+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сәрсенбi, 28 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

МЕН – ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГПЫН

Алпысбаева А.Е.

«№45 орта бейіндік мектебі» КММ, бастауыш сынып мұғалімі, Өскемен қаласы.

Мұғалім —  өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігі де жойылады.

М.Әуезов

Біз өмір сүріп отырған уақыт – жаңа ғасыр, жаһандану ғасыры. Өміріміз жылдан-жылға өзгеріске ұшырауда. Жаңа технологиялар мен жаңа мүмкіндіктер пайда болып, біздің армандарымыз, мақсат, міндеттерімізді өзгерткен. Жалпы прогресс өмірімізді өзгертуде. XXI ғасыр балаларын тәрбиелеуде біз де осы өзгерістерді қабылдай алуымыз қажет.

Мен, бастауыш сынып мұғалімі – Алпысбаева Асел Елгазыевна жеті жыл уақыт ұстаздық қызметін атқарып келемін. Бүгінгі таңда талпынысқа толы  заман талабына сай жаңашыл ұстаздың бірімін деп ойлаймын. Білімді, білікті, дағдысы мықты қалыптасқан, ұшқыр ойлы, саналы және функционалдық сауаттылығы қалыптасқан жеке тұлғаны тәрбиелеу – қоғам алдындағы әр ұстаздың міндеті. Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында.  

 «Заманауи педагог» атына сай болу үшін жұмысымда осы  бағыттарды қағидат етіп, ұстануды жөн көрдім.

Елбасымыз жолдаған бағдарламаның «Прагматизм» деп аталатын бөлімі арнайы ойталқыға салынып, түсіндірмелі талдаулар жасауды талап етеді. Прагматизм – pragma деген грек тілінен алынған сөз. Ал pragmatos – іс, қызмет, әрекет деген мағыналарды береді. Бұл бағыт адамның өмірмәнділік қасиеттерін айқындайтын, оның орталық негізі болып табылатын әрекетті, мақсат қойылған қызметті қарастырып, оларды басымдылыққа шығаруды көздейді. Кез-келген жұмыстың нәтижелі болуы дұрыс қойылған мақсатқа байланысты. Осы орайда әуелі алдыма  мақсат, міндеттерді қоюды жөн көрдім.

Мақсатым: Оқушылардың ортақ әлеуметтік-рухани, мәдени портретін жасау арқылы олардың тұлғалық болмысын қалыптастыру.

Міндеттерім:

  • Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер арқылы оқушының оқуға деген қызығушылығын арттыру.
  • Өз ойын жеткізе білетін тұлғаны тәрбиелеу.
  • Алған теориялық білімін өмірлік тәжірибеде қолдануға үйрету.

Өзекті тақырыбым: «Тәрбие процесінде белсенді әдіс-тәсілдерді қолдана отыра рухани дамыған тұлға қалыптастыру».

Ұлттық сананы жаңғыртуға бағдарланған мақаланың бірінші бөлімінде берілген «бәсекеге қабілеттілік» дегеніміз – жоғары кәсібилік дегенді білдіреді. Ересек адам үшін бәсекелік қабілет бірінші орында жақсы маман болуды көздейді. Кәсібиліктің шыңына ұмтылу – өзі өмір сүріп отырған орта қажеттілігіне лайық, өз ісінің шебері болуға талпыныспен сипатталады. Бәсекеге қабілеттілікті менің де күнделікті жұмысымнан байқауға болады. Дәлел ретінде келесідей жетістіктерімді алға тартамын. «BILGEN BAIGE» олимпиадасын ұйымдастыру комитетінен — диплом; «Қоғам дамуын қолдау» фондынан — оқушылар мен олардың ата-аналары арсында салауатты өмір салтын қалыптастырудағы белсенді жұмысы үшін алғыс хат; әдістемелік комиссия  мүшелерімен бірге,  қалалық «Педагогикалық команда-2019»  кәсіби байқауынан  ІІ  орын; «Жас ғалым» ғылыми жұмыстар сайысында шәкірті жоғары жетістікке қол жеткізіп, жүлдегер атанғаны үшін диплом; Мектеп жанынан ұйымдастырылған «Балдаурен» сауықтыру лагеріндегі жұмысы үшін  еңбек кітапшасына алғыс; Жаңа формацияда тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып, сынып жетекшілер әдістемелік отырысында іс-тәжірибе таратқаны үшін алғыс хат. С.Қалиғожиннің «Білікті ұрпақ тәрбиелеу-заман талабы» атты кітабында ШҚО-ның әйгілі ұстаздары қатарындамын.

Ұлттық бірегейлікті сақтау. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Заманауи педагог қанша жаңашыл әдіс-тәсілдер мен технологияларды меңгерсе де, ең алдымен ұлттық құндылықтарды ұмытпауы тиіс. Мен ұлттық тәрбиені оқу процесімен  ажырамас ұштасқан күйде бір уақытта қатар жүргізіп отыруға тырысамын.

Ұлттық құндылықтарымыздың негізі отбасылық дәстүрімізде жатыр. Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай. Осы орайда, мен мұғалім ретінде, сынып жетекші ретінде ата-анамен үнемі байланыста болып, бірлесіп жұмыс жасап келемін. Әр тоқсан сайын өтетін ата-аналар жиналысын түрлі форматта (топтық жұмыс, дөңгелек үстел, конференция, т.б.)өткіземін. Мектепте өтетін әртүрлі іс-шаралар (мерекелік шаралар, ашық сабақ, сыныптан тыс шаралар, спорттық сайыстар, шығармашылық жұмыстар, т.б.) ата-аналардың қатысуынсыз өтпейді. Мектебімізде өткен «Наурыз-2019» мерекелік іс-шараға оқушыларым мен ата-аналарым үлкен белсенділікпен қатысты. Арнайы тігілген он екі қанатты  киіз үйге қала әкімі Ж.Омар да келіп, оқушылардың өнерін тамашалап жоғары бағасын беріп кетті.

