поэзиялық шығармалар келістіріліп, мәнерлеп оқытуды талап етеді. Оқытушы оқушылардан тек дауыс интонациясын ғана талап етпей, өлең мазмұнына сәйкес эмоциялық жанды қимылды да, ақынның жүректен шыққан отты сезімін айта білуді де үйреткені абзал.

Сонымен бірге оқушының сыныптан тыс кезде көркем шығарманы, өлең, дастандарды көп оқуын қадағалап отырса және айтыс өнері туралы кеңінен түсінік беріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Поэзияны өткен кезде, әдебиеттен теориялық элементтерді де меңгертіп отыру қажет. Өлең шумақтары бойынша кезекті ұйқас, егіз ұйқас, шалыс ұйқас, шұбыртпалы ұйқастарды және буын, бунақ сандары жайлы түсінік берілуге тиіс. Сондықтан да поэзиялық шығармаларды талдағанда 5-сыныптан бастап өлең ұйқасымен, теңеумен, 6-сыныпта лирикалық өлеңдермен, эпитетпен, 7-8-сыныптарда фигуралық суреттеме, көркемдегіш құралдардың басқа түрлерімен таныстыруға болады.

Оқушыны құймақұлаққа тәрбиелеу, поэзия сүюге, көркемсөз оқуға, мәнерлеп айтуға баулу – тіл байлығын арттырудың басты бұлағы. Осы бұлақтың тұнығын тек қана дарындылар іше алады. Осылайша тілдің бағын көтеріп жүрген дарынды шәкірттеріміздің талабы таудай бола береді.

Әдебиет — сөз өнері. Әдебиет — әсемдік әлемі. Адам жанына жалын шашатын да, сәби жүрегіне адамгершілік нұрын шашатын да — әдебиет. Әр оқушы — бір Жұлдыз. Жарқырауына жәрдем беретін — мұғалімдер. Сондықтан әр ұстаз сол жұлдызды сөндіріп алмай, мәңгілік жағатын құдірет иесі болуы керек. Ол үшін оқытудың түрлі тиімді тәсілдерін меңгеріп, оны күнделікті сабақта қолдана білуі тиіс.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype