+7 (708) 440 0179 (WhatsApp)
vko.press@orleu-edu.kz
Дс - Жм: 9.00 - 18.00
Share on facebook
Share on twitter
Share on linkedin

Желілік басылым айына 1 рет қазақ және орыс тілдерінде шығады

ШҚО ақпараттық-педагогикалық газеті
Бүгін: Сейсенбi, 27 қазан 2026 жылы
Осы нөмірден оқыңыз: № 10 - 2026

2000 жылдың қыркүйегінен бастап шығарылады. Куәлік №16323-СИ

Абай тағылымын тәрбие үдерісіне енгізу мәселесі
Абай тағылымын тәрбие үдерісіне енгізу мәселесі

Сағидолдина Қарлығаш Өміртаевна, ДБА Жамбыл атындағы ОММГИ тәрбие жетекшісі.

Ауганбаева Бақытгүл Омарғалиевна, ДБА Жамбыл атындағы ОММГИ,

директорының ғылыми-әдістемелік

жөніндегі орынбасары.

Абай тағылымын тәрбие үдерісіне енгізу мәселесі

Қазіргі кезде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар жүйесінде оқыту мен тәрбиені бірлестіре оқыту барысында ұлы Абай тағылымына жүгінбей өту мүмкін емес. Әлемге әйгілі саясаткер, ұлттың ұлы перзенті Н.Ә.Назарбаев:  «Кемеңгер ақын адамдықтың символына айналған, қазақты бүкіл дүние жүзіне танытқан ұлы Абай егеменді еліміздің рухани дамуы мен жас ұрпақты  тәрбиелеуде  әлі күнге дейін басты бағытта»  деген сөзі тәрбие жұмысының бағдаршамы іспеттес [1, 2].

Қазір жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру ісі алдымызда тұрғанда, Абай хакімнің артына қалдырған мол мұрасын рухани азық ете отырып, құзіретті тұлға қалыптастыру басты борышымыз болып саналады. Біздің Жамбыл атындағы гимназия-интернатыжетекшісі тәрбие үдерісінде оны жүйелі, ғылыми тұрғыдан жүргізіп келеді. Әлем әдебиетінің жауҺары, әлемдік поэзия, әлемдік мәдениет, әлемдік музыка, әлемдік ой дүниесінің алыбы, ақын, философ, композитор, гуманист, эстет, аудармашы, шешен, дана ойшыл, заңгер, ірі қоғам қайраткері, тәрбиеші ұстаз Абай бүкіл ұлттың мақтанышы ғана емес, ХIХ ғасырдың II жартысындағы адамзат баласының, оның әдебиетінің жарық жұлдызы болды.

Абай мұрасы – Адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан-жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары. Абайға қарап бой түзеу, имандылығымызға келу, ақын тағылымы негізінде тәрбиелеу — біздің басты міндетіміз. Абай даналығының өзі бізді еріксіз, ұстаз, ата-ана, қалың жұртшылықты тәрбиелеудің сара жолына бастайды. Ақынның Толық Адам туралы айтқандары – жас өскінді Адамды сүю, құрметтеу, елжандылық, биік адамгершілікке бастайтын жол. Ұлы дананың қай шығармасын алмайық оның алтын қазығы — Адам. Ол нағыз Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап та береді. Мысалы: «Атымды Адам қойған соң, қалай надан болайын», «Адамзатты сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» дейді. Адамды сүюден басқа қызық жоқ деген. Абайша Адам кім? Толық Адам — «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда Толық боласың елден бөлек» дейді. Үш-ақ нәрсе Адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», — дейді данышпан ақын. «Адамшылдықтың алды махаббат, ғаділет сезім», «Адамның адамшылдығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», — деп даналық ой тастайды. Бұл жерде Абай Адамгершілік қайдан келеді, соған тоқталып отыр. Яғни ол да тәрбиеден келеді. Абай Адамдықтың басты қасиеті — достық дейді.  Интернаттың тәрбие жетекшілері соңғы жылдары тәрбиеленушілерге ұлы Абай тағылымын үлгі етіп, ұтымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Соңғы төрт-бес жылда Абай тағылымын тәрбие үдерісінде тиімді пайдаланудың жолдарын іздеп жергілікті абайтанушы ғалымдармен, соның ішінде филология ғылымдарының докторы Картаева  Айжан Маратбекқызымен және басқа да ғалымдардың ақыл кеңесімен,  Абай тағылымын тәрбиенің тоғыз басым бағытымен байланыстырып тәрбие жұмысында пайдаланып келеміз. Ең алдымен тәрбие жетекшілері  біреуі тарих, біреуі математик мамандары болғандықтан;  Абай шығармашылығын оқушылармен бірге оқып, ақын өмірбаянын, өлеңдері мен қарасөздерін, поэмаларын қайталадық. Абай мұрасының құнды да маңызды бір саласы – қарасөздері екені түсінікті. Оны ғалымдар «философиялық трактаттар» дейді.  Ұлы дананың қарасөздерінің әрқайсында тұнып тұрған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие жатыр. «Руханият» әдістемелік бірлестігінің әр мүшесі осы сөздерге ерекше ден қойып, тәрбие жұмыстарында пайдаланып келеді. «Өзіңді-өзің таны», «өзіңді-өзің оқыт», «өзіңді-өзің тәрбиеле» деген ұстанымға тәрбие жетекшілері айрықша назар аударып, Абайдан алар үлгіні оқушылар өзі ойлансын, өзі толғансын  деген мақсатты алдыға қойдық. Абай мұрасы арқылы оқушының құзіреттілігін қалыптастыру жолдарынан ізднедік. Мысалы, Абайдың қырық бес қарасөзін оқып, талдап, әр тәрбие жетекшісі сыныбындағы кемшіліктерді жоюда пайдалануда. 

Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында: «…Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз…»[2, 2]-дейді. Осы қасиетті міндеттер мен мақсатты жүзеге асыруда мектептің ондағы мұғалім-тәрбиешілердің атқаратын еңбегі ерекше. Қазір білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Әлемдік білім кеңестігіне ену үшін оның алғышарттары жасалуда. Білім мазмұнын жаңалау, құзырлылыққа бағытталған, ұлттық құндылықтар негізінде білім, тәрбие бере отырып, тұлға қалыптастыру, дарын көзін ашу сынды келелі мәселелер сөз жоқ, ұстаз-тәрбиеші жұмысын да жаңа арнаға бұруда. Ұлылардың өмірі мен тағылымы арқылы ұрпағын тәрбиелеу — әсіресе қазақ халқында ежелден–ақ келе жатқан үдеріс. Бұл жерде сөз өнерінің атқарған орны ерекше болған. Ұлтымыздың осы бір жақсы әдет-салты бүгінгі тәрбие үдерісінде тиімді екені даусыз мәселе. Адамзат ақыл-ойы, ақындығының ірі тұлғасы Абай тағылымы білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы екені түсінікті. Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. Мысалы, «Атымды Адам қойған соң қайтып надан болайын», «Адамды сүй, алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» — дейді. «Адамды сүюден басқа қызық жоқ» деген пікірінде қазір көп айтылып жүрген гуманды педагогика ұстанымдары жатыр. Осы жерде жас ұрпақты тәрбиелеу ісі ең алдымен, оларды адамды сүюге баулудан басталуы керек деген тұжырым шығады. Абай мұрасы, тағылымының өміршеңдігін бүгінгі тәрбие үдерісінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер арқылы дәлелдеуге болады. Білім мен тәрбиені тұлғаға қарай бағыттай беру мәселесі алдыда тұрған кезеңде Абайға бұрыласың. «Толық Адам қандай болу керек?» деген сұрақ ақынға маза бермейді. Мысалы, «Әуелі бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде:

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боларсың елден бөлек»- [ 3, 488б] деп, ой тастайды.

Ары қарай ақын: Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді. Ұлы гуманист адамды сүю туралы айта отырып, «Адамзаттың бәрін сүй» деп ақыл айта отырып, «Адамзатты сүю – хақтың жолы, ғаділеттің жолы» деген анықтама береді.

Ақын адамды әкенің емес, адамның баласы болуға үгіттейді. «Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» — деп, ғибрат тастайды. Абай адамдықтың басты қасиеті — адамгершілік екенін баса жырлайды. Адамшылықтың алды – «махаббат, ғаделет, сезім» дейді. Адамшылықтың тәрбие арқылы келетініне көз жеткізеді.

Өмірін Абайды зерттеуге арнаған М.Әуезов былай дейді: «Абай сөзінің негізін адамгершілікке тірейді. Барлық өсиет ой-толғау еңбектерінің қорытындысы тағы да адамгершілік тәрбие екенін танытады. Адамды қор қылатын ең залалды жаманшылықтарды санап өтеді. Олар үш нәрсе: «надандық, еріншектік, залымдық» [4, 346]. Ақын адамдар арасындағы береке – бірлік, достық ынымақтастыққа ерекше көңіл бөледі.

Абай тағылымы арқылы жүргізілетін тәрбие өзі үзбей жырлаған «Адам» айналасынан бастау алуы керек. «Адам кім?», «Мен-Адаммын», «Абай және Адам», деген тақырыптар жас өскіннің адамға деген құрметі, сыйламы, түсінігін қалыптастыруға ықпал етеді. Алдына бала келген күннен-ақ, ойлы ұстаз білім мен тәрбие үдерісін олардың өзін Адам ретінде түсінуі мен оған деген мақтан сезімін қалыптастырудан бастағаны жөн. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол.

Абай мұрасы – Адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың қайнары. Абайдың Толық Адам туралы тағылымы негізінде тәрбие үдерісін жүргізу өте тың мәселе.

Ұлы ақын мұрасы арқылы, оның Толық адам туралы тағылымы негізінде оқушыларға Адамды сүю, оны құрметтеу, биік адамгершілік, елжандылық, имандылық, ізгілікті үлгі ету. Соның негізінде олардың жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына түрткі жасау. Өзін-өзі тануларына, өзін-өзі, бір-бірін тәрбиелеуге ықпал ету, тәлімдік мүмкіндік туғызу бүгінгі басты мәселеміз.

Егер Абайдың Толық Адам туралы өлеңдерін, негізгі ұстанымдарын оқушылар толық, жете түсініп меңгергенде, тәрбие сағаттарына белсене қатысқанда төмендегідей нәтижеге қол жеткізуге болады:

— Абай туралы, оның асыл қазынасы туралы білімдері толығады.

— Білім сапалары артады.

— Поэзияны сүйетін, эстетикалық сезімдері, дүниетанымдары жетілген тұлғалық қасиеттері дамиды.

— Адамды құрметтеу, оны бағалау сезімдері артады.

— Толық адамды үлгі тұтады, оған ұқсағылары келеді, алдарына мақсат қояды.

— Ұлтжандылық, Отансүйгіштік сезімдері қалыптасады. Азаматтық позициялары беки түседі.

— Адамзат баласын құрметтеу, ізгілік пен имандылықты өмірінің мақсаты ете білетін әділ, «халық» деп соққан жүрегі бар жан-жақты тұлға қалыптастыруға қол жеткізуге болады.

Абайтанушы ғалымдармен кездеулер ұйымдастыру барысында ғылыми жұмысты қалай жазуға болады, ғылыми жоба сияқты мәселелер айналасында пікірталас ұйымдастырдық. Ғылыми жоба жазамын деген оқушылар саны өсті. Қызығушылықтары артты. 

Мысалы: 6-7 сыныптарда әрбір оқушы Абайдың 20-25 өлеңдерін жаттап, қарасөздерін талдап,  Абай мұрасына бет бұрды, ұлы дана шығармаларына ынталары артты. Ұлтжандылық, Отансүйгіштік сезімдерінің қалыптасуына түрткі жасалды. Азаматтық позициялары беки түсті.

 — 8 сыныптар «Абай жолы» эпопеясын оқуды бастады. Оқырмандық ынталары артты. «Абай Толық Адам және Мен» атты тақырыбында жоба қорғады. Адамды құрметтеу, оны бағалау сезімдері артты. Толық адамды үлгі тұтып, оған ұқсағылары келді.

— 9 сыныптар «Абайша сөйлеймін» атты тақырыпта Абайша көркем сөйлеуге бет бұрып, әдеби кітап оқымайтын балалар, кітап оқып саны өсіп, оқырмандық қызығушылықтары артты. Әрине бұл жерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің көмегімен жүзеге асты.

-10 сыныптар Абайдың қарасөздеріне аннотация жасады. «Поэзия минуттары» тақырыбында Абай өлеңдерінен сайыс өткізілді. Поэзияға қызығушылықтары артып,  эстетикалық сезімдері, дүниетанымдарының артуына түрткі жасалды.

 Абай тағылымын тәрбие жұмысында пайдалануда проблемалар да туындап, қолайсыз жағдаяттар да кездесіп отырды. Мысалы:

-Кейбір оқушылардың Абай өлеңдеріне бойлай алмауы;

-Тәрбие сағаттарының түрлері, жүру барысының ұнамауы;

-сауалнама, пікірталас сұрақтарына белсене қатыспауы.

-пікірлері, әсерлерін ашық айтпауы сияқты. Мұндай оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіліп отырды.

Тәрбие жұмыстарының бір өзегі етіп, ұлы Абай тағылымына бас қойған гимназия-интернаттың тәрбие жетекшілері қазір ізденіс үстінде.

Әлемдік деңгейге қосылып, егемендігімізді, елдігімізді паш етер кезең туды. Егер бәріміз Абайға қарап бой түзеп, Абайдың «Толық Адамына» еліктеп өмір сүруді мақсат етсек, Егемен еліміздің болашағы жарқын. Абайды оқып, тағылымын тәрбие жұмысына пайдалансақ, бағытымыз дұрыс болып, бағымыз оңынан туары сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Н.Назарбаев. Пайда ойлама ар ойла. Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс. 9 тамыз, 1995 жыл, 2 бет.
  2. Н.Назарбаев. Жолдау.
  3. Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер.- Алматы: Жібек жолы, 2005.- 488б.
  4.    Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. — Алматы: Ғылым, 1988.- 364б.

                                                                                                                            

                                                                                                                            

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on linkedin
LinkedIn
Share on google
Google+
Share on vk
VK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on email
Email
Share on telegram
Telegram
Share on skype
Skype