Адам іс әрекетінің ерекше бір түрі – ойынның пайда болуын зерттеушілердің біразы өз еңбектерінде өнер және ойын көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойында шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі қылаң береді. Жалпы ойынға тән нәрсе өмірдің әртүрлі құбылыстары мен үлкендердің түрлі іс-әрекеттеріне еліктеу екені белгілі. Ойынның шартты түрдегі мақсаты бар, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттер бала үшін қызықты. Балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі ойында жатыр. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.
Бала ойын арқылы өзін толқытқан қуанышын немесе ренішін, асқақ арманын, мұрат-мүддесін бейнелесе, күні ертең сол арман қиялын өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, бүгінгі ойын, бейнелі әрекет ертеңгі шындық ақиқатқа айналатын кезі аз емес.
Қай ғалымды алмайық өздерінің ойын туралы еңбектерінде: «Ойын баланың жетекші әрекеті» деген сипаттама береді, өйткені ойын баланы ақыл-ой жағынан да, дене жағынан да алға жетелеп, дамытады, баланың ойын өрбітіп, бойын өсіреді.
Орыс педагогы В.А.Сухомлинский: «Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін де емес» — десе, ғалым Е.А.Покровский өзінің балалардың ойындарына арнаған еңбегінде әрбір халықтың ойын туралы түсінігіне сипаттама береді. Мысалы: ежелгі гректерде «ойын» түсінігі балалардың қимылы деген ұғымды білдіреді, ал еврей халқында «ойын» сөзі қуаныш, шаттық сезімдерін сипаттайды – деп, барлық халықтың ойын түсінігінің түп-тамырының сабақтасып жатқандығы туралы тұжырым жасайды.
Ойын – таным үрдісін дамытудың негізі болғандықтан, әрбір тәрбиеші – оқыту мен тәрбие берудің мазмұнын үнемі ойын элементтерімен толықтырып отыруы керек.
Балабақшада тиімді қолданылған ойын түрлері – тәрбиешінің түсіндіріп отырған материалын балалардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады. Өйткені, кіші жастағы балалар жас ерекшеліктеріне байланысты ойынға өте ынталы келеді. Балалар тез сергіп, тапсырмаларды тез, әрі қызығып орындайтын болады. Ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін, қызығушылығын арттырудағы басты құрал. Ойын барысында балалардың белсенділігі, шығармашылығы дамиды.
Ойын оқыту құралы болып табылады. Ойын технологиялары балабақшадағы білім беру саласында жаңа инновация болып табылады.
Г.К.Селевко ойын қызметін төмендегідей жағдайларда қолдануды ұсынады:
— ойын пәнінің тараулары мен тақырыптарын, ұғымдарын меңгеру үшін дербес технология ретінде қолдануда;
— неғұрлым кең технологияның түрлері ретінде;
— балабақша ұйымдасқан оқу қызметінде немесе оның жұмыс барысында (кіріспе, түсіндіру, бекіту, жаттығулар орындау, бақылау);
— балабақшада тыс жұмыстарды жүргізуде қолданылады.
Балабақшада оқу қызметі барысындағы ойын әдістері балаларды оқу қызметіне ынталандыру құралы ретінде ойын әдістері мен жағдайларының көмегі арқылы құрылады. Балабақшада оқу қызметі барысында ойын әдістері мен жағдайларын өткізу мынадай негізгі бағыттарда жүргізіледі:
1. Балалар алдындағы дидактикалық мақсат ойын тапсырмаларының формасында қойылады.
2. Балабақшада оқыту қызметі ойын ережелеріне бағынады.
3. Оқу материалдары оның құралы ретінде қолданылады.
4. Оқыту қызметінде дидактикалық тапсырмалардың ойынға ауыстырылуы нәтижесінде жарыстар енгізіледі.
5. Дидактикалық тапсырмалардың нәтижелі орындалуы ойын нәтижесіне байланысты болады.
Балабақша тәрбиешілерінің оқу – тәрбие жұмысының негізгі саласы балабақшадағы ұйымдасқан оқу қызметі. Балабақшадағы ұйымдасқан оқу қызметі үстінде балалардың біліктілігі, іскерлігі, дағдысы, дүниетанымы дамиды. Негізгі бетбұрыс бала білімінің сапасын арттыру, ол дегеніміз түпкі нәтижені көре білу, яғни балаға берген біліміміздің қайтарымын көру. Ол үшін балабақшада ұйымдасқан оқу қызметіне баланың барлығын қызықтыра отырып қатыстыру қажет. Бес саусақ бірдей емес, яғни әр баланың ұйымдасқан оқу қызметіне қызығушылығы, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан, балалардың осы топтарына әртүрлі деңгейде талап қоюға тура келеді. Ал ойын элементтері кез-келген баланың қызығушылығын тудырады. Тіпті нашар меңгеретін баланың өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен, белсенділікпен орындайды. Балалардың қызығушылықтарын туғызатын ойындардың бірі — дидактикалық ойындар.
Дидактикалық ойындар – көп салалы, күрделі педагогикалық құбылыс. Оны — балаларды оқытудың бір әдісі, оларды жан — жақты тәрбиелейтін құралдардың бірі деп айтуға болады.
Дидактикалық ойын балабақшадағы оқу үрдісінде екі түрлі мақсатпен қолданылады: оқу (көшбасшылық) мақсатта, екіншісі ойын ойнау мақсатында. Тәрбиеші өзі де ойынға қатысады, балаға үйретеді. Бала ойын ойнай отырып үйренеді.
Дидактикалық ойындарды қолдану барысын төрт кезеңге бөлуге болады:
1. Жүргізілетін ойын бойынша балаларға бағыт беру. Тәрбиеші оқытылатын тақырыппен таныстырады, онда қолданылатын негізгі ұғымдармен және жұмыс түрлерімен таныстырады. Одан соң жалпы ойын барысының жүргізілуі, ойын ережелері жөнінде сипаттама береді.
2. Ойынды өткізуге дайындық жұмысы. Тәрбиеші ойын тапсырмалары, ойын барысында шешімдердің қабылдануы, нәтижесін есептеу, оның жүргізілу ережесі туралы мағлұмат береді.
3. Ойынды жүргізу. Тәрбиеші ойынды талапқа сәйкес жүргізеді, ойын барысындағы іс-әрекеттерді бақылап отырады, ойын барысындағы түсінбестіктерді шешуге көмек береді.
4. Ойын нәтижесін талқылау. Тәрбиеші жүргізілген ойын нәтижесіне талқылау жүргізеді, ойын барысында ойын қорытындысына жалпы сипаттама береді және ойынды өткізуде кездескен қиындықтар, пікірлер, ұсыныстарды балалармен бірлесе отырып талдайды, олардың ойынды қабылдауы байқалады.
Ойындар балалардың шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар, сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға да баулиды. Балалар ойын ойнау барысында үйренген сөздерін айтып қана қоймай, оның қандай мағынада қолданылатынын да біледі. Балабақшада ойын оқу пәндерінің мазмұнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана дұрыс нәтижелер береді.
Ойында табысқа жету танымдық қызығушылықтың дамуы үшін жағымды эмоция тудырса, ал жеңілген жағдайда танымдық қабілетін жоғарылату қажеттігін тудырады. Ойындағы алынбаған жауап балалардың ойлау әрекетін белсендендіріп, жауабын табуға тырыстырады. Ойын барысында ортақ мақсатқа жету үрдісіндегі ойлау әрекеті белсендіріледі. Ойлау танымдық мақсаттарды шешуге бағытталады.
Ойынды таңдау баланың белгілі бір тәрбиелік мақсаттарын жүзеге асыру қажеттілігінен туындайды. Ойын ұжымдық болған жағдайда ойнаушылар құрамын, олардың парасаттылық дамуын, дене бітімінің дамуын, жас ерекшелігін, қызығушылықтарын, қарым-қатынас жасау деңгейін білу қажет. Ойынды таңдау оның өту кезеңіне, табиғи климаттық жағдайға, уақыт ұзақтығына, жыл мезгіліне, ойынға қажетті заттардың болуына байланысты. Ойын барысында ойын түрткісі өзгере береді. Балалар ойын кезінде рахат алу үшін әрекет жасайды. Кей жағдайда бала бір нәрсені заттай алу үшін, кейде шығармашылық жағдайда, бәсекелестік жағдайда өтеді. Бала ойын барысында өзара байланыстағы бірнеше деңгейдегі мақсатты жүзеге асырады.
Бірінші деңгейдегі мақсат – ойын үрдісінен рахаттану. Егер ойын балаға қуаныш әкелетін болса, онда бала кез-келген белсенділікке дайын болады.
Екінші деңгейдің мақсаты – функционалдық. Ол ойын ережесінің сақталуы, көріністер ойнау, рөлдерді орындаумен байланысты.
Үшінші деңгей ойынның шығармашылық мақсатын айқындайды. Шешу, табу, қорытындыға жете білу жолындағы іс-әрекетті көрсетеді.
Баланың тілегі мен тәрбие мақсаты үйлескен кезде ойынға қызығушылық пайда болады. Ойнауға ауызша және жазбаша тартуға болады. Ойын заттары, ойыншықтар, ойын жарнамалары ойнауға қызығушылық тудырады. Ойнауға ұсыныс жасау арқылы оның ережесі мен іс-әрекет техникасы түсіндіріледі. Ойын шартын түсіндіру өте маңызды кезең. Ойын шартын тура басталар алдында нақты және қысқаша түрде түсіндіру қажет. Бұл кезде ойын заттарын, ойнаушылар айырмашылығын, негізгі жєне көмекші ережелерді, ойын мазмұнын, ойын атын айту қажет.
Ойнайтын жер ойынның мазмұнына, құрамына, сюжетіне, ойнаушылардың санына сәйкес келуі керек. Сонымен қатар қауіпсіз, балаларға ыңғайлы, гигиеналық талаптарға сай, бөгде адамдар кедергі жасамайтын жерде болғаны жөн. Ойын алаңы балалардың жас ерекшеліктеріне сай жабдықталуы тиіс. Ойындар қосарланған, жеке, топтық және ұжымдық болады. Ұжымға, топқа бөлген кезде әдеп сақтау, балалардың бір-біріне тартымдылықтарын, симпатияларын, жаратпаушылықтарын ескеру қажет. Балалардың ойнау тәжірибелерінде топтарға бөлу кезінде жеребе, санамақ сияқты демократиялық тәсілдер қолдануға болады.
Бала ойынындағы маңызды сәттердің бірі рөлге бөлу. Олар белсенді және енжар, негізгі және қосымша болуы мүмкін. Рөлге бөлу кезінде дене тұлғасының ерекшелігіне, жынысына, жасына тәуелді болмайды. Көп ойындар рөлдердің тең құқылығына құрылған. Кейбір ойындар үшін жүргізушілер, капитандар, басқарушылар қажет. Жетекшілер мен тәрбиешілердің балалар ойынындағы рөлі маңызды. Олар ойынды ұйымдастырушы, ойынның мазмұны жөніндегі ақыл-кеңесшісі балалардың даулы мәселелерін шешіп беретін әділ төреші болуы тиіс. Тәрбиеші кейде рөлдерді өзі бөледі. Кей жағдайда капитандар, жүргізушілерді тағайындайды. Бала тілегі де ескеріледі. Ойында рөлдерді кезектесіп ойнайды.