Бастауыш сынып әдістемелік комиссиясының онкүндігі аясында өткізілген «Ескіні ұмытпа,жаңамен жалында!»  ойын-сауық түріндегі сыныптан тыс іс-шараға оқушылар мен олардың апа,аталары  қатысып ризашылықтарын білдірген еді.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына байланысты өткізілген кітапшалар көрмесіне С.Ринатқызы, Е.Қадырбек ата-аналарымен бірге қатысып алғыс хат алды. Өз сыныбым ішінде Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан челлендж де басталып кетті.

Білімнің салтанат құруы. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Білім негіздерін үйренудің өзі – еңбекке тәрбиелеудің негізгі көзі. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, шәкірттерімнің танымдық, шығармашылық белсенділіктерін, қызығушылықтарын арттырып, өзіндік ой-өрісін, көзқарасын нақты жеткізе білу дағдыларын қалыптастыруда жетістіктерге жетіп отырдым. Соңғы жылдарда оқушыларым көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтатын болсам С. Арыстанбекова «Жас ғалым» республикалық ғылыми жобалар сайысының жеңімпазы. Облыстық интеллектуалдық «LEADER» конкурсынан 7 оқушым ІІІ орын, Облыстық интеллектуалдық «Малахит» конкурсынан 16 оқушым ІІІ орын, Облыстық «Балапан» зияткерлік турнирінен 10 оқушым ІІІ орын, Облыстық интеллектуалдық «Ақ бота» конкурсынан 6 оқушым ІІ орын, Облыстық   интеллектуалдық  «Айналайын» конкурсынан 2 оқушым ІІ орын иеленді.

Сананың ашықтығы. Сананың ашықтығы  дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.  Ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз.

«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі.

Заманауи педагог те үнемі ізденіс үстінде болуы шарт. Өзімді үнемі ізденіс үстінде жүрген педагогпын деп айта аламын. Мектепішілік, қалалық коучинг, семинарларға үнемі қатысып отырамын. Әріптестерімнің сабақтарына қатысып тәжірибе алмасамын. Интернет желісіндегі білім мен оқытуға байланысты тың жаңалықтарды жіберіп алмауға тырысамын. Осы орайда, мен де өз жұмысымда оқытудың озық тәжірибелерін қолданып отырамын. Айта кететін болсам, АКТ құралдарымен, мұғалімдерге арналған Plickers, Kahoot қосымшаларымен жұмыс жасаймын. Сабақ барысында оқушылардың сыни ойлауын дамытуда «ЖИГСО», «Ойлаудың 6 қалпағы», «РАФТ» стратегиясын, «Синквейн», «Ойлан, жұптас, бөліс», «Дананың кілттері», т.б. интербелсенді әдістерді қолданып келемін.

Ғұлама ғалым А. Эйнштейн: «Мен өз шәкірттерімді ешқашан үйреткен емеспін, тек олардың үйренуіне жағдай жасап отырдым» деген екен. Бұл сөздер жаңартылған білім беру беру мазмұнына сай келетін сияқты. Сол айтқандай, мен де алдағы уақытта оқушыларымның өз бетінше білім алып үйренуіне барынша жағдай жасауға тырысамын.

БасМұғалімнің ең бірінші көмекшісі —  «Бас». Бұл мұғалімнің кәсіби теориялық білімі. Оқыту мен тәрбие процесін дұрыс жүзеге асыру үшін, оқушылар және олардың жеке, жас ерекшеліктері туралы білімі болуы шарт. Осы орайда өзім туралы айтатын болсам, мен жоғары білімі бар, педагог- модератор санатындағы мұғаліммін. ШҚМУ-ды 2009 жылы «Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі» мамандығы бойынша бітірдім. 2018 жылы «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып  пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру» курсын оқыдым. 2017 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша 100 академиялық сағат көлеміндегі  мектепішілік курсын оқып білімімді арттырдым.
ҚолҚол дегеніміз – мұғалімнің тәжірибелік дағдылары. Менің педагогикалық еңбек өтілім 7 жыл. Сабақтарымда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, сабақты түрлендіріп өткізуге тырысамын. Сабақ жоспарын құрған кезде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеремін. Бағалаудың формативті, суммативті, визуалды түрлерін қолдана отырып, оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырамын. Мұғалімнің қолмен жасаған жұмысын оқушылардың жетістіктеріне қарап бағалауға болады. Бүгінгі күнге дейін оқушыларымның республикалық, облыстық, қалалық сайыстарға қатыстып, жеткен жетістіктері аз емес.
ЖүрекЗаманауи мұғалім этикалық және моральдік құндылықтарды ұстануы керек. Демек, ол шыншыл, батыл, төзімді, оқушыларға аяушылық, мейірім және құрмет көрсете білетін әділ амалдар. Әркім өз баласын жақсы көреді. Ал барлық баланы «бала» деп қабылдау көп адамның қолынан келе бермейді. Бала жақсы көргенді де, жек көргенді де сезіп қояды. Сондықтан оқушыларыммен шынай қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Әр оқушымды бағалап, жақсы көремін.

Қорыта айтатын болсам, заманауи педагог  — бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып, білім мен тәрбиені ұштастыра білетін, жаңа технологияларды жетік меңгерген, үнемі ізденіс үстінде жүрген мұғалім. Жоғарыда келтірілген аргументтерге сүйене отырып, өзімді «Мен – заманауи педагогпын » деп сенімді айта аламын. Осы тұста Абайдың:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден ерек.

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. — деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде өз орнын тауып, ұстазынан озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype