Заманауи педагог – адамшылық ар-ожданы жоғары, намысшыл, қайталанбайтын жеке тұлға және біліктілікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкірт жандылықты, мейірімділікті қажет етеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» — деген екен ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәби кезінен бастап берілетін тәлім-тәрбиенің маңызы өте зор. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесінде балабақшаның орны ерекше.
Тәрбие мен білімнің бастауы әлбетте балабақшадан басталады. Бала алдымен отбасында ата-ана махаббатынан нәр алса, балабақшаға келіп, тәрбиеші апайларының жылуы мен ізгі ниетіне бөленеді. Оң мен солды әлі танып білмеген жас бүлдіршін үшін, киелі шаңырақ балабақшаның берері мол. «Тәрбие тал бесіктен» — деп дана халқым зая айтпаған, кішкентай бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттен бастап, Отан сүйгіш патриот етіп, болашаққа нық қадам баса білуіне, жалпы адам болып қалыптасуына балабақшаның әсері мол. Осындай киелі жерде, періштелер мекен ететін қасиетті жерде мен тәрбиеші болып қызмет етіп жүргеніме мақтан етемін! Балалардың риясыз махаббатына бөленуім үшін, мен өте мейірімді, білімді талапшыл болуым керек, ондай болмаған кезде балалардың жүрек түкпірінен ешқашан орын ала алмайтыным анық!
Ендеше бүгінгі жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру елімізде көкейтесті мәселе болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев әр Жолдауында білім саласына айырықша тоқталып, нақты тапсырмалар беріп, тікелей қадағалауда. «Мәңгілік Ел» идеясы мен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасында да Елбасы күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерді нақтылап көрсетіп берді. Тәуелсіздіктің тұғырын нығайту үшін біртұтас ұлт болудың негізгі рухани тамырынан ажырап қалмауды, ұлттық сана мен ұлттық мүддені сақтап қалудың жолы ұлттық кодтан адасып қалмау керек екендігін ескертті.
Елбасымыздың осындай талаптарынан кейін мен өзіме тәрбиешілік мақсат пен міндет қойдым. Менің мақсатым: бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу, олардың бойына отан сүйгіштік сезімдерін ұялату, баланың тұлғалық дамуына қолайлы жағдайлар туғызу, оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру, тәрбиеленушілердің сұраныстарын қанағаттандыру, олардың жауапкершілікті сезінуіне, жетістіктерге ұмтылуына ықпал ету. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін ізденімпаздығымды арттырып, талмай талаптанып еңбек етуім керек екенін түсіндім. Замануи заманда өмір сүріп жатқан ұстаздар заманауи, инновацияны жетік меңгерген ұстаз болуы керек деп ойлаймын. Заманауаи педагог болуым үшін елімізде барлық жағдайлар көрсетілген. Инновациялық білім беру құралдарына: аудио-видео құралдар, компьютер, интерактивті тақта, интернет, компьютер – мультимедиялық құрал, электрондық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен, инновациялық ақпараттық банк, инновациялық сайт және тағы басқалары жатады. Сондықтан да қазіргі таңда көптеген интерактивтік бағдарламалық бөлімдер, қозғалмалы объектілер құруға мүмкіндік беретін векторлық және графикалық жабдықтар көптеп шығып, қолданыс тапқан уақыт, осы жоғарыда айтылған инновациялық құрылғылармен мен өз басым жұмыс жасап жүргеніме біршама уақыт болды, көз алдымдағы бүлдіршіндердің заманмен бірге өсіп, талғамдарының жоғары деңгейде екеніне таң қаламын.
Замануи ұстаздың тәрбиеленушілері де замануи болуы тиіс, бұл жолда атқарылып жүрген жұмыс та аз емес. Күнделікті оқу қызметтерін интерактивті тақта, сиқырлы қалам, видео сабақ, түрлі құрылғыларды қолдана отырып қызықты да тартымды етіп, балалардың сұранысын қанағаттандырып жүрген тәрбиешілердің бірімін. «Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», — деген екен Қытайдың дана ойшылы Конфуций, дегенмен өткен күндердегі іс-тәжірибеге көз жіберсек, кешегі бүгінгіге, бүгінгі ертеңгіге ұқсамайды, бұрынығының ұстаздарына қайран қаламын инновацияның дамымаған кездерін де ақ қаншама білімді де дара азаматтарды тәрбиелеп, келешек ұрпақ үлгі алатындай етіп қанат бітіріп, биікке самғатты. Осынау оқытудың жаңа жобаларының әр минут, әр секунд сайын дамып келе жатқан заманда өмір сүріп жатқан ұстаздардың жүгі ауыр, инновацияның шарықтаған кезінде тәрбиеленіп,білім алып отырған тәлімгерлердің бойынан болашаққа нық қадам мен талпыныс көруіміз керек. Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Заманауи ұстаз,замануи тәрбиеші осы қағидаларды ұстанып қызмет атқарса ғана заманауи педагог болмақ!
Елбасының білім беру саласындағы стратегиясын жүзеге асыруда қоғам сұранысындағы ұстаздың бойынан мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады:
- азаматтық жауапкершлік;
- әлеуметтік белсенділік;
- рухани мәдениеттілік;
- шынайы парасаттылық;
- ұйымдастырушылық;
- жаңашылдық саяси сауаттылық;
- кәсіби құзіреттілік;
Еліміздің ең асыл қазынасы өскелең ұрпақты дамыта тәрбиелеуде жаңашыл, заманауи, тәрбиеші ретінде мен қандай үлес қосудамын?!
Бұл сұрақтың жауабы мені әрқашан алға жетелейді.
Сондықтан да бүгінгі таңда тәрбиеші тәлімгер болу аса жауапкершілікті талап етеді. Қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін педагогтық қызметтің жетістігін бағалау да өте қиын. Баланың тілін табу үшін де терең білім, сабырлылық, шыдамдылық керек – ақ.
Сондықтан да үнемі жаңа қоғамға жаңа көзқараспен, жас ұрпақ тәрбиесіне жігерлі күш жұмсау мақсатында жұмыс жасап келемін.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма он үш жыл болған екен.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, бала жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін тәрбиешілердің жөні де, жолы да бөлек. Біз бүгін заманауи дамыған ашық қоғамда өмір сүреміз. Қазіргі қоғам балалары жылдамдықты, ұтымдылықты, тиянақтылықты, дәлдікті талап етеді. Яғни аз ғана уақытта ауқымды білім бөлшектерін игертуіміз қажет. Өйткені уақыт талабы, заман желі солай.
Балабақша қабырғасында қызмет еткелі алдыма қойған мақсатым:
- Мейірімділік, шыдамдылық, ізденімпаздық;
- Балалардың мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау;
- Жаңа тың идеяларды барынша қолдану.
- Білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі — белсенді оқыту түрлері мен әдістерін жетілдіру.
- Өз мамандығымды сүю және мақтан тұту.
Мен өз ісімді шеберлікпен атқарып, балабақшамдағы тәрбиеленушілердің заман талабына сай білімдерін жетілдіріп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. «Адамның адамшылдығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген Абай сөзін өмірлік қағида еткен әрбір тәрбиеші, ұстаз құрметті.
Сөзімнің соңында
Тәрбиешілер-ізгі жандар, ұстаздар
Шын шеберлер, өнерпаздар, дархандар.
Әрбір бала жүрегінде бір ту бар
Сол бір туды жығып алмай ұстаңдар! деген әдемі өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.