Асық технологиясы бүгінгі бүлдіршінді дамытуға қажетті бірегей методикалық құрал екенін айтуға әбден болады. Ерте заманда асық қазақ балаларының күнделікті ойыны болатын.
Ал, қазіргі кезде балабақшадағы асық ойнай бастаған баланың бойында көптеген өзгерістерді байқауға болады. Өйткені бала еңкейеді, тұрады, үздіксіз қозғалыста болып, дене сымбатына мән беруге көмектеседі. Сонымен қатар, ойлау қабілеті дамиды. Ойын кезінде балалар бір-бірімен тіл табысып, тіл байлығы кеңінен дами бастайды. Кіші топтарда асықты арнайы бір ұяшықтарға салу баланың саусақ буындарына өте пайдалы. Және әдемі боялып, тесілген асықты тізу арқылы бала түстерді бір-бірінен ажырататып қолының ұсақ моторикасы дамиды. Мұның бәрі баланың қиялы мен ойын, ұшқырлығын, зейінін жан-жақты дамытады. Ересек, мектепке даярлық топтарда асық технологиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды қалыптастыруға, шығармашылық және сыни тұрғысынан ойлауға, сабырға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелейді.
Осы жастағы балалар асық арқылы санау, құрастыру, асық үстінен жүру, математикалық логикалық тапсырмаларды шешу, түрлі оқиғаларды ойлап тауып, бала танымына қоршаған әлем заңдылықтары мен оқиғаларын қызықты түрде жеткізуге тырысады. Асық ату ойыны арқылы балалардың мергендігін дамытуға, асықпен ойнайтын сан алуан ойындар арқылы бала денсаулығын шыңдауға болады. Баланың логикалық ойлауы, көзбен көру арқылы есте сақтау қабілеті артады, эстетикалық талғамы дамиды және бір-бірімен бәсекелесіп орындау барысында шапшаңдыққа үйренеді.
Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту стандарты мен үлгілік бағдарламасына сай барлық білім саласында асықты қолдануға болады.
Қорыта келе, кейінгі кездері жастар мен жасөспірім балалар ұялы телефон, интернет сынды зиянды ойындарға әуес болып барады. Ал, ата-бабамыздан ұзақ ғасырлық көш-керуен арқылы үзілмей жалғасып келе жатқан асық ойыны бала тәрбиесі үшін таптырмас технология деп айтуға болады. Асық ойнаған баланың жан тазалығы таза болады. Сондықтан тек тазалықтың ойыны дер едім.