Белсенді әдістерді пайдалану кезінде оқушылар түсіну процесіне толыққанды қатысушылар болады, оның тәжірибесі оқу танымының негізгі қайнар көзі қызметін атқарады. Мұғалім дайын білімді бермейді, бірақ оқушыларды өз бетімен ізденуге үйретеді. Білім берудің дәстүрлі нысандарымен салыстырғанда, белсенді оқытуда мұғалім мен оқушының өзара әрекеттестігі ауысады: педагогтің белсенділігі оқушының белсенділігіне орын береді, ал педагогтің тапсырмалары олардың инициативасы үшін жағдай жасаушы болады.
Белсенді әдістер ешқандай жағдайда да дәрістік материалдардың орнын ауыстырмайды, бірақ оны жақсы меңгеруге септігін тигізеді және ең маңыздысы: пікірді, қатынастарды, мінез-құлық машығын қалыптастырады.
Біз неліктен белсенді әдістерді қолдаймыз? Олар:
— жоғары уәжділікті;
— тиянақты білімді;
— қиялдау мен шығармашылықты;
— тез тіл табысуды;
— белсенді өмірлік көзқарасты;
— командалық рухты;
— жеке, дербестіктің құндылығын;
— өз пікірін білдіру еркіндігін;
— Іс-әрекетке ерекше назар аударуды;
— Өзара сыйластықты;
— Демократиялықты қамтамасыз етеді.
Сондықтан сабақты белсенді оқыту стратегиялары арқылы жоспарлау үлкен ізденісті, шеберлікті қажет етеді. Белсенді әдістер – білім алушының іздену-зерттеушілік, өзіндік шығармашылық, теориялық ойлау қабілетін арттыруға негіз болатын ерекше ынта-ықылас, серпінмен, қызығушылықпен, жасампаздықпен, құлшыныспен, жігермен орындалатын, негізінен, жұптың, топтың, ұжымның бірлескен мақсатты оқу әрекетін тудыратын әдістер жиынтығы.
Белсенді оқыту стратегиялары арқылы қысқа мерзімді сабақты жоспарлау мақсаты – тек ақпаратты беру ғана емес, балаларға жауаптарды өздігінен табу дағдысын меңгерту екендігімен байланысты, қазіргі педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың субъектілік қарым-қатынасқа құрылуы болады, осы негізде тұлғалық-бағдарлы оқыту үдерісі жағдайында интербелсенді әдісті тиімді пайдалану қажеттігі туындайды.
Белсенді оқыту стратегиялары арқылы сабақты жоспарлау бірқатар міндеттерді шешеді:
— іс-әрекетке қатысушылар арасындағы коммуникативті біліктер мен дағдыларды дамытады, соның ішінде оқушылар арасында эмоционалдық дағдыларды дамытады, олардың арасында эмоционалдық байланыс орнатуға көмектеседі;
— ақпараттық міндеттерді шешеді, себебі оқушыларды бірлескен әрекетті онсыз жүзеге асыруға болмайтын қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді;
— жалпы оқу біліктері мен дағдыларын дамытады (талдау, жинақтау, мақсаттар қою және т.б) яғни білім беру міндеттерін шешуді қамтамасыз етеді, командада жұмыс істеуге, басқаның пікіріне құлақ түруге үйрететін болғандықтан, тәрбиелік міндетті қамтамасыз етеді.
Сабақ өткізуде бала белсенділігінің әсерін арттыруда, әр баланың мүмкіндіктерін, қабілеттерін, қызығушылықтарын анықтауда, жеке тұлғаға бағытталған білім беру жүйесіне көшуде мұғалімдерге көмек ретінде белсенді әдістерді ұсынуға болады.
Белсенді оқу әдістері — оқытуда әрбір баланың өз іс-әрекеті басқа балалармен жасаған белсенді қарым-қатынасы оның таным деңгейін арттырады.
Бәрімізге белгілі, белсенді оқуда балалар мынандай қабілеттерге ие бола алады:
— терең ойлану арқылы қабілеттерін дамыту (ойлау, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі тану мен түйсіну);
— өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру;
— ақпаратты жан-жақты талдау;
— өздігімен жаңа білім мен түсінік құрастыру;
— оқу үйрену барысында жеке басының құндылықтары мен сенімдерін қалыптастырып, белсенді өмірлік позиция ұстану;
— басқа балама пікірлерді ескеру, олармен санасу;
— шешім қабылдау және қиын мәселелерді шешу;
— ортақ жұмысқа жұмыла білу;
— басқалармен тиімді қарым-қатынас құру, өзара әрекеттесу.
Белсенді оқыту стратегиялары арқылы қысқа мерзімді сабақты жоспарлау – мұғалімнің жеке педагогикалық шығармашылығы. Оны жобалауда мұғалім сабаққа қойылатын талапты ескереді, басшылыққа алады, сондай-ақ өз ізденісі, мүмкіндігін пайдаланады.
Қорыта айтқанда, белсенді оқыту стратегияларын сабақтарда қолдану тұлғааралық қарым-қатынасқа негізделе отырып жеке тұлғаны дамытуға бағытталатын қазіргі білім беру парадигмасын қанағаттандырады.
Қолданылған әдебиет:
- Мұғалімге арналған нұсқаулық. — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016
- Әлімов А. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері: Оқу құралы. — Алматы, 2013.
- Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы: Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы №604 буйрығы.
- Интерактивті оқыту әдісін қолданып сабақты жоспарлау және басқару: әдіст. құрал/құраст. Ж.А.Жартынова, В.Н.Ким, Т.Б.Корнилова және т.б. – Алматы, 2014.