+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Жұма, 30 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Абайдың «45 қара сөздерін» қоғам санасын жаңғырту барысында заман талабына сай түсіну

Шакирова Магиша Саяновна, «Алтай қаласының №7 орта мектебі» КММ мұғалімі, Алтай қаласы

Қазақтың бас хакімі, ағарту саласының беделді өкілі Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының өткенін, бүгінгісін, ертеңін ойлаған бас ақын. Ақын поэзия әлемінде ғана сара жол ашып, оны байытып қана қоймай артынан «тайға таңба басқандай» өшпес мәңгі мұра қалдырды. Ақынның көрегендігі, санасынан өткізген ой-тұжырымы, қазақтың өміріне қабырғасы қайыса отырып, өзгертсем, пайдамды тигізсем, жол көрсетсем ойларынан туған туындылары – оның қара сөздері.

 

Өлеңдері қазақ поэзиясының биік шыңынан мәңгі орын алған Абайдың қара сөздері – ақынның көп оқып, ізденімпаздық еңбегінің жемісі. Шығыс пен Батысты тең ұстаған бас ақын көп дүниені өз ой-елегінен өткізіп, таразы басына сала білді.

19 ғасырда жазылған қара сөздері 21 ғасырда да өзектілігімен құнды және де қоғам санасына ой салар кесек, қомақты пікірлерге толы.

Кейде ойлаймын, 120 жыл өтсе де, қазақ кейбір кертартпа мінездерінен әлі де айрыла қоймаған-ау, сірә.

Гуманист ақын өз халқын сүйіп қана қоймай, асқан жанашырлықпеналдыңғы қатарда болуға шақырып, адам баласына, қазақ халқына пайдасыз, көмегі жоқ қылықтан арылуға барынша үгіттейді.

Өз ойын қағаз бетіне түрткен ақын сол кезде өз жанын түсінетін, ой қосатын адамдардың аз болғанына қынжылғандай. Айтайын десем кейде тыңдар құлақ жоқ, ақылдасайын десем білімді, көзі ашық пенде аз деген ақын бар ойын өсиет ретінде бізге арнапты… Үңілейікші, сырласайықшы, тыңдайықшы, ой қосайыкшы…

Абай есейе келе көп нәрсеге ой биігінен қарайды. Жас кезінде күлген сарты, ноғайы, орысы көп қазақтан бірер саты жоғары тұр, үйрену керек-ау, біраз нәрсеге осылардан деп жаны ауырса, мал мен байлық жолында өз әкесінен безінгендер туралы да ашына жазады.

Бала тәрбиесі, сәбиді жетілдіру, дұрыс бағыт беру де Абайды толғандырған. Жас нәрестенің білсем, үйренсем деген талпыныстарын оң жолға қою – білсем екен деген адамның баласы екендігімізді ұмытпауымыз шарт дейді.

Қазақтың діні де, Кұдайы да, халқы, ұяты, ары – бәрі мал екен. Сонда Абай өз сөзін байға, не кедейге керек емес екенін сезініп, сөз ұғар жан іздейді кейініп. «Бірің–болыс, бірің-би, мені ұғар қайсысың» — деген ақын жүрегін сәл мұң шалғандай. Ағайын, айналамызға қарайықшы, осы біз қандай өмірді аңсадық, қазір қайда келіп тірелдік, болашағымыз не болмақ? Ақын сөздері бізді қамшымен сабалайды ғой… Абай өзі қазақ бола тұра, қазақты жазғырады, мінейді, сынайды. Қоғамымыздағы кейбір олқылықтарды Абай көріп тұрғандай, тап бүгінгі күні жазғандай… Қашан арылар екенсің, қалың қазағым, жұртым деген сөздері әр қазақтың жанына батқандай. Осы Абай отаншыл ма деген ойға қалғандаймын кейде. Неге соғырша кемсітіп, мін таққан деген ойлар да келеді. Бірақта Абай болмаса кім айтып, кім ұғындырар, кім жол сілтер еді. Сын түзелмей, мін түзелмес демекші, Абайдың жанына баткан дүние, келешекке бірге ермесе екеннен туған ойлар. Абай еріккеннен емес, халқына деген үлкен махаббаттан туған дүниелерді ой елегінен өткізіп, ел болашағына алаңдап, халқының дұрыс дамуына өз үлесін осылайша қосқан патриот ақынымыз!

Адамның адамшылдығы туралы ақын не дейді? Туғаннан білсем деп өмірге келген жан, өмірдің парығына көп үңіледі, өз ақылына салып, дұрыс жол іздейді. Ақылдыны ақылсыздан бөліп тұрган адамның ойланар сәті, өз-өзіңе есеп беруі. Нені дұрыс істедім, қай қатемді түзетсем, неден арылсам, одан халқыма келер пайда бар ма деген ойлар тізбегі адамның адами қасиеттерін дамытуға әкелер үлесі баршылық қомақты тұжырымдар. Абай өзі ғана ойға шомылмайды, бізге де ой тастайды, толғандырады, мен құсап ойлап, маза таппай дегендей… Тыныштықтан жалыққан кейбір азаматтарымызға Абайды оқы, Абайдан үйрен дегім келеді.

Адам баласын заман өсіреді деген ақын сөздері бізді қазіргі заман талабына сай бәсекелестікке, өркениеті жоғары елдер қатарында болуға шақырады. Ойшыл өзінің қара сөздерінде білімнің көп нәрседен жоғары тұрғандығын, оның жастарға берерінің мол екендігін, болашақ — білімде екенін қысқа да, нұсқа әңгіме етеді. Баласын оқыткан қазақтың келешегі жаркын боларына нық сенімді Абай, білімді ту етіп ұстаған және әр қазақтың дұрыс жолы осы деп нұсқаған.

Сол кездегі екі миллионнан асқан қазақтың ұлттық санасы, достығы, мықтылығы, өнер іздеуі, жұрт таңдауы ешбір халыққа ұқсамайтындығын атап көрсеткен философ ел бірлігін, тыныштығын, болашағын дұрыс түсіне білген және де артындағыларға бағыт, бағдар сілтеген. Естілердің сөзін ескер, сонда өзің де есті боларсың, еліңе, халқыңа жаққан жақсы адам боларсың деген акын сөздері әрбір қазаққа ой салары сөзсіз…

Кемшіліктерден арыл, басқа халықтың өнерін игер, рухани жетіліп, өс, білім ізде деген ойлары Тәуелсіз елдің көзі ашық жастарына көрсеткен сара, дана, дара жолы екенін мойындап отырмыз. Жалпыадамзаттык құндылықтарға жету барысында ұлттық ерекшеліктерімізді сақтау басты міндет екенін де ұмытпаған Абай өз халқының кейбір елден кейін болса да, қазақтың рухани байлығының мықты, берік, тамыры терең екенін ашық, анық көрсете білген. Ештеңені жасырмай, тура айтқан ақын шыншылдығымен, даналығымен ерекшеленеді. Өз халқын, елін сүйген жүрегі — біздің бүгінгі өмірімізді болжап, жарқын болашақтың барына кәміл сенген. Абай бізге: «Сен адамсың, сондықтан өзіңді түсіне білуге тиіссің!» — дейді. Меніңше, біз айналамыздағы адамдарды түсініп, бәріміз бірге елімізді, қоғамызды рухани өзгертуге ат салыссақ, гуманист ақынның ойлары одан да ары іске асқандай!

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype