+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Бейсенбi, 29 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Жалпы адамзаттық құндылықтар — рухани дамудың көзі

Алмабаева Айгерим Нурлановна, ШҚО ББ «Шығыс» өңірлік орталығының «Өзін-өзі тану» пәнінің әдіскері, Шығыс Қазақстан облысы

Тұлға мәдениетінің негізі оның жалпыадамзаттық құндылықтарының негізінде көрінеді. Адам өмірінің өзегі құндылықтар, ал басқа мақсаттар оған жеткізетін баспалдақтар ғана. Қазіргі заманда ғылым мен білім, ақпараттық технология, техника қаншалықты қарыштап дамыған сайын, адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерінің соншалықты төмендеп бара жатқанын күнделікті өмірде көріп отырмыз. Атап айтар болсақ: қарттар үйі, қатыгездік, табиғатты ластау, ағашты кесу, алдап соғу, жемқорлық, өз-өзіне қол салу т.б. толып жатыр. Адамзаттың ең асылы — «адам» деп қарайтын болсақ, онда адамның азғындауына не себеп? Әлде заман кінәлі ме?-деген сұрақтар туындайды. Көпшілігі «заманына қарай адамы» деген принциппен өмір сүруде. Ал, заманды құрайтын адам емес пе? Міне, сонда барлығы қайтадан адамға келіп тіреледі. Сондықтан күллі әлемді сақтап қалатын бірден бір жол рухани-адамгершілік білім екені даусыз. Ал, адамның жүрегіне нұр құятын, риясыз сүйіспеншілікпен рухани бастауға жетелейтін, ол ұстаз. Рухани-адамгершілік білімнің негізі болып табылатын «Өзін-өзі тану» жобасының авторы С.А. Назарбаева «Өмір әдебі» деген кітабында «Рухани кәусар бұлаққа барар жол іздеу әр адамның міндеттерінің міндеті екендігіне сенімдімін» дей келе, оған тек жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту арқылы ғана жетуге болатынын атап көрсетті.

Ежелгі Грек философиясының көрнекті өкілі Сократтың  философиясының басты обьектісі адам, оның мақсаты адамды ізгілікке тәрбиелеу деп түсінді және адам оған өзін тану, өзін сынау арқылы жете алады деп сенді. Оның әйгілі «Менің білетінім: мен ештене білмеймін, басқалар оны да білмейді», «Өзіңді өзің танып біл!», «Әр адамның бойында күн бар, нұр бар, тек оның нұрлауына мүмкіндік беріңдер» деген қағидаларының негізгі мазмұны да осында.

Ұлы дала ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің 73 жылдық ғұмырында артына сарқылмастай мол қазына қалдырды. Философиялық еңбектерінің негізгі обьектісі — адам болса, байлықтың ең үлкені — ғылым дей келе, «Өзіңді өзің танысаң істің басы»…деп жырлайды.

Мысалы, ұлы «Үш ақ түрлі өмір бар» өлеңінде ол адам өміріне «ортаншы өмір» деген ұғымды қолданады. «Бұл адамның жастық пен кәріліктің арасындағы белсенді өмірі, яғни осы кезде уақытыңды босқа өткізбей, ғылымға үңілсең өмірлік мұратыңа жеткенің» -дейді. Ал «Үш анық» еңбегінде, жалпыадамзатты жаратушы бір Күш бар — ол бірінші анық дейді. Ал, рух өлмейді, жан мәңгілік — бұл екінші анық деді. Үшінші анық — ар-ұждан деп, оны білімнен де, ғылымнан да, бәрінен де жоғары қойды. Егер адам баласы шын пейіл, таза ақылмен ізденсе мәңгілік пен шексіз ақиқат өзі ашылады. Адамзат қауымында даналық қуған мұндай адамға барлық жағдай бар. Қазіргі жағдайда даналық іздеп, жетілемін деген адамға рухани жазбалар жеткілікті. Сондықтан қазіргі кездегі халықтың рухани төмендігі даналық туралы жазбалардың жеткіліксіз болуында емес, білім игеру тәсілдерінің және игеруге деген шын ниеттің жеткіліксіздігінде. Шәкәрім тұжырымы бойынша бұл тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол – бізге берілген еркіндікті дұрыс пайдаланып, көңілді бұрыс жолдан  дұрыс жолға бағыттап соған байланысты әрекет ету.

Шығыстың ұлы ойшылы, әмбебап ғалым, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласында туған, ілкі орта ғасырлық білім-ғылымның барлық салаларының негізін қамтыған орасан мол мұра қалдырған, сол үшін оны көзі тірісінде-ақ Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деп атаған Әбу Насыр әл-Фараби «Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болуы – өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады» деген. Міне, осындай тағылымды, дана ойларға үңіле отырып, шынайы бақыттың кілті адалдықта жатқандығын жас ұрпақтың санасына сіңіруден бастау керек.

Білім беру жүйесінде оқушылардың рухани-адамгершілік дамуына басымдық берген жағдайда тұлға дамуында осы ережеге қол жеткізуге мүмкін болады. Білім беру оқыту мен тәрбиеге деген сүйіспеншілік кеңістігінде құрылу керек. Сөз соңында адамды жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеу үшін, өмірде міндетті түрде жалпыадамзаттық құндылықтарды басшылыққа алу қажеттігін үйрету керек. Оларды танып, біліп қана қоймай, зерделеу керек, бар болмысымызбен қабылдап және күнделікті өмірде қолдану керек.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype