Ниязбаева Лунара Болатовна, Ұлан ауданының білім бөлімінің «Таврия орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ШҚО
Белгілі дипломат, БҰҰ бас хатшысы, Кофи Аннан «Білім беру — әр адамның құқығы. Білім беруде еркіндік, демократия және тұрақты даму принциптері құрылады… барлығына білім беруден басқа ешқандай маңызды, басқа миссия жоқ…» деген екен. Ал Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы конвенцияның 15-бабында «Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi. Арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн кемтар балаларға мемлекеттiк бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бередi» деп жазылған. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау мен көмек көрсету мәселесін көтергені көптің көкейіндегі мәселеге қозғау салды. Елбасы Жолдауда мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керекпіз және олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс деп маңыздылығын айта отырып, қоғамның бұндай жандарға қамқорлық көрсету парызы жайлы еске түсірді және бүкіл әлемде бұл тәжірибенің жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді.
Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру, инклюзивті оқыту сөздері жан-жақты зерттеліп жатыр. Елімізде тәжірибелік тұрғыда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде инклюзивті оқытудың негізгі сегіз принциптері барлық баланың тең құқықтылығын айқындап көрсетеді. Олар:
1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.
2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
3. Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.
4. Барлық адам бір-біріне қажет.
5. Білім шынайы қарым — қатынас шеңберінде жүзеге асады.
6. Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
7. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету — өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
8. Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.
Оқытудың дәл осы формасы кейбір оқушылардың жеке мұқтаждықтарын ескеріп, өзгеше қажеттіліктері бар балаларға білім алуға мүмкіндік болатын жалпы білім беру үрдіс деп атап өткен жөн, ал расымен бұл үрдіс мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын болса, ерекше жағдайды қажет ететін оқушылардың жағдайлары әлде қайда жақсы жаққа өзгерері анық.
Ерекшеліктері бар оқушылармен жұмыс жүргізуде мұғалімдерге тютерлердің көмегі жоғары. Жалпы, тьютор дегеніміз кім? Тьютор сөзі ағылшын тілінен (tutor) енген сөз. Қазақша мағынасы – «қамқоршы», «жәрдемші» дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, «балаға бағыт-бағдар беруші». Тьюторлық үлгіде балаға білім берумен қоса оның қоғамдық белсенділігі міндетті түрде қарастырылады. Яғни, тьютор мен оқушы белгілі бір тақырыпты анықтап, алдына мақсат — міндеттер қойып, жеке білім алу бағдарламасын жасайды. Тьютор ерекше баланың жалпы сыныпта білім алуға бейімделуіне көмектеседі. Мәселен, дамуында ерекшелігі бар оқушылар 40 минуттық сабақ барысын бірден қабылдай алмауы мүмкін. Тьютор осыны қадағалап отырады, қажет жағдайда сыртқа алып шығады. Ерте жастан дамуында аутизм диагнозы анықталған, даун синдромы бар оқушылармен жұмыс барысында тютьерлердің еңбегі зор. Бұл орайда білімге барлығының құштар, оқытуға келмейтін бала жоқ екендігін айтқан жөн.
Өз тәжірибемде биылғы жылдан бастап инклюзивті білім беру бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға арналған жеңілдетілген тапсырмаларды құрастыруды қолға алдым. Бұл қажеттіліктен туындаған мәжбүрлік болды. Себебі ғаламтордан, қосымша оқулықтардан инклюзивті оқыту бойынша әдістемелік құралдарды іздестіріп, қажетті, пайдалы әдістеме таппадым. Барлық жерде жазылған дүние бір болды. Оқшауламау, бөлмеу, жағдай жасау делінгенімен әр сыныпқа, оқушының диагнозына, оның мүмкіндігіне байланысты арнайы күнтізбелік және күнделікті жоспарлардың жоқтығын, қажетті тапсырмалардың құрылмағандығын анықтадым.
Инклюзивті сыныпта жұмыс істейтін мұғалім келесі ережелерді есте сақтау қажет:
- Сабақты жоспарлауда түзету мақсатын қою. Сабақ барысында ерекше білім беру қажеттілігі бар бала қызметінің траекториясын көрсету.
- Сабақты нақты ұйымдастыру, әр адамға қызықты әрі қиын болатын, бірақ шамасына шақ келетін сабақ құру.
- Әр балаға өз жылдамдығына сәйкес жұмыс жүргізуге мүмкіндік беру.
- Дидактикалық материалдар мен көрнекі құралдарды жиі пайдалану.
- Сабақта қызмет түрлері мен жұмыс түрлерін үнемі ауыстыру.
- Барлық балаларға өздерінің іс-әрекетінің дәйектілігін дауыстап айту.
- Қиын болған жағдайларда жеке көмек көрсету.
- Сабақты денсаулық сақтау тұрғысынан құрылымдау.
- Танымдық қабілеттерін дамытуға арналған тапсырмаларды пайдаланыңыз.
- Шынайылықпен жұмыс істеу.
3-сыныпта қазақ тілі пәнін оқытуға арнайы күнтізбелік жоспар құрып, әр сабаққа жекелей тапсырмалар топтамасын жүйелеудемін. Жұмыстың білім беруде әр оқушының диагнозын ескерген жөн. Алдыңдағы оқушының 4 дағды (айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым) бойынша білімді қабылдау ерекешлігін білген жөн, көп жағдайда жазылым тапсырмалары қиындыққа түсетінін білеміз. Сол себепті тыңдалым, оқылым не болмаса айтылым тапсырмаларын алған абзал. Мысалы оқулықтың («Көкжиек Горизонт» баспасы. Қазақ тілі. Балапан. Қазақ тілінен басқа тілде оқытатын 11 жылдық жалпы білім беретін мектептің 3-сыныбына арналған. 1-бөлім) «Жанды табиғат» бірінші бөлімінің 2-сабағында берілген 4-тапсырмада көп нүктенің орнына керекті сөзді қойып жаз делінген және төмендегідей сөйлемдер беріледі.
1. Адамдар, жануарлар, құстар …. табиғатқа жатады.
2. … де жанды табиғатқа жатады.
3. Жансыз …. су, тас, тау, Күн жатады.
4. … қандай табиғатқа жатады?
5. Жанды табиғат өзгереді, … .
6. Ал жансыз табиғат … .
Тапсырма әрине сынып оқушылары үшін қарапайым, инклюзивті білім алушыға бұл күрделі тапсырма. Тәжірибемде осы сөйлемдердегі қажетті сөздерді суретпен беріп, сөйлемді толықтыруды ауызша жүргізген әлде қайда тиімдірек болары анық деп есептеймін. Немесе «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» бөліміндегі жазба тапсырмасын сызба түрінде берсе әлде қайда тиімді болар еді. Оқушы қажетті сөздердің орындарын ауыстыру немесе сызықшаны жүргізу арқылы орын тәртібін тауып, сөйлем құрастырар еді. Тапсырмаларды жеңілдету арқылы оқушыларға көптеген мүмкіндік берер едік. Инклюзивті білім берудің мақсатына сәйкес балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығарып, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз етеміз. Ендеше мен айтқан әдістемелік құралдардың аздығы бір ғана проблема. Кез келген жаңа бастамалар сияқты инклюзивті білім беру жүйесін енгізу белгілі бір қиындықтармен сүйемелденеді. Біріншіден, бұндай оқушыларға білім беретін мұғалімдер мен тьютерлер арнайы білім жетілдіру курстарынан өтуі қажет, екіншіден жағдайды түзетуге ата-аналармен және мұғалімдермен бірлесіп оқыту мәселелері бойынша өткізілген тренингтер мен семинарлар сериясы мүмкіндік береді. Үшіншіден, мектептің материалдық-техникалық базасы толығымен мүмкіндігі шектеулі оқушыларға білім беру үшін жабдықталуы және арнайы әдістемелік құралдардың жазылуы керек. Жеке оқу бағыттарын құру және мониторинг жүргізу қажет болады.
Қандай мектеп инклюзивті деп аталуы мүмкін? Ең алдымен, мектеп тек архитектуралық қол жетімді ғана емес, сонымен қатар кез келген бала үшін психологиялық тұрғыда ашық болу керек. Бастысы біз инклюзивті оқытудың біреу үшін емес, қоғам үшін қажет екендігін назарда ұстай білейік. Әрине, балалар бірге білім алуы керек. Құқықтар барлығында тең болуы тиіс. Балалардың бір-бірімен қарым-қатынасын еш нәрсемен алмастыру мүмкін емес, бұл жай ғана қажеттілік.
Сондай-ақ, инклюзивті мектептердің болуы мүгедектігі бар оқушыларға ғана емес, типтік дамушы балаларға оң әсер етеді деп айту қажет. Мүмкіндігі шектеулі құрдастарына білім беру және әлеуметтік қызметке белсенді қатысуға көмектесе отырып, қарапайым балалар өздері үшін білмейтін маңызды өмірлік сабақтар алады. Бұл оң тәжірибе әлеуметтік сананың өсуі, адамдар арасындағы айырмашылықтардың болмауын ұғыну, өзіндік сана-сезімнің дамуы мен өзін-өзі бағалау, өзіндік қағидаттардың қалыптасуында және ең маңыздысы — шынайы қамқорлық жасауға ұмтылуына көмек береді. Қалыпты дамып келе жатқан балалар мен дамуында ауытқуы бар балалардың өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі гуманизмнің қалыптасуына ықпал етеді. Балалар бір-біріне қатысты шыдамдылық танытады.
Сөз соңында, инклюзивті білім бере отырып, балаға әлемнің алуан түрлілігін көрсетіп, өмір сүруге, тәрбиеленуіне, дамуына құқығы бар екендігін сезіндіреміз. Адам баласы өзгелерге өз басына түскен жағдайдан кейін ғана қайырымды бола бастайды деген қағиданы бұзып, қоршаған ортамызға, айналамыздағы адамдарға мейірімді бола білейік дегім келеді. Инклюзивті білім беру — болашағы бар игі іс, бұл заман талабы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасы Президентінің № 1118 Жарлығы «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» — Астана, 2010 ж.
- Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі «Әділет» сайты. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауы;
- «Инклюзивті білім беру: нақты тәжірибе мен кедергілер» мақаласын Авторы В. В.Драпак ;
- Қазақстандағы инклюзивті білім // egov.kz мемлекеттік порталы.
Ə.Ермағамбет «Психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық- педагогикалық сипаттамасы», Дефектология, 2008, №4.