Топтық ойындар кезінде рөлдерге бөлу талас-тартысты ұмытып, ортақ мүдде туралы ойлауға, енжарларға белсенді болуға, беделі жоқтарға беделін көтеруге, тәртіпсіздерге тәртіпті болуға, жаңадан қосылған балаларға басқалармен тіл табыса білуге көмегін тигізеді. Демек, ойнау кезінде балалар арасындағы қарым-қатынас нығая түседі. Сонымен қатар ойын барысындағы бәсекелестік жағымсыз қарым-қатынас тудыруы мүмкін. Жағымсыз қылықтар арқылы, әртүрлі амал-айла көмегімен өз тобын жеңіске жеткізуге тырысады. Сол жағдайда тәрбиешінің немесе жетекшінің міндеті — балалар арасындағы адамгершілік қарым-қатынасты талдап, дұрыс шешім қабылдап, тиімді әдіспен басқару.
Ойынды ұйымдастыру кезінде төмендегі қағидаларды басшылыққа алу керек:
— кез-келген түрдегі ойын түріне баланы күштеп тартпау;
— ойын динамикасының дамуы;
— ойын атмосферасын ұстап тұру;
— ойын және нақты іс-әрекет арасындағы байланыс;
— баланың ойын кезіндегі негізгі әрекетті нақты өмір тәжірибесіне қолдана білуді үйренуі;
— қарапайым ойындардан қиын ойындарға көшу.
Тәрбиешілердің парасаттылық ойындарға қатысуы ойындардың тәрбиелік, білімдік құндылығын арттырады.
Қазақ халқы ежелден жас ұрпақты сегіз қырлы, бір сырлы болып өсуін мақсат тұтқан. Баланы үнемі қамқорлыққа алып, жан-жақты тәрбиелеп отырған. Қазақ халқының ұлттық тәлімі мен өнегесі бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінің негізіне айналуы – ел мүддесі, заман талабы.
Қазақ халқы мәдени мұраларға бай халық екендігінде сөз жоқ. Сондай бір қомақты дүниелер қатарына ұлттық ойындарды да жатқызамыз. Халқымыздың өмірде дені сау, шыныққан балалар тәрбиелеу жөнінде кейінгі ұрпақтарына қалдырған үлкен де бай мұрасы – ұлттық ойындар. Балалар ұлттық ойын үстінде өнеге алып, мінез қалыптастырады, өзіндік ерекшелік қасиетін айқындай бастайды. Тәрбиеші ұлттық ойын үстінде әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбітуге, өзіндік мінез-құлқын қалыптастыруға аса көңіл бөлгені жөн.
Баланың ойыны ересек адамдардың еңбегіне еліктеуден өрістеп, бара-бара шын мәніндегі еңбекке айналады. Сондықтан ұлттық ойын балаларды тәрбиелеудің де тиімді жолы, тәрбие құралы екендігін дәлелдейді.
Бала ұлттық ойын үстінде өмірде көрген білгеніне, өзіне ұнаған адамның әрекетіне еліктей отырып, соны бейнелей ойнайды. Балаға тән бір қасиет бәрін өзім істеймін деп талпынады. Баланың осы талпынысын қоштап, көмектесіп, сенім білдіріп отыру тәрбиенің ең бір ұтымды әдісі. өйткені, ересек адамдардың баладан айырмашылығы сана-сезімі мен тәрбиесінің молдығында ғана. Сондықтан да өз білгенін балаға үйретуден жалықпау ересек адамдардың қасиетті борышы.
Сонымен әртүрлі ғылыми мектептердегі педагог және психолог ғалымдардың еңбектеріндегі ойынның маңыздылығы туралы түсініктерін қарастыра келе, мынадай жалпы ережені беріп отырмын:
1. Ойын — әртүрлі жастағы балаларды өз еркінше дамыту әрекетінің түрі.
2. Ойын — бала әрекеттерінің ішіндегі ең еркін түрі, онда айнала қоршаған әлемді тани, сезіне білуі, жеке шығармашылығы үшін кеңістіктің ашылуы, өзін-өзі тануы және өзін-өзі көрсетуі белсенді түрде жүзеге асады.
3.Ойын — мектеп жасына дейінгі бала әрекетінің ең алғашқы баспалдағы, оның мінез-құлқының қалыптасуының бастапқы мектебі.
4. Ойын даму тәжірибесі болып табылады. Бала ойын кезінде дамиды, даму үшін ойнайды.