Құнанбайды өз дәрежесінде тану, бағалау еліміздің тәуелсіздігімен келді. Құнанбайды танып білмей, Абайды танып білуді кеш те болса түсіндік.
«Адамның қай мінезі қасиеті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар! – деп, үндемей түнеріп отырып қалды» [3, 176 б.].
Қай мінез қасиет болса, сол мінез мін де болмақ. Терең ой. Бұл ойға жету және оны талқыға салу – кемеңгерлік. Парасатты жан ғана өз мінезіне төреші бола алады. Құнанбайдың өз-өзіне төрелік жасағаны – оның замандастарынан биік тұрғандығы [3].
«Құнанбайдың мықты жері Тобықты іші болса, әлсіз жері де осы Тобықтының ішінде» [3, 25 б.]. Расы сол. Құнанбайды Құнанбай етіп көкке көтеріп отырған – Тобықты елі, сыртқы рулар оны Тобықтыдан тыс қабылдамайды. Құнанбайдың тірегі – өз руластары.
Құнанбай туралы әңгіме көп. Ақиқат пен аңыз араласып кеткен. Тұлға тағдыры солай болатыны шындық. Өсіріп айту, әсірелеп айту, ғайбаттап айту секілді «айтулар» да жеткілікті, Мұхтар Әуезов «Абай жолының» бірінші кітабында Құнанбайға «шаң жолатпаған». Мәселе романды түсіндіріп, насихаттаудағы солақайшылықта. Әдебиетшілер, сыншылар санасында социалистік түсініктер мен ұғымдар сіресіп тұрғандықтан, олар Құнанбайға «келте тон» пішті. Ол патриархалдық феодалдық қоғамның тұлғасы ретінде көрсетілді. Қазақ жерінде феодализмнің болмағандығы туралы шындық есепке алынбады. Феодализм – таптық қоғам, олай болса, Құнанбай – ел қанаушы. Өкінішке орай, осы түсінік қазіргі әр деңгейдегі әдебиет, тарих оқулықтарында әлі де қолданыста. Құнанбайды таптық тұрғыдан түсіндіру – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қате, теріс насихаттау. Құнанбай тұлғасының аңызға айналуының бір себебі – хакім Абайдың әкесі болуы. Әке даңқын әлемге жария еткен Абай. Одан беріде Құнанбайдың немересі – Шәкәрім. Қазақ еліне екі тұлға қалдырған – Құнанбай. Бірі – баласы, бірі – немересі. Бұл – айрықша айтылатын құбылыс. Мұхтар Әуезов осы жағдайды романда әдемілеп жеткізген [4].
«Абай кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образында жинақтадым, ал оның баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар», — дейді М.Әуезов [5, 157 б.].
Әке мен баланың арақатынасы мәңгілік мәселе. Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абай жолы» романында қос дара тұлға – Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын шырқау биікке, шын мәнінде әлемдік деңгейге көтерді. Әке мен баланың арасындағы диалог әйгілі романды оқығандарға жақсы таныс болуы керек. Құнанбай ұлына не деп мін тақты? Әке сөзіне Абай қандай жауап қатты? Оқып көрейік! – Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда! Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйрілмейді. Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің! – деді. – Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «ай» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады… Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады… Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас… [6, 28 б.] – деді. Құнанбай мен Абай айтысы жай әке мен баланың сөз жарыстырыуы емес, терең мәні бар идеологиялық сайысқа айналған.
Құнанбайдың қасиетін байқайтын ел аузынан жеткен бір ғана әңгімені айтайық. Абайды жер-көкке сыйғызбай мақтап (халықтың қадірлісі екенін айтып) болмаған жаңағы Ерболға Құнанбай: «Әй, Ербол! Сен мақтағыш болсаң алдымен мына мені, Құнанбайды мақта. Неге десең, мен өзімнен асырып Абайды тудырдым. Ал, Абайың мықты болса, өзінен асырып ұл тудырсын. Оны содан кейін мақтарсың, қарағым», — деген екен. Құнанбай сөзінің астарында сыншыл әкенің асып туған балаға деген толайым көңілімен қатар болашаққа жалғасар саналы ұрпақтың сұйылмауын меңзеген даналық ой ұшығы жатыр.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Нұрахметов Н.Абайдың ұстаздық ұлағаты// Абай №2-1992, 66-71 б.
2.Ерденбеков Б. Абайтану (Абайдың әдеби айналасы. 1-кітап). Оқу құралы.- Семей: Интелект, 2009. –180 б.
3.Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: Ғылым, 1997. 22-том, 1-кітап
4.Ғарифолла Есім. Құнанбай (Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы бойынша) эссе
5.Елеукенов Ш. Жаңажолдан: Әдеби портреттер, зерттеулер. — Алматы: Жазушы, 1989.- 320-б. Портр. (қаз. орыс тілд.).
6.Әуезов М. Абайдың туысы мен өмірі // Абай №2-1992, 28-36 б.