+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Бейсенбi, 29 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

6-сынып математикасында теңдеулер тақырыбын түсіндірудің қызықты әдісі

Кызырхан Есбол, «Гагарин орта мектебі» КММ-нің математика пәнінің мұғалімі, ШҚО, Ұлан ауданы, Гагарин ауылы

Бүгінгі таңда математика пәнін оқытуда оқушылардың қызығушылығын арттыру – басты назарда тұрған өзекті мәселелердің бірі. Осы тұрғыда оқытушылар жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес, ойын түріндегі әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып жүргені белгілі. Алайда бұл әдіс-тәсілдерді жаңа тақырыпты түсіндіруде қолдану үнемі қолайлы бола бермейді. Әсіресе, әңгіме математика пәні туралы өрбігенде.

Математиканы оқыту үрдісінде жаңа тақырыпты түсіндіруде қызықтыратындай ұтымды әдіс қолданып, білімді өз бетімен алатындай, өзіне жаңалық ашатындай етіп сабақты ұйымдастыру керек [1].

6-сыныпта «Теңдеулерді шешу» тақырыбын өткеннен кейін, оқушылар теңдеудің бір жағынан екінші жағына айнымалыны немесе нақты санды көшіргенде таңбалары қарама-қарсыға ауысатынын үнемі естен шығарып, жиі қателесіп жатады.

6-сынып математика оқулығында қарапайым теңдеулердің төмендегідей төрт түрі және оларды шешу жолдары ұсынылған:

  1.  x+a=b теңдеуін (мұндағы  a, b – рационал сандар) шешейік. Белгісіз қосылғышты табу ережесін қолдансақ, x=b-a аламыз. Сонда сол жақтағы екінші қосылғыштың оң жаққа қарама-қарсы таңбамен көшкенін байқаймыз;
  2.  m+x=n теңдеуін (мұндағы m, n – рационал сандар) шешейік. Белгісіз қосылғышты табу ережесі бойынша x=n-m. Сол жақтағы бірінші қосылғыш оң жаққа қарама-қарсы таңбамен көшті;
  3. x-c=d теңдеуін (мұндағы k, a – рационал сандар) шешейік. Белгісіз азайтқышты табу ережесі бойынша x=d+c, яғни сол жақтағы екінші қосылғыш қарама-қарсы таңбамен оң жаққа көшті;
  4. k-x=a теңдеуін (мұндағы k, a – рационал сандар) шешейік. Белгісіз азайтқышты табу ережесі бойынша x=k-a. Бұл теңдікті k-a=x деп жазуға болады, яғни оң жақта тұрған a сол жаққа, сол жақта тұрған x оң жаққа қарама-қарсы таңбамен көшті [2].

Аталған теңдеулерді шешу жолдары жаттауға ұсынылғанмен, оқушылардың бұларды жаттап алып, есептер шығаруда тікелей қолдана алуы қиынырақ. Дегенмен, «оң сан», «теріс сан» ұғымдарымен 6 сыныпқа барғанда ғана танысатындықтан, осылай болуы орынды да. Бұл 4 тәсілдің негізінде қосылғыш + қосылғыш = қосынды және азайғыш – азайтқыш = айырма ережелері жатқаны белгілі. Бұл ережелерге сүйеніп, қарапайым теңдеулерді қалай шешуге болатыны 1-кестеде толығымен көрсетілген.

ЕрежеТеңдеулерХТеңдеудің шешімі
  Қосылғыш + қосылғыш = қосындыХ + қосылғыш = қосынды  қосылғышХ = қосынды – қосылғыш
 Қосылғыш + Х = қосынды  қосылғышХ = қосынды – қосылғыш
Азайғыш – азайтқыш = айырмаХ – азайтқыш = айырма  азайғышХ = айырма + азайтқыш
 Азайғыш – Х = айырмаазайтқышХ = азайғыш – айырма

1-кесте. Қосынды, айырма ережелерімен теңдеуді шешу

Ал 6-сыныптарда рационал сандарды, сандық теңдіктер мен олардың қасиеттерін өткен соң, оқушылар бұл тақырыптарды жақсы меңгерген болса, оларға бір айнымалысы бар сызықтық теңдеулерді шешу оңайға түседі. Ал керісінше болса, теңдеуді шешуде таңбадан шатасып, қате жауапқа жетеді. Осы жағдайды болдырмау үшін, мен «Сиқырлы өткел» деп атаған өз әдісімді тиімдірек деп санаймын. Ол келесідей сипатталады.

Теңдеулер патшалығында «Сиқырлы өткел» атты дуал бар екен. Одан өткен кез келген санның немесе айнымалының таңбасы қарама-қарсыға өзгеріп кетеді. Тек солай ғана елде үйлесімділік сақталады. Егер өткел арқылы санның немесе айнымалының, тым болмағанда, біреуінің таңбасы өзгеріссіз өтіп кететін болса, патшалықта бей-берекетсіздік орнайды екен. Елдегі бүкіл үрдісті патша қадағалап отырғандықтан, бұндай келеңсіздікке жол бермеу тікелей соған байланысты. Патша неғұрлым әділетті әрі кемеңгер болса, соғұрлым патшалықта бейбіт, тату-тәтті өмір салтанат құрады.

«Балақай, сен де әділеттілік орнатушы патша болғың келе ме?! Онда сиқырлы өткелден өтушілерді мұқият қадағалап, таңбалардан шатаспай теңдеулерді дұрыс шешетін бол!»,- деп, оқушыны ынталандыру керек.

«Сиқырлы өткел» әдісі бойынша теңдеулерді шешу кезінде, оқушыларға теңдік белгісінің үстіне тік бағытта үзікті сызық сызып алу ұсынылады. Сосын, айнымалыларды теңдіктің сол жағына, бос мүшелерді оң жағына көшіруге нұсқау беру керек. Дәл осы кезде оқушыларды таңбаларға мұқият болуға шақырып, өздерін «Әділетті патша» сияқты ұстауға кеңес берген жөн.

Білім алушы есінде қалуға тиісті материалдарды таңдайды, сондықтан оның есінде оған пайдалы және қызықты білімдер ғана жақсы сақталады [3]. Жоғарыда көрсетілген әдіс ассоциация заңына сәйкес, теңдеулерді шешуді қызықты ете отырып, шешу жолын есте берік сақтауға мүмкіндік береді.

Балалар – сабақтың барометрі [4]. Баланың сабақ барысындағы, сондай-ақ берілген тапсырманы шешудегі іс-әрекетінен сабақ мақсаттарына қаншалықты жете алғанын оңай байқауға болады. Сабақ жоғары деңгейде түсінікті өтілсе, оқушылар тапсырмаларды шешуге еш қиналмайды. Бұндай нәтижеге жетуге, яғни оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыруға оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері көмектесе алады.

Математика сабағында тақырыпты ашуға мүмкіндік беретін әр түрлі әдіс-тәсілдерді орнымен, ұтымды пайдалана білуің маңызы зор. Олар – оқушының ынтасын ашып, жаңа білімге құлшындыратын көмекші құрал. Сондай құралдардың бірі, «Сиқырлы өткел» әдісі оқушының пәнге қызығушылығын арттырып қана қоймай, ең керектіні еске сақтауды қамтамасыз ете алады.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Алпысов А.Қ. Математиканы оқыту әдістемесі: оқу құралы. – Павлодар, 2012. – 151 б.
  2. Т. А. Алдамұратова, Қ. С. Байшоланова, Е. С. Байшоланов. Математика. Жалпы бiлiм беретiн мектептiң 6-сыныбына арналған оқулық. 2-бөлім.– Алматы: Мектеп, 2018. – 184 б.
  3. Мұханбетжанова Ә. Педагогиканы оқыту әдістемесі: оқулық. – Алматы, 2011. – 368 б.
  4. Ш.А.Амонашвили, С.Н.Лысенковой, И.П.Волкова, В.Ф.Шаталова, Е.Н.Ильина, Т.И.Гончаровой, А.Б.Резника, И.П.Иванова, Е.Ю.Сазонова, А.А.Дубровского. Педагогический поиск. – Москва: издательство «Педагогика», 1988. – 544 с.
Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype