+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Жұма, 30 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

«Үміт» отын сөндірмеген Майра Баймұқанқызы!

Аманова Жанар Әмірбекқызы, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының "Үміт" балалар үйі" КММ тәрбиешісі

Талай күндер төккен термен өткен күн,

Қуаныштың нәрі көктен сепкен күн.

Талай жылдар тағылымы толысып.

45 жыл,- еңбек етіп жеткен күн!

Осы күнге жеткен де бар, жетпеген...

Жаратқанның нұры Сізде көктеген,

Немерелердің бар қызығын көрсетсін,

Өмір деген, көркем шіркін, көксеген.

Асыл қасиеттер ата-анадан, жақсы ұстаз, қамқор дос және білікті басшыдан беріледі. Осы орайда, менің шамшырағыма айналып, өмір жолымда маман ретінде қалыптасуымда үлкен рөл атқарған тоқығаны мол, кемел ойлы, терең білім мен берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттерге ие тұлға, 45 жылдық педагогикалық қызметке ие Майра Баймұқанқызы Бейсеқанова туралы қалам тербемекпін.

Әлі оң солымды танып үлгермеген мен 1991 жылы 20 жасымда №15 «Меруерт» балабақшасына жұмысқа келдім. Сол мезеттен уақыт сырғып 29 жылды артқа тастапты. Әуелі №15 «Меруерт» балабақшасын, кейіннен облыстық «Бөбек» балалар қорына жетекшілік етсе, 1998 жылдан бастап «Үміт» балалар үйінің директоры болып тағайындалған басшыммен әлі күнге жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу жолында қоян-қолтық қызмет атқарудамын. Тынымды, тындырымды еңбекті талап ететін басшылардың бірі болғандықтан, қоластында қызмет атқара жүріп, өз ісіме төселіп, ысылдым. Бар білгенін, өмірден түйгенін жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Тәжірибесімен бөлісе отырып, бала тәрбиесінде озық үлгілерді қолдануға итермеледі. Барынша сауатты, білімді. заманауи болуға шақырды. Осы кезде Майра Баймұқанқызының нұсқауымен жұмыспен қатар сырттай оқи жүре жоғары педагогикалық білімге қол жеткіздім.

Жұмыс бабында қоластында қызмет етіп жүрген мамандарын екшелеп, алға жетелеуден жалыққан емес. Соның арқасында бүгінде «Үміт» балалар үйінде жан-жақты білімді мамандар қызмет атқарып, талантты, талапты, білімді балалар тәрбиеленуде. Еліміздің қалыптасуымен өсіп-өркендеген «Үміт» балалар үйінімен бізде есейіп, толыстық. Ал, Майра Баймұқанқызы да жарты ғасырға жуық білім саласындағы өтілін артқа тастап, мыңдаған баланың тұлғалық қалыптасып, нығаюына зор еңбек сіңірді.

Қазақ халқының балаға деген ықыласы ерекше ғой. Әсiресе, «бала – бауыр етiң», «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген даналық сөздерден-ақ атам қазақтың балажан халық екенiн аңғаруға болады. Ұлы Абай атамыз «адамның бiр қызығы бала деген» деп бұл ұғымды бiр ауыз сөзбен түйiндеп берсе, әлемдiк данышпандары «бар жақсымыз — балаларға» деген екен. Мыңдаған балаға қамқорлығымен баураған басшының асыл тілегі «жетiм деген суық сөздi ешбiр бала естiмей-ақ қойса екен» деген.

Майра Баймұқанқызы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Балалар досы», «Асыл жүрек» медальдарымен, «Ы. Алтынсарин», «Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының дамуына қосқан үлесі үшін»төсбелгісімен, «ШҚО Ақсақалдар кеңесінің», «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісімен, Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған. Бұл марапаттар жайдан-жай берілмегені анық! Оның артында қажырлы еңбек, ұйқысыз түндер, тынымсыз ізденіс жатыр. Рухы биік, ұстанымы нық, еш уақытта еңсесін түсірген емес, бар қиындықты бір өзі еңсере білді. Жаны жомарт, қамқор да талапшыл басшы, абзал қасиеттері тәнті етпей қоймайды. Аты затына сай ұлағатты ұстаз, өнегелі адам. Осындай еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басының кіршіксіздігі өзінің отбасы үшін ғана емес, әріптестері, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз.

Қадірлі Майра Баймұқанқызы! Сізге шын көңілімнен зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілеймін. Қоғамымыздың игілігі, балалардың бақытты өмірі мен салауатты тәрбиесі жолындағы күрделі де жауапты қызметте бұдан былай да абырой биігінен көріне беріңіз.

Көзіңе қарап бар сырыңды ұғатын,

Баршамызға ақ тілеу тілеп тұратын.

Әр күні бізге ақ жаңбыр боп жауатын,

Өзіңе ұқсау – менің де басты мұратым!

 

Бала үшін, жағдай жасап, тау асатын.

Егіз ұғым бала — ана жарасатын.

Ұжым мен балалардың арасында.

Биік сіздің мәртебең, парасатың!

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype