Ал қазақ сөздерінен ғибар алу бөлек әңгіме. Осы бөлек әңгіменің ерекше қыры мен сырына, Абайша айтқанда: «Жүрегімнің түбіне терең бойла,Мен бір жұмбақ адаммын соны да ойла» дегендей, түбіне терең бойлап көрсек…
Қайсыбір қара сөзін алып қарасақ та, өнерге, білімге, ғылымға жақын болыңдар, өсек пен өтіріктен, мақтаншақтық пен еріншектік атаулыдан қашыңдар, күллі адам баласын қор қылатын: еріншектік, зұлымдық, надандық. Ел боламын десең, бесігіңді түзеп, балаңды оқытудан баста. Балаңды тәрбиелеу үщін, алдымен өзіңді тәрбиеле. Мал тапта, балаңды мектепке бер, хат таныт, қара таныт деп үндейді. Өнер үйреніңдер. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Жарлы болсаң, арлы бол. Ар-ұятыңды, намысыңды ешкімге таптатпай, биік ұста. Біреуді мінеп, кемсітпей, дарақыланып күліп, жөнсіз сөйлемей, бір күндік ішіп-жегеніңе мәз болмай, алдағы күніңді ойла, алдағы өміріңе салауат қыл дейді. Осы және өзге де өмірде көзбен көріп, құлақпен естігендерін, ойда түйіп қағаз бетіне жазып қалдырған. Жаза отырып, кімде-кім қажет десе, керегін алсын, болмаса өз сөзім өзімдікі деп қысқа қайрады.
Абай атамыздың бір түйір сөзін бұлақтың тәтті тамшысындай, сусынындай отырып ішіп, жерге тастамай, қадірлеп, түсініп, өмірлік ұран қылып ұстануымыз қажет деп ойлаймын. Еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз» деген сөзі шындық. Тек, бұл шындықты жүзеге асыру үшін, ақынның асыл мұраларын ұлықтап, естен шығармау тиіспіз.