ХХІ ғасырдың әрбір дағдысын меңгеру үшін бүкіл оқушыларда пән бойынша академиялық білімнің болуы талап етіледі. Пән бойынша терең академиялық білімнің арқасында адамдар сын тұрғысынан ойланып, басқалармен тиімді қарым-қатынас жасай алады.
Пән бойынша академиялық біліммен қатар оқушылар қазіргі заманда табысқа жету үшін талап етілетін сын тұрғысынан ойлау, проблема шешу, қарым-қатынас жасау және бірлесіп әрекет ету сияқты негізгі дағдыларды да меңгеруге тиіс.
Сондықтан жоғарыда аталған мәселелер тиісті мемлекеттік білім беру стандартымен, бағалау жүйесімен және оқу бағдарламаларымен, оқыту жүйесімен, кәсіби даму және оқу ортасымен қабысып жатса, оқушылар оқу үдерісіне барынша тартылып, мектеп бітірген кезде қазіргі жаһандық экономика жағдайында еңбек етуге мейлінше дайын болмақ.
Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгеріcтерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым — қатынасқа өту қажеттілігі туындайды. Білім берудің маңызды шарты — оқу үрдісін жаңарта отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың өздігінен білім алуға құштарлығын жетілдіру, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауда мұғалім іс — әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыру.
Белсенді оқыту педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін, әр мұғалім алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтік мақсатына, мүддесіне сай, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Айтылым дағдысын дамытуда қолданылған әдіс тәсілдер-оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, терең ойлай білуін, теориялық негіздерін, эстетикалық көзқарастарын пайымдауын, баға беруін, танымдық белсенділігін дамытуға бағытталған.
Әдіс –тәсілдерді тіл мен әдебиет сабақтарында оқушылардың айтылым дағдысын дамыту үшін қолдануға болады. Жұмыста берілген әдіс- тәсіл түрлері тіл мен әдебиет сабағының сапасын арттыруға, оқушылардың білім деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Оқу және жаңашылдық дағдылары күн сайын күрделеніп жатқан ХХІ ғасырда өмір сүріп, еңбек етуге дайын оқушыны осыған дайын емес оқушыдан айыруға көмектесетін дағды ретінде мойындалып отыр. Балаларымызды болашаққа дайындауда шығармашылық, сын тұрғысынан ойлау, қарым-қатынас және бірлесіп әрекет ету мәселелеріне назар аудару маңызды.
- Идея тудыру әдістерін кеңінен пайдалану (мысалы, миға шабуыл)
- Жаңа және құнды идея ұсыну
- Оның құнын арттыру мақсатында өз идеяларын ұсыну, нақтылау, талдау және бағамдау.
ХХІ ғасырда адамдар технология мен мультимедиаға толы ортада өмір сүреді. Оның мынадай белгілерін атауға болады:
1) көптеген ақпаратқа қолжеткізуге болады,
2) технология құралдары жылдам өзгеріп жатады,
3) ынтымақтастық орнату және орасан зор жеке үлес қосу қабілеті.
ХХІ ғасырда нәтижелі болу үшін азаматтар мен жұмысшылар ақпаратқа, мультимедиа мен технологияға қатысты көптеген функционалдық және сын тұрғысынан ойлау дағдыларын көрсете алу қажет.
Білім қоғамында табысты қызмет ету мақсатында сандық технологияларды (компьтерді, планшетті, медиа-плейерді, навигация жүйелерін және т.б.), байланыс/желілік құралдарды және әлеуметтік желілерді ақпаратқа қол жеткізу, оны басқару, кіріктіру, бағамдау және құру үшін тиісті түрде пайдалану.
Қазіргі кезде оқу бағдарламасындағы стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп аясында ұлттық сана қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады.
Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа инновациялық әдістер мен оқыту технологияларын қолдану арқылы, дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу- тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді.Бүгінгі күннің талабына сай білім саласында жаңа технологиялар қолданудың маңызы зор.
Заман талабына сай білім беру оқушылардың адамгершілік, интеллектуалдық дамуының жоғары деңгейі мен білімін қамтамасыз етуге бағытталған оқытудың үздіксіз үрдісі десек, оның тиімділігі мен сапасын арттыру мұғалімнен оқу процесінің ғылыми теорияға негізделген және оқушының қабілеті мен бейіміне негізделген оқытудың таңдамалы әдістеріне көшуді талап етеді. Ондағы негізгі мақсат оқушыға сапалы білім беру болып табылады. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа кезкелген пәнді ұғындырудың тиімді жолы – жаңа технология негіздері болып табылады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда жаңа технологияларды пайдалану мұғалім үшін қандай маңызды болса, оқушы үшін одан да маңызды. Жаңа технологиялар оқушылардың білім сапасын арттыруға, өздігінен жұмыс істеу мүмкіндігін молайтуға көп көмегін тигізеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев көрсеткендей, Қазақстанның болашағы қазақ тілінің дамуына, тағдырына тікелей байланысты. Сондықтан да мемлекеттік тілдің оқытылу жағдайына көп көңіл бөлініп отыр.
Соңғы жылдары оқытудың жаңа технологиялары білім беру саласында кеңінен қолданылып келеді. Олардың ішінде отандық әдіскер ғалымдар жасақтаған «Сын тұрғысынан ойлау» «Мнемотехника», «Белсенді оқыту тәсілдері» «ЖИГСО»т.б. технологиялары мұғалімдердің қызығушылығын арттырып, оқу үдерістеріне кеңінен ендірілуде. Мұндай әдіс – тәсілдер мен оқытудың жаңа технологиялары туралы арнайы еңбектер мен ғылыми – әдістемелік тұрғыдан баяндайтын құралдар, түрлі курстар мен білім сатысы оқулары арқылы мұғалімдердің әдіскерлік шеберліктерін ұштауларына мүмкіндіктер мол. Оқыту әрекетінде жеке, топтық, ұжымдық жұмыстарды оқу мазмұны мен мақсатқа сәйкес, үйлесімді түрде жүргізудің қажеттілігі осыдан туындайды.
Қазіргі заманның әлеуметтік экономикалық жағдайында оқушылардың білім деңгейін көтеру белгілі бір дәрежеде жеке тұлғаның өзін-өзі жан-жақты танып білуі мен қалыптасуына жағдай жасауға бағытталған.
Бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Әрбір сабақта оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін енгізіп жүрсе, білім сапасына елеулі әсер етеді. Кез келген сабақты қызықты өткізу үшін әрбір ұстаз жаңалыққа ұмтылып, ізденіс үстінде болғаны абзал.
Сабақ барысында бір ғана тәсілмен шектелмей, өз сабақтарымда қазіргі таңдағы инновациялық технологияларды оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты таңдап қолданамын. Атап айтсам, сын тұрғысынан ойлау, тірек- сызба, дамыта оқыту, деңгейлеп-саралап оқыту т.б. Мен үшін әрбір сабаққа жаңалықтарды, озық тәжірибелерді пайдалану үлкен жетістіктерге жетелейді. Өзімнің әрбір сабағымда озық технологияларды пайдалану жақсы нәтижелер бергенін көрудемін. Әр түрлі әдістерді сабағымда қолданып тиімді – тиімсіз жақтарын зерттеп, ізденіп жүрмін.
Қазақ тілі пәнін оқытуда жаңа технологиялардың элементтерін қолдана отырып, айтылым дағдысын дамыту бойынша жұмыс жасауға ерекше көңіл бөлемін. Өйткені, бұл технология баланың жеке мүмкіндігіне,өз ойын еркін айта білуге шығармашылығын бағытталған.
Белсенді оқытудың тағы басты қажеттілігі, оқушыны өз бетімен ізденуге үйрету, олардың шығармашылық бейімділіктері мен икемділіктерін дамыту.
Жеке тұлғаның қалыптасып, ой-өрісінің дамуы, белсенділігін, білім алу қажеттілігі, оны өмірде іс-тәжірибеде қолдану, шығармашылық міндеттерді ойдағыдай шешудің негізгі құралының бірі – оқушылардың айтылым дағдысын дамытудағы жаттығу жұмыстары.
Осы орайда қазіргі қазақ тілі пәндері бойынша айтылым бойынша жұмыс түрлерін көбірек ұсыну, ойын түрлерін беру, оны кейін практикалық тұрғыда қолдана білуге үйрету жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді.
Белсенді оқыту технологиясы бойынша сабақ құрылымы қызығушылықты ояту, мағынаны ажырату, ой толғаныс кезеңдерінен тұрып, әр кезеңдегі тәрбиелік және оқу мақсаттары әр түрлі стратегияларды қолдана отырып, алға мақсат қою, мәселені зерттеу, жауап іздеу, дарынды оқушылардың өз ойларын ашық айта білуге тәрбиелейді.
Белсенді оқыту технологиясының ішінде сын тұрғысынан ойлау стратегиясы сабақты жоспарлауда өте тиімді. Мұнда оқушының ойы шыңдалып, өз даму деңгейіне сай жетістіктерге жетуге болады.
Сын тұрғысынан ойлау жобасы мынадай үш құрылымнан тұрады:
– қызығушылықты ояту;
– мағынаны тану;
– ой толғаныс.
Бұл технологияда бұрынғы білім мен жаңа ұғым ұштастырылады. Соңғы кезеңде оқушы өз шығармашылық қабілетін таныта алады.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технологияларды қолдану арқылы дарынды оқушылардың таным белсенділігін арттыру, қазіргі қоғам талабына сай ой-өрісін дамыту, шығармашылығын кеңейту, дамыту, терең білімді, бәсекеге қабілетті тұлғаны жасау, заман сұранысына сай ізденімпаз тұлғаны қалыптастыру. Қорыта айтқанда, оқыту процесінің нәтижелі болуы мұғалімнің сабақ беру шеберлігіне, зейін қойдыра білуіне, оқушылардың өздігінен білім алуға үйренуіне байланысты. Қандай да болмасын жаңа әдіс-тәсілдер әрбір оқушының өз бетімен оқып үйренуіне сенімін ұялатып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне, қорытынды жасай алуына, сөйлеу мәдениетінің өсуіне ықпал етеді, білім сапасын арттырады. Оқыту технологияларын сабақта қолдану оқушылардың білім сапасын арттырып қана қоймайды, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсерін тигізеді. Жаңа әдіс-тәсілдерді мән-мағыналарына, ерекшеліктеріне қарай таңдап қолдана білсек, балаға білім беруде ұтарымыз анық.
Сондықтан мұғалім үшін сабақтың жүргізілу жүйесін жетілдіріп, оқу – тәрбие жұмыстарын жүйелеп, сапасы мен тиімділігін арттырып, өзгерістер енгізуге барлық күш-жігерін жұмсауы тиіс.
Белсенді әдіс тәсілдерді қолдану арқылы айтылым дағдысын дамыту технологиясы сабақ үстінде оқушыға мынандай мүмкіндіктер беретінін анықтадым:
— мұғалімге тәуелділіктен арылып, өзінің білім беру қызметін өздері басқаруға;
— білім мәдениеттілігі мен маңыздылығын түсініп, қажетті іс — әрекетті белсене және өз бетінше орындауға;
— жеке ерекшелігі мен қыбылетіне сай тапсырмаларды өзі таңдап, іздеп тауып, белсене орындауға;
— білім мен мәдени құндылықтарды игеру ісін топтасып және ұжымдасып мұғалім көмегінсіз атқаруы;
— құр мәлімет алумен шектелмей, сабақ барысында өз пікірін ашық айтып, сұхбат жүргізуге;
— ой — өрісі ғана емес, рухани және әлеуметтік жағынан өздерін — өздері дамытып, тәрбиелеуге.
Белсенді оқыту әдіс тәсілдері арқылы айтылым дағдысын дамыту жаттығуларын сабақ үстінде қолдану барысында төмендегідей тиімділіктерге қол жеткізуге болады.
1. Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау.
2. Сенімділікке тәрбиелеу.
3. Қиялын дамыту « менің ойымша» деген жауапқа алуға жағдай жасау.
4. Әр түрлі жауапты соңына дейін тыңдау.
5. Жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау.
6. Баланың дүниетанымының кеңіп, рухани өсуіне, әр сабақта жағдай жасау.
7. Жеке тұлға ретінде « мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру.
Мен өз сабағымда пайдаланатын стратегиялар түрі:
1. Уақыт шеңбері
2. Кемпірқосақ топтары
3. Бес жол өлең
4. Құндылықтар спектрі
5. Стоп кадр
6. Қабырғадаы жазу
7. ЖИГСО
8. Венн диаграмма
9. Қос жазба күнделік
10. Борт журналы
11. Әлемді шарлау
12.Ой қозғау
13. Оқиға желісі
Аталған стратегияларды пайдалана отырып көп жетістіктерге жетуге болады. Ең бастысы – оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, олардың бір — бірімен пікір таластырып ашық сөйлеу, еркін сөйлеу дағдылары қалыптаса бастайды. Өздеріне сенімсіздік білдіріп, бұйығы отыратын оқушылар өз ойларын аз да болса жүйелеп, еркін айта бастайды.
Бұрын шығарма, мазмұндама, жоба жұмыстарында оқушылар өз ойын білдіруге, әңгіме құрауда көптеген қиындықтарға кездесетін.
Қазір күнде өтілген әңгімеден соң оқушылар ой — толғанысын жасап өз ойын жазбаша, ауызша білдіреді, кейде мәтіндегі ойға байланысты мақал да кірістіріп жазады. Орыс аудиториясында қазақ тілі сабағын жүргізу мәселесімен айналысып жүрген ұстаздар, тілшілер, ғалымдар көптеп саналады. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәселелерді қарастыра келіп, қазақ тілін оқыту саласының дамып, жетілуіне үлес қосуда. Бұл еңбектердің авторлары Ш.Х.Сарыбаев, И.В.Маманов, Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаев, Т.Аяпова, Ш.Бектуров, К.Сариева, А.Жүнісбеков, Ф.Р.Ахметжанова, М.Жанпейісова, Ф.Оразбаева, Қ.Бітібаева т.б.
Барлық жұмыс түрлері тілдік материалмен салаларды тізбектеп оқыта берумен емес, олардың ішінен сөйлеуге қажетті ең керектілерін сұраптап ала білумен, сөйлеу материалды танумен, оларды дұрыс қолданумен, сөйлеу әрекетінде тиімді пайдалана білумен де ерекшеленеді.
Жұмыс барысында нәтижеге тек қатысымдық әдіспен қатар, басқа да иновациялық технологиялардың элементтерін қолданып, солардың жақсы нәтижесін оқушыларымның жетістіктерінен көріп келемін.
Біріншіден, оқушыларым дыбыстық ерекшеліктерді жақсы меңгерген, яғни айтылым дағдылары жоғары.
Екіншіден, ауызекі сөйлеу дағдылары жоғары. Күнделікті жұптап, топтап жұмыс істеудің нәтижесінде оқушылар берілген тақырыпқа, соның ішінде бүгінгі өзекті деген аймақтық компоненттер тақырыбына сұрақ қоя білу, жауап беру дағдылары даму үстінде.
Ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов былай деген екен «жақсы мұғалім деген атқа түрлі әдістерді меңгеріп, соларды оқытуда қолда білу арқылы ғана жетуге болады. Сонымен қатар, бірнеше әдісті меңгеріп қана қоймай, табанда өзі қажет әдісті тауып, пайдалана білу керек».
Қорыта айтқанда, белсенді оқыту әдістері арқылы оқушылардың айтылым дағдысы дамып, ой-пікірі, көзқарасы, дүниетанымы қалыптасады. Оқушылардың белсенділігі артады, келесі сабақты асыға күтеді. Олардың тіл мен әдебиеті оқуға деген қызығушылығы мен қажеттілігі қалыптасады.
Өз пікірін айта алатын, өз көзқарасын қалыптастыра алатын, ұлтын сүйетін оқушы ертеңгі өмірдің ағымына да төтеп бере алатын азамат болатынына сенімдіміз.
Жалпы қорыта айтқанда, аталған тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсеңіз баланың танымдық белсенділігін, айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым дағдыларын дамытуға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Оқушылар оқудың қызықты жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын баяндайды.
«Сыни ойлау» түсінігіне анықтама бере отырып белгілі ғалым Дайана Халперн «ол ойлаған нәтижеге жету үшін танымдық техникаларды пайдалану арқылы шығармашылықпен әрі қарай бағыттай ойлану» деген пікірді білдіреді. Технологияның философиясын түсіну үшін осы жерде сыни ойлау ұғымның мәнін ашуға қажеттілік туындайды. Сыни ойлау «сын» сөзімен төркіндес болғанымен сынау, сын айту, мінеу деген түсінікті бермейді.
Бұл- шыңдалған ойлау үлгісі. Сыни ойлау — өзіндік және жеке ойлау. Өйткені бұл ойлау барысында әркім өз ойын және пікірін басқалардан тәуелсіз құра алады.
Бүгін біздің алдымызда тұрған мақсат — өзге тілді аудиторияны қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірттердің Отанының қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ол үшін басын бәйгеге тігер тәуекелге баруы болып саналады. Сол сияқты, барлық отандастардың отанымен рухани және материалдық тығыз байланыста болуы, өзі өсіп — өнген аймаққа деген сүйіспеншілігі патриотизмнің қайнар көзі.
Әдебиеттер тізімі:
1. Үздік білім берудің жолдары // Мектеп директоры.- 2001 № 1 27-29 бет
2. Қабдықайырұлы Қ. Оқытудың педагогикалық жаңа технологиясы: Оқу құралы. – Алматы: РБК, 1999.
3.Садуова Ж.Н. Жаңа педагогикалық технологиялар арқылы болашақ мұғалімдердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру
4.Тілдік төрт дағды бойынша белсенді оқыту тапсырмалары Астана 2014
5.Оқу бағдарламасы Астана 2018